Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6931 3 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 19:05

Арақ пен вирустың айырмасын қойдан сұраңыз

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары пластик бөтелкеге құйылған қытай арағының заманы туған. Сол сасық арақ айырбас валютасының ролін атқарып кете жаздады. Араққа сусаған көпшілік қолда барды сол шөлмектің санымен өлшеді. Тіпті бір қойды бір шөлмек араққа айырбастады-ау! Құны кеткен қайран Шопан ата! Төрт түлік пірінің бірінен айырылып қалуға аз қалдық. Бірнеше рет сүзгіден өтпеген спирттің пластикпен реакцияға түсіп, улы сусынға айналатынына да қарамады ғой, шіркіндер!

Пандемияға еш қатысы жоқ болса да қанша азамат сол пластик шөлмектегі у арақтың құрбаны болды. Ол құрбандарды санын да ешкім білмейді. Бірақ, аз емес. Енді, міне, пандемиямен жарысып пластик құтыға, "бакалажкаға" құйылған арақ тағы пайда болыпты. Анау-сынау емес, 5 литрден. Бұл алдыңғысынан да арзан ба дерсің?! 3000 мен 7000 теңге аралығында сатылады дейді. Есептейік: қазір ауылда бір қойдың бағасы 40-50 мың теңгенің маңайында. Орташа есеппен бір қойға 7 пластик арақ алуға болады. 5 литрлік 1 пластигіңіз 10 бөтелке арақ. 7 пластигіңіз 70 шөлмек. 70 бөтелке! Арзан. Дүкендегі 3 бөтелкенің орына 10 шөлмек арақ аласыз. Мәселе оның бағасында да емес, Мәселе: 70 бөтелке арақ бір ауылдағы қанша адамды улайтындығында. 5 литр пластик құтыдағы арағыңыз 5 литр вирусқа айналып кетуі оп-оңай нәрсе екен. Сөйтіп, Ковидке көк ит қосылып, пандемия - тандемияға айналып кетпесе деңіз?!

Олай деуге себеп те жоқ емес, қазір енді пандемия құрбандарының қатарына пластик ыдыстағы арақтан уланып өлгендердің саны қосылды. Тіпті, бірден көбейіп барады. Бұның бәріне себеп: арақ ковид вирусын өлтіреді екен деген жалған ақпарат. Онсыз да Азияда арақ ішуден алдына жан салмай тұрған қазаққа бұл кәдімгідей жақсы сылтау, желпілдеген желеу. Оның үстіне күндіз-түні қолтығыңа қыстырып жүруге тиіс антисептигіңіз де сол - спирт.

Сондықтан да қазір қай жақтан қанша спирт әкелемін десеңіз жол ашық тәрізді. Мынадай уақытта антисептик әкелгенге жанынан безген біреу болмаса кім қарсы тұрады?! Тәж-тажалдың диагнозын дәл табудың жолын таппай жүргенде, антисептик пен улы арақты шатастырсақ, сұмдықтың көкесі сол болатын шығар? Онда 5 литрлік пластиктегі арағыңыз шын мәнінде 5 литр вирусқа айналатыны анық! Оның айырмасын қазір кімнен сұраймыз? Қойдан басқа.

Серік Жанболаттың жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5349