Жұма, 22 Қараша 2024
Сұхбат 4517 12 пікір 29 Шілде, 2020 сағат 13:23

Құрбан айт – мейірімділік мерекесі

Қасиетті Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі бас имамы Асқар қажы Әбітайұлымен жүздесіп, алдағы ұлық мереке  жөнінде әңгімелескен едік.

- Құрметті имам, асыға күткен Құрбан айт мерекесіне де санаулы күндер қалды. Карантин жағдайында өтетін  биылғы мерекенің қандай ерекшеліктері бар?

- 31 шілдеде Құрбан айт басталады. Жалпы дінімізде атаулы екі мереке бар. Бірі - Ораза айт, екіншісі - Құрбан айт. Осы қос  мерекенің ұлығы болып саналатын Құрбан айт - барша мұсылман қауымын береке-бірлікке, ізгілікке, мейірімділікке насихаттайтын ұлық мереке. 

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан айт күнін мереке тұтуға бұйыртқан. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», - деген. Ұлық мереке – мұсылман адамдардың береке-бірлігінің ұйтқысы. Ағайын арасындағы туыстықты, өзара ынтымақты нығайтатын айрықша мереке. Сонымен қатар, бұл мерекенің ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, береке-бірлікке шақырудағы орны ерекше. Сондықтан болар, Құрбан айт мемлекеттік мереке ретінде жарияланып,   айттың алғашқы күні барлық Қазақстан халқы үшін демалыс күні. Құрбан айт – ғибадат мерекесі. Бұл күндері мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбан шалып, сонау Ибраһим пайғамбардан бастау алатын ұлық ғибадатты жасайды. 

Әлемге таралған індетке байланысты Құрбан айт мерекесі кезінде мешіттерімізде айт намазы оқылмайды. Сонымен қатар құрбандық шалу мәселесінде де карантин кезіндегі  санитарлық жағдайларға байланысты    біршама қиындықтар болып тұр. Дегенменде,  діни басқарманың тарапынан  тығырықтан шығудың жолдары қарастырылуда.

 -Дінімізде құрбандық  шалудың маңызы қандай? Негізгі шарттарын атап өтсеңіз.

-Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабамыздың жолы», - десе, екінші бір хадисінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Шын мәнінде амалдар ниетке байланысты», - деген. Сондықтан әрбір амалды жасар алдымызда ниетіміз дұрыс болуы керек.   

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ұмытпаңдар, олардың еті де қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректерімізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» - дейді Хаж сүресінде. 

   Жалпы, шариғат шарты бойынша құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін оның мұсылман болуы, ақыл есінің дұрыс болуы, балиғат жасында болуы, Құрбан Айт кезінде жолаушы болмауы және нисап мөлшеріне (85 грамм алтын құнына) тең келетін байлығы болуы шарт. Жоғарғыдағыдай дәулеті жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет емес. Алайда, шалып жатса, ол нәпіл ғибадат болып есептеледі. Ал, дәулетті адамдар құрбандық шалуға шамасы жоқ адамдардың атынан құрбан шалуы пайғамбарымыздан мұра болып қалған сүннет. 

Жалпы құрбандық шалу  хижраның екінші жылында мұсылмандарға міндеттелген. Қасиетті Құран Кәрімнің Хаж сүресінің 27-28 аяттарында Жаратушы Иеміз: «Алладан рыздық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын», - десе, Кәусар сүресінде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал», - деп Алла Тағала әмір еткен. Яғни құрбандық шалу шамасы келген мұсылмандарға уәжіп.

Дәулетті адамдар құрбандық етін кедейлерге, мұқтаж жандарға таратуы жамағаттар арасында мейірімділікті, сыйластықты нығайтады. Мереке күні барлық адамдар қуанышқа бөленеді. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім дүние-мүлкі бола тұра құрбан шалмаса, мешітімізге жоламасын» - дей отырып нисаб  мөлшерінде байлығы бар дәулетті адамдар үшін құрбандық шалу  маңызды міндет екенін ескертеді.

-Мүфтият тарапынан онлайн арқылы құрбандық шалу жөнінде ұсыныстар  айтылып жатыр... 

-Иә, биылғы карантин жағдайында құрбандық шалу мәселесінде біраз қиындықтар туындап отырғаны рас. Әсіресе қала тұрғындары үшін. Осы жағдайды ескере отырып, мүфтият онлайн-құрбандық шалу жөнінде ұсыныс енгізіп отыр. 

ҚМДБ-ның зекет қоры арнайы сайтты іске қосты. Қаласаңыз осы сайт арқылы  сіз онлайн  арқылы құрбандық шалуға тапсырыс бересіз. Сізге міндетті түрде тапсырыстың орындалуы жөнінде бейнежазба есеп беріледі. Тапсырыс кезінде өзіңіз тұратын аймақты көрсетуіңіз  керек. Ал құрбандыққа шалатын малдың бағасы сол өңірдегі қалыптасқан  бағаға  сәйкес болады. Мәселен,  Семей қаласында 25-30 кг ет беретін  қойдың бағасы 50 мың теңге, ал ірі, семіз  тоқтының құны  40 мың теңге көлемінде  болады деп  отырмыз.

Сонымен қатар, құрбандық еттері мешіт қызметкерлері арқылы мұқтаж жандарға табысталады. Қажет болса, үштен бір бөлігі құрбандық иесіне  жеткізіліп беріледі. Ал құрбандық шалуға «Qurban2020.kz» сайты арқылы 30 шілдеге дейін тапсырыс қабылданады. Арнайы онлайн құрбан шалу орындары ашылады. 

Шариғатымыз бойынша құрбандық уәжіп болған адам белгілі үзірлі жағдайларда екінші бір адамды өкіл ретінде тағайындауына рұқсат етілген. Бүгінгідей ауыр кезеңде үйден шықпай-ақ құрбандықты өзі сенген өкіл арқылы атқаруға болады. Яғни өзіңіз өкілеттік берген тұлғаға қаржысын беріп, бауыздауға, етін таратуға рұқсат бересіз. Онлайн тапсырыс -  бүгінгідей қиын кезеңде ұлық ғибдатты  орындаудың оңтайлы жолы деп білеміз. 

 – Кейбір адамдар Арапа күні құрбандық шалып жатады. Осы дұрыс па? 

Шариғат шарты бойынша құрбан шалудың уақыты Құрбан Айттың алғашқы күні Айт намазынан басталып, айттың үшінші күнінің ақшам намазына дейін жалғасады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде- кім намаздан бұрын құрбандық шалса, қайтадан шалсын», - деп Айт намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа жатпайтынын қатаң ескерткен. 

 Иә, дінімізде Арапа тауының алар орны ерекше.  Дін тарихына көз жүгіртсек,  жәннаттан қуылған Адам  ата мен Хауа ана Арапа тауында кездескен екен. Жәбірейіл періште (ғ.с.) Алла тағаланың әмірімен Арапа тауына келіп, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.)-ға  қажылық жасаудың рәсімдерін көрсеткен деген деректер бар.  Сондықтан арапа күніне құрмет көрсету, дұға жасау, ораза ұстау көркем амал болып табылады.  Ал зульхиджа  айының 9-ыншы  жұлдызында қажылардың  Арапаға келіп  тұруы ұлы сапардың басты  үш шарттарының бірі болып саналады. Өкінішке орай, биыл үлкен  қажылыққа жол жабылып тұр. Болашақта қасиетті Мекке-Мәдинаға  тезірек жол ашылуын тілеп, Жаратушы Иемізге дұға жасаймыз. Пайғамбарымыз хадисінде: «Арапа – өте құнды күн. Ол күні мейірім есіктері ашылады» десе, екінші бір  хадис шарифінде:  «Дұғаның қадірлісі – Арапа күні жасалған дұға» ,- деп арапа күнінің қадір-қасиетін білдірген.

– Ұлы  мереке қарсаңындағы халыққа айтар тілегіңіз.

– Құрбан Айт – Исламдағы қасиетті мереке. Сондықтан, бұл мерекеге ерекше құрмет көрсетіп, сауапты шараларды молынан жасауымыз керек. Еліміз қазіргі кезеңде ауыр күндерді бастан кешіруде. Көп адамдар көмекке зәру. Қолдан келгенше бір- бірімізге молынан көмек қолын ұсынуымыз  керек. Әсіресе сырқат жандарға демеу болайық, ағайын! 

Бұл індет халқымыз үшін үлкен сынақ болып отыр. Дегенменде, сын сағатында халқымыз береке-бірліктің үлгісін көрсетіп, көптеген игілікті істерді атқаруда. Мәселен, семейлік жамағаттар 50- ден  астам оттегімен  дем алу аппаратына қаржы жинаса, Саржал ауылының  тұрғындары бір тоннадан астам қымызды сырқат жандарға  және дамылсыз еңбек етіп жүрген дәрігерлерге ұсынды. Айта берсек, бұндай мысалдар жеткілікті. Ауыр кезеңде халқына демеу болған   азаматтармызға айтар алғысымыз мол! Алла тағала отбасыларына амандық, кәсіптеріне табыс нәсіп етсін! 

  Мереке күндері ата-анаға, отбасымыздың мүшелеріне, туған-туыстарға сыйлық ұсыну мерекенің мерейін өсіреді. Сонымен қатар, сырқат жандарға көмек беру, көңілдерін сұрау өнегелі іс  болып табылады.

  Алла ризашылығы үшін шалған құрбандықтарыңыз, жасаған амалдарыңыз  қабыл болып, індеттің ауылы алыстап,  еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Әңгімеңізге рахмет! Дін жолындағы сауапты қызметіңізге Алла Тағала мол игілік нәсіп етсін!

Сұхбатты жүргізген: Дәулет Рамазан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297