Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107833. Жазылғандар — 102805. Қайтыс болғандар — 1725
Дода 1728 19 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 18:04

Мен білетін Ауыт Мұқибек

Мен Ауыт Мұқибектің атын 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласына келгенде естідім. Отбасымның Қытайдан әлі көшіп келе қоймаған кезі еді. Ерте ме, кеш пе, елге ораламын ғой, алдымен азаматтыққа  құжат тапсырып тастайын да, дәм бұйырған күні көшіп келе салайын, дайын тұрған азаматтығымды ала қояйын деген мақсатпен жүргем. Кіммен кездесіп, әңгімелесе қалам болды, Ауыт Мұқибек туралы әңгіме маздап қоя береді...

Екі жылдан кейін – 2014 жылы Атажұртқа біржола көшіп келдім.

Астана қалалық көші-қон полициясы басқармасының алдында қолында қара сөмкесі бар, маңдайы кере қарыс, шашы селдір-селдір, кең иықты, толықтау келген ақ сары жігіт шыға келіп, қызу амандасты.

Аз-кем кідіріп барып, оның Ауыт Мұқибек екенін таныдым. Оған дейін атына қанығып қана қоймай, әлеуметтік желілерден өзін көріп, сөзін естіп жүргем.

«Жақсыда жаттық жоқ» деп, менде дәл өзіндей қызу амандаса бастадым. Тегінде Ауыт Мұқибектің шығармаларымен таныс болмағаныммен, ел аузынан оның даңқын естіп жүретінмін.

Міне, бірінші рет өзімен жүзбе-жүз кездесіп тұрмын.

Ол да мені сырттай жақсы білетін болып шықты.

Ары қарай екеуміз де көне достар секілді шүйіркелесіп кеттік.

Ол Қытайдағы біздің жағдайымызды сұрап, мен оның өз жағадайын, Қазақ елінің қандастарымызға жасайтын қандай тиімділіктері бар екенін  сұрап, бірдемде шүйіркелестік те кеттік.

Мақсатым – елге келу болған соң, Атажұрттың көші-қон саясатын біле түсуім керек. Сол үшін, оны көбірек сөйлетіп, өзім барынша  мұқият тыңдап тұрдым. Ауыт Мұқибектің сонда айтқан сөздері әлі құлағымда сайрап тұр. «Көші-қон заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде, жалпы 474 беттік мақалалар мен ұсыныстар жаздым. Соны кітап етіп шығарып, билік басында отырғандарға бірден тартуым керек еді. Қолым қысқа болып тұр. Ана артта қалған ел-жұртымды Отанына кедергісіз оралудың жолын іздеп, күні-түні жазып-сызып еңбектеніп келемін. Елбасына ашық хат жазам деп, жұмыстан шығып қалдым. Қазір жұмыссызбын. Сондай болса да ел қатары күн көріп келе жатырмын. Аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқпын.  Құдай берекесін берсін, кімге болса да есігім ашық. Айналдырған екі бөлмелі жалдамалы пәтерімнен Қытайдан келген қонақтардың аяғы үзілген емес. Сен де үйге барып шәй ішіп қайт!»-деп өз ықыласын білдірді.

Мен өзімнің асығыс екенімді жеткізіп, рахметімді айттым. Әукең де орайды қолдан жібермей басында айтайын деген ойын айтып қалғысы келді ау деймін: «Ереке, ұят болса да айтайын, өздерің секілді ұлттың қамын ойлайтын лаубандар (кәсіпкерлер) қол ұшын бермесе, маған ешкімнің  көмектесетін түрі жоқ! Өзім үшін емес, көші-қон үшін. Осы кітабымның шығаруына көмектес, бұл бүкіл шеттегі қазақтың тағдырына тікелей қатысты жұмыс. Жалғыз менің ғана шаруам емес!» - деді.

Мен Ауыт Мұқибектің көші-қонға қатысты 474 беттік еңбек жаздым дегенін естіп, іштей қайран қалдым. Шынымды айтсам, сенгем жоқ. «Жарайды! Еңбегіңіз зор екен! Мен әлі Елге оралған жоқпын, қалай да бір ыңғайын тауып, Сіздің еңбегіңіздің жарық көруіне көмектесем!»-деп, қоштасып кете бардым.

Бір жола көшіп келдім деген аты болмаса, жұмыс бабымен өзім Қытайда көбірек жүрдім.

2016 жылы Ауыт Мұқибекпен қайта кездестім. Ол кезде Қазақ көші  тоқырап барып, қайта оңала бастаған тұс екен. Төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңның беті бері қарап, Ауыт Мұқибекұлының сол заңдағы қандастарымыздың құжаттануына кедергі жасайтын тұстарын біршама түзетіп, «Соттылық» туралы анықтаманы жоғалту үшін бюрократтарға бүйідей тиісіп жатқан тұсына дөп келіппін.

Манағы 474 беттік мақаласын «Көш, Көшке кім өш?!» деген атпен кетпектей кітап етіп шығарып алыпты.

2012 жылдардағы естігенім түк емес екен. Депутаттар мен  министрлер былай қалып, Ауыт Мұқибек енді сол кездегі Үкімет басын сотқа берем деп, айды аспаннан бірақ шығарды. Жаңылмасам, «31» арнаның эфирінен айтты. Айтып қана қойған жоқ, еңбек демалысын алып, заңгер Әбзал Құспан екеуі іске кіріскелі жатқанын да жазды.

Ауыт Мұқибектің бұл әрекетін көріп, жағамды ұстадым. «Ойпырмай, бұл неткен жүрек жұтқан адам?! Неткен қайсарлық?!»-деп, таң қалдым. Осы жасқа келгенше «Ұлт үшін басын бәйгеге тіккен қаһарман!» дегенді кітаптардан оқығаным, кинолардан тамашалағаным болмаса, өзін жақыннан тірідей көргенім осы екен. Сол кезде ғана, мен оның алғаш кездескенде айтқан сөздерінің рас екеніне көз жеткіздім. Оның популист емес, керісінше ел үшін еңіреген ер екендігін толық мойындадым. Шын мәніндегі батылдығы мен күрескерлігіне дән риза болдым.

Менің бұрынан келе жатқан бір жақсы әдетім бар, өзім мойындаған адамды шәйге шақырып, әңгімесін тыңдап қайтам. Сол кәдуелгі әдетім бойынша Әукеңді де шәйге шақырдым. Шәй іше отырып ұзақ әңгімелестік. Көзқарастарымыз тоғысты. Содан бастап Ауыт Мұқибекұлымен шынайы жақын дос болып кеттім.

Ауыт Мұқибекұлымен достасқаннан кейін, сырттағы қандастардың Қазақстанға оралу мәселелерін өз ара жиі талқылап отыратын болдық. «Бидай наның жоқ болса да, бидай сөзің болсайшы» демекші, Әукеңнің әр бір істеген жұмыстарына үлкен көмек бере алмасам да, білген ақылымды айтып, рухани жақтан дем беріп келем. Оның  төрт жылсыз азаматтық берілмейтін заңды қалпына келтіріп, тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат тапсыратын кезде, Қытайдан келген қандастарымызға кедергі болып келген аты шулы «Екі анықтаманы» (сотталмағаны және тіркеуден шығу туралы анықтама) күшінен қалдыру сынды мәселелерді көтеріп, оны Елбасына дейін жеткізу барысында көрген қиыншылықтарын ет құлағыммен естіп, өз көзіммен көріп келем.

Иә, бұл мұң бәрімізге ортақ мұң. Бұл қайғы – бәрімізге ортақ қайғы. «Мыңның қамын бір ойлар, Бірдің қамын кім ойлар»! деген рас екен. Мыңның қамын Ауыт Мұқибек ойлады. Оның қажырлылығының арқасында Заңнама толық түзелді деуге болады.

Ал, біз оның көзінің ащы терін сүрте алдық па, жоқ па, білмеймін.

Ол шабысынан танған жоқ. Тәжірибелі маманға, салиқалы әрі батыл саясаткерге айналды. Қазақ билігі оның шынайы ұлт жанашыры, мемлекетшіл жан екенін түсінді және сенім артты. Сол үшін, «Қоғам қайраткері» деп атап, келелі Кеңеске мүше етіп қабылдады. Біз толық бағалап үлгермеген еңбегін Отаны бағалады.

Елу жасқа толғанда, біз оның тойын ұйымдастырдық. Мерейтойында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз атына құттықтау хатын жіберді.

Көзім жеткен бір шындықты айта кетейін. Әлеуметтік желілерде фейк аттармен Ауыт Мұқибекті қаралаған жазбалар шығып жатады. Мына жақтан қазақ президенті оны қазақ көшінің қамқоры ретінде қабылдап, марапаттап келеді.

Сол керағар екі оқиғаның біреуіне жасып, шамданған, екіншісіне масаттанып, желпінген Ауыт Мұқибекті көргем жоқ. Өзін барынша салмақты ұстайды, болмысқа әділетті көзбен қарайды. Бұл – саясаткер үшін табылмайтын жақсы қасиет.

Міне, жерлесіміз атын баптап, аламанға қатысып жатыр екен. Праймеризден озып шығып, Мәжіліс төрінен орын алады деген үмітіміз зор.

Парламентте барлық саланың өкілі бар, тек көші-қон саласының өкілі жоқ.

Ауыт Мұқибек өзін ісімен дәлелдеген азамат, Мәжіліске лайық тұлға. Бізге дәл осындай депутат керек, қазір!

Жолың ашық болсын, Ауыт ақын!

Ербосын Нұрмұханұлы,

экономист-кәсіпкер.

Abai.kz

19 пікір