Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 5427 16 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 16:54

Он сағат бойы құрсаулап тастау - қылмыс!

28 ақпан, жексенбі күні Алматы, Нұр-Сұлтан сынды бірнеше қалада наразылық шаралары өтті. «Қазақстан демократиялық партиясын» құру жөніндегі бастамашыл топтың жақтастары ұйымдастырған митинг әдеттегідей полицияның қоршауында қалды. 

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының маңына жиналған белсенділерді полиция сағат 12:00-де қоршауға алған. Кеттлинг құрсауында қалған белсенділер түнгі 22:30-ға дейін қоршауда тұрған. Полиция алғаш құрсауға алғанда 40-50 адам болған, бірақ құрсау алынған сәтте 24 адам қалған.

Қоршау ішіндегі белсенділер түрлі себептермен азайған. Кейбірін полиция алып кеткен, кейбірі денсаулық жағдайына байланысты жедел жәрдеммен емханаға кеткен. Бір әйел «ОМОН-дар қабырғамды сындырды», деп айғайлаған. Оған себеп, арнайы жасақ қоршауды тарылта бастағанда белсенділермен қақтығысып қалған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, алаңда наразылық білдіруге шыққан белсенділерге қарағанда полиция қызметкерлері көп болған көрінеді. Митинг өтеді деп бекітілген жерде интернет байланысы өшіп, көшелердің жол қозғалысы шектелген.

Ал елордада наразылыққа шыққан азаматтар 12:00 шамасында кеттлинг құрсауында қалып, үш сағаттан кейін, 15:00 шамасында босатылған. Белсенділер акция уақыты аяқталғанын айтып, үйіне қайтатынын мәлімдегеннен кейін полиция оларды құрсаудан босатқан.

Желіге шолу:

Нұртай Лахан:

«Сот шешімінсіз үш сағаттан артық ұстау заңсыз. Ал он сағат бойы тікесінен тік тұрғызып, құрсаулап тастау - қылмыс. Осыған бұйрық бергені де, оны сырттай тамашалап отырғаны да қылмыскер».

Тоғжан Қожалиева:

«Қасым-Жомарт Кемелұлы мырза, осындай сұмдық адам құқығын таптайтын жағдайларды доғарту керек!

12 сағат бойы аязды күнде қоршауда (кеттлинг) ұстап тұру – бұл органдар тарапынан жасалған азаптаудың ең жоғарғы көрінісі. Кешегі Алматыдағы митинг ұйымдастырушыларына көзқарасым әртүрлі. Бірақ, бұлар біздің елдің азаматтары ғой?! Біздің барлығымыздың да пікір айтуға құқымыз бар. Сол секілді қауіпсіздік пен денсаулыққа да құқылымыз. 12 сағат аязда тек наразылар ғана емес, журналистер де, анау бейшара «зомби» күштік құрылым өкілдері де тұрды.

Бұл да өз кезегінде Еуропарламенттің санкциялар пакетіне қосылатын реозлюцияға себеп болмақ. Мәсімов мырза, Сағынтаев мырза, Таймерденов мырза! Сіздер Қазақстанды сол санкцияларға мақсатты түрде итермелеп отырсыздар ма?

Сіздер ертең шетелдегі шоттарыңыз бен дүние-мүліктеріңіздің бұғатталмайтынына, сіздердің туыстарыңыз бен өздеріңізді демократиялық елдер өз еліне кіргізетініне сенімдісіздер ме?

Тарихта ешқашан тоталитарлық шаралардың ұйымдастырушылары мен орындаушылары жауаптан сытылып кеткен жоқ. Бумеранг бәрібір қайтып оралады. Ол сіздердің көздеріңіз тірі кезде-ақ солай болады. Осыны ұмытпаңыздар!».

Мұхтар Тайжан:

«Егер Жанболат Мамай мен оның жақтастары заңсыз митинг, шеру өткізсе, онда оларды әдеттегідей әкімшілік сотпен соттаңыздар. Бірақ, 10 сағат бойы аязда ұстап тұру – бұл азаптау. Мұндайға жол бермеу керек».

Бауыржан Серікбаев: 

«Жалпы митингті біз тым әсірелеп жібердік. Шығады. Айтады. Кетеді. Көбісі ойын фейсбукқа жазады. Солай ғой, бізде.

Митинг бұл батыс елдерінде де болатын қалыпты жағдай. Саяси процестің бір бөлігі. Тек заңның аясында алдын-ала ескертіп, саяси мәдениеттен аттамай өтсе болды. Өзге қала тұрғындарына зияны тимеуі керек. Себебі митингті қаламайтын да ел азаматтары бар. Бұл да олардың демократиялық құқығы.

Митингте балағат сөз, намысқа тиетін лексикондарды қосуды да құптамаймын. Бұл керісінше реакцияны туғызады. Заңды бұзу. Өз басыңа бәлекет шақыру. АҚШ-та полицияға қол көтеріп ұмтылу, әрбір айтқан сөз сотта өзіңе қарсы жұмыс істейді.

Абзал Достияров атты азамат митингтен кейін ұсталыпты. Айтқан сөзі ауыр енді. Кішкене саяси мәдениет қалыптасуы керек секілді бізге. Заң аясында шығып ойыңды айт. Бірақ артық қимыл, сөздің де керегі жоқ қой».

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352