Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Алаң 4252 10 пікір 20 Желтоқсан, 2020 сағат 15:32

Жемқорлықпен күрес күшейді. Ендігі мәселе - деофшоризация!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешелі-бүгін бірнеше заңға қол қойып, тас-түйін етіп бекітті.  Соның бірі – «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимылды күшейту» туралы заң. Ресми атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы».

Президент қол қойып, бекіткен көп заңдардың ішінде неге дәл осы заңға көңіл бөліп, екшелеп жатып отыр десеңіз, мұнда назар аударатын екі мәселе бар.

Біріншісі: Қылмыстық кодекске құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, соттарға, пара берушілерге, пара беруге септескендерге және жемқорлық қылмыстар жасаған азаматтарға қатаң жаза қолдану туралы өзгерту енгізілген.

Екіншісі: Заңға ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасаған азаматтарға мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін бермеу туралы өзгеріс енгізілген.

Яғни, ендігіде жемқорлық жасап әшкере болған, сот шешімімен жазасын темір торда өтіп жатқан азаматтар мерзімінен бұрын босатылмайды деген сөз.

Жемқорларды мерзімінен бұрын босатпау туралы сөз осыған дейін де Парламентте айтылған. «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары ҚР Үкімет басшысы мен Бас прокуратурының атына депутаттық сауал жолдаған. Қашан? 2019 жылдың 22 мамырында! Ол депутаттық сауалдың жазба мәтіні БАҚ-та жарияланған.

«АҚШ-тың бірнеше штаты жемқорлық бойынша 10-15 жылға сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салған. Дәл осындай заң Беларусь мемлекетінде де қабылданды: «Жемқорлық қылмыстары үшін сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға немесе азаматқа заңда көзделгеннен жеңілірек жаза тағайындауға болмайды».

Мұндай заң жобасын РФ Мемлекеттік Думасы да енгізді. Ұрланған ақшаның сомасы мен бопсалаушылық туралы фактілерге қарамастан (мүмкін солардың арқасында), тек Қазақстан ғана жариялы түрде ұзақ мерзімге сотталушыларды бірінші мүмкіндік туған жағдайда еш айғай-шусыз бостандыққа шығарады. Қазақстандықтар ол туралы іс біткен соң, БАҚ-тан біледі».

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы сотталушылардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуын болдырмау үшін қылмыстық заң нормаларына келесіні енгізуді талап етеді: шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндіктеріне жол бермеу және сотталушылардың ұрланған қаражат сомасын толық өтемейінше, елден сыртқа шығуына тыйым салу», - деген еді «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Айта кетейік, 2019 жылғы сол депутаттық сауалда көтерілген тағы бір мәселе әлі күнге өз актуалдылығын жойған жоқ. Ол – деофшоризация мәселесі еді!

Сол кездегі есеп бойынша, Қазақстанның сыртқа шығарылған ақшасы – 167 миллиард долларға жеткен екен. Бұл Халықаралық сарапшылардың есеп-қисабы бойынша айтылған ақпарат.

«Жемқорлардың халықтан ұрлаған ақшасы еліміздің Тәуелсіздік жылдарында мұнай сатылымынан түскен Ұлттық қордағы қаражатынан екі есе көп.

«Ақ жол» фракциясы 2012 жылдан бастап, халқымыздан ұрланған ақшасына байланысты күресін тоқтатқан жоқ. Партия әрдайым уәкілетті органдардан ұрланған миллиардтарды Қазақстанға қайтару жұмыстарын реттеуді талап етіп келеді. Алайда бұл талаптардың нәтижелерінің ішіндегі ең көрнекісі – жақында қайтарылған 180 млн. теңге, яғни жарты миллиондай доллар. Мұның өзі нәтиже. Дегенмен оны ұрланған ақша көлемімен салыстыруға мүлдем келмейді. Және бұл процестің ары қарай жалғасып жатқанын айту керек. Себебі жеті жыл бұрын дәл осы сарапшылар мемлекеттен 138 млрд доллар шығарылды деп жазған болатын.

Сол себепті, біздің алдымызда ұрланған ақшаны қайтару мәселесі ғана емес, сыртқа тоқтаусыз кетіп жатқан заңсыз капиталдың орын алуына жол бермеу міндеті тұр. Жемқорлар сотталған жағдайдың өзінде, олар мерзімнен бұрын шартты босату арқылы бір-бір жарым жылдан соң бостандыққа шығып, өздерінің капиталдарына қайта оралатынына сенеді», -деген «Ақ жол» депутаттары Қазақстанның Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің атына депутаттық сауал жолдаған.

Түйін: 2019 жылдың мамырында айтылған осы мәселе 2020 жылдың желтоқсанында заң жүзінде бекітіліп, сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталғандардың жазадан құтылып кетуінің жолы кесілгендей болыпты. Сол жолы айтылған деофшоризация мәселесі де әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Күн тәртібіндегі тақырып. Енді жақын күндері президент Тоқаев осы мәселеге де көңіл бөліп, пәрмен береді деп сенейік...

Abai.kz

10 пікір