Сенбі, 23 Қараша 2024
4191 21 пікір 18 Шілде, 2020 сағат 16:01

Амандық Баталов Жетісу халқына үндеу жасады

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісу халқына үндеу жасады. Ол өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жайын сөз етіп, жергілікті жауапты тұлғалар жіберген қателіктер туралы өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.


Құрметті жетісулықтар!

Соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алды. Әрине, оған кейбір облыстық бақылаушы құрылымдар басшыларының сырқаттануы сияқты объективті себептер мен басқа да факторлар әсер еткені белгілі.

Сонымен қатар, белгісіз себептермен оперативті штабтың жұмысы тоқтап қалған, инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, «қызыл аймақта» саналатын медицина мамандары қоғамдық көлікпен қатынап, отбасы ортасына оралып жүрген. Мен мұндай жағдайлардың аудан, қала әкімдерімен өткізген селектор жиыны барысында Талдықорған, Текелі қалалары мен кейбір аудандарда орын алғанын анықтадым. Бұл ең алдымен жергілікті жерлердегі әкімдердің, денсаулық сақтау басқармасы басшылығының олқылығы, медицина мекемелері бас дәрігерлерінің санитарлық нормаларды өрескел бұзуға жол бергенінің салдары.

Осының барлығы және басқа да факторлар, әсіресе, Талдықорған мен Текелі қалаларында індеттің жылдам артуына себеп болды. Бұл қалаларда коронавирустың өсімі 11-12%-ды құрап отыр.

Сондықтан барлық аудан, қала әкімдеріне халық арасында вирустың одан әрі таралуына жол бермеудің тиісті шараларын қабылдауды, облыс тұрғындарына тиісті деңгейде ем жасауды ұйымдастыру, стационарларды қажетті төсек санымен, медикаменттермен, барлық қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен қамту тапсырылды.

Қысқа мерзім ішінде халық үшін ПЦР талдау жасайтын тағы бірнеше қосымша зертханалар ашу жүктелді. Осы жұмыстардың барлығын тез арада бастауды, оның нәтижелері туралы жедел штабты күнделікті хабардар етіп отыруды тапсырдым.

Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген, облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді. Жалпы коронавируспен күрес шараларының өзіне ғана жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Осы ретте қазіргі ауыр кезеңде сырқаттарға, медицина мамандарына қайтарымсыз, шын пейілмен азық-түлік, дəрі-дəрмек, құрал-жабдық жəне басқа да қажеттіліктер əкеліп беріп, қолдау көрсеткен барша жандарға шын жүректен алғысымды айтамын. Рахмет сіздерге!

Құрметті жерлестер, карантин талаптарын қатаң сақтап, өз денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапты қараңыздар. Қазіргі кезде көп нәрсе өзіміздің саналы əрекетімізге байланысты. Өздеріңізге, жақындарыңызға жанашыр болыңыздар!

Құрметпен,

Амандық Баталов

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502