Елордада Алаш арыстарына ескерткіш орнатылады
Биыл елордада Алаш арыстарына ескерткіш орнату жоспарланған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған.
- «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, Тұран даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы аллеяға «Алаш» атауын беру мәселесі алдағы уақытта қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысында талқыланады. Сонымен бірге астана әкімшілігі осы жылы Алаш арыстарына ескерткіш орнатуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ескеркішті орналастыру нұсқалары қарастырылуда. Жалпы Алаш қайраткерлерінің есімін ұлықтау жұмыстары жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді вице-премьер сауалға берген жауабында.
Жалпы, бүгінде республика деңгейінде Алаш қайраткерлерінің есімдері 200-ден аса білім және мәдениет мекемелеріне берілген. Алматы қаласында, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында Алаш арыстарының есімдерімен елді мекендер, аудандар, алаңдар, көшелер мен түрлі нысандар аталып, оларға арналған ескерткіштер орнатылған.
Abai.kz