Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 5061 37 пікір 7 Қаңтар, 2021 сағат 15:14

Капитолидегі қақтығыс. Байден АҚШ-тың жаңа президенті!

6 қаңтар күні АҚШ Конгресі қарашада өткен Президент сайлауының қорытындысын ресми түрде бекітетін сәтте, президент Доналд Трамптың жақтастары Конгресс ғимаратына басып кірді деген ақпаратты әлемдік БАҚ жазды. 

Бұған дейін, Трамп Вашингтон орталығындағы митингіде өзінің жеңілгенін мойындаудан бас тартып, өз жақтастарын Капитолий ғимаратына баруға шақырған.

Ал, Трамптың жақтастары полиция қоршауын бұзып өтіп, ғимаратты қоршап алды. Сөйтіп наразылыққа шыққандар Сенат отырысын тоқтатқан.

Нәтижесінде полицейлер адамдарды сыртқа шығару үшін атыс қаруы мен көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды. Соңғы мәліметтер бойынша, тәртіпсіздіктер салдарынан төрт адам қаза тауып, бірнеше адам ұсталды.

Одан кейін, АҚШ Конгресі мен Сенатын күзететін полиция Капитолий Хилл аумағынан Трамптың жақтастарын толығымен шығарды. Үкіметтік кеңселерден 100-150 метр қашықтықта жаңа қауіпсіздік периметрі орнатылды. Ал, қалалық полиция күштері наразылық білдірушілерді ұстауды жалғастыруда.

Бұдан соң, Твиттер Дональд Трамптың аккаунт қызметін тоқтатқан.

«Вашингтонда бұрын-соңды болып көрмеген және жалғасып жатқан зорлық-зомбылық жағдайының нәтижесінде біз бүгін Азаматтық - Адалдық саясатымызды бірнеше рет және өрескел бұзғаны үшін @realDonaldTrump твиттерін бұғаттауды талап еттік», - деп жазды әлеуметтік медиа компаниясы.

Ал, сайлау нәтижесі бойынша жеңіске жеткен Джо Байден Трампты наразылық шараларын тоқтатуы тиіс деп мәлімдеді.

«Сайланған үкіметке қауіп төндіру - наразылық емес. Бұл бүлік. Әлем не болып жатқанын бақылап отыр. Басқа көптеген американдықтар сияқты мен де ұзақ уақыттан бері демократияның нұры мен үміті болып келген ұлтымыздың осындай сұмдық сәтке тап болғанына қатты таңдандым және қайғырдым.

Мен Трампты ұлттық теледидарға барып, бұны тоқтауын талап етуге шақырамын. Жеткілікті!», - деді Байден өз үндеуінде.

АҚШ-тағы оқиғаларға қатысты әлеуметтік желінің қазақстандық сегменті не жазып жатыр? Біз бір шолып шықтық...

Марғұлан Сейсембай, FB:

«АҚШ-та болып жатқан жағдай, әрине, өкінішті. Бірақ бұл демократиялық ел үшін қалыпты жайт. Түптеп келгенде, демократия күші өзі сайлаған билігіне ерікті түрде бағынышты болу арқылы тыншиды.

Бұл арада екі түрлі аспектіге мән беру керек. Біріншіден, халықтың әрекеті - егер расымен де, дауыстар ұрланған болса, бұл нағыз адекватты, әрі дұрыс реакция. Яғни, бұрыс сайлауға дұрыс реакция білдіру. Егер сен бұл билікті сайламадым десең, оған қоса, сен дауыс берген адам өрескел ережебұзушылықтар мен бұрмалаулар орын алғанын жер-жерде айтып қоймаса, онда халық көтеріліп, өз дауыс беру құқығын қорғауы әбден заңды. Белгілі нақыл сөзде айтылғандай – «Күресте өз құқығыңды табасың». Бұл арада халықтікі дұрыс.

Ал Трамп пен АҚШ элитасы әрекетінің жайы басқа. Егер Трамп тынышталмай, өзі жасап отырған дағдарыс ауқымын түсініп, сонда да тоқтамға келмесе, онда АҚШ Конгресі өткізілген сайлаудың тазалығы мен әділдігіне тиянақты тексеріс жүргізуі дұрыс болар еді. АҚШ элитасының Байденді тезірек президент деп тануға күш салып жатқаны алаңдаушылық туғызады. Трамп пен оның жақтастарының наразылығы да осыдан туындап отыр.

Меніңше, оларға барлығын мұқият реттеуге тура келеді. Олай болмаған жағдайда, бұл АҚШ билігі ішіндегі кідіріп жарылатын мина болмақ. Әр сайлау сайын жағдайды одан әрі қиындата түсетін қауіпті прецедент болады. АҚШ-тың осы саяси дағдарыстан шығу жолы барша әлемге үлгі болайын деп тұр».

Бауыржан Серікбаев, FB:

«АҚШ-та сайлау нәтижесімен келісу, келіспеу деген мүдделер қақтығысы өтіп жатыр. Бір жүйедегі екі олигархтық топтың тартысы. Ортада халық. Кісі қайтыс болды.

Меніңше олигархтар, капиталистер өзара келісіп соңы жақсы аяқталады. Ушығып, асқынып, адам шығыны көбейсе Трамп жауапқа тартылуы да мүмкін. Алдағы уақытта».

Аман Мәмбетәлі, FB:

«ФБР арнайы жасағы Капитолия ғимаратын Доналд Трамп жақтастарынан тазалады. Адамның өзінің жеңілгенін мойындай алмайтын әлсіздігінің ақыры ауыр жағдайға алып келеді. Әрине, наразылықтар демократияның бір көрінісі. Алайда, осы жағдай штаттардағы тұрғындардың әбден бөлектеніп кеткені мен сенім дағдарысын көрсетеді».

Жанболат Мамай, FB:

«Америка демократиясы ауыр сыннан өтіп жатыр дәл қазір.

Кеше түнде Трамптың жақтастары Капитолиге басып кіріп, Байденнің жеңісін рәсімдеу процесін тоқтатты. АҚШ-тың тарихында болмаған сұрапыл жағдай.

Америкада болып жатқан оқиғалар сөзсіз, халықаралық саясатқа да, біздің елге де әсерін тигізеді. Ол туралы кеңірек айтармын.

Дәл осы жағдайда өз басым вице-президент Майк Пенстің әрекетіне сүйсіндім. «Маған Трамптан гөрі Конституция қымбат» деген мәлімдеме жасап, қазіргі АҚШ президенті оны қанша заңсыз әрекетке итермелесе де, оған барған жоқ. Америка демократиясының күші де осында: биліктің бірде бір тармағы абсолютті құзіретке ие емес. Бір бірін тежеп, бақылауда ұстайды. Осы арқылы АҚШ бұл сыннан да сәтті өтеді деп санаймын».

Соңғы мәліметтер бойынша, АҚШ Конгресі президент сайлауының нәтижелерін мақұлдап, сайлаушылар алқасының ұстанымына сәйкес, Джо Байденді жеңімпаз деп жариялады.

Конгресс сайлауының жеңімпазы бірнеше сағат бұрын расталуы керек еді. Бірақ Вашингтондағы тәртіпсіздіктерге байланысты жиналысты тоқтатуға мәжбүр болған.

Кейбір Республика заң шығарушылары Джорджия, Мичиган, Невада және Пенсильваниядағы сайлау нәтижелеріне қарсы шығып, Байденді мақұлдауға кедергі келтіруге тырысты. Алайда олардың бастамасы партияластар арасында қолдау таппады.

3 қарашадағы дауыс беруден бастап Трамп бірнеше штатта дауыстарды санау кезінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді. Оның жақтастары 60-қа жуық сот ісін қозғады, бірақ ешқайсысы қайта қаралмаған.

Айта кетейік, сайлау нәтижелерін растау - АҚШ-тағы сайлау нәтижелерін қорытындылаудың соңғы кезеңі. Соңғы 140 жыл ішінде дауыс беру нәтижелеріне тек үш рет қарсы әрекет жасалды, соңғысы 2005 жылы болған. Алайда, бұл бастама қолдау таппаған.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

37 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343