АҚШ Ресейдің еркелігін көтермейді
Алдыңғы күні АҚШ-тан кейін Польша да Ресейдің үш дипломатын қуды, келесі кезек кімдікі екен дегенбіз. Келесі кезек Чехиянікі екен, олар да бірден 18 дипломатты елден қуыпты. Рас болды - олар ешқандай да дипломат емес, жүрген жерлерінде тек қана шпиондықпен айналысқан.
Сондай-ақ Ресейдің Санкт-Петербургтегі Украинаның консулын кетіруіне жауап ретінде Украина да Ресейдің Киевтегі консулына 19.04. бастап 72 сағат ішінде елден кетуін талап етіпті.
Ресейдің кешегі АҚШ санкцияларына жауабын мем. департамент мұны Ресейдің қырғи-қабақ соғысының жаңа, жоғарғы сатысына өткендігіне келіскендігі деп бағалапты. Олай істемегендерің дұрыс еді депті.
Мұны дипломатиялық тілден қазақша жалпақ тілге аударғанда жобамен былай болып шығады - жарайды, солай-ақ болсын. Негізі санкция сіздерге өздеріңіздің қылықтарыңызға байланысты салынып еді, бірақ оны дұрыс түсінбепсіздер, түзелудің орнына қарсы санкция салуға тырысыпсыздар. Енді бізге өкпелемеңіздер, алдарыңыздан өттік деген болып шығады.
Мем. департаменттің сөзіне қарағанда дипломатиялық соғыс одан әрі өрістейді, қарсы жауап беріледі және ол РФ үшін тым ауыр болуы мүмкін. АҚШ бұдан былай РФ сияқтылардың еркелігін көтере алмайтыны белгілі болды - жетер енді, ойнасақ та біраз жерге барыппыз деп отыр.
Қуаныш Еділхантегі
Abai.kz