Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Интернет конференция 3598 27 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 13:18

Қазақ журналистикасының бүгінгі ахуалы қандай?

Өткен аптадан бері әлеуметтік желінің қызды-қызды әңгімесі – Қазақ журналистикасының, Қазақстан журналистикасының бүгінгі ахуалы төңірегінде өрбіп жатыр.

Он жылдай президенттік пулда хабар таратып, кейін біренеше жыл арнайы тілші болған Ербол Мәндібек есімді журналистің мемлекет иелігіндегі арнадан қызметтен кетуі қазақ интернет кеңістігінде әжептәуір талқы болды. Елді «шулатқан» мәлімдемелерінен кейін ақпараттық сайттар алашапқын болып, Ерекеңмен сұхбат құрып, телеарналар Қазақстандағы БАҚ саласының бүгінгі жай-күйін сөз ете бастады.

Қазақстан журналистикасындағы цензура тақырыбы – қазақ тілді желі талқысының бас тақырыбына айналды. Ербол Мәндібектің мәлімдемелерін жақтаушылар мен оған қарсы көзқарастағылар болып, жұрт пікірі екіге жарылды.

Шынтуайтына келгенде, Қазақстан журналистикасына қатысты сөз етерлік мәселе көп. Журналистік қызмет этикас, ішкі және сыртқы редакциялық шектеулер, БАҚ саласының қаржыландырылуы, салалық журналистиканың кенжелеп қалуы, кейбір ұжымдардың топтық, таптық, діни және т.б. мүдделерге топтасуы, Мемлекеттік БАҚ пен Тәуелсіз БАҚ-тың материалдық һәм шығармашылық ахуалы т.б.

Осы ретте біз «Abai.kz» ақпараттық порталы тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан интернет-конференциясының келесі тақырыбын – Қазақ журналистикасының өзекті мәселелеріне арнағанды жөн көрдік.

Интернет-конференция спикері – белгілі журналист, оқытушы, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі, «Minber.kz» ақпараттық агенттігінің басшысы Есенгүл Кәпқызы.

Спикер Есенгүл Кәпқызының ашық сұхбаты мен сіздер қойған сауалдың жауабы «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланатын болады!

Сауалдарыңызды жолдай беріңіздер, мархабат, мәртебелі оқырман!

Abai.kz

27 пікір