Ресей бізге ренжулі екен
Қазақстан маусым айынан бастап Ресейге қара метал сынықтарын экспорттауды тоқтатты. Қазақстанның бұл шешіміне наразы болған Ресей Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) шағым түсірген. Бұл туралы LS сайты жазды.
Метал сынықтарының орнына Қазақстан дайын өнім ретінде болатты экспорттайды. Алайда ЕЭК Қазақстанның бұл әрекетін одақтастар арасындағы сауда байланысына кедергі келтірді деп қарастырады.
Статистика комитетінің хабарлауынша, 2019 жылы Қазақстан Ресейге 203,6 млн долларға 947,8 мың тонна метал сынықтарын жөнелтсе, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 34,4 мың долларға 283,8 мың тонна сынық экспортталған.
Ресейдің металлургиялық компаниясындағы дереккөзге сүйенсек, мамыр айынан бастап Қазақстаннан жеткізілетін метал сынықтары үш есеге азайып, маусым айынан бастап экспорт толығымен тоқтаған.
ЕЭК қорытындысына сәйкес, 10 маусымда «Қазақстан темір жолының» еншілес кәсіпорны - «KTZ-Freight Freight» экспортқа жөнелтілген қара және түсті метал сынықтары мен қалдықтары тиелген вагондарды тасымалдауға тыйым салған бұйрық шығарды. Ал, 2018 жылдан бастап Қазақстанда қара және түсті металдар сынықтары мен қалдықтарын автомобильмен тасымалдауға тыйым салынған болатын.
Барьер құру туралы мәселе екіжақты келіссөздер кезінде талқылануы мүмкін немесе ЕЭК алқасының талқысына салынады. Істің сотқа жетуі екіталай.
Abai.kz