Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3174 0 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 13:31

Мәжіліс депутаты оқушылардың мемлекеттік емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдауды ұсынды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа оқушылардың қорытынды аттестаттау емтихандары туралы депутаттық сауалын жолдады.

Депутаттың айтуынша, елімізде 28 мамырдан бастап 9, 11 сыныптардың оқушылары қорытынды аттестаттау емтихандары басталады. Биыл 9 сыныпта 264 469 оқушы 3 емтихан тапсырса, ал 11 сыныпта 154 816 оқушы 4 емтихан тапсырады. Емтихан тапсыру жабық ғимараттарда өткізілуіне байланысты, оқушылардың, педагогтар мен техникалық персоналдың короновирус жұқтыру ықтималдығы жоғары. Себебі, емтихандардың ұзақтығы 2 сағаттан 5 сағатқа дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Осы ретте, барлығын қосқанда, 400 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларына (419 285) COVID жұқтыру қаупінің бар екендігіне назарларыңызды аударамыз. Оның үстіне, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 2021 жылдың 10 мамырында 604 623 адам толыққанды вакцина алған. Бұл жалпы халықтың небәрі 3,2 пайызын құрайды.

Осындай вакциналау деңгейінің төмендігін ескерер болсақ, жабық кеңістіктерде ұзақ емтихандар өткізу қаншалықты қисынды болмақ?

Бүгіннің өзінде, оқушылар арасында короновирус фактілердің орын алуына байланысты, қорытынды аттестаттау емтихандарын және соңғы қоңырау салтанатты жиынын өткізбеу керек деп санаймыз. Бұл ата-аналар тарапынан үлкен алаңдатушылықты тудыруда. Бұдан өзге, оқушылардың және мұғалімдердің денсаулығы басты назарда болуы қажет.

Осы орайда, Жұлдыз Сүлейменова Nur Otan партиясы фракциясының депутаттарының атынан бірқатар ұсыныстар айтты. Атап көрсеткенде:

Бірінші. Оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналар қоғамдастығының денсаулығын сақтау, COVID вирусының алдын алу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне 9, 11 сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім қабылдауды ұсынамыз. Індеттің алдын алуда бұл маңызды. Жалпы, мұндай тәжірибе қолданыста бар. Былтыр короновирус пандемиясына байланысты ҚР Білім және Ғылым министрінің 2020 жылғы 3 сәуірдегі 129 бұйрығына сәйкес,   9, 11 сыныптарға қорытынды аттестаттау емтихандары болмады. Сәйкесінше, қорытынды бағалар оқу жылының тоқсандық бағалары негізінде қойылды.

Екінші.  9, 11 сыныптарда қорытынды аттестатау өткізу пандемия және қашықтықтан оқыту жағдайына икемді етуге қатысты тиісті заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді және реттеуді ұсынамыз.

Үшінші. 6 мамырда ҰБТ басталғаны баршамызға белгілі. Осы орайда, Жергілікті атқарушы билік органдары Бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, ҰБТ тапсыру пунктерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына қатысты мониторингтік топтар жұмысының тиімділігін арттыруды өз жауапкершіліктеріне алуы қажет деп санаймыз.

Бұдан өзге, келесі ақпараттарды, атап айтқанда ҰБТ тапсыру пунктерінің «бір тестіленуші-бір компьютер-бір камера» қағидаты негізінде оқушыларды қабылдау дайындығы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы 611 бұйрығына сәйкес, ҰБТ тапсыру пунктерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, атап айтқанда әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке қорғаныш құралдарының, санитайзерлердің жеткілікті болуы, ҰБТ өткізілетін ғимараттардағы вентиляция жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету туралы ақпаратты қосымша жолдауларыңызды сұраймыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420