Отыз жылдыққа орай Орда керек!
Қазақ меценаттарына хат
(Қазақ меценаттары Б. Өтемұратов, Т.Құлыбаев және Д. Құлыбаеваға хат)
Өздеріңіз жақсы білетін, биыл Тәуелсіздіктің отыз жылдық тойы.
Тәуелсіздіктің отыз жылдық тоймен бірге, бір миллионнан астам қазақты Отанына оралтуға жол ашқан Қазақ көшінің басталғанына да отыз жыл толып отыр.
Естеріңізге сала кетейін, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 Қаулы қабылдатып, әлемнің әр шалғайында тарыдай шашырап жүрген қандастарын Қазақстанға көшіп келуге жол ашқан болатын.
Осы жерде аталған Қаулының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын шығарылғанымен ерекше тарихи маңызға ие екендігіне Сіздердің назарларыңызды баса аударғым келеді.
Сол үшін де мен «Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты. Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!» - деген сөзді жиі-жиі қайталап келемін.
Сондай-ақ, 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүние жүзі қазақтарының бірінші Құрылтайы ашылып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.
Қауымдастық төрағасы болып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
1997 жылғы 13 желтоқсанда «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданды.
Аталған Заң Қазақ парламентінің тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылғанымен және қабылданғанымен есте қалды.
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 13 қазандағы №644 қаулысымен «Отандастар қоры» құрылып, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұртай Әбіқаевтың жетекшілігімен іргетасы нық қаланып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын қанатының астына алып, жұмыс атқаруда...
Осының бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ыұпалымен жасалған шаруалар және шетелде тарыдай шашырап жүрген қазаққа жасалған зор қамқорлық. Бүгінге дейін 1 млн 71 мың 200 қазақ Қазақстанға оралып, бақытты тұрмыс кешіруде.
Әрине, Қазақ көшінің жолы бірден жаттық, кедергісіз бола қойған жоқ. Әсіресе, анау бір жылы мұнайлы өлкеде туындаған оқиға тұсында қандастарымызға жағылған қара күйені жұрт әлі ұмыта қоймағаны белгілі.
Біздің бек риза болатынымыз – Қазақ көшін осындай қауіпті дағдарыстардың бәрінен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі шығарып алып, даңғыл жолға салып отырғандығы.
Міне, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та«Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» - деп отыр.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ішкі және сыртқы көші-қонның маңыздылығына арнайы тоқталып, «Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе»-дей келіп, «Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс.»-деп, қадап тұрып айтты.
Демек, Елбасы ерте жолға қойған Көші-қон саясатының стратегиялық маңызы артпаса, кеміген жоқ.
Ұлы көш мәңгі жалғасады!
Құрметті меценаттар!
Қазіргі таңда Сіздер негізін қалаған «Болат Өтемұратов қоры» мен «Халық» қайырымдылық қорының қоғамдық, гуманитарлық, ағартушылық бағытында жасап жатқан ізгі жұмыстарыңызды мен жақсы білем. Мен ғана емес, игілігін көріп отырған халық дән риза.
Әсіресе, «Болат Өтемұратов қорының» аясындағы «Асыл Мирас» жобасы негізінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент және Петропавл қалаларында ашылған «Аутизм Орталықтарының» атқарған қызметін ерекше сауабы мол игі іс дер едім.
Өткен жылы көлемді мақала жазып, құрметті Болат Жәмитұлы, Сізді Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ меценаттарының алғашқы қарлығашы ретінде бағалап, үлгісі ретінде көрсеткен болатынбыз.
Қасиетті «Құранның» «Зілзала» сүресінің 7-аятында «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» деп жазылыпты.
Сіздердің тараптарыңыздан, Алла кітабында айтылған, сол «Тозаңның салмағындай» бір жақсылық қандастарымызға керек болып тұр, құрметті меценаттар!
Ол – Елордамызда алыстан оралған қандастарымыз ат байлайтын Қара шаңырақтың жолқтығы.
Елбасы Төрағасы болып табылатын Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Нұртай Әбіқаев басқаратын «Отандастар қоры» бұл күнде баспанасы жоқ, елдің босағасын сығалап жүр. Ал, Қазақстан халықтары ассамблиясы құрамындағы этностардың бәрінің өз отаулары бар. Баспанасыз жүрген Қазақ қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ғана.
Мен Сіздерді, жоғарыда айтылған, Елбасы ерте жолған қойған Қазақ көшінің Отыз жылдық тойына шақырам және Ұлы мереке қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласының төрінен еңселі етіп, «Дүниежүзі қазақтарының үйін» салып беруді сұраймын.
Ойлаңызшы, бұл «Үй» қандастарымыздың атбайлары ғана болып қалмастан, оның бір қабатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдары алыстағы қазақтың басын қасиетті Қазақстанда қосу жолындағы Ұлы еңбегін жарқыратып көрсететін кемелді мұражай жарқырап тұрса, оны Нұрсұлтан Әбішұлы мен Қасым-Жомарт Кемелұлы өздері келіп ашса, көшіп келген бір миллион қандасымыз бен шетте жүрген алты-жеті миллион қазақ үшін қандай ғажап сыйлық болар еді!
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» қаулы қабылдап, биыл сол комиссияның алғашқы отырысын да өткізді.
Аталған Ұлы мерекенің қарсаңында Елбасының Тұңғыш һәм Ұлы еңбегі саналған Қазақ көшінің де Отыз жылдығы өз деңгейінде аталып өтіледі деп сенемін.
«Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қарашаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақыттта ұмытпауымыз керек!» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Той – Құдайдың қазынасы!» дейді дана халқымыз. ОТЫЗ ЖЫЛДЫҚ ҰЛЫ ТОЙДЫҢ ортасында болыңыздар, құрметті меценат жерлестер!
Зор құрмет және ізгі ниетпен,
Ауыт Мұқибек,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі
Abai.kz