Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
7842 40 пікір 17 Қыркүйек, 2020 сағат 12:25

Сатанизм сойқаны

Бүгінде әлемдегі әңгіменің дені – соңғы айларда адамзаттың екі аяғын бір етікке тыққан жұқпалы індет туралы. Қытайдың Уханынан ырғып шығып бүкіл әлемді бір орында шыр айналдырған індет туралы. Бұл індет жаһандық соғыстың жаңа бір түрін көрсетті. Немесе, әлем алпауыттары көз алдымызда жойқын қарудың жаңа бір түрін сынап жатқандай. Қан шығармай жан шығаратын бұл қару бұрынғы қару атаулыны шаң қаптырғандай. Осындай жойқын қаруды ойлап тапқан залымдар мен ғалымдар бүгінде бөркін аспанға атып жатқан болуы керек. Кейбір оқырманымыз «Сонда қалай?» деуі мүмкін. Солай. Биологиялық бұ қаруды жарты ғасыр сарыла іздеген ғалымдар үшін бұл атышулы індет еріккеннің ермегі емес еді. Жойқын қырғын үшін керек еді. Тайталас империялардың тұқымын тұздай құрту керек еді. Бірақ бұ қару дос, дұшпанды талғамады. Жолында тұрғанды жайпап кетті. Қысқасы, бұны жасаған ғалымдар мен залымдар күллі адамзатқа қарсы ақылға сыймас ауыр қылмыс жасады. Сонда, бұл тажалды жасауға оларды не итермеледі? Жер бетін жаппай молаға айналдыру идеясы олардың басына қалай келді? Осы сауал мазалайды бізді.

Өткен бір мақаламызда («Жоюдың басты жоспары») империалистік идеологияның XIX ғасырда Құдайды қалай тақтан тайдырғанын айтып едік. Қандыбалақ ашкөз империалистік идеология арманы жаһанды бір-ақ жалмау болды. Күллі адамзатты құл ету болды. Сонда оның алдынан Құдай шыға берді, «Өлтірме!» деп, «Обал!» деп. Құтырынып тұрған капитализм Құдайдың өзіне бас салды. Ақшаны төгіп ғылымды жалдап ақыры Құдайдан құтылып тынды. Сайтанның дегені болды. Төрт құрлықты түгел жұтқысы келген ашкөздік, ақыры, дүниежүзілік екі соғысты бастап әлемді әлемтапырық етті. Соғыстан кейін де бұл Сайтанға ергендер тыныш жата алмады. Арманы соғыстан аман қалған адам баласын іштей іріту еді. Ібіліске ілестіру еді. Осы мақсатына жаппай жетуге Сайтанға бейбіт заман тіптен тиімді болып шықты. Жолында тұрған кедергі – Жаратушы жобасы, ұят, ұждан ұясы – дәстүрлі отбасы еді. Сатанистер осы ұяны нысанаға алды. Осы ұяны ойрандаса, адам баласын соғыссыз-ақ сорақы күйге түсіруге болады екен.

XX ғасыр. Алпысыншы жылдар. АҚШ. Сайтанның балапанындай быжынап өмірге хиппилер келді. Бұл желөкпе жастар ең алдымен өздері өскен ұя дәстүрлі отбасын күйретуге кірісті. Ұят, ұждан ұясын күйрету үшін Сайтанның сыбырымен «Сексуалды революция!» жариялады. Бұ желөкпелер ұзын шаш өсіріп, жыртық джинсы киді. Қыздар, жігіттер болып топ-тобымен тентіреп ел аралап ұятты жиып қойып тобырлық секспен айналысты. Бұларды киноөндірушілер мен телекомпаниялар жерден жеті қоян тапқандай дүрілдетіп әкетті. Хиппилер жаңғырығы жалпақ әлемге тарады.

Бізге де жетті. «Ең жабық ел» Совет еліне де жетті. Ол кезде біз студент едік. Жыртық джинсиге қол жетпеген соң, жалбыратып шаш қойдық. Осымен, біз де, Батыс жастарының қатарына қосылдық деп қомпидық. Бұл, бір жағынан, біздің сол кездегі қатып-семген коммунистік идеологияға деген қарсылығымыз еді. Біздің көзімізде Америка – асып-тасқан әлем лидері. Азаттық, либерализм туұстары. Бір жағынан, шынында да солай еді. АҚШ азаттық, либерализм туұстары болды. Ұраны – адам бостандығы. «Бостандық» деген сөз еркіндік, егемендік аңсаған кез-келген елдің құлағына майдай жағады. Бірақ, бір өкініштісі, АҚШ-та, осынау ұлы елде тарихтың осы тұсында әсіре бостандықты желеу етіп Сайтан салтанат құра бастады. Алпысыншы жылдар аяғында тарихта тұңғыш рет осы елде ресми түрде Сайтан шіркеуі тіркелді. Яғни, Сайтан заңдастырылды. Сатанистер, енді, тірлікке тікелей араласа бастады. Заманында Құдайға қарсы шыққан Ібіліс ашық насихаттала бастады. Азаттық үшін Құдайдың өзіне бағынбаған каһарман ретінде насихатталды. Сөйтіп, Сайтанды ақтаушылар мен жақтаушылар қатары көбейді. Сайтан шіркеуін тіркеу Құдайдан құтылған олигархтарға арман болған. Соған қол жетті. Сатанистер, осылайша, бүкіл Батысқа тарады. Ресейге де тарады. АҚШ-та ақыры Сайтанға ескерткіш қойылды. Ал ұждан, мораль қорғаны болуға тиіс католик шіркеулері педофильдік былыққа батып әлем алдында абыройдан айырылды.

Біз жабық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан бұлардан хабарсыз болдық. Әлемде болып жатқан құбылыстар туралы түсінігіміз тайыз еді. Батыс – Жұмақта өмір сүріп жатқандай көрінетін бізге. Біз балалық шалалықтан Жұмақ емес, Батыста Сайтанның сыбырымен Дозақ орнай бастағанынан хабарсыз болдық. Сондықтан КСРО құлағанда қуандық. КСРО империясы «темір пердесімен» қоса құлады. Біз шетел шығып Батыс орнатқан «Жұмақты» өз көзімізбен көруге асықтық. Бардық. Бардық та Батыстың шын бетін көрдік.

Батыстың рухани бет-бейнесі сайтани сықпыт ала бастапты. Батыста дәстүрлі отбасы орнына бір жынысты дәстүрсіз отбасылар келе бастапты. Ол заңдастырыла бастапты. Құдайсыз прогресс Батысты материалдық байлыққа жеткізсе де, рухани байлықтан жұрдай ете бастапты. Шошыдық.

Жас кезімізде біз еліктеген Батыста бұдан да өткен сорақылықтар бас көтеріпті. Мысалы, Римде 1968 жылы құрылған «Рим клубы» 1972 жылы алғашқы баяндамасының өзінде-ақ бір миллиард ақтардың Жер бетінде беймарал өмір сүруі үшін қалған халықтардың күлін көкке ұшыру идеясы көтеріпті. Біз сол күлі көкке ұшуға тиіс керексіз халықтар қатарында екенбіз. Бұл кісәпір идеяны паш еткен америкалық ғалым Медоуз. Өркениетті Батыста осындай өркениетсіз фашистік идея бас көтерген. Сенер-сенбесімізді білмейміз. Өйткені адамзатқа қарсы бағытталған бұндай кісәпір идея, тіптен фашистердің де ауызынан шықпап еді. Ең қиыны, бұндай мәлімдеме әлем интеллектуалдары бас қосқан «Рим клубы» атынан айтылған! Адамзат болашағы үшін бас қатырған әлем интеллектуалдары атынан айтылған. Сенбей көр! Шақша басымыз шарадай. Зерттей келе бұл мәлімедеменің сырын түсіндік. Әлемді шулатқан «Рим клубы» жариялаған осынау мәлімдеме сыртында ат төбеліндей алпауыттар тұр екен. «Кімдер?» дейсіз ғой. Олар қолында шектен тыс байлық шоғырланған шонжарлар болып шықты.

Бүгінде адамзаттың жарты байлығы небары 26 адамның қолында. Капитал қоғамында байлық кімнің қолында болса, билік соның сөзін сөйлейді. Себебі биліктің қалыптасуына байлық ықпал етеді. Билік пен байлық – капитал қоғамында мемлекет арбасын сүйреп келе жатқан қос ат. Сондықтан капитал қоғамында, кейде, байлық мүддесіне қарсы шыққан президенттерін атып та тастайды. Бұл олигархтардан тұратын астыртын билікті бүгінде «астыртын мемлекет», «deep state» деп жүр. Ертеректе бұл астыртын билікті «масондар» деді. Бұл астыртын билік пен байлық иелерінің құрығы, кейде, Құдайдың құрығынан да ұзын. Мақсаты – Құдайсыз қалған әлемнің қожасы болу. Яғни, әлемнің «екі тізгін бір шылбырын» қолға алу. Жаңа Құдай болу. Бұларды сондықтан глобалистер дейді. Бұл шынжыр балақ, шұбар төстер арман еткен болашақта тәуелсіз мемлекеттерге орын жоқ. Өйткені тәуелсіз мемлекеттер олигархтардан тәуелсіз өмір сүргісі келеді. Әлемді «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстағысы келетін глобалистерге бұл жақпайды. Олардың арманы – әлемді бір орталыққа бағындыру және бір орталықтан басқару. Бүгінгі 7 миллиард адамзатты 1 миллиардқа дейін қысқартып Жердің жүгін жеңілдету. Жер шары 7 миллиардты асырауға қауқарсыз дейді. Коронавирус глобалистердің осынау ғасырлық арманын жүзеге асыру жолында адамзатқа қарсы ашқан алғашқы майданы болды. Олар бұл вирусқа үлкен үміт артты. Супер бай Билл Гейтс бұл індет, ең болмағанда, адамзаттың 15 пайызын қысқартуға тиіс деп үміттенді.

Глобалист сатанистер сойқаны бұнымен де шектелмейді. Азғындық, жауыздық жарысында сатанистер алдына жан салмады. Миллиардтарды қырғысы келген бұл қорқаулар өз өмірлеріне қатер төнгенде қояннан да қорқақ екен. Қартайып өлуден зәресі ұшады. Мәңгі жас болып қалғысы келеді. Осы жолда өзгенің қанын тірідей ішуден тайынбайды. Сіз сенер-сенбесіңізді білмей шошисыз. Бірақ соңғы айларда Жер бетінде ойнақ салған тәжтажал бала қанын ішетін сатанистердің сұмдықтарын айдай әлемге жариялады. Бұл «жаңалық» – бүгінде әлемдік әлеуметтік желінің басты тақырыбы. Бұл мәліметтер бойынша бүгінде әлемде күн сайын 2000 бала жоғалады. АҚШ-та жыл сайын 500 мың бала, Еуропада жылына 250 мың бала, Ресейде 40-50 мың бала жоғалады. Дұрысы: ұрланады. Бұл балаларды «тірі тауар» ретінде ұрлап сатушылардың жыл сайынғы табысы 500 миллион доллар көрінеді. Неге «балалар» дейсіз!? Өйткені бала қанынан қорқау сатанистер ішетін адренохром атты есірткі өндіріледі. Оны ішкен адам қартаймайды. Және есірткіге тәуелді болғандай оны ішпесе қурап өліп кете жаздайды. Сондықтан бала қанынан жасалатын удай қымбат адренохром үшін бұл қорқаулар ақша аямайды. Соның арқасында әлемде ажал маховигі айналып тұр. Ондаған жылдар қатарынан. Оны әшкерелеуге ешкімнің дәті бармаған. Тәжтажалдың бір пайдасы осы әлемдік қылмыстың бет-пердесін сыпырды. АҚШ президенті Д.Трамп сатанистердің бұл сұрапыл қылмысына қарсы майдан ашты. Қылмыскерлердің алды түрмеге тоғытылып, соңы сот алдында отыр. Әлем бойынша бұл қылмысқа қатысты 500 мың кісіге айып тағылды. Олардың арасында атынан ат үркетін олигархтар, мемлекет басшылары, католик дін иелері, шоу-бизнес және Голливуд жұлдыздары бар. Бұл тізімде Батыс элитасының біз табынатын талай тұлғалары жүр.

Сонымен, кісінің аза бойын қаза ететін бұл ақпараттардан не ұқтық?

Ұққанымыз – Адам Алладан безсе, Сайтанға айналады екен. Сайтанның сойылына айналады екен. Сайтан Ақырзаманға шейін адам баласын азғыра беруге Алла алдында серт бергені белгілі. Ендеше, Алладан ажыраған Ібілісті пір тұтқан бұндай элитадан не күтуге болады? Жамандықтан басқаны күтуге болмайды екен. Соған көзіміз жетті. Бұл элитадан жақсылық күтуге болмайды екен. Оған дәлел деп алдарыңызға тарихтың талай қасіреттерін тарттық. Құдайдан безген империалистер, коммунистер, фашистер, сатанистердің қанмен жазған тарихын көлденең тарттық. Бүгінгі дүниені дүр сілкіндірген тәжтажалдың тағы бір жаңалығы – Құдайдан безгендерге қарсы, не бүк, не шік болатын майдан ашатын мезгіл жеткенін көрсетті. Өйткені әлем тағдырын бұ сайқалдарға беріп қоюға болмайды екен. Бүгінде бұл «астыртын өкіметке» қарсы Трамп бастап, Путин қостап бірнеше әлеуетті елдер жариясыз күрес салып жатыр. Бұл майдан бүгінгі күні әлемді спруттай торлаған қара күштерге қарсы адами ақ күштердің де бар екенін көрсетті. Әлемдік әділет үшін бұл күрес біздің болашаққа деген сенімімізге – сенім, үмітімізге үміт жалғады.

«Әлем тағдыры» деп, біраз тіл безедік. Тіліміз қанша алысты шарлағанменен жүрегіміз «Отан тағдыры!», «Қазақ тағдыры?!» деп, қылқылдап отыр. Ол түсінікті. Жұмырбасты пенде үшін Жер кіндігі – өз отбасы, өз Отаны. Біз үшін, қазақ үшін Жер кіндігі – Қазақстан. Бірақ, байқағаныңыздай, Қазақстан аман болуы үшін әлем аман болуы керек екен. Әлемді шарпыған өрт Қазақстанды айналып өтпейді екен. Осыған көзіміз жетті. Ал әлем амандығы әлемдегі АҚШ, Ресей, Қытай тәрізді алып империяларға байланысты екен. Бұл алып империялар қозғалса, дүние қозғалады екен. Сондықтан бұл алыптарға әлем мойын бұрады. Алдымен – Қазақстан. Қос империя қыспағында отырған Қазақстан.

Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған Қазақстан әлем картасына шыққанда Тәулсіздікпен қоса иығына талай тауқыметтер іліп шықты. Экономикалық, саяси тауқыметтер былай тұрсын, мемлекет құраушы қазақтың өзі ұлт ретінде ұйысып үлгермеген шағы еді. Кезінде, қазақты ұлт ретінде ұйыстыруды қолға алған Алашорданы болса қызылдар жөргегінде тұншықтырды. Одан кейінгі жылдарда қызыл террор қазақты біресе қырды, біресе жеріне ауыз салды. Саналы түрде тілін, дінін, тарихи санасын тұралатты. Біз, сол кездегі балалар, «ақты – қара, қараны – ақ» дейтін советтік мектептен өттік. Не мұсылман емес, не кәпір емес дүбәра күй кештік. Құдайға емес, Кремльге табындық. Өз тілімізді ұмытып, орысша сайрадық. Орысша сайраған қазақты Мәскеу арқадан қақты. Соған мәз болдық. Одан бетер орыстандық. Қала қазақтары балаларын ана тілінен айырып орысша оқытты. Не қазақ емес, не орыс емес дүбәра ұрпақ пайда болды. Қалаларда әкесінің тілін ұлы түсінбейтін, шешесінің тілін қызы түсінбейтін ахуал қалыптасты. Дүбәра зиялылар: «Түбінде бір тілде – орыс тілінде сөйлейтін «совет халқы» боламыз», – деп лепірді. Өзге тіл, өзге мәдениетті қабылдаған бұл дүбәралар, өз ұлтының рухани шамын өз үйінде өшірді. Осылайша, қала қазақтары кіші халықтарды орыстандыру саясатының құрбаны болды.

Бірақ, осы тұста, 90-жылдар басында, күтпеген жерден тарих доңғалағы шыр айналып сала берді. Батыста бас көтерген сатанизм салқынына шалдыққан Горбачев КСРО шаңырағын өз қолымен өзі ортасына түсірді.

90-жылдар. Енді КСРО орнында балапандай шүпірлеп пайда болған тәуелсіз елдерге бағыт түзеп батыстық сайтани идеология жындай қаптады. Қазақстанға да жетті. Сол идеология әкелген порнофильмдерге балаларымыз шыбындай үймеледі. Өзіміз де порносуреттердегі құлын мүсінді қыздардан көз ала алмай қалдық. Сатанизм санамызға осылай шабуылды бастады. Бірақ біз бұл жаңалықтарды басқаша қабылдадық. «Коммунистік темір перде құлады. Батыстан бостандық лебі есті» деп қабылдадық. Бірақ біз Батыстан ескен осынау бостандық лебінің соңында қазақ шаңырағын шайқайтын кара дауылдың келе жатқанын байқамадық.

Біз, қазақ аңғал едік. Даладай дархан, баладай бейқам едік. Осы тұста ұрпағымызға ие бола алмай қалдық. Батыстың ішіне у қосқан кәмпиттей киносымақ үлгілерін ұл-қыздарымыз жылдар бойы күндіз-түні қылғытты. Сатанизм сайқалдың дегені болды. Экран арқылы у тарату тәсілі – сатанизмнің ұлттық болмысқа қарсы қолданар алғашқы соққысы екен. Бұ жәйлі атышулы «Батыс ажалы» атты кітап жазған америкалық ойшыл Патрик Бюкененнің осы тұста: «Біз өнерсымақ өнімдеріміз арқылы әлемге у таратып отырмыз. Бұны мойындауымыз керек!» – деп, қаққан дабылын да құлаққа ілмедік. Алдымен Америкадан, содан кейін Еуропадан келіп жатқан сатанизм соққыларына біз: «Ұра бер!», «Ұра бер!» деп, екі бетімізді кезек тостық. Яғни, Қазақстан экранын жат идеология жынойнағына беріп қойдық. Балауса ұрпақ ондаған жылдар бойы ұлттық емес, ұлттан бездіретін тәрбие алды. Сол аңғалдық зардабын бүгін шегіп отырмыз. Бүгінгі статистикаға қараңыз! Жаппай ажырасудан жастарымыз алдына жан салар емес. Есірткі мен арақтан көршілерге шаң қаптырып кетті. Тек тіркелген нашақорлардың саны елімізде 300 мыңнан асты. Тіркелмегені қанша! Жастар арасындағы суицидтен, тіптен, әлем алдына шығыппыз. Коррупцияны айтпай-ақ қоялық. Оны күнде көріп отырмыз.

Бұлардан бөлек ата салтымызда болмаған қылмыстың небір түрлері шықты. Кейбіреуін айтуға ауызың бармайды. Тәуелсіздік тұсында сатанистер әкелген сорақылықтардан еді осының бәрі. Сатанистер мақсаты – балауса ұрпақты бүлдіру еді. Атамзаманнан ұят, ұждан, иман ұясы болып келген қазақтың дәстүрлі отбасын ойрандау еді. Қазақтың дәстүрлі отбасы Сайтан ала алмай жүрген тасқамал еді. Сол тасқамалды талқандауды Құдайдан безгендер әйелді еркекке, баланы әкеге қарсы қойып сонау 20-30 жылдары бастаған болатын. Тәуелсіздік тұсында тағы құтырды. Жынойнақтарын жылдамдатып төрімізге шығарды. Соның бірі – қалаларда қаптап кеткен түңгі клубтар. Түнгі клубтарға жастар иман іздеп бармайды. Дәстүрлі тәрбиеден алған бойындағы азды-көпті ұят үнін өшіру үшн барады. Ұл, қыздарыңыз түнгі клубтан шықпайтын болса, онда олар іргелі үй болады деген үміттен арылуыңыз керек. Өйткені бұл ұл-қыздардың дені бұл жынойнақтан шыққанда ұяттан арылып шығады. Ұяттан безгендердің басты жауы ұят болады екен. Бүгінде, әсіресе, кейбір орыстілді БАҚ мұсылманның басты қасиеті ұятқа қарсы атойлап аттан салып жүр. Адамды адам еткен ұят сезімін, бүгінде, ұлтсызданған ұрпақ ата жауға айналдырды. Бұл сорақылықтан нені көрдік? Бұл ұяттан безгендердің мақсаты – (ішінде орыстілді жас ұрпақ арасында беделі бар бір қаламгер жүзіқара да жүр) қазақ ұл-қыздарын өздері тәрізді азғынға айналдыру екенін көр­дік. Бұлардың шуылы – қазаққа қарсы аттан­даған Сайтанның шуылы. Бірақ осы тұста сіз «Жастарымыз түнгі клубтарға ғана емес, мешіттерге де ағылып барып жатқан жоқ па?» дейсіз. Біз «Құдайға шүкір!» дейміз.

Бірақ сіз тағы да өңмеңдеп: «Жақсылықтар да жетеді ғой! Тәуелсіздік тұсындағы таудай табыстарымыз қайда? Оны неге айтпайсыз? Экономика қарыштап өсті! Жаңа астана салдық! Мінгеніміз – иномарка! Аймақ көшбасшысымыз! Қазақстанды әлем таныды!» деп сыдырта жөнелесіз. «Рас. Бұл да – шындық. Бірақ бұ шындық шыңның көп айтылған күнгей жағы. Шындық атты шыңның көп айтылмаған көлеңке жағы да бар емес пе? Бүгін біз сол көлеңкемізге көз салып отырмыз!» дейміз. «Дамыған елдерге далақтап еріп келе жатырмыз. Ал дамыған елдер материалдық байлыққа ие болса да, ұждани байлықтан жұтап барады!» деп отырмыз. Батысқа ерген біз өз Құбыламызды таппасақ, алдағы Батыс түскен Дозаққа ізімен барып біз де түсеміз!» деп отырмыз.

Осы тұста сіз:

– Құдай сақтасын! Бұндай болашақтан бізді Құдай сақтасын! Енді дамыған елдерге ермегенде, кімге ереміз? – дейсіз.

Бұл жанайқайыңызға жауап:

– Ешкімнің де ізіне ермеу керек! Қазақстан өз жолымен жүруі керек! Өз Құбыласын табуы керек! Ол жол – тарих тезінен өткен бабалар жолы. «Мың өліп, мың тірілген» халықты талай тайғақ кешулерден аман алып шыққан жол. Ата-бабалар жолы, Абай жолы. Өкінішке қарай ол жолдан коммунистер қазақ көшін бұрып әкетті. Абай жолы шөп басып, шаң басып далада қалды. Коммунистер, сөйтіп, қазақты өз жолынан тайдырды. Сайтан жолына салды. Соның зардабын біз әлі тартып келеміз. Ішкі бірлігіміз іріді. Ұлттық ыдырауға ұрындық. Тілдік тұрғыдан да, діндік тұрғыдан да. Жаман айтпай жақсы жоқ. Ел басына әлдеқандай күн туса, ішкі бірлігі жоқ Қазақстан халқы бір ту астынан табыла ала ма?! Қазақстанды қорғай ала ма? Осындай сұрақ шиыршық атады.

Бір ту астынан табылар Қазақстан халқын қалай, қайтып қалыптастырамыз?

Бір ту астынан табылар халықтың ең алдымен тілі бір болуы керек. Тіл бірлігі – Ел бірлігі. Тіл бірлігі болмаса, ел бірлігі қайдан болады? Бүгінге дейін Қазақстан жастарының дені екі тілді екі мектепте оқып келді, және оқып жатыр, қазақ мектептері, орыс мектептері болып. Бұл мектепті бітірген балалар бірін-бірі түсінбейді. Үйде де, түзде де бірі қазақ тілі үшін, екіншісі орыс тілі үшін күреседі. Сондықтан Қазақстан қоғамы бүгін «қазақ тілді», «орыс тілді» болып екіге бөлініп отыр. Олар екі түрлі түс көреді. Ел басына күн туса бұл бірін-бірі түсінбейтін екі тілді қауым бір ту астынан табыла ала ма?

Бұл келеңсіздіктен, сонда, қалай құтыла­мыз?

Бұл келеңсздіктен құтылудың жалғыз жолы – мемлекеттік балабақшадан бастап тәрбие мемлекеттік тілде берілуі керек. Мектептер қазақ, орыс болып тілдік негізде екіге бөлінбеуі керек, мемлекеттік мектептер болып бірігуі керек. Ол мектепте барлық ұлт балалары бірегей мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алуы керек. Пәндердің дені қазақ тілінде жүруі керек. Ағылшынды жоғары сыныпқа қалдыру керек. Бұл бірегей мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алған балалар ертең ұлтына қарамай қазақша сайрап шығатын болады. Орысша да сайрап шығады. Сонда 10 жыл ішінде Қазақстан балалары тілдік тұрғыдан бөліну дегенді ұмытатын болады. Орыс тіліндегі пәндер кириллицада өтеді. Сонда бұл мектепті бітіргендер 70 жыл бойы кириллицада жасалған мәдениеттен қол үзіп қалмайды. Егер де, 2024 жылдан бастап біз бұрынғыдай қазақ мектептерін қазақша латынға көшіріп, орыс мектептерін кириллицада қалдыратын болсақ, бұл қадам Қазақстан болашағын тағы да екіге бөлу болып шығады. Тілдік негізде бөлінген бұл қауымның басы енді, ешқашан қайтып қосылмауы мүмкін. Бұл – Қазақстанды іштей ірітуге бастайтын жол.

Іштей іріген Қазақстанды бөлшектеуге Ресей де, Қытай да мүдделі. Өйткені бұл көршілеріміз бізге қанша доспыз дегенмен, олар – империялық елдер. Империялық елдердің ындыны ешқашан тойған емес, толған емес. Империялық елдер өзге елдерді жұтқан сайын жұта бергісі келеді. Ал адамзат ақылмандары болса: «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік дұшпан да жоқ, тек ұлт мүддесі ғана мәңгілік!» деп, кеткен.

Бұндай геосаяси қыспақтағы Қазақстан, ендеше, өлмеудің жолын, өшпеудің жолын іздеуге мәжбүр. Осы жолда ұлт болып ұйысу – аман қалудың алғашқы шарты. Яғни, тілі бір, ділі бір ұрпақ өсіру – бірінші міндет. Осындай ұрпағымен ғана Қазақстан ұлт болып ұйыса алады. Қазақстан халқының ұлт болып ұйысуына біздің өзімізден басқа ешкім мүдделі емес. Ең алдымен глобалистер, сатанистер, империалистер мүдделі емес. Тек, Қазақстан халқы мүдделі. Қазақ халқы мүдделі. Тәуелсіз мемлекет ретінде аман қалудың екінші шарты – Ресеймен де, Қытаймен де, Америкамен де достықты сақтай отырып 65 миллион халқы бар Орта Азия одағын құру. Орта Азия елдері арасындағы ішкі шекараны ашып Еуроодақ үлгісімен ортақ сыртқы шекараны ғана қалдыру. Яғни, Орта Азия шенгенін құру. Орта Азия одағы неғұрлым тез құрылса, Орта Азия тағдыры үшін соғұрлым тиімді болмақ. Уақыт оздыру жалғыз Қазақстан үшін ғана емес, күллі Орта Азия үшін қауіпті. Ортаазиялық одақ құруға тілдік, діндік, ділдік, тарихи негіздер жетіп артылады. Түркістан қаласында күллі түркінің рухани көсемі Яссауи жатыр. Ұлы пір заманында Түркістан күллі Тұран астанасы болды. Түркістан өзінің осы мәртебесін қалыпқа келтіруі керек.

Бұл Еуразия кеңістігін бейбітшіліктің алып алаңына айналдыруға берік кепіл болар еді. Сонда қазақ халқы алдында жаңғырған ата-баба жолымен, Абай жолымен табиғи дамуға, табиғи дамып әлемдік өркениетке өз үлесін қосуға мол мүмкіндік, даңғыл жол ашылар еді.

Сонда бізге бүгінде әлемді торлаған Сайтан жолы – сатанизмнен сақтану, оған тойтарыс беру қиынға соқпас еді.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті газеті

Смағұл Елубай

Abai.kz

 

40 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3353
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6236