Жаны сұлу жазушы
Қажығали ағамен кеш таныстым. Ол жетпіске толған жылы. Сегіз жыл араластым. Аз ба? Көп пе? Білмеймін. Әрине, уақыт тұрғысынан өкініштің бары рас. Дегенмен, мазмұндық биіктіктен келетін болсақ, ағадан олжалағанымды айтып жеткізе алмаспын. Бодан ойға бағынбай кеткен бекзат суреткердің бойындағы барлық қасиеттер, дәлірек кестелесем, жазушылық шеберлігі мен адами болмысы маған бір-бірімен біте қайнасып, ұлы гармонияға ұмтылған тұтастықтықтың саф ауасымен тыныстауға мүмкіндік берді. Іні үшін осыдан асқан байлық бар ма?! Сондықтан да сегіз жылдың аздығына өкпе айту – Құдайға қылыш алып жүгіргенмен бірдей. Алланың ісіне амал жоқ.
І
Осы естелікті жазып отырғанда келген бірінші ой: Қажығали Мұханбетқалиұлынан ұлтты ұйыстыруға ұмтылған қабырғалы жазушы шықпас еді. Егер ол мінезсіз адам болғанда, қасиетке кедей кісі болғанда. Сондықтан да ең алдымен оның адамгершілігі туралы айтқым келеді. Олай дейтінім, кім-кімге де рухани байлығымен бөлісуге дайын тұратын кеңпейілділігі... аузын ашса, ақ жүрегі көрінетін адалдығы... барған жеріне жайлы аурасымен қонақтай кететін ажарлы да базарлы Қажекеңнің адам біткеннің бәрінде бола бермейтін асыл қасиеттері оның жан диалектикасының ғажап элементтері еді.
[Жан диалектикасы] Жанның мәңгілік екеніне Қажығали аға қайтқан қырық күннің ішінде көзім жете түскендей. Кешірім сұраймын, өзің алабөтен құрмет тұтатын, сенің қиялыңдағы идеалдың эталонындай көрінген кісіден қапияда айырылып қалудың қабырғаны қайыстырып кететін қасіретін Қажығали аға қайтыс болғанда жүрегіммен сезінгеннен болар, басқа не келіп, не кетпеді?! Тұла бойыңды жан дүниесімен барынша баурап алған адам о дүниеге аттанып бара жатып та сені ойлауға үйретуінен бір тынбайтынына осы жолы тіпті таң қалдым. Сол ойлармен бөлісу ғана іштегі аласапыран шердің тас талқанын шығаратыны даусыз.
Талқаны таусылып жатқан адам туралы қапелімде айтатын қазақтың сөзі бар: «Жаны шығып кетті». Бұл сөздің түбінде талай нәрсе жатыр. Адамның денесі мәңгілік материалдан жаратылмағанын пенде біткен біледі. Ал жаны мәңгілік материал деп сенгің келеді. Осы дүбәра сенім әп сәтте Құдайыңды есіңе түсіреді. Айтары жоқ, бір Жаратушының бары рас. Ол сені жарық дүниеге әкелетіні де – асқан шеберлік.
Десек те, Құдайдың сені қалай жаратқанынан қаннен қаперсіз болатыныңды да мойындамасқа шара жоқ. Қай күні сынаққа аларын да саған айтпайды. Құдайдың құпиясын тірі пенде тауып көрген бе? Адамның өзін-өзі тануы осындай жұмбақтардан басталатынына басыбайлы қарсы тұра алмайсың. Құдайдың хақтығына шек келтірмейтін адам ғана риторикалық сұрақтың табиғатын түсіне алады: «Бәрін Жасағанның өзі айтып беріп отырса, мына өмірдің не мәні қалар еді?».
Осындайда бұл жөнінде көп ойлана бермейтініңе де опық жеп үлгересің. Қажығали ағаның да қапелімде қайтатынын кім білген?! Білсек, сол қазына тұлғаның тұла бойындағы тұнып тұрған асылдың қадір-қасиетіне тірі кезінде тереңірек бойлап үлгермес пе едік?! Осы ойдың астарында көп құпия бұғып жатыр. Бір анық: тылсым сұрақтардың жауабы өзіңді және айналаңдағы адамдарды танып-білуде екенін ешқашан естен шығармаған абзал, тегінде.
Адамның жаны – адам тәнінің тұтқыны. Осыған барған сайын сене түсесің. Әлгі бір тіркестегі «жанның шығып кетуі» де сөзімізді беки түседі. Жан адам денесінен бостандыққа шыққан күні ғана алабөтен рахатқа бөленеді. Әрине, сол сәтте емес. Апокалипсисті бастан өткергеннен кейін. Осындай ой келеді. Әйтпесе, Альберт Эйнштейн мына өмірмен қош айтысып бара жатып «Наконец-то!» деп қуанбас та еді.
Біз байғұстар өмірде жақсы нәрсе жасасақ, жанымыз бірге қуанады. Жаман нәрсе жасап қойсақ, жанымыз өзін қоярға жер таппай, сен үшін қатты қиналатыны да шындық. Тәнге бауыр басып қалатын жанның бұл инстингін түсінуге болады. Сондықтан да әлгі сөзді ұлы физиктің өзі емес, қуаныштан жаны айқайлап айтқан сияқты.
Бес күн жалғанда көп адамның екіжүзділігі мен мақсатсыздығы үшін күйіп-пісіп отыратын Қажығали аға да мына өмірден ұлы физик сияқты қиналмай қоштасуға асықты ма?! Кім білген?! Оның жанының диалектикасын түсіну үшін Қажығали аға сияқты өмір сүру керек. Ол біздің қолымыздан қайдан келсін?!
Жаны сұлу адамға ғашық болып көрдіңіз бе? Оның қиындығы сонда, жаны сұлуды табу, табудан бұрын көре білу, сезе білу бәріміздің бірдей маңдайымызға жазыла бермейді. Дегенмен, жаны сұлу адамды сенің де кездестіруің ғажап емес. Ойламаған жерден. Ең бақытты сәт осы! Кеңірдегіңде мәңгілік кесек болып кептеліп қалады. Сөздің жақсы мағынасында. Сиқыр сәттен ешқашан жерінбейсіз. Міне, ақық жанның құдіреті осында! Жалпы жанның мәңгілігі де адам тазалығымен қатар көркем өріледі. Өйткені, ақық жан ғана сұлу бола алады.
Қажығали ағамен араласа бастаған алғашқы күндерден осындай термелі тебіреністі бастан кешіргенімді жасыра алмаймын. Жасырғым да келмейді. Жаны сұлу адамға деген сүйіспеншілік пен құрмет оның мәңгілікке барар жолдағы бедерлі белгісі де болып қалатынын бүгін, тіпті, мойындап отырмын. Айтары жоқ, Қажығали ағаның мәңгілік жанының табынушысы болу да бір бақыт екеніне күмән келтірген емеспін. Өйткені, оның сұлу жанын тірісінде сезіне білу де қу тіршілікте көзге көріне қоюы екіталай көп қуаныштың бірі екенін сеземін.
Марқұм әкем айтып отыратын: «Жетектеген төбет қора көрмейді. Өмірде өзіңе сен, не болса да өзіңнің бақталайыңнан көр. Кісі жағалап, жағдайыңды жақсартамын деме!». Әке өсиетіне адалдыққа не жетсін?! Аманатқа қиянат жасағың келмейтін кей тұстарда кісікиік болып кеткен кездер де аз емес.
Әлгінде айтып кеттім, Қажығали ағамен де осындай себептермен өте кеш таныстым. Әрине, ол кісіні сонау социализм кезінде жазған ғажап әңгімелері арқылы танып білдім. Сырттай тілектес болып жүретінмін. Өмірдің кез келген эпизодынан адамның ойына келмейтін терең философиялық әңгіме жазып шығатын қаламгердің есте жүрмеуі ақылға сыймайтыны – ақиқат.
Шамамен осыдан 13 жыл бұрын болар, ағам Алматыдан Астанаға көшіп келді. Сөз орайында айта кеткен де дұрыс шығар, жаңа елорда Қажекеңе жақты. Жиырма жылдан бері оқырманын зарықтырып қойған «Тар кезеңі» жарық көрді. Лайықты бағасын алды. Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Аракідік той-томалақтарда көріп, сәлемдесіп жүрдім. Елдің бәрі жапатармағай амандасатын адам ғой, көп сәлемнің астында біздің ишаратымыз да көміліп қалып жүргені өтірік емес. Реніш жоқ, әрине!
Бұл өмірде не болса да, бәрі Құдайдың қалауымен болатыны тағы жалған емес. 2012 жылдың аяғында «Тоғыз тарау туынды» деп аталатын публицистикалық жинағым жарық көрді. «Сабақты ине сәтімен» деген, сол кітабымды жазушы Жолтай Әлмашұлы досым ағама оқуға берсе керек. Күні кеше Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған ағам қоңырау шалып тұр: «Әй, Шархан, ана кітабыңды оқып шықтым. Бастан-аяқ деп айта алмаймын. Ішінде мені қызықтырмайтын дүниелер де бар екен, оларыңды оқыған жоқпын. Өтірікке өш адаммын. Бірақ Әбдіжамил мен Әбіш ағаларың туралы эсселеріңді оқып, айызым қанды. Сен жақынырақ танысатын бала екенсің! Ана «Мың доллар» деген әңгімең де ұнады. Кемшін тұстары да жетеді. Кәсіби жазушы емес екенің көрініп тұр. Бір ұнағаны, «литературный пробельге» жол бермейді екенсің. Сондықтан жазушылықты да бір жамбасыңа салып, байқап көру керек! Ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ».
Балаша қуанып, балаша аңқылдай жөнелген ағамның өмірде қандай адам екенін салған жерден байқадым. Тілдесудің бірінші минуттарынан-ақ аңысын аңдуға уақытын шығындамай, аттың басын әуелден жіберіп, емен-жарқын әңгіме тиегін ағыта жөнелген адамның ақық екенін аңғармау мүмкін емес еді.
Қателеспеппін! Өмірден озғанша бауырына тартып, мәртебемді көтеріп жүрді. Аға болсаң, Қажығалидай бол! Жоғарыда айтып кеткен өзімнің қырсық қасиетіме ол қайтқан күні қатты өкіндім. Өзім барып, жағдайымды жеткізіп, жөн-жосығымды айтып, ертерек таныспағаныма қапаландым.
Дей тұра, өзіме өнеге болған біраз әңгімесі жадыда жатталып қалды. Ағаның 75 жасқа толған мерейтойына орай Атырау сапары болсын, аракідік дастарқан басында сырласатынымыз болсын, елорданың бильярд жарыстарында бас қосып, арқа-жарқа қауқылдасатынымыз болсын, барлық жерде кездескен сайын айтқан ақылы естен кетер ме?!
Әсіресе, былтырғы маусым айының басында ойламаған жерден кездейсоқ кездесуіміздің жөні бөлек болды. «Оқжетпес» санаторийіне барсам, Қажығали ағам мен Сұлухан жеңешем де демалып жатыр екен. Бағым бар, ағаммен бір апта бойы бірге жүрдім. Ұсақ әңгіменің де ұшын шығара кеткенде тұрған ештеңе жоқ, бильярдтың да армансыз жағын айырған кезіміз осы еді.
Кешкі астан кейін серуендеп жүріп, түннің бір уағына дейін әңгіме соғамыз. Көбінесе әңгіменің көрігін қыздыратын – Қажығали аға. Әдебиет пен тарихты терең білетініне сол жолы көзім жете түсті. Әлемдік жазушылар туралы айтқан парасатты пікірлері де ерекше баурап алды. Оның бәрін тізіп жатуға шағын мақаланың көлемі көтермейді.
Бір ғана Жалаңтөс Баһадүрдің айналасындағы ойлары неге тұрады?! Өзбекстанның 12 қаласын аралап, кітапханадан кітапхана қоймай жүріп, мол материал жинағанының өзі – бір ерлік. Самарқанды билеген әмір жөнінде тарихи романға жүк болатын әңгімені екі кеш қатарынан тарқатып айтып берді. Сол сәтте менің алдымда Жалаңтөс Баһадүр туралы тарихи романның авторы тұрғандай күй кештім.
Майын тамызып айтқан әңгімелеріне риза болдым: «Жалаңтөс туралы роман жазуды бастап кететін-ақ жөніңіз бар». Маған жауап беріп отырған Қажығали ағамның нұрлы жүзі әлі есімде: «Құдай қуат берсе, ойда не жоқ дейсің, Шарханжан!». Асыл ағаның осы сөзі еске түскенде ой келеді: мақсат етіп қойған ісіңнің бәрін тиянақтап, артыңа қарамай өлу тіпті бар-ау, мүмкін емес екен. Дегенмен, «Жазмыштан озмыш жоқ» екені сол сәтте райыңнан қайтарып үлгереді.
Жалпы, Қажығали ағаның тіршілік туралы әңгімелері де тыңдаған жанды бейжай қалдырмайтын. Аузыңның суы құрып, тамсана тыңдайсың. Неге екенін қайдам, сол жолы өзінің өмірі туралы да көп әңгімеледі. Шет тілдерін қалай жақсы көргені, соның арқасында ҚазМУ-ды курсында жалғыз өзі қызыл дипломмен бітіргені, бірге оқыған жігіттерден әскер қатарында да бір өзі болып қайтқаны, атына заты сай, айдай аппақ Сұлухан жеңгемізбен қалай танысқаны, Ақтөбеден бірінші пәтерін қалай алғаны, оны Алматыға қалай ауыстырғаны сияқты қарапайым әңгімелерінің өзін ерекше сағынышпен еске алып еді. Жанашыр ағасы Әбдіжамил Нұрпейісов пен өмірлік ұстанымы ұқсас досы Төлен Әбдік туралы тебірене отырып айтқан жүрекжарды пікірлері де құлағымда сайрап тұр. Өзінен бір жыл, 26 күн жас тете інісі, талантты жазушы Жақсылық Түменбаев туралы да әсерлі естелігін айтып еді-ау!
ІІ
Қазақтың философ халық екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деп айтып кеткен бабаларымыз жан диалектикасын адаммен сөйлесу арқылы білетініңе көзімізді ашып кеткеніне қайран қаласың. Ал рух диалектикасын ше? Дәл Қажығали ағаға қатысты айтсақ, шұрайлы шығармашылығынан білесіз. Бойына біржолата біте кеткен азаматтықтан бастап ұлттыққа дейінгі барлық рух атаулы оның туындыларынан атойлап тұратынын қапысыз аңғару қиын емес.
[Рух диалектикасы] Қажығали Мұханбетқалиұлының әлеміндегі қызыл жіптей әдіптелген рухты тақырыптардың бірі – тәуелсіздік жолында күресіп, басқа түскен қиямет қайымның жолын кешкен елдің бодандық құрсауынан жанталаса құтылуға ұмтылған әрекеті, ноқтаға басын кигізбеуге тырысқан, еркіндікті аңсаған жұрттың күресі.
Жазушының 20 жылға жуық уақыт бойы жазылған «Тар кезең» романы – оның ұлт алдындағы ар безбені. Еркіндік пен кеңдіктің суреткері осындай болса керек. Көктегі күн күймесіндей еркін сілтейтін қаламгердің бұл еңбегі – ерліктің етегінен ұстап жүріп көтерілген тәуелсіздігіміздің бүгінгі тұрлаулылығын сақтау үшін үнемі қаперімізде жүретін толағай туынды. Әр қаламгер жазушылық және азаматтық борышын ар алдында Қажығали аға сияқты осылай адал атқарса, қанекей!
Алайда, тарихи уақыттың бүкіл драматизмі арқылы қазіргі оқырманды үш ғасырдан астам уақыт күткен тәуелсіздік құсын қолдан ұшырып алмауға тәрбиелейтін Қажығали Мұханбетқалиұлының бұл романының бағасын біздің әдеби сыншылар әлі толыққанды беріп үлгерді дей алмаймын. Сондықтан да Қажығали ағаның қарапайым оқырманы ретінде роман туралы азғантай ойларымды айта кеткеннің артықтығы болмас.
«Әлемде екі құдіретті күш бар: қылыш пен рух. Соңында рух қылышты жеңуі тиіс». Наполеон Бонапарттың осы сөзі Қажығали Мұханбетқалиұлының кесек дүниесінің бүкіл құпиясы мен лейтмотивін ашып тұрғанын жүрекпен сезінгендей боласыз. Рухы мықты адам өзгелерге сәулесін шашып тұрады. Жамандыққа қас, жақсылықпен бауырлас жүреді. Сондықтан болар, туған халқына шексіз махаббат пен мейірімін төге білген Қажығали ағаның тәуелсіздік эпосын жазуы – кездейсоқтық емес, заңдылық.
Қажығали ағаның бойында өмір бойы қалтқысыз қалыптасқан таза сана мен ақыл-парасаттың апогейі осы шығармасының 62 тамырын бүлкілдетіп тұр. Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің интеллектік, эмоционалдық, рухани, керек десеңіз, физикалық күштерін үйлесімділік пен жарасымдылық биігіне көтере білуінің нәтижесінде эксклюзивті рух диалектикасын қалыптастыру арқылы осы іргелі туындыны табандылықпен жазып шыққанына бек сенімдімін.
Әлемдік әдебиетте тарихи романның жанр ретінде негізін қалаған Вальтер Скотт тәсілімен баяндауға Қажығали аға аса ерекше мән бергенін «Тар кезеңнің» өн бойынан қапысыз байқайсыз. Вальтерскоттық «описание-рассказ-диалог» әдеби формуласын терең меңгерген автор аталмыш романын бірыңғай көркемдік тұтастыққа құра білгені – шедевр шығармадағы шеберліктің шыңы.
Жалпы, «Тар кезеңді» тарихи-ұлттық роман жанрына жатқызған дұрыс. Тәуелсіздік құнын білу үшін осы романды әрбір қазақ жастанып жатып оқуы керек дер едім. Әсіресе, жас ұрпақ. Осы орайда бұл тарихи дүниені орта мектеп бағдарламасына кіргізу керек деген ой да қылаң береді. Олай дейтінім, табанды жазушы өзі бақайшағына дейін зерттеген тарихи процесті боямасыз оқырманның көз алдына әкелгені өз алдына, оған қоса, бабаларымыздың осы жанкештілік күресін жетесіне жеткізіп көркем баяндай білген қаламгер айналып келгенде бізге қазіргі тәуелсіздігіміздің құнын сезінуге мәжбүрлей алғандығымен аса құнды екенін астын сызып айту керек.
Қажығали Мұханбетқалиұлы қазақ әдебиетінде тарихи ойлау жүйесінің характерін қалыптастырған қаламгер дер едім. Оның тарихи романындағы образдардың әрбір іс-қимылы ойға құрылғаны жалпы әдебиетте бұрыннан қалыптасқан шеберлік екені түсінікті. Қажығали аға мұнымен ғана шектеліп қалмаған. Мәселе сонда, ол роман желісіндегі оқиғалар мен құбылыстардың өзін шым-шытырық интригамен матап, қиыннан қиыстыратынымен оқырманын терең ойдың тұңғиына тарта жөнеледі. Осылайша қарапайым қарекеттердің өзі арқылы оқырманын кең масштабта ойлануға үйретеді. Бұл – әрине, жазушының ең үлкен жеңісі және қазақ әдебиетіндегі тарихи роман жанрына қосылған соны тапқырлық.
Сақа жазушы ұлтарақтай жер үшін күресіп жатқан халықтың тәуелсіздікке жету үшін арпалысқан барлық амалдарының стратегиясы мен тактикасын көркемдік тұрғыда түсіндірумен қатар оған эстетикалық тұрғыдан керемет реңк бере білген. Тарихи романды жазу барысында Қажығали аға иллюзияға жол бермегені ең алдымен ерекше әсер еткені бар. Тарихи мәліметтер мен дереккөздерді сауаттылықпен қолданатын қасиеті де сүйсіндіреді. Тек дәлелденуі мүмкін емес фактілерге қатысты жерлерде ғана қиялға жүгінетінінің өзі оның тарихқа қиянат жасауға аса құштар еместігінен хабар берсе керек. Логикасы мен қиялы қатар дамыған Қажығали аға кез келген эпизодты көркемдіктің шыңына жеткізгені жүректі алабөтен жаулайды.
Автор оқиғалар мен персонаждарға сол кездің адамдарының көзімен қарауға оқырман үшін мүмкіндік жасайды. Аталмыш ойымыз жазушының ешқандай кейіпкерін идеал қылып көрсетпейтіндігінен анық көрінеді. Бұл әсіресе, Сырым образын сомдау процесінде ерекше байқалады. Ол сонымен қатар ешқандай кейіпкеріне өшпенділік танытпайды. Жазушының бұл қасиеті Игельстромның бейнесін ашуда да алаңсыз көзге ұрып тұрғаны рас. Өзегін өртеп бара жатқан тақырыпты да өркениеттілікпен жазуға дағдыланған қаламгердің осы қыры да оның жазушылық портретінің әдемі штрихына сұранып-ақ тұр.
Романның әдістемелік құндылығы сонда, ол оқырманға тарихты таразылауға ғана емес, сонымен қатар сол заманның кейіпкерлерімен тар кезеңді бірге сезінуге жағдай жасайды. Бұл шығарманың тағы бір өзектілігі автордың төл ұстанымының мықтылығы арқылы тарихи позицияның табиғатын аша білгендігінде жатыр. Сұңғыла суреткер дәл осы кесек шығармасында тәуелсіздік пен тоталитаризмнің басы бір қазанға сыймайтынын философиялық тұрғыдан ғажап дәлелдеп шыққанын көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман байқамауы мүмкін емес.
Романның аяқталар тұсындағы Сырым батырдың шешімі Тәуелсіздік – биліктің тәуелсіздігі емес, халықтың егемендігі; Тәуелсіздік – халықтың өзін-өзі басқаруы екендігіне құрылуы – автордың жалпы тарихи процесті батылдықпен дәл айқындауы. Тарих тереңіндегі оймақтай ойды бүгінгі күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігімен позициялық тұрғыдан шебер байланыстыра білген автор бұл парасатты пайымы арқылы өзінің қазақ елі алдындағы қадір-қасиетін одан әрі арттыра түсетіні – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Дәл осы жерде жан мен рух диалектикасы тоқайласады. Қандай ғажап кездесу! Өлімнен қорықпайтын рухы мықты тірі адамның мәңгілік жанының құдіреттілігін танытатын бұл байланыс түптің түбінде Адамзатты гуманизм максимализміне алып келетіні айқын. Жұмыр жердегі осындай түпкілікті бақытқа елеулі үлес қосқан жаны сұлу Жазушы үшін бұдан асқан Мәңгілік бола ма?!
Шархан Қазығұл
Abai.kz