Жексенбі, 16 Мамыр 2021
Өз сөзі 4901 20 пікір 29 Наурыз, 2021 сағат 18:31

Қытайдағы қандастар туралы СІМ не дейді?

Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары, онда да бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев «Егемен Қазақстан» газетіне «Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытаймен қарым-қатынасымыз туралы», атты мақаласын жариялады.

«Саяси ынтымақтастық», «Экономикалық ықпалдастық» және «Азаматтардың жағдайлары бойынша әрекеттесу» дейтін үш тақырыпшыдан тұратын мақалада Қытайдағы қазақтар мәселесі (Қытай билігінің этникалық аз ұлттарға жасап жатқан қысымы) жайлы да сөз болыпты.

«Бұл саладағы мәселелердің ішінде, әрине, ең өзектісі және халықтың кө­кейіндегі басты мәселе – Қытайда тұра­тын қандастарымыздың жағдайы», - деп басталатын «Азаматтардың жағдайлары бойынша әрекеттесу» атты үшінші тақырыпша түгел дерлік Қытайдағы қазақтар мәселесіне арналыпты.

Бүйдепті: «Ресми деректерге сүйенетін болсақ, ҚХР аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – Қытай Халық Рес­публикасының азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айы­рылған кісілер де бар. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Жарғысы бойынша ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ».

Вице-министр Шахрат Нұрышев мырзаның сөз саптауынан түсінгеніміз – Қытайдағы қазақтар мәселесі Қытайдың ішкі шаруасы екен-мыс! Яғни, Қытайда тұратын 1,6 миллион (вице-министр жазған сан) қазақ Қытай азаматтары болғандықтан – Қазақстан Қытайдың ішкі шаруасына араласа алмайды екен. Былайша айтқанда, кіші министр лауазымындағы Шахрат Шакизатұлы екі ел арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастықтың маңыздылығын тілге тиек ете отырып, Қазақстан билігі этникалық қазақтардың мәселесіне келгенде қауқарсыз екенін ашық айтыпты.

Сөз арасында: «Біз ҚХР азаматтары – қан­дас­­тары­­мызға қатысты олардың Қазақ­стан аза­мат­тары болып табылатын туы­стары­­нан өтініш түскен кезде Қытай тара­­­пы­на бөлініп қалған отбасылардың бірігуі­не қолғабыс көрсету туралы сауал жібереміз», - деп жұмсарта сөйлеген Нұрышев шетелдегі қандастарға көмектесуді сұрағанда, біздің елдің азаматтары Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттарды да естен шығармауы керектігін айтыпты. Өз сөзі:

«Шетелдегі қандастарға көмектесуді талап еткенде кейбір азаматтар Қазақ­станда тұрып жатқан жүзден аса басқа ұлт өкілдерінің бар екенін естен шығарып алады. Олардың көпшілігінің өз тарихи отаны бар. Ертең басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматына қатысты басқа мемлекет тарапынан оның құқықтарын қорғау жөнінде талап түсіп отырса, біздің реакциямыз қандай болмақ? Әрине, біз оның Қазақстан азаматы болғандықтан, шет мемлекеттен біздің мемлекеттің ішкі істеріне аралас­пауын талап етеміз», - дейді вице-министр.

Онан әрі «Қазақстан шетелдегі (Қытайдағы) қандастарды жаппай көшіріп алуды мақсат етпейді» деген вице-министр Нұрышев Қазақстан азаматттығын алған қандастардың біраз бөлігі ҚХР азаматтығынан шықпағандықтан кері қайтқанын сөз етіпті.

«Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкін­дігін қарастыратындары да, қарастыр­майтындары да бар. Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Біздің мемлекет қандастардың барлығын  Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі.

Мысалы, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза ресімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ арасында бір бөлігі ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орын­дамағандықтан, Қытайға кері қайт­қан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған», - дейді.

Вице-министрдің айтуынша, 2018-2020 жылдары 60 мың қандасқа виза рәсімделген. 2018-2019 жылдары 7 мыңға жуық қандас Қытайға бармай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы Қытай елшіліктері арқылы ҚХР азаматығынан шыққан.

«Дегенмен екі мемлекет сыртқы істер министрліктері арасында қол жеткізілген уағ­да­ластықтарға сәйкес Қытайдың Қазақ­стандағы елшілігінің бейресми ақпа­раты бойынша 2018-2019 жылдары 7 мың қандасымыз Қазақстанда жүріп, Қытай­дың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Ал­матыдағы Бас консулдығы ар­қылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсім­­дерін бітіруге мүмкіншілік алды. Өкініш­ке қарай, бұл жұмыс пандемияға байла­нысты уақытша тоқтап қалды, бірақ жағ­дай түзелген соң бұл бағыттағы жұ­­мыс жалғастырылатын болады. Сон­дық­тан да Қазақстанға көшуді қалайтын қан­дас­­тарға айтылатын өтініш – Қытай­дан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР аза­мат­­ты­ғынан шығу қажет. Сол кезде азамат­тыққа кіру, зейнетақы алу және шекара­дан өтуге қатысты мәселелер туындамайды», - депті вице-министр.

Сонымен, вице-министр Шахрат Шакизатұлы – «Қытайдағы қазақтың мәселесі – Қытайдың ішкі шаруасы», «Мемлекеттің ішкі шаруасына қол сұғуға ешкімнің құқы жоқ», «Қандастар көші-қон талаптарын бұзған» деген секілді ҚХР билігі осыған дейін Халықаралық ұйымдар мен Қазақстаннан өзге мемлекеттердің, Қытайдағы туысын жоқтаған Қазақстандағы  азаматтардың талаптарына беріп келген жаттанды сөзін қайталап айтыпты.

Десе де, бұл Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Қытайдағы этникалық қазақтар мәселесі туралы айтқан алғашқы жауабы емес.

Осыған дейін 2019 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігі: «Шыңжаңдағы жағдай - бұл Қытайдың ішкі шаруасы», - деп мәлімдеген.

Ол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Шыңжаң аймағындағы «саяси қайта тәрбиелеу лагерінде» қанша этникалық қазақ бар жөнінде мәлімет білмейтінін айтқан.

Есесіне: «Қазақстан Қытай азаматтары болып табылатын этникалық қазақтардың проблемасына араласа алмайды. Қытай көші-қон заңнамасын бұзған этникалық қазақтар Қазақстанға шыға алмай отыр. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ», - деп жауап берген.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіндегі лауазымды тұлға, министрліктегі екінші адам – Шахрат Нұрышевтың бұл айтқан сөздері де алыстағы бауыр-туысынан ажырап қалып, Қазақстан билігінен, Қазақ билігінен араша сұраған ағайынның үмітіне тас лақтырғанмен бірдей болды.

Ақпарат үшін айта кетейік, Шахрат Нұрышев Бейжіңдегі тіл институтын тәмамдаған адам.

Осыған дейін, Үрімжі қаласындағы ҚР СІМ атташесі, төлқұжат-виза қызметінің үшінші хатшысы, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде кеңесші, ШЫҰ хатшылығы жанындағы Қазақстаның тұрақты өкілі, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған.

Abai.kz

20 пікір