Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Асқанға - тосқан 9782 24 пікір 1 Шілде, 2020 сағат 13:32

Цой карантинге, Көлгінов қала күніне әзірленіп жатыр...

Қазақстанда 6 шілде Астана күні. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қала күнін мерекелеуге дайындықты бастап кетіпті. Бұл туралы KazTAG.kz жазды.

Нұр-Сұлтан әкімдігі қала күніне байланысты өтетін шаралар тізімі қосымша хабарланатынын мәлімдепті.

«Иә. Біз қала күніне орай қай жерде қандай іс-шара болатынын сайтымызда жариялаймыз. Бірақ, оның барлығы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады»,- депті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазір Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы алдыңғы үштікте. Мұндағы науқастар саны 5500-ге жуықтаған. 61 адам ковидтен қайтыс болған.

Ал, күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке жұмысына салғырт қарағаны үшін ескерту жасаған болатын. Себебі, елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған.

Президент сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізуді тапсырған еді.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында қазір той тойлап жүретін уақыт емес дегенді шегелеп айтты.

«Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!»,- деген еді Тоқаев.

Еліміз бойынша, коронавирус жұқтырғандардың көбі Нұр-Сұлтанда екенін айттық. Мамыр айындағы шектеулер алынғаннан бері індеттің таралуы 7 есеге дейін өскен көрінеді. Қарапайым халықты айтпағанда, билікте жүрген біраз шенеунік вирус жұқтырып, оқшауланып жатыр. Президент шұғыл тапсырма берген соң, кеше министр Алексей Цой індеттің бетін қайтару үшін 3 түрлі сценарий мен 10 түрлі шара жоспарын ұсынған.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай осы. Ел аумағында ауруханалар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жатыр. Министрлік шұғыл түрде төрт апталық локдаунға (карантинге) әзірленуде.

Министр Алексей Цой карантинге әзірленіп жатқанда әкім Алтай Көлгінов қала күніне дайындалып жатыр ма?.. Олай деуімізге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы мына бір ақпарат себеп болды. Қараңыз:

1.07.2020.

Тақырыбы: Нұр-Сұлтанда ашық аспан астында кино көрсетілімі өтеді

«Астана күнінде тұрғындар отандық және әлемдік кинематографтың үздік туындыларын тамашалай алады.

Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары 1-6 шілде аралығында қазақстандық және әлемдік фильмдерді ашық аспан астында тамашалай алады. Көрсетілім «Астана-Арена» стадионының алдында (Қабанбай батыр даңғылы бойымен) өтеді».

Бұл бұл ма, әлеуметтік желіге Астана күніне орай ұйымдастырылатын мәдени іс шаралардың тізімі де жарияланыпты. Міне қараңыз:

Түйін. Осындай алағай да бұлағай кезде қала күніне орай өтетін іс-шаралар коронавирус індетін одан әрі өршітіп жібермей ме? Әлем елдерінде осыған ұқсас маңызды мәдени шаралар кейінге шегеріліп жатқанда, Көлгінов әкімдігінің бұл әрекеті қаншалықты дұрыс?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060