Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3076 10 пікір 5 Қазан, 2020 сағат 14:39

«NUR OTAN» праймериз арқылы мемлекеттік бағдарлама жасап берді!

Сонымен «Nur Otan» партиясы өткізген тұңғыш праймериз додасы өз мәресіне жетті.

Шынын айту керек, бұл бастама партия үшін үлкен сынақ болды. Бастабында үміт артқандар мен күдіктенушілер итжығыс күйде тұрды.

Кереметі сол, үш күн бойғы сайлаушылардың белсенділігі керемет жоғары болды. Тіпті, олардың өтінішімен партияның Орталық ұйымдастыру комитеті дауыс беру мерзімін тағы бір сөткеге ұзартуға мәжбүр болды. Ұзартты.

Сөйтіп, күдік сейіліп, үміт қара үзіп алға шықты.

Менше, «Интернет жүйесінің кесірінен дауыс бере алмай қалды немесе қалдық!» деген сылтау мен айыптауға еш незіз жоқ. Дауыс беру алғаш басталғанда тығыздықтың артуына сай, сайттың ашылыңқырамай қалғаны шындық. Ооған бәріміз абыржыдық. Бірақ, біртіндеп бәрі қалыбына келді. Жұрт сартылдатып дауыс бере бастады...

Үміткер ретінде айтайын, бұл жағынан «Nur Otan» партиясы өз міндетін толық орындады.

Енді оза шапқандарға келсек, бас бәйгені ЖОО ректорлары мен емхана жетекшілері көбірек алды. ТОО жетекшілері де топ жарудан қалыспады. Сосын мемқызметте отырған ақ жағалылар...

Себебі, олардың электораты көп. Оқытушылары мен студенттерін, қызметкерлері мен жұмысшыларын жабылтып кеп жібергенде, шырқап шыға келетіні белгілі.

Бұл енді бүкіл дүниежүзіндегі сайлау атаулының ортақ дерті.

Кеше бауырлас Қырғыз Республикасында парламент сайлауы өтті.

Орта Азиядағы «Демократияның аралшасы» атанған, екі бірдей төңкерісті бастан өткізген, мінезі бөлек, партиялар арасындағы бәсекелстігі ең жоғары сол қырғыз ағайындарымыздың өзі «Шайлоонун шайтан оюндарынан кутулбадык!» деп, шулап отыр.

Тіпті АҚШ-та болатын президент сайлауында сайлаушылар өз кандидатына пошта арқылы дауыс бермекші. Трамптың өзі соған күдік келтіріп, наразы болып жатыр...

Демек, оның қасында біздің «Nur Otan» партиясы өткізген праймеризде ректолар мен директорлардың көп дауыс алуы – таңғалатын дүние емес, қалыпты жағдайға айналған шаруа деп ойлаймын.

Бірақ, келесі праймериз кезінде оның да түйіні шешіледі деп сенем.

Ал, праймеризге қатысқан менің және менің жерлестерімнің негізгі электораты – Тәуелсіздік жылдары алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастарымыз екені шындық.

Өкінішке орай, менің жерлестерім партия қатарында өте аз. Тіпті, кейбір аудандарда жоқ деп айтуға болды. А, бірақ олар саясатты суша сапырғанда, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Мемлекет партиясыз болмайды. Партия болған жерде бәсеке болмай қоймасы тағы анық.  Неге екенін білмеймін, олардың партияға мүше болғысы келмейді. Бәрі де қазақтың өз қолымен құрған партиясы ғой, одан қашудың түкке керегі жоқ. Мына партия болмаса, ана партияға кіріуге болмай ма?

Байқаймын, осы жолғы праймериз барысында шеттен оралған ағайындардың сана-сезімінде зор серпіліс болды. «Сізге дауыс берем...» деген неше жүздеген қолдаушыларым «Әттеген-ай!» деп, сан соғып жатты.

Кезінде Тұмағаға еріп, ары кеткенде, бір отыз үйге барған шығармын. Бүкіл аудан мені біле бермейді ғой.

Соған қарамастан, Еңбекшіқазақ ауданындағы сайлаушыларымнан 424 дауыс алып, жерлестерімнен өзып келгенім үшін, өз басым дән риза болдым.

Мақтанышпен айта кетейін, өзім жарысқа түскен Еңбекшіқазақ ауданында 9 080 партия мүшесі https://vote.primaries.kz веб-сайты және мобильді қосымша арқылы онлайн дауыс беру жүйесіне тіркеліп, 8 507 адам дауыс берді. Көрсеткіш 94 %.

Рахмет Сіздерге, еңбекшіқазақтық партияластарм және менің сырттай тілектес болған ақ жүрек қолдаушыларым!

«Nur Otan» партиясы өткізген тұңғыш праймериз бізге не берді?!

Енді осы сұрақ төңірегінде өз түйгенімізді ортаға салайық.

Қараңыз, Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, «Nur Otan» праймеризіне 11 мыңға жуық үміткер қатысыпты. Ешкімге шектеу қойылған жоқ. Кандидаттардың 70%-ы өзін-өзі ұсынғандар екен.

Праймериз, ең алдымен, «Nur Otan» партиясы мұшелерінің сапасын тексерді, көзқарасын анықтады. Әсіресе, 35 жасқа дейінгі жас мүшелерінің деңгейін сынады.

Тіркеліп, үгіт-нәсихат кезеңі басталған күннен бастап, сол он бір мыңға жуық үміткер өзі тұрған ауылдың немесе ауданның, болмаса өзі айналысып жатқан саланың шешуге тиісті түйткілді түйіндерін барынша терең зерттеп, сайлауалды бағдарламалары арқылы ортаға салды. Дебаттар арқылы өзара пікір алмасып, өз бағдарламаларын одан ары пысықтай түсуге мол мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, үміткерлердің 29%-ы жалындаған жастар екенін ескерсек, праймериз сол жастардың қолынан не келетінін, халықпен халай жұмыс істей білетінін, мемлекетін қаншалық сүйе алатынын айқындап қана қоймай, олардың уақыт талабына сай, өздерін толғандырған жаңа идеялары мен конструктивті ұсыныстары жарыққа шығаруға зор мүмкіндік берді.

Сөйтіп, 11 мыңға жуық үміткер бүкіл Қазақстанның ең түйткілді мәселелерін жіпке тізген маржандай етіп, бүкіл әлем жұртының алдына жайып салды. Ел ішінен алқып өтіп, Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен қатынасы туралы да сөз болды. Қамтылмаған сала қалған жоқ! Тағы ол мәселелерді шешудің ұтымды жолдарын ұсынды.

Әрине, әр кім әр деңгейде.

Әрбір үміткер көтерген ұсыныс –  сол өңір, сол сала бойынша халықты қатты толғандырып отырған өте маңызды мәселе.

Бұл – атүсті қарайтын мәселелер емес. Халықты ашындырып отырған түйткілдер – осы.

Түйіндеп айтсақ, «Nur Otan» партиясы ПРАЙМЕРИЗ арқылы алдағы бес жылда атқарылуға тиіс МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА жасап берді.

Осы арқылы «Nur Otan» партиясы мүшелерінің барлық жағынан деңгейінің биік екенін көрсетті.

Мүше сапалы болса, Партияның болашағы зор деген сөз!

Праймериздің жоғары деңгейде өткені үшін, Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлын және Ол басқарып отырған ұжым мен барлық партияластарымды шын жүректен құттықтаймын!

Ұсыныс:

Әр аудан, әр облыс және мемлекеттік маңызы бар қала өз өңірінің үміткерлері ортаға салған сайлауалды бағдарламасының бәрін жиып, жүйелеп, үкіметке ұсынуы тиіс.

Үміткерлердің сайлауалды бағдарламалы негізінде, Үкімет өз тұжырымдамасын толықтырып, алдағы атқаруға тиіс жұмыс бағытын айқындай түсуі керек!

Сонда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тіпті де бекемделе түспек!

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медальының иегері,

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354