Іледегі іргелі істер
Алматы облысына қарасты Іле ауданында қоныс той! Алматы іргесінде тұрған дағы Боралдай кентінде 130 пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілді.
Баспана ең әуелі бірінші кезекте көпбалалы аналарға, жас мамандарға, үй кезегінде тұрған аудан тұрғындарына «7-20-25» және «5-10-20» мемлекеттік бағдарламасымен берілді. Аудан әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ бұл мемлекет басшысының әлеуметтік мәселеге назар аударуының жемісі дейді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елді қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсірген емес. Міне, бүгін ұлы мереке қарсаңында «Азар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған көпқабатты тұрғын үй кешенінің пәтерлері өз иелерін тапты» – деп, мұндай игі шара алдағы уақытта жалғасын табатынын сеніммен айтты.
Азаттық күні баспаны болып жатқандар тәуелсіздікке тәу етіп, бұл ең біріншіден дербестіктің арқасы деді.
«Бұл – біз үшін зор қуаныш. Тұрмысқа шыққалы 13 жылдың жүзі болыпты. Басымызда бір пәтер болса екен деп армандаушы едік. Міне, бүгін сол арманымызға қол жеткіздік. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 15 жылға несиемен алдық. Үй кезегінде 7 жыл тұрдым. Осы күнге дейін пәтер жалдап жүргенбіз. Қуаныштымыз. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Үш ұлым, бір қызым бар. Еліміз тәуелсіз болмаса осындай жағдайға жетерме едік. Өте жақсы көңіл күйдеміз», – деді. жаңадан пәтер алып қуанышқа кенелген кент тұрғыны Фарида ЕСЕНГЕЛДІҚЫЗЫ.
Қуанышқа кенелгендер арасында өмір сапары мен еңбек сапарына жаңадан шыққан жастар да бар.
«Мен бақытты жандардың бірімін. Себебі менің жаңа пәтермі бар. Мен бұл үйге мемлекеттік бағдарламалар аясында қол жеткіздім. Төрт жылдан бері кезекте тұрдым. Тәуелсіздік күні қуанышқа келеліп отырмын», – деп қуанышын жасыра алмады жас маман Дана ҚАРЖАУБЕКҚЫЗЫ.
Алматыдай мегаполиске жақын орналасқан Іле ауданы Алматы облысындағы ең ірі аудандардың бірі. Жыл сайын халқының саны да артып келе жатыр. Бүгінде халқының саны 215 мыңнан асып кеткен. Баспана кезегінде тұрғандар саны төрт мыңға жуық. Биыл елу мың шаршыдан асатын баспана халыққа берілді. Деседе, құрылыс саласы тоқтайтын емес. Келесі жылы алпыс мың шаршы метр көп қабатты үй мен жеке үйлер салу жоспарда бар екен.
«Келесі жылы да осы «Азар» құрылыс компаниясымен Боралдай кентінде тағы да үш көп қабатты түрғын үй салынады. Жүз он пәтер болады. Үкіметтен тоқсан миллион үйдің жылуына кәрізіне ақша бөлінген. Ол дайын. Енді үйдің тек құрылысы жүреді.Содан кейін жобалық-сметалық құжаты дайын үш тоғыз қабатты 72 пәтерлі үй салу жоспарда бар», – деді аудан басшысы Бағдат Қарасаев.
Құрылыс білім саласында да қарқынды жүріп жатыр. Өтеген батыр кентіндегі 1957 жылы пайдалануға берілген «Қуат» балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға салтанатты түрде берілді. Сапалы жөндеуден өткен балабақшаға заманауи қажетті барлық заттар алынды. Үш ауысымды мектептерді азайтып, білім саласын жақсарту үшін ауданда жасалып жатқан жұмыстар да бар.
Ащыбұлақ ауылдық округіндегі №19 орта мектептің жанына салынған 300 орындықты жапсаржай ашылды. Білім ордасының жапсаржайы заманауи жабдықтармен қамтылған. Ағылшын, химия, физика және информатика кабинеттерімен қатар, ұлдар мен қыздарға арналған еңбек пәні кабинеттері, спорт зал мен асхана да салыныпты. Сонымен қатар, ұстаздарға арналған мәжіліс залы да бар. Бұл залда кез келген іс-шараларды өткізу үшін ұстаздар мен оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ауданда он тоғыз мектеп үш ауысымда оқып жатыр екен. Бірақ оларды саны қысқара бермек.
«Біздің ауданымызға жыл сайын үш жарым мың бала мектеп табалдырығын аттайды.Соңғы жылдары жаңа жиырма мектеп салынды. Үш жапсаржай салынды. Оның біреуі бүгін ашылып отыр.Тағы да жеті мектеп салынып жатыр. Оның төртеуі келесі жылы бірінші қыркүйекте ашылады. Тағы үшеуі 2021 жылдың желтоқсан айында ашылады деп жоспарлануда», – дейді Іле ауданы білім бөлімінің басшысы Ләззат КӘТКЕЕВА.
Аудан басшылығы тек қана бюджетке ғана байланбай баспана салу жұмыстарын жекелеген демеушілер арқылы да жандандырмақ. Мәселен, келер жылы “Эталон” компаниясы он гектар жерге жүз баспана салып, коттедждер қалашығы бой көтермек.
Abai.kz