Коронаарифметика - 2
Статистикаға COVID-19-бен бірге пневмонияны бірде қосатын, сосын қосқысы келмей миды ашытып жіберген билік тағы да "уралап" жатыр.
Астанадағы бір лабораторияның айтуынша, қалада COVID-19-дың таралу қарқыны бәсеңдеп келеді-мыс. Яғни оның ресми дерегі бойынша, ауру жұқтырғандардың саны 47 проценттен бірден 20 процентке дейін азайған.
Жақсы сөз - жарым ырыс. Қуанып жатырмыз.
Бірақ бұл позитивті проценттер қайдан алынған дейсіз бе?
Лабораторияда күніне 800-ден 1 мыңға дейін тест зерттеледі екен. Мұндай қорытындыға сол адамдардың арасындағы оң тенденция негіз болып отыр екен.
Астанада бір миллион тұрғын бар десек, 1 мың адам оның 0,1 проценті ғана емес пе?
Жә, делік.
Қалада осындай 5 лаборатория бар екен. Олар күніне 5 мың тест жасайды екен. Сонда бір Астананы толық зерттеп шығу үшін кем дегенде 200 күн керек қой?!
Жә, Астана және басқа мегаполистерде тиісті құрал-жабдық, кадрлар табыла жатар.
Ауыл ше?!!
Және де әр тестке 15 мың теңге төлей алатын ағайын бар ма ол жақта?!
Ең бастысы - барша қазақстандықтар тесттен өтпей республикалық деңгейде жалпылама қорытынды шығару дұрыс па өзі?
PS. Әрине, індет азайып жатса, баршамыз қуануымыз керек! Бірақ осындай асығыс қорытындылардың БАҚ-та жариялануын өз басым бүгінгі күнмен байланыстырамын. Өйткені дәл бүгін, яғни 24 шілде күні, президент Тоқаевтың үкіметке берген екі апта сынақ мерзімі аяқталатын күн.
Осындай оң хабарламалар үкіметтің президент алдында берген кешегі "мықты" есебіне пиар-қосымша деп санауымыз керек сияқты...
Әміржан Қосановтың жазбасы
Abai.kz