Қазақстан қалай «дөңгелексіз» қалды?
Қазақ өнеркәсібін дамытуға арналған түрлі мемлекеттік жобалар өз өміршеңдігін тантытпай келеді. Таныту былай тұрсын қыруар қаржы желге ұшып, «тістегеннің – аузында, ұстағанның – қолында» кетіп жатқаны да ешкімді толғандырмайтын болды. Пойыз доңғалақтарын елімізде шығаруға арналған жобаның жүзеге аспағанын Ресейлік басылымдар бөріктерін аспанға атып шаттана жазып жатыр.
Сол себепті «Неге біздің импортқа тәуелді болмай өз өндірістік қуатымызды арттыруға жасаған әрбір қадамымыз кері кетеді?» - деген сауалға жауап бере алмайтын күйге түстік. Отандық тауарды сыртқа тасымалдауда темір жолдың атқаратын рөлі зор.
Еліміздегі темір жол желісінің ұзындығы 16,6 мың шақырым. Осы жолда жүретін жүк және жолаушылар пойыздары үшін бұрын Ресейден әкелінетін дөңгелектерді отандық өніммен алмастыруды жолға қою кеңінен ойластырылып, 2009 жылы осы бағыттағы бизнес іс-шаралар қолға алына бастады. Оны жүзеге асырысу кезінде аяқ астынан Екібастұзда Сергей Павлингер құрған «Проммашкомплект» ЖШС осы жобаға тартылатын болып шешілді. «Проммашкомплект» ЖШС бағы жанып, отандық өндірісті дамытуға бел шеше кірісуіне кімдердің себепші болғанын анықтау еш қиын емес. Бірақ бұрын ешкімге белгісіз болған ешбір өнім шығарып көрмеген ЖШС және бұған дейін Ресей Муромдық темір жол өнімдері зауыттың акционерлерінің бірі ретінде дау-дамайдың бел ортасында жүрген ТМД-да сенімсіз бизнес әріптес деп танылған Сергей Павлингердің мемлекеттік аса маңызы бар жобаға қатыстырылуының өзі күмән тудырады.
Өз кезегінде «Проммашкомплект» ЖШС 2010 және 2013 жылдар аралығында Екібастұзда зауыт алаңын ғана тұрғызып, отандық нарыққа жылына тек 75 мың дана доңалақ бере алды. 2015 жылы «Қазақстан Темір Жолы» $120 млн қаржы жұмсаған әм ішкі сұранысты өтей білген жергілікті инвестор Kardemir-дің пайдасына «Проммашкомплект» өнімін сатып алуды мүлдем доғарған. Неге екені белгісіз біздің жоғары шенділер 2015 жылы құны 54 млрд теңге тұратын қызу прокат цехының құрылысы үшін 18 млрд теңге жұмсаған Сергей Павлингерге Қазақстан даму банкінен 7% жеңілдікпен 19 жылға 36 млрд теңгелік несие береді.
Біздің шенеуініктер инвестор Kardemir ішкі нарық сұранысын өтесе де, жүзеге асуы өте күмәнді жобаға ақша салуларын доғармай, оның өндірістік қуаттын 2019 жылға дейін 200 мың данаға, ал биыл 300 мың данаға дейін жеткізіп, оның 70%-ын Ресейді қоса алғанда, Еуропа елдері, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Кореяға сатуды ойластыру армандарынан бас тартпады. Және оны жүзеге асыру үшін Еуразиялық банк және Еуропалық реконструкция мен даму банкісінің қаржысы тартылып, бәтуасыз іс қашан сәтсіздікке ұшырап, Сергей Павлингер «алаяқтығын» танытқанға дейін жалғасты.
Сонда осы жобаның басы-қасында жүргендер жазаға тартыла ма, жоқ па? Желге ұшқан қаржы кері қайтарыл ма деген сауал көкейді мазайлайды.
Әбіл-Серік Әлиакбар
Abai.kz