Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 13539 15 пікір 11 Қыркүйек, 2020 сағат 13:12

Қазақтың ата-бабалары кім болған?

Қазақтың ата-бабалары кім болған? Абай ілімі бұл туралы не дейді? Бұлар маңызды сұрақтар. Себебі, рухани жаңғыру үшін өзіміздің ұлттық болмысымызды дұрыс түсініп, оның мән-жайын жақсы білуіміз керек. 

Көне тарих бойынша адамзат өмірі көшпенді дәуірден басталады. Қазақ халқының ұлттық коды, яғни оның өзіндік болмысы көшпенді өмір салтымен тығыз байланысты. Ендеше қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері әлемдік рухани мұраның, бүкіладамзаттық кодтың бір бөлігі болып табылады. Бұл құндылықтар – адамзат қоғамының алғашқы рухани жетістіктері. Қазақтың ұлттық коды – көшпенділер коды. Ежелгі адамзат тіршілігіне көз жіберетін болсақ, бұған көз жеткізе аламыз.  

Бүгінгі күндері тарихшы ғалымдар ежелгі адам тіршілігі көшпенді өмірден басталып, көптеген жылдар өткен соң ғана отырықшылыққа өте бастағанын жақсы дәлелделі. Отырықшылыққа өту әуелі жер шарының кейбір жерлерінде болып, соңынан дүниежүзін түгел қамтыған. Оның ішінде қазақ халқы бүгінгі отырықшы өмірге ХХ ғасырдың басында ғана Кеңес дәуірінің ықпалымен ауысты. Осылай тағдыр халқымызды отырықшылыққа өткен соңғы халықтардың бірі етіп, көшпенді өмір салтының мұрагеріне айналдырды. Қазақ халқының дүниетанымы, ежелден келе жатқан көптеген әдет-ғұрпы,  мейрамдары, табиғат пен әлемге қатысты түсінік-пайымдары мен ұлттық ойындары адамзаттың өткен өмірін еске салып, бүгінгі күндері олардың тұрмыс-салтын көрсеткендей болады. Осы себептен де қазақ халқының кейбір ұлттық ерекшеліктерін бүгінгі күндерге дейін сақталып келе жатқан бүкіладамзаттық құндылықтардың қатарына жатқызуға болады. Ол құндылықтардың арасында қазақ халқының өзіндік мәдениеті  және салт-дәстүрлерімен бірге, қазақтың ұлттық ойындары қыз қуу, көкпар, теңге алу, ат шабыс, тоғызқұмалақ, музыка аспабы домбыра, киіз үйі сол ежелгі көшпенді өмірден келе жатқан ұлттық кодтың көріністері екеніне дау жоқ. Көшпенді дәуірдің бұл ерекшеліктері жер шарындағы көптеген халықтарда әлі де кездесетіні осының бір дәлелі. 

Қазақтың ұлттық коды өте көне ғана емес, сонымен бірге, ол көшпенді өмір салтымен бүкіл әлем үйлесімділігінен пайда болған. Бірақ бүгінгі күндері көшпенділік, сонымен бірге қазақ болмысы туралы теріс ой-пікір қалыптасып отыр. Технократтық өкілдер, оның ішінде батыс ойшылдары көшпенділерді өркениетке қарсы қойып, оларды жабайы халық ретінде қабылдайды. Бұл адамды толғандыратын өте кұрделі мәселе. Шын мәнінде, бәрі керісінше – қазіргі заманда көшпенділер емес, отырықшы халықтардың өзі жабайыланып кетті. 

Әрине, мұндай пікір әуелде тосын, әрі даулы болып та көрінуі мүмкін. Сондықтан мәселенің байыбына барып, айтылған ойдың әділдігін көру үшін өркениет пен жабайылардың айырмашылығына көз жіберіп, салыстырып көрелік. 

Өркениет және жабайылар. Бір батыс ғалымының «Өркениет пен жабайылар (варварлар) үнемі күресте. Әдетте бұл күресте жабайылар жеңеді» деген сөзі бар. Осылай батыс ойшылдары жабайылардың үнемі жеңіске жететінін мойындайды, бірақ себебін түсіндіре алмайды, немесе түсіндіргісі келмейді.  Оның да себебі бар. Жабайы деп саналатын көшпенділердің басымы түркі халықтары. Сондықтан Еділ батыр (Аттила) бастаған көне ғұндардың, селжүк түріктерінің, Осман империясының тізесі батқан еуропалықтар, қыпшақтардан теперіш көріп, түркі-монғолдардың езгісінде болған ресейліктер, өздерін көне мәдениеттің ошағы деп санайтын ирандықтар (фарсылар) түркі әлемінің өркениетте алатын орнын мойындағысы келмейді. Олардың әсерінің күштілігі соншалықты, бүгінгі күндері бүкіл әлем солардың ой-пікірін қолдап отыр. 

Шынында да, бұл парадокс. 

Жабайылар жетілмеген, өркениетті елден төмен болса, онда қалайша төмен ел өзінен жоғары елді үнемі жеңіп отырған? Ал тарих шындығы – осы. Жабайылар өркениетті үнемі жеңіп отырған және әлемдегі ең ірі мемлекеттердің негізін құрған. Бұған б.з.д. ІУ ғасырдағы ежелгі Ғұндар, одан кейінгі Ұлы Түрік Қағанаты, Шыңғысхан, Әмір Темір жорықтары, Индиядағы Ұлы Моғол империясы, одан бергі Осман империясы тәрізді ұлы мемлекеттер тарихы жақсы дәлел.  Отырықшы елді жеңіп бұл мемлекеттерді орнатқан жабайылардың барлығы дерлік көшпенділер және түріктер еді. 

Бұл құбылыстың сырын түсінудің маңызы өте зор. Әсіресе ата-бабамыз көшпенді болған бізге, қазақтар үшін. Себебі, бұл мәселеге тереңдемеген, тек батыс ғалымдарының ой жүйесін қабылдаған кейбір қазақтарда да көшпенділер мәдениеттен артта қалған, жабайы ел деген ой қалыптасқан. Тіпті кейбір қазақ ғалымдары «көшпенді» дегенге арланғандай, тарихтан түрлі мысалдар іздеп, қазақты отырықшы елдің қатарына қосуға ұмтылады. Олардың ойынша: жабайылар өркениетке қарсы және оны жоюшылар, адамзат қоғамының дамуына зиян келтірушілер. Батыс ғалымдары тұжырымдайтын «жабайылар мейірімсіз-озбыр, қатал-зұлым, адамгершілігі төмен» деген ойды қабылдап, толық сенгені соншалықты, тіпті олардың басқаша ойлауға қабілеті жоқ тәрізді. Көшпенділердің үнемі жеңіске жету себебі –  олардың мәдениеті жоқ жабайылығы, мейірімсіз қаталдығы, тек қара күш, басшыларының озбыр-қаныпезерлігі. Қазіргі замандағы көпшілік қауымның ойы осы. 

Бірақ осындай ойдың шырмауында жүріп еңсемізді көтере аламыз ба? Ұлттық кодымыз осындай нашар болса рухани жаңғыру мүмкін бе!? Әрине, мүмкін емес! Сондықтан ұлттық кодымыздың қалыптасу тарихына көз жіберіп, мәселенің басын ашып алуымыз керек. 

Егер мәселеге тереңінен үңілетін болсақ, шын мәнінде олай емес, тіпті, мүлде керісінше екеніне көзіміз жетеді. 

Рухани жаңғыру бос алаңда пайда болмайды. Оған іргетас керек. Іргетасымыз – халқымыздың өткен заманда қалыптасқан ұлттық коды. Бұл оның рухани байлығы. Сол өткендегі жинаған байлықты іргетасқа айналдырып, өркениеттің зәулім ғибаратын орнатып, рухани жаңғырудың жаңа белесіне көтеріле аламыз. Осылай жарқын келешегімізді құрамыз. Рухани жаңғырудың қабырғасы келешекте қаланатын болса, ал іргетасы – өткенде қаланған ұлттық кодымыз. Іргетасымыз әлсіз, нашар болса жасаған рухани жаңғыруымыздың ғимараты да ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан мықты іргетас керек. Осы тұрғыдан алғанда, рухани жаңғыру үшін біздің іргетасымыздың қандай мықты екенін, яғни ата-бабаларымыздың кім болғанын және қандай жетістіктерге жеткенін біліп, түйсінудің маңызы аса зор. 

Ол үшін әуелі оны анықтайтын белгі (критерий) керек. Қандай белгі бойынша біз өзіміздің өткен жағдайымызды анықтай аламыз? Егер осы сұрақтың шешімін таба білсек, жабайылар мен өркениеттілердің де арасы ашылып, ақиқатына жетеміз. Себебі кімнің кім екенін түсінуге мүмкіндік туады. 

Өркениет пен жабайылардың арасындағы таластың шешімі осы күрделі сұрақтың жауабына байланысты. 

Бұл сұрақтың жауабын Абай мұрасынан табуға болады. Абай ілімі арқылы ежелгі қазақтың жабайы болмағанын, керісінше жетілген ер мінезді жәуәнмәрт болғанын көруге болады.

Абай қырық үшінші сөзінде «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан» дейді. Яғни, адам баласы рухани және заттық болмыстардан, яғни жан және тәннен құралған. Осыған байланысты жетінші сөзінде жан құмары және тән құмары болатынын жазады. Екеуі екі бөлек және олар бір-бірімен үнемі күресте. 

Тән құмары адамның тәнін қанағаттандырудан шығады. Тән құмары төртеу – ұйқы, тамақ, қорғану және ұрпақ қалдыру. Бұлар жан құмарын қанағаттандыру үшін, яғни адамға өмірдің түпкі мақсатына жетуі үшін керек. Бірақ көпшілік бұл ақиқатты білмейді, немесе білгісі келмейді. Осылай қазіргі заманда жан құмары ұмытылып, тән құмарына бағытталған өркениет дәуірі туып отыр. Сондықтан көпшіліктің түсінігі бойынша, өркениет дегеніміз – ғылыми-техникалық жетістіктерге негізделген, яғни тән құмарын қанағаттандыруға бағытталған өмір салты. Жан құмары екінші мақсатта. Тән құмары жан құмарынан жоғары қойылып, тән құмарына арналған әрекеттің барлығы жетістік ретінде қабылданады. Бұл жетістіктер материалдық әлемнің өмірін жалғастыруға арналған барлық жан иелеріне – жануарларға да, адамдарға да тән. 

Бірақ Абай өзінің қара сөзінде адам жануарлардан бөлек екенін, оның хайуанаттардан артық жаратылғанын дәлелдейді. Ол артықшылық неде? Ол артықшылық – адамның жан құмарына беріліп, рухани жаңғыру жолына түсу мүмкіндігінде. Сол мүмкіндікті пайдаланғанда ғана адам қатарына қосылуға болады. Ал пайдалана білмейтіндерді Абайдың «жарым адам», не болмаса «даладағы аңдарсың» деп аңмен теңейтіні бар емес пе!? Ол мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін адамға хайуанаттардан бөлек ерекше ақыл және ерік берілген. Абайдың өзі бұл туралы отыз сегізінші сөзінде анық жазады.  Өкінішке орай, адамдар бұл ерікті өзінің нәпсісіне пайдаланып, күнәлі істерге барады. Осылай нәпсіқұмарлық басым болып, әлем үйлесімділігі бұзылады. Мысалы, әркім ұйқыда мамық төсекті ұнатады, егер үлкен сарайда болса тіпті жақсы. Тамағы қарапайым емес, тіл үйіретін дәмді және мол болуы керек. Қорғану үшін қару-жарақтың неше түрлерін жасап, күрделендіре бермек. Ұрпақ қалдыруға ұмтылыс мөлшерден асып, нәпсіқұмарлыққа, жезөкшелікке айналады. Осының барлығы  -- жан құмарын ұмытып, тән құмарына берілу белгілері. Адамды нәпсі жеңіп, ол хайуан жасамайтын қылықты жасап, төмен құлдырайды. Нәпсісі жеңген адам хайуаннан да жаман. Себебі хайуан табиғи заңдылықтарды бұзбайды. Оның ақылы жоқ. Ал адам болса, нәпсі жолында  өзінің ақылымен хайуан жасамайтын жолдарды ойлап табудан тайынбайды. Осылай кейбіреулер хайуаннан да жаман болып жүр. Бірақ өздері түсінбейді. Ешкім жеңе алмай жүрген жемқорлық себебінің бірі де, міне, осында. 

Тән құмарына берілген адам азып, мәңгүрт,  соңында қолынан ештеңе келмейтін болбыр адамға айналады. Рухани құлдыраған адам ар-ұяттан айрылып, қайрат-жігері таусылады. Ал қоғам құлдырау жолына түседі. 

Осыдан маңызды тұжырым шығады. Рухани тұрғыдан, не болмаса заттық тұрғыдан қарауға байланысты адам қоғам өмірін екі түрлі қабылдайды. Адамның қоғамды бағалауы осы екі көзқарасқа байланысты. Тән құмары тұрғысынан алғанда бүгінгі технократтық өркениет жетілген және күннен күнге алға басып келе жатыр.  Ал жан құмары тұрғысынан алып қарасақ – бүгінгі өркениет жетілу емес, рухани құлдырау дәуірі. Бұл даудың шешімі жоқ тәрізді. Себебі, жан құмары мен тән құмарын айырып, олардың жақсы-жаман жақтарын түсіну қарапайым адамға оңай емес, және әрбір жеке адамның ой-өрісіне байланысты болады. Осылай бүкіл адамзат өркениет мәселесінде екіге жарылып отыр. 

Мәселені шешу үшін Абай іліміне жүгініп көрелік. Данышпан Абай бұл даудың шешімін тауып береді. 

Жан құмары мен тән құмарының қайсысы жоғары? Адам өмірінің бағыты осы сұрақтың жауабына байланысты екі түрлі болады. Абай жан тәннен жоғары, сондықтан жан құмары тән құмарынан артық екенін дәлелдейді. Адам өмірін анықтайтын нәрсе – жан құмары. Адам ғана емес, бүкіл қоғам өмірін анықтайтын осы белгі. Неғұрлым өмір жанға жайлы болса, ол – солғұрлым жоғары. Яғни, жан құмары ықпалындағы қоғам тән құмары ықпалындағы қоғамнан жоғары тұр.

Енді өркениет пен жабайылықты бір-бірінен айырып, олардың қайсысы артық екенін түсіну керек. Ол үшін  қайсысы жан құмарына, ал қайсысы тән құмарына бейім екенін білуге тура келеді. Осылай өзіміздің кім екенімізді түсініп, адамзат тарихындағы орнымызды көре аламыз. 

Жабайылар кім болған? «Жабайылар» шынымен де жабайы болған ма? Қазіргі замандағы түсінік бойынша көшпенділердің барлығы «жабайылар». Ежелгі адамдарды да осы қатарға қосады. Мұндай пікір адамның рухани болмысын ескермей, оны тек қана тән ретінде қабылдаудан шығады. Әрине, бұл таза материалистік көзқарастан шығатын жаңсақ пікір. Себебі, табиғатпен үйлесімді өмір сүретін адамдар жабайы болуы мүмкін емес. Көшпенділер өздерін табиғаттың бір бөлігі ретінде сезініп, Тәңірге табынған. Тәңір дегеніміз аспан, табиғатты білдіреді. Қазіргі кездегі қазақтардың адам «өлді» демей, «қайтты» деп, табиғаттың басқа  деңгейіне өткенін білдіріп, аруақтарды ұмытпай, олармен үнемі байланыста отыратыны осыны білдіреді. Олар өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде сезініп, әлемдер байланысын бұзбай, табиғатпен үйлесімді өмір сүрген. Осылай көшпенділер Тәңірге құлшылық етіп, табиғат ықпалымен, болмыс заңдылығымен бірге болған. Әлеммен біртұтас болып, біріккен. Әлемді кемшіліксіз бір Жаратушы жаратып, оны Өзі басқарып отырғандықтан, мұндай өмірде де кемшіліктің болуы мүмкін емес. Ендеше көшпенділер өмірі де кемшіліксіз болды. Жан табиғат аясында эволюция бойынша үздіксіз жетілу барысында. Бұл жағдай кемшіліксіз көшпенділерге бүкіл адамзат өмірін реттеп, болмыс өмірімен үйлесімді болуын реттеп отыруға мүмкіндік берді. Көшпенділер осылай  адамзат қоғамын бір қалыпта ұстайтын негізгі күш болды. Тән құмарына беріліп, эволюциялық жолдан шыққан халықтарды жөнге салып, оларды үйлесімді өмірге қайтарып отырған. Көшпенділердің отырықшыларды бағындырып, ұлы мемлекеттер құрғанда елде тыныштық орнап, өзара қарым-қатынастың жақсаруы, халықтың өмірі бір қалыпқа келуі осының дәлелі. Көшпенділер осылай адамзат өмірінің эволюциялық өркендеуінде негізгі күш болған. Оның себебі де бар. Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деп жазады. Көшпенді өмір – мінсіз Әлемдік Сананың жаратқаны болса, ал отырықшы өмір – адамның шектеулі ақылымен пайда болған жасанды өмір. Көшпенді өмір мінсіз Алла тағаланың жасағаны, ал отырықшы өмір – адамның өлшеулі ойынан пайда болған өмір. Өлшеусіз бен өлшеуліні салыстыруға болмайды. Абай отыз сегізінші сөзінде өлшеулінің Өлшеусіздің жасағанын жасамақ түгілі, оны түсіне де алмайтынын жазады. Ендеше Өлшеусіз жасаған көшпенді өмірді өлшеулі жасаған отырықшы өмірмен қалай салыстыра аламыз? Ал өлшеулі адам ойы жасаған өмірді Өлшеусіз Алла тағала жасаған өмірден артық дегеннің өзі, ислам тұрғысынан (тіпті қай дін тұрғысынан болса да) алғанда Жаратушыға күмән келтіру болып шығар еді. Бұл – жабайылардың отырықшылардан кем емес, керісінше артық екеніне бір дәлел.    

Екінші дәлел – өркениет пен жабайылықтың арасындағы тартыс жан құмары мен тән құмарының үздіксіз күрес айнасы. Жан құмары тән құмарынан жоғары екені айтылды. Тән құмары жеңіп, жан құмары күйзелгенде көшпенділер келіп жан құмарын қайта қалпына келтіреді. Мысалы, көшпенділер іріп-шіріген Бұхар хандығын, өзара күресіп біріге алмай жүрген орыс князьдерін, рухани құлдыраған ертедегі Рим империясын осылай құтқарды. Жаны сау адамның тәні де сау, сондықтан ол тән құмарындағы адамнан жоғары тұрады. Оның рухани күші бар. Рухани күш пен заттық күш күрескенде әрдайым рухани күш жеңеді. Себебі рухани күштің қолдаушысы – Жоғары Жаратушы. Оған сүйенгенді ешқандай күш жеңе алмайды. Ал заттық күш тек қана өзіне ғана сүйенеді. Сондықтан, ол әрқашан жеңілісте. Рухани күші бар көшпенділер тән құмарымен әлсіреген отырықшыларды оңай жеңіп, оларды түртіп, ұйқыдан оятқандай болады. Осылай көшпенділер адамзаттың қозғаушы күшіне айналған. Егер осындай күрес болмаса адамзат рухы әлдеқашан терең ұйқыға батып, қоғам іріп-шіріп, кейбір ұлы империялар ғана емес, тіпті бүкіл адамзат жер бетінен әлдеқашан жойылып кетер ме еді, кім білсін. 

Адам өмірінің және табиғаттың өзгеріске түсуі отырықшылыққа өткен мерзімнен басталған. Осылай қазіргі заттық өркениеттен шыққан адамзат зардаптарының себебі – отырықшы өмір салты екенін көреміз. Заттық өркениет адамзат қоғамын ғана емес, бүкіл жер бетіндегі тіршілікке қауып төндіріп отыр. Сондықтан табиғат түрлі жер сілкінісі, мұхиттағы цунами, ауа райының өзгерістері тәрізді белгілер береді. Бүгінгі күндердегі коронавирус зардаптары да осының бір көрінісі болса керек. Осылай табиғат адам баласын тән құмарына берілмей, жан құмарын жетілдіруге үйретеді. Бірақ өмірден сабақ алу оңай емес екен.  

Бұл қарапайым түсінікті батыс адамдары қабылдай алмайды. Оның да себебі бар. Батыс адамы мен Шығыс адамы бірдей емес. Олардың өмір сүру қағидаларында үлкен айырмашылық бар. Батыс адамын басы, яғни ақылы басқарады, ал Шығыс адамын жүрегі, яғни жаны басқарады. Баста ми орналасқан, сондықтан батыс адамы өмірді ойлау жүйесімен қабылдайды. Жүректе жан орналасқан, сондықтан шығыс адамы өмірді жанымен қабылдайды. Тән құмары мидан шығады, ал жан құмары жүректен шығады. Батыс адамы тән құмарына жақын болса, ал шығыс адамы – жан құмарына жақын. Олардың өмірді қабылдауы да екі бөлек. Сондықтан кейде олар тіпті бірін-бірі түсінбей жатады. Жабайылардың өркениетті үнемі жеңіп отыратын себебін батыс ой жүйесінің түсінбеуі де осы себептен. 

Қазақ шығыс адамы болғандықтан, жан құмарына бейім. Ол «жаным – арымның садағасы» деп ары үшін, яғни ұят жолында өлімнен де қорықпайтын болған. Әділет жолында оған ешқандай кедергі жоқ. Тіпті, өлімнің өзі кедергі емес. Бұл оған ерлік, жәуәнмәрттік қасиет берді.  Сондықтан оның жолында қарабас қамы үшін ар-ұятынан айырылған отырықшы елдің адамы бөгет бола алмаған.  

Ми, одан шығатын ақыл, заттық әлемге жататындықтан, батыс адамы заттық өркениетке жақын. Заттық өркениеттің дамуы Еуропада он бесіншы ғасырдан басталып, бүгінгі күндері күш алып кеткені белгілі. Ол бүкіл адамзаттың ой-өрісіне сіңіп, қазіргі заманда бүкіл әлемді жаулап алды. Сондықтан адамзат өмірі заттық өркениеттің әсерімен азып-тозып, құлдырау үстінде. Бүгінгі адамдар рухани күштің не екенін білмейді, түсінбейді де. Олар үшін заттық өркениеті жоқ елдің барлығы – жабайылар. Кейбір қазақтардың батыс ой жүйесін қабылдап, өздерінің бұрынғы ата-бабасын жабайылармен теңеп жүргендері де осы себептен. 

Сонымен, шын мәнінде, кім жабайы? Табиғатпен үйлесімді өмір сүретін көшпенділер жабайы ма, әлде тек өзінің қарабас қамы үшін бүкіл табиғатқа зиян келтіріп, адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған заттық өркениет жабайы ма? Енді бұл маңызды сұраққа әркімнің өзі жауап бере алады.   

Абай ілімі аясында көшпенді елдердің тарихи-әлеуметтік жағдайын осылай түсініп, таразылай аламыз. Осылай, көшпенді өмір сүргендер жабайы емес, керісінше, олардың отырықшы өмір сүргендерден артық болғанын түсінеміз. Сол кезде көшпенді өмір отырықшылыққа қарағанда артық және үйлесімді өмір екеніне көзіміз жетеді. Осылай әлемдік әділеттілікті қалпына келтіріп және халқымыздың ұлттық кодының тарихын  дұрыс түсіне отырып, еуроценристік ой жүйеден арыламыз. 

Сонымен, Евразияның үлкен кеңістігінде билігін жүргізіп, империялық мемлекеттер құрған халықтардың барлығы да көшпенділер екенін көреміз. Олар Жершарындағы халықтарға бейбіт өмір берді. Көшпенділер евроцентристердің ойындай «варвар» емес, адамзат өмірін дұрыс бағытқа салып отырған негізгі күш болғанын көреміз. Көшпенді өмірдің әлем үйлесімділігінің бір көрінісі екенін біле отырып, ұлттық кодымыздың қалай қалыптасқанын түсінеміз. Осындай жолмен қалыптасқан ұлттық кодымыз – біздің негізгі рухани байлығымыз.   

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475