«Қазақмыстың» ерке қызы: 24 млрд-тық пәтер
Владимир Кимнің қызы Камилла Кимге құны миллиондаған доллар тұратын бірнеше үй тиесілі. Бұл туралы «Выходу к морю» каналы арнайы зерттеуін жариялады. Барлық тұрғын үйлер әлемнің ең қымбат әрі көрікті орындарының бірі саналатын Ұлыбритания астанасы Лондонның қақ ортасындағы «Гайд паркте» орналасқан. Екі пәтер бір ғимаратта, үшінші пәтер әлемдегі ең қымбат саналатын көппәтерлі тұрғын үй кешенінде.
Владимир Ким Қазақстандағы ең ауқатты жан. 2020 жылғы Forbes-тың рейтингі бойынша ауқаттылар арасында көш бастап тұр. Ким өзінің байлығын минералды ресурстарды саудалау арқылы тапқан. Қазіргі таңда кәсіпкер «KAZ Minerals PLC-тың» үштен бір бөлігіне, «Қазақмыстың» үштен екі бөлігіне иелік етеді. «Bank RBK-да» да өз үлесі бар.
Forbes-тың мәліметі бойынша Владимир Кимнің 2020 жылдың желтоқсан айындағы байлығы $4,1 млрд көлемінде болған. Ол Қазақстандағы байлар бойынша нөмір бірінші орынды иемденсе, ықпалды азаматтар қатарында екінші межеде тұр.
Владимир Кимнің негізгі активі болып табылатын «Қазақмыс» 1992 жылы кеңестік «Жезқазғанцветмет» орнына құрылды. Бастапқыда мекеменің 80%-ы мемлекет пен мекеме ұжымына тиесілі болатын. Кейіннен тоқырау жылдары «Samsung-тың» иелігіне өтіп, артынша қазіргі акционерлер қолына көшті.
«Қазақмысты» Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратындар көп. Адам құқықтарын қорғау, табиғи ресурстарды заңсыз сатумен күресудің мақсат ететін «Global Witness» халықаралық үкіметтік емес ұйымы өз баяндамасында «Қазақмыста» бірінші президенттің ықпалы басым екені жайлы айтады. Дәлел ретінде Владимир Кимнің ұзақ уақыт бойы президент әкімшілігінде қызмет еткенін келтіреді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ағасы Болат Назарбаев «Қазақмыстың» директорлар кеңесінің мүшесі болған, ал Владимир Кимнің өзі «Nur Otan» партиясының саяси кеңес құрамында қызмет еткен. Сондай-ақ ол 2005 жылғы президенттік сайлауда Назарбаевтың Қарағанды облысы бойынша сайлауалды штабын басқарған.
Лондонның қақ ортасындағы қымбат пәтерлер
2017 жылы Камилла Ким 18 жасқа толды. Дәл сол күні ол Лондонның Найтсбридж ауданындағы The Knightsbridge Apartments резиденциясының 5-ші қабатынан екі пәтерді сыйлыққа алды. Бірінші пәтердің құны 6 млн фунт стерлинг болса, екінші пәтер 8 млн фунт стерлингке сатып алынған. Жиынтығы 14 млн фунт стерлинг. Қазіргі таңда 1 фунт стерлингтің құны 580 теңге.
(The Knightsbridge Apartments резиденциясындағы пәтердің қонақ бөлмесі)
Камилла Кимнің пәтерінің ішкі көрінісін көру мүмкін емес. Алайда 7,2 миллион фунт стерлингке - Камилла Кимнің бірінші пәтерінен қымбат, ал екіншісінен арзанырақ - үш бөлмелі (әрқайсысы жеке ванна бөлмесімен және дәретханасымен жабдықталған), үлкен қонақ бөлмесі мен ас үйі бар резиденция сатылуда. Бұл пәтердің жалпы ауданы шамамен 160 шаршы метрді құрайды. Яғни Камила Кимнің екі пәтерінің көлемін қоса алғанда кемі 300 шаршы метр болады деген сөз.
Әлемдегі ең қымбат үйдегі пәтер
(One Hyde Park резиденциясы)
Найтсбридж ауданы Лондонның қақ ортасында, Букингем сарайына жақын маңда орналасқан. 2011 жылы Гайд парктың жанында шаршы метріне шаққанда әлемдегі ең қымбат үй саналатын One Hyde Park резиденциясы салынды. Ондағы кей пәтердің құны жүздеген миллион фунтқа дейін шарықтап кеткен.
Business Insider басылымына анонимді автор бұл резиденцияға келетіндерді құдды бір үйге емес, әскери базаға келгендей сканерлеп, тексеретіні жайлы айтқан.
Камилла Ким 2017 жылдың маусымында аталмыш резиденциядағы пәтердің иесі атанады. Пәтерге көлік тұрағынан орын және шарап сақтайтын жертөле бірге беріледі. Пәтер В корпусының үшінші қабатында орналасқан.
Бұл пәтердің құны 27,5 млн фунт стерлингті құрайды. Бұл үйдегі бір бөлмелі пәтерлердің көлемі 100 шаршы метрге дейін жетеді. Ал үш-төрт жатын бөлмесі бар пәтерлердің құны 16-28 млн фунт стерлингтен сатылуда.
Мысалы мынау D корпусындағы пәтердің жоспары: төрт жатын бөлме (әрқайсысында ванна мен дәретхана бар), ас үй, түстену бөлмесі, 60 шаршы метр болатын қонақ бөлмесі мен терраса. Пәтердің жалпы көлемі шамамен 365 шаршы метрді құрайды. Пәтер иелеріне 21 метрлік бассейн, жеке спа орталық, сауна, кинотеатрмен қоса, жанындағы Mandarin Oriental отелінің қызметкерлері тарапынан тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсету де кіреді.
Осылайша үш пәтердің құны 41,5 млн фунт стерлингті құрайды, долларға шақсақ бұл 58 млн доллар болмақ. Бұл теңгеге шаққанда 24 млрд 379 млн теңгені құрайды.
Ка Мырза
Abai.kz