Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5427 15 пікір 11 Мамыр, 2021 сағат 13:58

Мәңгілік алау да мәңгілікке өшер!

9-мамыр - Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күні қалай аталып өтіліп  жатыр екен, білейін деп Алматыдағы Мәңгілік алау жаққа барғам ғой әдейі. Қараң-құраң жұрт көрінеді. Пандемияның да салдары болар. Бұрынғыдай қалың нөпір байқалмайды.  Көбісі кеудесіне георгиев лентасын тағып алғандар.   Бірақ өткен жылдардағыдай  жеңісжындылық (победобесие) жоқ. Қазақтар аз. Бес-алты қаракөз қыз-жігіт  орыс тілінде майдан әндерін айтып тұр. Мәңгілік  алаудан Клочков қорғаған қабырғаға дейін гүл төгіліп жатыр.

Анадайда ту сыртында «МЧС России» деген жазуы бар жартылай әскери формадағы ұзын бойлы орыс жігіті мен орыс қызы  «СССР» деген қызыл жалау көтеріп барады. Ортасында әрең қозғалатын дәу семіз иті бар.

–Почему вы несете флаг СССР?

–Что нельзя?

–Нельзя!

–Почему?

–Потому, что это меня оскорбляет.  СССР – был самой кровожадной страной. За 74 года во власти они истребили около 90 млн своих  граждан, в том числе 10 миллионов казахов. В результате рукотворного геноцида  погибли непосредственно  мои близкие родственники,  деды и бабушки!

–Мы из МЧС России!

–Ну и что?  Кто вас просил поднять флаг СССР?

Әлгілер үндемей ауған соғысы ардагерлерінің ескерткіші жаққа тығылды.

Ол жақта да жауынгерлік формадағы бір қазағымыз қызыл жалау көтеріп алыпты.

–Ей, шырағым, мынау не?

–Ой, аға бұл Рахымжан Қошқарбаевтың  Рейхстагқа тіккен жалауы ғой! –дейді. Ойпырм-ай, зымиян идеологияның  СССР жалауын өздерінше бүркемелеген түрі. Батырдың атын айтсақ ешкім аузын аша алмайды дегені ғой. Яғни келесі жылдарда бүкіл СССР атрибутикасына тыйым салу қажет деген сөз.

Тіпті атрибутикасымен қоса бүгінде отқа табынушылықтың көрінісіне айналып кеткен Мәңгілік алауды да мәңгілікке өшіретін кез жеткен сияқты. 28 панфиловшылар паркінің атын «Отан қорғаушылар паркі» деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасап келе жатқанымызға да бес жыл болды. Клочковтың ойдан шығарылған ерлігінен гөрі Сонау Атилладан бастап, соңы Қайрат Рысқұлбековке дейін күллі батырларымызға ашық аспан астында мұражай ашып қойса ең ғажабы сол емес пе?

Мұнда екі сағат жүріп екі танысымызды әзер кезіктірдік. Қазақтардың өздерінің әлі санасы төмен. «Победа» десе болды, фашистермен болса да құшақтасып суретке түсуге әзір.

Қалдаяқов көшесіне қарай өтіп бара жатып, бұрышта гүл сатып тұрған кемпірді ойбайлатып, букеттерін жұлып сындырып жатқан екі полицияны көрдім. Бірі сындырған букеттерді қолтығына қысып көлігіне алып кетті. «Гүлдерімді қайтарыңдаршы, ақшаға сатып алдым ғой, балаларымды қайтіп асыраймын?!» деп зар қаққан кемпірге қоқан-лоқы жасап мәшинесімен алып кетпек болып тұрған екінші  полицияға «Аналарыңдай үлкен адамға тиісіп қайтесіңдер? Қойсаңдаршы!» десем «Бастықтарымыз солай  талап етіп жатыр, мен қайтейін!» дейді ақталып.  Полиция шет елдің туын көтеріп тайраңдап жүргендерде шаруасы жоқ та, әншейін гүл сатып тиын-тебенмен бала-шағасының нәпақасын айырып жүргендердің төбесін шоқиды.

Қазақстан үшін үйреншікті көрініс! Осылай  көңіліміз құлазып үйге қайттық. Тек кеудемізде «Көп ұзамай Мәңгілік алау да  мәңгілікке өшер!» деген сенім ғана лаулай берді.

Марат Байділдәұлының жазбасы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415