«Орыс әлемі» тағы да арандатушылық жасады
Бүгінгі таңда көршіміз Ресейдің қазіргі өзіміз ТМД деп атап жүрген елдердің барлығының басын қосып, баяғы Кеңес одағына айналдырып, бәрін де жалғыз уысында ұстағысы келетіндігі ешкімге құпия емес. Ол үшін арнайы «Орыс әлемі» деген идеяны ойлап тапқан. Ал мұның басты құралы - осы ТМД елдеріндегі «орыс тілділер» дегендердің өздері ойлап тапқандай «жаппай аяққа тапталып» жатқан құқығын қорғау. Бұл үшін әлгі елдерде орыс тілінің жағдайын қандай екендігін қас қақпай қадағалап, егер сәл бір өзгеріс байқалса, бейне бір жау келгендей жаппай «аттан» салу.
Ал «Орыс әлемінде» өзге тілге орын жоқ. Егер де әлдеқалай сол елдердің мемлекеттік мәртебеге ие тілін дамыту жөнінде бірдеңе істеле қалса, салғаннан-ақ, әй-шәйға қарамастан, өздеріне қарсы бағытталған дұшпандық әрекетке бағалай салады. Әншейінде өздерінше демократ болып, бірін-бірі сынап жатқан баспасөз құралдары бұл мәселеге келгенде адам айтқысыз ауызбіршілікке салынып, басы қосыла қалатындығын қайтерсің. Соған қарағанда бұл саясатты анау-мынау емес, Кремльдің өзінен басқарылып отыратындығын байқау онша қиындыққа соқпас.
Бұл құйтырқы саясатты, мәселен, анау Түркіменстандағы жағдай тайға таңба басқандай етіп айқындап берді. Сол ел өткенде орыс мектептерін бірте-бірте (бірден емес) жауып, орыс тілінен бас тарту туралы мәлімдеме жасағаны сол еді, бірден арандату әрекетіне ұшырады. «Ойбай, орыстарға қысым жасап жатыр» деген айқай-шу бүкіл ТМД елдеріне таралып кетті. Бұл «майданды» ең алдымен «Взгляд. Деловая газета» деген, өздерін бизнес саласының маманы есептейтін басылым бастап кетті. Бұл ел бейне бір әкелерін өлтіргендей, аса бір өштікпен, түркмендерді ашықтан-ашық қаралауға, тіпті тіл тигізуге дейін барды.
Өзгесі-өзге, «Орыс тілінсіз Түркімения орта ғасырға қайта оралады» (орысшасы «Без русского языка Туркмения погружается в средневекье») деген атауының өзі неге тұрады? Одан әрі оқып отырсаң, «жаптым-жала мен жақтым күйеден» төбе шашың тік тұрады. Алдымен «осындағы жалғыз орыс мектебі короновируспен күрес деген сылтаумен жабылып жатыр» деген сәуегейлік танытады. Одан әрі «мұнда шетелдердің жоғары оқу орындарының бірде-бір филиалы да, жеке меншік меткептер де жоқ» деп мүләйімсиді. Сосын «Егер орыс тілі болмаса, онда мұндағы білім саласы мүлдем құлдырайды, демек елдің экономикасын дамытуға деген кадрлардан жұрдай болады» деген таза шовинистік «тұжырым» жасайды. Аталмыш газеттің ойынша, енді мұнда шетелдік мамандарды шақыру керек, «әйтпесе, бұл ел орта ғасырға құлдырап, шетелдік жетістіктерден мүлдем қол үзеді. Яғни мақала авторының мықты сеніміне қаарғанда жалпы түркімен тілі ештеңеге жарамайды, ешбір болашағы жоқ, тек қана отра ғасырға қарап кейін тартатын тіл екен. Демек, орыс тілін тез арада қайта оралтып, мұндағы жұрттың барлығын сол тілде сөйлетпесе, бұл халық мүлдем қараң қалады көрінеді. Мұндай нәсілшілдік қана емес, таза фашистік көзқарас тіпті кезінде немістердің де ойына келмеген шығар.
Аталмыш газеттің бұл арандатушылығына Ресейдің сол елдегі елшілігі де аттандап қосыла кетеді. Олар түркімен тілінің тынысын кеңейтем деп жүргендерге сонау 2002 жылдың 23 сәуірінде Ресей Федерациясы мен Түркіменстан арасында достық мен ынтымақтастық туралы шарт жасалғандығын, ал оның 14-ші бабына сәйкес екі жақ Түркіменстанда орыс тілін, ал Ресейде түркімен тілін оқыту мен өркендету туралы айтылғандығын қатаң есіне салады. Бұл шартты бір жақты және осы елге қысым жасауға бағытталған, ешбір қисынға сыймайтын, өктемдікке бағытталған құжат демеске лаж жоқ. Өйткені орыс тілі Түркіменстанда оқытылса оқытылар, ал Ресейде түркімен тілі оқытылып, өркентіледі дегенге есі дұрыс адам сене қояр ма екен. Айтпақшы, мүкін мұндай шарт біздің елмен де жасалынған шығар. Онда біз неге сол Ресейдегі жалғыз қазақ мектебінің неге жабылып қалғандығын қатаң талап етпейміз?
«Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы» дегендей орыс тілін қорғау жөніндегі жаппай аттаныс мұнымен де тынбай отыр. Жақында бұған Ресейдің «HOWTO NEWS» деген порталы қосыла кетіп, «Орыс тіліне жаңа шабуыл: Украина мен Қазақстаннан кейін тағы бір республика бүлік шығарып жатыр» деген сала құлаш мақаласын басты. Орысшасын оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Тіпті соғыс басталып кетті ме деп қорқасың. Өздеріңіз ойлап көрңіздерші, мақаланың «Новая атака на русский язык: После Украины и Казахстана взбунтовалась еще одна респулика» дегенді тек қана таза дұшпандық ниеттегі адам ғана айтса керек.
Бұл портал әлгі газеттен де асып түсіп, кең көлемді тұжырым жасайды. Оның ойынша, бұл бұрынғы Кеңес одағының елдерінің орыс тіліне кезекті шабуыл жасауы көрінеді. Оған мысал ретінде «алдымен Украина орыс тіліне тиым салуынан басталды» деген Ресейдің шылғи өтірігін алға тартады. Осы ойын дамыта келе, бірде-бір нақты факті келтірместен «қазір Қазақстанда осы сценарий қайталауда» деп ашықтан-ашық жала жабуға көшеді. Бұдан кейін «сасаттанушы Евгений Сатановский болжағандай» «Қазақстанда АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті «майдан» дайындап жатыр. Мұның аяғы үлкен өртке айналуы мүмкін» деген өз қорытындысын жасайды.
Жалпы, қай елде болса да орыс тіліне деген «ерекше қамқорлық» тек жекеленген бұқаралық баспсөз құралдарынығң ғана емес, бүкіл Ресейдің ашықтан-ашық жүргізіп отырған саясаты екендігі күмәнсіз. Бұған бір ғана мысал. Өткенде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров деген «мықтың» көзіне бірдеңе елестеп кетті ме кім білсін, әлі де үкімет басына келмеген (тіпті келе қоюы да екіталай) Беларусь оппозициясын ешбір нақты факті келтірмей-ақ «Бұл елде орыс тіліне қысым жасап, беларусь тілін жаппай дамытуды ниет етіп отыр, ал бұл - барып тұрған жаулық» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Демеку, бұл министрдің ойынша ұлттық мүддені ойлау, өз еліңнің ана тілін өркендету - барып тұрған дұшпандық көрінеді. Егер Ресейдің ресми билігінің өкілі осылай деп тұрса, қалған ұлы державалық ауруға ұшыраған баспасөздерден не күтуге болады?
Мінекей, біздің ана тілімізге аздап болса да дем беруге талпынған заңды әрекетемізге көршіміздің берген бағасы осындай. Ал біз болсақ «еуроазиялық экономикалық одақтың мүшесіміз, Ресеймен достығымыз мәңгілік» деп бөркімізді аспанға атып жатырмыз. Ал «досымыздың» істеп отырған ашықтан-ашық арандатушылығы мынадай.
Жайберген Болатов
Abai.kz