Бейсенбі, 28 Қараша 2024
Тихановскаяның инаугурациясы 3876 18 пікір 28 Қыркүйек, 2020 сағат 10:41

Тихановская - халық президенті. Лукашенко ше?

Александр Лукашенко 23 қыркүйек күні аяқ астынан ұлықтау рәсімін ұйымдастырып, алтыншы мәрте Беларусь президенті қызметіне кіріскен болатын. Бірақ оны өз халқы да, алыс-жуық бірқатар шетел де мойындамай отыр. 

Франция президенті Эммануэль Макрон Le Journal du Dimanche газетіне берген сұхбатында Лукашенконың биліктен кетуі керек екенін мәлімдеді.

"Бұл биліктің, демократияның логикасын қабылдай алмайтын және күшпен ұстайтын авторитарлық үкіметтің дағдарысы", - деді Макрон.

Лукашенконың ұлықтау рәсімі өте сала Германия, Литва, Словакия және Чехия оны Белорусь президенті ретінде мойындамайтындарын мәлімдеді. Сондай-ақ, Еуроодақ та осындай мәлімдеме жасады.

Ал Беларусь оппозициясының ортақ кандидаты Светлана Тихановская видео үндеу жасап, “Лукашенко зейнетке шықты, мен – Белорусьтің заңды әрі халық сайлаған президентімін!” - деп мәлімдеді.

Осыдан кейін, 27 қыркүйек күні Минскінің орталығында ондаған мың адам дәстүрге айналып үлгерген қарсылық акциясына шықты. Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап еткен шерушілер акцияны сайлауға оппозиция атынан түскен Светлана Тихановскаяның "халықтық инаугурациясы" деп атады. Олар президент сайлауында Лукашенко емес, Тихановская жеңді деп санайды.

Билік жексенбі таңертеңнен бастап қала орталығына мыңдаған әскериді және полиция қызметкерін, арнайы техниканы және бірнеше бронетранспортерді жіберді. Олар Минскінің бірнеше орталық алаңын және Александр Лукашенко отырған резиденцияны қоршауға алды.

Хабарламаларға сәйкес, қара киінген, арнайы белгілері жоқ адамдар "Минск – батыр қала" стеласына келген шерушілерді ұстай бастаған. Стела оппозицияның жиналатын орны болатын.

"Халықтық инаугурация" акциялары Беларусьтің өзге қалаларында да өтіп жатыр. Nexta Telegram каналының хабарлауынша, Жодино қаласында шерушілер бірнеше көшені жауып тастаған, ал Гомельде арнайы жасақ шерушілерге көзді жасаурататын газ қолданып, резеңке оқ атқан.

Естеріңізге сала кетейік, Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өткен. Ресми есеп бойынша, Александр Лукашенко 80,1, ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская 10,1 пайыз дауыс алған.

Алайда беларусь халқы сайлаудың бұл қорытындыларымен келіспейді. Сайлау өткен 9 тамыздан бастап күні бүгінге дейін Минскі бастаған ірі-ірі қалаларда наразылық акциялары жалғасуда.

Еуро одақ Беларусьтегі сайлаудың қорытындыларын, Александр Лукашенконың жеңісін мойындаған жоқ. Тіпті, Еуропарламент депутаттары арнайы резолюция қабылдаған. Ол бойынша Александр Лукашенко 5 қарашадан бастап президент деп саналмайды. Сондай-ақ, ЕО Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар пакетін әзірлейтінін мәлімдеген.

Айта кетейік, Александр Лукашенко Беларусьті 26 жылдан бері басқарып келеді. Бұл жолғы сайлау Лукашенконың алтыншы сайлауы болған.

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1577
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3390
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6564