АҚШ Қырғызстанның экс-шенеунігіне санкция салды
АҚШ-тың қаржы министрлігі Қырғызстанның кеден қызметінің төраға орынбасары болған Райымбек Матраимовқа санкция салды. Бұл туралы мәлімет Құрама Штаттардың қаржы министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
Онда "Магнитский актісі” деген атпен белгілі "қара тізімде" Райымбек Матраимов пен Райым Исмаилов деген аты-жөнге берілген төлқұжат мәліметі көрсетілген.
49 жастағы Райымбек Матраимов 1997-2017 жылдары Қырғызстанның кеден қызметінде істеді. Ол 2015-2017 жылдары мекеменің төраға орынбасары қызметін атқарған.
Азаттықтың қырғыз қызметі әріптестерімен бірге Матраимовтың кедендегі ірі коррупциялық істерге қатысы бар екені дәлелденген бірнеше журналистік зерттеуін жариялаған.
20 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Матраимовты ұстағанын мәлімдеп, 2016 жылдың басында кеден саласында коррупциялық жүйе құрып, мемлекетке ірі көлемде зиян келтіргенін, бұл іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын хабарлаған.
Сот Матраимовқа екі миллиард сом мемлекетке төлеп беруді міндеттеп, тергеу кезінде ешқайда кетпеу жөнінде тілхат алып, үйқамаққа босатқан.
8 желтоқсанда Қырғызстанның қаржы министрлігі мәлімдегендей, Матраимов мемлекетке 773 миллион сом қайтарған.
5 желтоқсанда АҚШ-тың Бішкектегі елшісі Дональд Лу парламенттік сайлаудағы дауыс сатып алу секілді көріністерді сынға алған. Қазан оқиғасынан кейін билікке келгендердің Матраимовқа қатысты шешімдері жақсы болғанымен, жеткіліксіз шара қолданып жатқанын айтқан.
Осыдан кейін Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Лудың мәлімдемесіне жауап беріп, "ішкі істер мен тергеуге араласу элементтері бар" деп сынға алған.
"Магнитский актісіне" енгендердің АҚШ-тағы барлық дүние-мүлкі, активтері бұғатталады. Санкцияға ұшыраған адамдарға қандай да бір қызмет көрсетуге және қаржылай және тауармен қамтамасыз етуге, қаржы және тауар алуына тыйым салынады.
Дереккөз: Centralasian
Abai.kz