Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8704 2 пікір 3 Ақпан, 2021 сағат 11:27

Өкпелемеші, өзің де!

Тоқсаныншы жылдардың тұсында біздер оқыған ҚазМУ қалашығын өзіндік қоңыр үнмен гитарада айтылатын өзгеше бір әуендер легі толқытып та тербетіп тұрғандай еді. Ол бүгінде арамызда жоқ, нағыз қайратына мінетін қырықтың қақ ортасында «ұйықтап кетіп оянбай қалған» елжанды, ұлтжанды азамат, ақын, сазгер, әнші біздің замандасымыз, Атырау өлкесінің перзенті Табылды Досымовтың туындылары болатын. Толқытатын себебі – жастардың, студенттердің жүрегіне Желтоқсан трагедиясы салған терең жараның орны сыздап тұрған шағында:

Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет – үш арысты бір түнде
Арамыздан ап кеткен «үш әріппін» десеңші, -

деп өршіл сарындағы, сананы жаңғыртып, өзі де сол апаттың зардабын тартқан құрбаны, бозбала студент бола тұра, тұтас елінің, ұлтының басындағы ахуалды ашып беретін өткір де өзекті өлеңдері болатын. Атырау өлкесінің Иінді өр жазығында туып өскен ұл осынау тарихи аймақтың Исатай, Махамбеттері рухындағы әрдайым қыран қанатымен өлшенер биіктікке ұмтылғанын паш етіп:

Бір құдырет тұла бойды тасқанда
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға
Қыр баласы тауға қарап өспейді
Қыр баласы қол созады аспанға,

- дей келе, барша қазақ баласын, биіктікке, заңғарға бастап, тауларға ғана қарамай, аспанға қол созуға шақырады.

Табылдының осы арнадағы, өршіл санаттағы елдік, әлеуметтік, саяси тақырыптағы өлеңдері молынан және бір-бірінің тақырыбын қайталамай, салмағы, мазмұны ұдайы толысып отырады. Әрине, ең басты ерекшелігі, анығы, артықшылығы - ол барлық жырларын өзінің әуенге салып, өзі орындауында. Осылайша ақын-сазгердің әрбір шығармасы алдымен студент жастар арасында тұсауы кесіліп, көп ұзамай-ақ бүкіл республикаға кеңінен тарап кете барды.

Бұл шағын мақалада біз 55-жылдығы да мына бір індетпен арпалыстың астында қалып қойған Табылды Досымовтың бүкіл шығармашылығын талдауды мақсат тұтпаймыз, ол үшін, әлбетте, үнемі айтылып келе жатқанындай, іргелі, тұщымды ғылыми еңбектер жазылуы лазым және де сөзсіз жазылады әлі.

Қаламдас достары, зиялы қауымның белгілі өкілдері талантты өнер иесінің өмірі тым қысқа болғанын, әдеттегідей, көзінің тірі кезінде бағаланбай, тіпті соңғы жылдардағы күндері құсалықпен өткенін өкінішпен еске алады. Туған жерінде орнатылған ескерткішінің жанында тұрып ақын достары марқұмның еліне «тас мүсіні емес, қас мүсіні керектігін» мәлімдеді. Туындыларының жанрына, әуені мен орындалуына қарап Табылды қазақтың бард әншісі деп танылғаны байқалады. Төл ұғымға бөтендеу «бард» сөзінен гөрі оған қазіргі заманның жыршысы, серісі, тіпті жырауы десек те жарасқандай. Ақынның «Әулет диалогы» өлеңінің де айтары мол.

Атам айтты - ұлым ел қорғаса деп,
Әкем айтты – сұм соғыс болмаса деп,
Мен айттым – коммунизм орнаса деп,
Ұлым айтты – бәрі де далбаса деп...

Байқап отырғанымыздай, алғашқы шумағының өзінен-ақ бірнеше ұрпақ арасындағы көзқарас пен ұстаным қайшылығы, қолмен ұстатқандай анық. Өткен кезеңдердің, аға ұрпақтың көңілінде жатталып қалған жайттар өзімізге таныс, түсінікті десек, «бәрін де далбаса» санайтын бүгінгі буынның бойындағысын ұғынуға қиынға соқпақ. Осынау күрделі үрдіс дәл қазіргі сәттерде біздің қоғамда ғана емес, бірқатар елдерде, соның ішінде көзқарастарын көшелерге алып шығып жатқан көршілес үлкен елдегі оқиғалардан қапысыз аңғарылуда. Бұл адамзат тарихының ғана емес, жаратылыстың бұлтартпас заңы екендігі де хақ.

Аузына Алла сөз сыйлаған адамдардың айналасындағы жандардан негізгі айырмашылығы заты, құбылысы бөлек сезімталдығымен бірге, дүниені қабылдау ерекшелігінен туындайтын көріпкелдігінде болса керек. Ұлысына мың жылдықтарға айнымас бағдар берген Абайды ұғынуға дәрменімізді айта алмасақ та, «шаң басқан архивтерден» Мұқағалиды, «ізін әзер іздеп» Қасымдарды таба алсақ та қанағат. Дей келе, ақындық мұраға адалдығын сақтаған Табылдың «Сәйгүліктегі» ұлағат, ұрандары, тап бүгінгі күндері сағат сайын, сәт сайын елдегі барлық үн, бейне тарату құралдарынан толассыз төгіліп, қасиетті даламызға қоңсылас жұрттың сасық ауыз біреулері тіл тигізуі-ақ мұң екен,  Арқа төсін, Алатау бауырын сонау сәйгүліктер тұяғы дүркіретіп қайта жаңғыртқанына куәмыз, тәуба. Осыдан-ақ, түркі дәуірінен, жыраулар заманының күмбірінен тарта, Махамбет, Мағжандардың мұрасына берік ақын, сазгердің айтары жылдар өткен сайын жаңарып, ұмыт бомайтыны аян.

Талантты замандасымыздың азаматтық, әлеуметтік, тарихи сабақтастық арнадағы рухы биік жырларынан айырым, жұртшылыққа кең тараған сыршыл, лирикалық өлеңдерінің де орны бөлек, әрине. Олардың біршамасы қазіргі мүмкіндіктермен қайта өңделіп, жас, талапты әншілердің орындауында екінші ғұмырлары басталғандай. Осы сөздің жазылуына да Табылдың тылсым махаббат тақырыбындағы «Өкпелемеші» әні себепкер болғанын жасырғым келмейді.

Сөзімнің басында айтқанымдай, студент Досымовтың ҚазМУ қалашығынан құлаш жазып, бүгінде бүкіл алаш жазирасының жанына жақын боп кеткен жырлары ғаламтор төрінен лайықты орын алып, оның арқасында жаппай қолжетімді болуы ғанибет. Көзінің тірісінде жалғыз жарым дискісі шыққанына балаша қуанған дарынның мұрасы енді әрдайым елімен бірге жасамақ.

Өзінің басынан өткен ғашықтық ғұмырының өшпес ескерткішіндей «Өкпелемеші» әні терең де таза сезімді паш етіп, сағыныш сарынын ақтарады, қимастықтан туған силастық пейілді білдіре, өкінішпен аяқталған мөлдір махаббатымен мәңгілікке қоштасу жыры. Әрбір бозбала мен бойжеткеннің басынан өтетін осынау ұлы, жұмбақ көңіл-күйді, қимастықпен арылу сәтін, жолы жіңішке, жаны нәзік қыз баласын аялай отыра биіктетіп, ер-жігітке тән өр мінезбен қабылданған ауыр да болса батыл шешімнің жан азабын артық бояусыз қарапайым тілмен жеткізе білген салмақты да сұлу дүние.

Өкпелемеші,
Өтірік мен де жұбатпан,
Өзегімді өртеп жазбайын хат та жырақтан...
Өкпелемеші,
Бақытыңды алдан күт бірақ,
Менен де гөрі мықтырақ
Өзге бар сені ұнатқан...
Өлеңмен жуып тастармын мен де кірбіңді
Қалайша жігіт болғаным,
Өңгере алмасам бір мұңды...

Шағын өлеңге мәңгілік махаббаттың тылсым әлемі түгел сиып кеткен десек қателесе қоймаспыз.

Осынау «өлмейтұғын артына сөз қалдырған» арда азаматтардың бірі де бірегейі Табылды Досымовтың өнер, шығармашылық әлемінен тыстағы дүниауи өмір, еңбек жолына келгенде, әдеттегідей, «сұм өмірдің саналыға абақты» екендігіне тағы бір көзің жетпек. Табылдай дарын да аудандық, облыстық деңгейдегі кез-келген орта білімді ортаңқол шенеунікті ойланбастан қоя салуға болатын болымсыз қызметке таңылғанын, соңғы сағаттарына дейін Алматыны сағынған көреміз. Заманы түзу, қоғамы парықты, ызғарлы кеңселердің тілі мен ділі жат, бөтен емес, төңірегі оңды, зиялы болғанда, ойлы, өрісті орталарда, мәртебелі мінберлер мен ауқымды залдардағы алқалы жиындарда қауымына дауылды жыр, дуалы сөз айтуы тиіс парасатты тұлғалардың әдетте тұрлаусыз тірлікпен айналысуға мәжбүр болғаны өксітеді. Қастерлі ана тілінің маржанын төге білетін текті азаматтардың дәл осы артықшылығы егемендіктің тұсында табалдырықта жатқан мемлекеттік тілдің тынысын кеңейтіп көтерудің бітпес, таусылмас, баянсыз тірлігіне құрбан етілген аянышты. Осылайша туған тілінің қасиеті бұйырған, білімі кемел, біліктілігі заңғар, қалам құдыретіне ие марғасқа замандастырымыздың тағдырына тіл төңірегіндегі ымырасыз тартыстың тіпті қарғыс таңбасына айналғанындай кереғарлықтан торықпасқа шараң жоқ. «Өтпелі кезеңнің» тас қамалдай өткізбес кедергілерін еңсереміз деп жүріп, Табылдының өзі де «от болып жанған жүрегім, өртеніп бір кетерін» сезгеніндей өз жалындарына өздері күйген, бәлкім күйдірген, таланттардың талайынан қамқорсыздықпен көз жазып қалғанымыз мәлім. Анығында, бүгінгі жаһандық індеттің ақиқаты адамзат баласының басым бөлігін жасанды, болымсыз, баянсыз тіршілік емес, ең алдымен адам ғұмырының мәні алаңдататынын айқара ашып бергендей. Бұдан біздің де тыс қала алмасымыз кәміл!

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351