Боқаев Тоқаевтың үстінен сотқа шағым түсірді
Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян сайлау туралы заңнамаға енген түзетулерді алып тастауды талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев, парламенттің қос палатасының төрағалары үстінен сотқа шағым түсірді.
Белсенділердің пікірінше, бұл түзетулер "партияға кірмеген азаматтардың мәслихатқа сайлану құқығын шектейді".
Боқаев пен Аян азаматтардың мәслихат депутаттарына өзін ұсынуына тыйым салатын 2018 жылы заңнамаға енген өзгерістер Конституцияға қайшы деп есептейді. Олардың айтуынша, Ата заңда қазақстандықтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу құқығына кепілдік берілген және аталған өзгеріс азаматтардың жергілікті өкілдіктеріне сайлану құқығын бұзады. Бұл туралы Талғат Аян Facebook-тағы парақшасында жазды.
Бұл өзгерістер қабылданғаннан кейін өткен алғашқы мәслихат сайлауында (2021 жылдың 10 қаңтары) сайлаушылар кандидаттарға емес, саяси партиялар үшін дауыс берді. Бюллетеньде бес партия көрсетілді, арасында бірде-бір оппозициялық партия болмады. Мәслихаттағы орындардың басым бөлігін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы иеленді. Қазақстан билігі сайлаудың "әділ" өткенін айтты. Ал батыс бақылаушылары сайлау "бәсекеге сай өтпеді" деп мәлімдеді.
Белсенділер мәслихаттар "көшені жарықтандыру, ауаның ластануы, жол салу мәселесі сияқты аймақтағы мәселелерді шешуі тиіс", ал партиялық тізіммен сайланғандардың "көпшіліктің мүддесіне бас қатыруы екіталай" деп санайды.
Талғат Аян мен Макс Боқаев 2016 жылы сәуір айында Атыраудағы Жер митингілеріне қатысқан. Наразылар шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға рұқсат беретін Жер кодексіндегі түзетулерге қарсы шыққан. Атыраудағы митингіден кейін осыған ұқсас акциялар өзге қаладарда да өтті. Осыдан соң билік резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялауға мәжбүр болды. Боқаев пен Аян қамауға алынып, 2016 жылы қараша айында екі белсенді "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. Белсенділер тағылған айыптармен келіспей, істің саясиланғанын айтты.
2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оны бостандыққа шығарған. Ал Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтып, өзіне берілген мерзіммен тұтас отырып шықты. Биыл ақпан айының басында түрмеден шықты. Бірақ оған қазір көптеген шектеулер қойылған.
Дереккөз: Centralasian
Abai.kz