Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4963 0 пікір 3 Мамыр, 2012 сағат 10:43

Сауытбек сал

Арқалы ақын, күміс көмей әнші, әйгілі сазгер Сауытбек Ұсаұлының туғанына 140 жыл толды

Алматыдағы «Аруна» баспасынан 2005 жылы жа­рық көрген «Қазақ әдебиеті» атты энциклопедиялық анықтамалықта мынандай мәлімет берілген: «Сауытбек Ұсаұлы (1870, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қос­­құдық мекені - 1932, сонда) - ақын, «Аша­­ның алты салы» халық өнерпаздарының бірі ретінде мәлім болған. «Ақбөпе - Сауытбек» дастаны ел аузында сақталған. «Сақпанбайға», «Са­дыр биге», «Нәметқұлға» деген арнау өлең­дері белгілі. Мырзабай, Балқыбек ақындармен, Майса қызбен, інісі Сыбанбекпен айтыстары бар. Белгілі зерттеуші А.В.Затаевич С-тен өз ән­де­рін және бірқатар халық әндерін жазып алған».

Арқалы ақын, күміс көмей әнші, әйгілі сазгер Сауытбек Ұсаұлының туғанына 140 жыл толды

Алматыдағы «Аруна» баспасынан 2005 жылы жа­рық көрген «Қазақ әдебиеті» атты энциклопедиялық анықтамалықта мынандай мәлімет берілген: «Сауытбек Ұсаұлы (1870, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қос­­құдық мекені - 1932, сонда) - ақын, «Аша­­ның алты салы» халық өнерпаздарының бірі ретінде мәлім болған. «Ақбөпе - Сауытбек» дастаны ел аузында сақталған. «Сақпанбайға», «Са­дыр биге», «Нәметқұлға» деген арнау өлең­дері белгілі. Мырзабай, Балқыбек ақындармен, Майса қызбен, інісі Сыбанбекпен айтыстары бар. Белгілі зерттеуші А.В.Затаевич С-тен өз ән­де­рін және бірқатар халық әндерін жазып алған».

Энциклопедия - ғылымның белгілі бір саласынан немесе барлық саласынан мәлімет бере­тін ғылыми анықтама кітап. Мәлімет - қысқа да нұсқа, анық та айқын болуы керек. Ал, мына Саукең туралы жазылған мәлімет қосымша деректі қажет етеді. Мұны жазған адамның Саукеңді қомсынатыны көрініп тұр. Біздіңше, Сауытбек Ұсаұлы - айтыс өнерінің өрен жүй­рігі. Дастан «Ақбөпе - Сауытбек» емес, Сауыт­бектің «Ақбөпе» дастаны деп аталады. Белгілі ғалымдар Біржан сал мен Сара Тастанбек­қы­зы­ның, Мұсабек (молда Мұса) Байзақұлы мен Манат Бекбергенқызының айтыстарымен деңгейлес деп санайтын Сауытбек сал Ұсаұлы мен Ақбөпе Өтелбайқызының айтысының ауызға алынбауын қалай түсінуге болады? Саукеңнің сол кездегі ел ағалары Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинге жан күйзелісін айтып жазған күңіренген өлеңдері, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев әуелетіп шырқаған «Ақбөпе» әні неге аталмай қалған?

Жамбыл жарықтық: «Қайран Саукеңнің «Ақ­бөпесі», деп ыңылдап айтып отырады екен. Ән мен жырдың кені Кенен атамыз Сауытбектің әндерін жақсы біліп, орындаған.

Екі түрлі айтылатын «Ақбөпенің» шерлісі, Саукең ұзатылып кеткен сүйгені Ақбөпенің көшін қуып келіп, ит болып ұлып айтатын нұсқасының мәтіні мынау:

Маған айтқан, Ақбөпе, сырың, кәне,

Сауытбектің сені іздеп ұрынғаны.

Тұмсығында Ұланның қуып келіп,

Сауытбектің ит болып ұлығаны.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у-у, аһ-аһа!

Аралтөбе түбінде бес үй отыр,

Ақбөпеден айырылып несіне отыр?

Малым болса әрекет етер едім,

Кедейшілік қолымды кесіп отыр.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у-у, аһ-аһа!

Өміріміз жылаумен өтер ме екен,

Бармағымыз тістеулі кетер ме екен?

Адамзаттың түспеді рақымы,

Арызымыз Құдайға жетер ме екен?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у-у, аһ-аһа!

Бір жолықсам Ақбөпе шырағыма,

Осы даусым жетер ме құлағына?

Шыныменен кеттің бе, ақ балапан,

Қара құстың түйреліп тырнағына?

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у-у, аһ-аһа!

Шырылдатып қара құс кетті алып,

Шеңгелінде барасың естен танып.

Шерімізді зарлаған екеуміздің,

Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.

Ау, Ақбөпе, ау-у-у-у-у, аһ-аһа!

Біз білеміз, Саукеңнің «Ақбөпесіне» көз алар­тушылар көптен бері бар. Кезінде олар «Ақбөпе» Сауытбектікі емес, Иса Байзақовтікі» деп те даурыққан. Алайда, Саукеңнің де, Ақбөпенің де өмір­де болғаны, өмірден өткендеріне көп бол­ма­­ғаны дәлел етіліп, өрге баспайтын әңгіме тоқтаған.

Ал «Ақбөпені» дүлдүл ақын Иса Байзақов «Саукеңнің әні» деп орындаған, өзінің «Ақбөпе» поэмасы Сауытбектің «Ақбөпе» дастанының әсерімен жазылғанын айтқан. Сөйте тұра «Ақ­­бөпені» Саукеңе қиғысы келмегендер қиям­­пұ­рыс әрекетін қалай да бір көрсетіп қалумен келеді. Тіпті 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қазақ әндерінің» үш томдығында «Ақбөпе» авторы белгісіз, халық әндеріне қосылып кеткен.

Сауытбектің төл туындылары өзінікі болып қала беретіні ешқандай күмән туғызбайды. Тағы бір қуана айтарымыз: «Ақбөпе» «Қазақтың дәс­түрлі 1000 әні» үнтаспа жинағында Жамал Омарова мен Аяз Бетбаевтың орындауларында жарияланды.

«Ақбөпе», «Сұлукеш» әндерін жазып алып, «Қазақтың 1000 әні» жинағына қосқан А.В.За­таевичтен бастау алған Сауытбек Ұсаұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің үлкен шоғыры қалыптасқан.

Саукеңнің өмірі көркем шығармаларға да ар­қау бола бастады. Халық ақыны Белгібай Бек­тұр­ғанұлы «Ақбөпе мен Сауытбек» жыр-бая­нын, Әбді Шынбатыров «Сауытбек» атты пьеса жазды. Өмірімнің ең қажырлы кезеңі редакция столына таңылып өткен мен де бұл күнде Саукең тақырыбына бет бұрып отырмын. «Сауытбек пен Ақбөпе» атты сазды драма жаздым. Ол облыстық «Ақ жол» газетінде түгел жарияланды.

Уәш Асатовтың жазуы бойынша: «Сауытбек Ұсаұлы 1870 жылы Әулиеата уезінің Аша болысында (қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданында өзінің атындағы ауыл тұрған жерде) кедей шаруаның отбасында туған. Руы - күнту, оның ішінде мәмбет. Алты ағайынды болған. Үшеуі - Сауытбек, Тәтелбек, Сыбанбек өнер жолын қуған. Сауытбек пен Сыбанбек - ақын, Тәтелбек - күйші. Кенжелері Сыбанбек бес жас­­қа келгенде әке-шешелері өліп, алты ағайынды кедей жігіттер өмірдің небір қыспағын көреді».

Сауытбек шығармашылығы жайлы сөз бастамас бұрын оның туған жылы туралы әртүрлі пікір бар екенін айтып, шындығы қайсысы екеніне көз жеткізіп көрген жөн болар.

Қазақ совет энциклопедиясының 10-томында Сауытбек Ұсалы туралы біраз деректер беріліп, туған жылы 1870 деп көрсетілген. Жоғарыда біз «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анық­тамасында да осы жыл көрсетілгенін жаз­дық. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Айтыс (Сауытбектің інісімен айтысын айтады - Ә.Қ.) 1895 жылы басталады (екеуі екі жылдан кейін қай­та айтысқан - Ә.Қ.). Сауытбек жиырма жеті­де, Сарыбай бидің асында қақ жарып ән салып, аты елдің аузында жүрген кезі. Сыбанбек он жетіде екен», деп жазады. Егер Сауытбек інісімен алғаш 1895 жылы, екінші рет 1897 жылы айтысса, әрі ол кезде 27-де болса, шынында да 1870 жылы туған болады.

Шымкенттік ғалым Әсілхан Ос­панұлы: «Бүгінгі Түлкібас төңіре­гінде туып, бұрынғы Шымкент, Әу­лие­ата уездерінің талай жерін шар­лаған Бекең (халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлын айтып отыр - Ә.Қ.) 1924 жылы аяулы Ақбөпесінен арманда айырылған әнші-ақын Сауытбек Ұсаұлының Шудағы ауылында жаздай, күздей жатып, қайғылы ғашықтық хикаясына құлақ құры­шын әбден қандырып қайтқан-ды. Күллі күнгей Қазақстанға танымал, 1885-1934 жылдар арасында өмір сүрген Сауытбек Ұсаұлы мен 1889-1908 жылдары жасап, кер заманның кесірінен небәрі он тоғыз жасында қара жер қойнына кірген Ақбөпе Өтелбайқызының қасіретті тағдыры Бекеңнің өмір бойы азалап айтып өткен әніне айналды», деп жазады.

Неге екенін қайдам, ісіне мығым, білімді ғалым қатты шатасқан. Олай дейтініміз, осындағы бір де бір цифр дұрыс емес. Ә.Оспанұлына сенсек, Саукең 49 жыл өмір сүреді. Сөйтіп, Сауытбек пен Ақбөпенің жас айыр­машылығы 4 жас болып шығады, шындығы - 9 жыл. Өйткені, Ақбөп­е­мен айтысқанда Саукең 24-те, ал Ақбөпе 17-де. Олай дейтініміз, Саукеңнің айтыста былай дегені бар: «Он жеті, он сегізге жаңа келдің, Сен емес жасың кексе тарих көрген».

«Ақбөпе» дастанында Саукең мен Ақбөпенің жас айырмашылығы екі жерде айтылған. Дастанның кіріспесінде, қазіргі тілмен айтқанда, преамбуласында:

«Баладан малды артық бағалаған,

Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе?

Үш жыл жүрдім соңыңда үміт етіп,

Таппадым ешнәрсенің шартын, Бөпе!» - десе, төкпе жыр түрінде айтылатын негізгі бөлігінде:

«Малға сатты зарлатып,

Үстіне беріп әйелдің.

Жиырма жеті жасында,

Сауытбектің қиылды

Кедейліктен желкесі», - деген.

Бұл келтіріліп отырған үзінділер Саукеңнің Ақбөпемен айтысып, серт байласуы мен дастанның жырлануы арасында үш жыл өткенін көрсетеді. Ендеше, айтыс зерттеушілер анығына жете алмай, айта беретініндей, 1895 жылы емес, 1894 жылы өткен.

Сауытбектің өмірі мен өнерін зерттеушілер «Ақбөпені» дастан дейді. Бұл да дұрыс емес. Саукең, әлбетте, әдебиет теориясын білмеген, ұзақ өлеңін дастан деген. Ал дастан - эпикалық жанр, сюжетті ұзақ жыр, қисса. Саукең ұзақ жырларын сюжеті бар-жоғына қарамай дастан деп атаған. Мысалы, ол «Тұрармен амандасу» деген өлеңін былай бастайды:

«Оу, отырған көп туысқан,

Қызмет етіп берейін,

Сауытбектің тыңда дастанын.

Төрт дулаттың баласы

Қосылып қапты бастарың».

Бұл дастан емес, сюжетсіз ұзақ жыр, «Ақ­бөпе» де сондай. Дегенмен, осы уақытқа дейін дастан деп танылып жүрген «Ақбөпені» дастан деп сөйлеу анау айтқан ағаттық бола қоймас дейміз.

Ғалым Сейсекүл Исматова: «Қоғамдық пікір­де Сауытбектің туған жылы 1870 жыл деп қа­лып­тасқан. 1990 жылы Сауытбек Ұсаұлының ту­ға­нына 120 жыл толды деп танып, ел есінде қа­лар­лықтай мәдени және тарихи шаралар атқа­рыл­ды, Үкіметтің ономастикалық комиссиясы ше­шім қабылдап, ақын есімі туған ауылына, мек­тепке, Шу қаласындағы мәдениет үйіне берілді.

Мұндай алшақтық жағдайында басымдық ресмиленген пікірге берілуі абзал. Өйткені, біз құқықтық мемлекет нормаларын ұстануға ти­іспіз. Осы тұрғыдан келгенде С.Ұсаұлының өмір сүрген уақытын 1870-1934 жылдар деген тоқ­тамды қабылдауды жөн санаймыз», деп жазады.

Сонымен Мырзатай Жолдасбековтің жоға­ры­дағы бұлтартпас пікірі мен Сейсекүл Исма­тованың мына мәмілегерлігі Саукеңнің туған жылын 1870 деп білуге толық негіз болады.

Ал Саукеңді 1934 жылы өлді деу - бекер сөз. Сауытбек Ұсаұлы енген энциклопедияның бә­рін­де оның 1932 жылы өмірден өткендігі жазыл­ған. Марқұм Бақытжан Текебаев «Ақ жолда» жарияланған «Қойыпты «Алты бек» деп атымызды» атты мақаласында Шу бойының ақын-салдарының шығармашылығына жетік Мұрат молданың айтуынша, Саукеңнің Сәкен Сейфуллинге хаты 1931 жылы жазылған, дейді. Ал Уәш Асатов «Сауытбектің «Сәкен Сейфуллинге» деген өлеңі 1931 жылы сәуір айында жазылған», деп бұл пікірді растай түседі. Хатты Саукеңнің Балым деген әпкесінен туған жиені Смайыл Қалипанов Сәкенге апарып берген. Хаттың жазылу себебі - 1929-1931 жылдардағы Голоще­киннің «Кіші қазан» қиянатына азын-аулақ мал біткен алты ағайынды Сауытбек те ұшырайды. Саукең осы әуре-сарсаңға түскен күйін айтып, Үкімет мүшесі Сәкен Сейфуллинге шағынады.

Мұрат молда: «Смайыл С.Сейфуллиннің қабылдауында болып қайтқаннан кейін екі-үш ай аралығында Сауытбекті қудалау тоқтатыл­ғанымен, келер жылы ашаршылық қыспағынан Қырғызстанға жаяу ауып бара жатқан көп­ші­ліктің ішіндегі Сауытбек Ұсаұлы Тоқташ деген жер­де көз жұ­ма­ды», дейді. Мұны жуырда жо­лы­ғып, әңгімелес­ке­німізде келіні, жа­сы тоқсаннан асқан Шәмшия апай да растады. Бұл тарихи шын­дыққа келеді. Сол нәубет жылдары Шу тұрмақ, Арқа қазақтарының да көрші респуб­ли­каларға ауғаны анық, жолда сүйегі шашылып қалғаны аян.

Саукеңнің Сәкенге хатында мынандай жолдар бар:

Бір Құдайға бар шығар,

Айып-қате, мініміз.

Алпыс бірге келгенде

Ел ішінде қуғын жеп,

Осылай болды күніміз.

Қызық, бұл өлеңге ешкім назар аудармаған ба, немене? Мұнда бәрі анық қой, Саукең 1931 жылы 61-де, ендеше туған жылы - 1870, 1932 жылы 62 жасында өлген. Осымен Сауытбек Ұсаұлының туған және өлген жылдары жөніндегі ойлы-қырлы әңгімелерге нүкте қойсақ болады.

Сауытбектің арғы аталары ақын әрі діни сауатты адамдар болған. Бұған дәлел: Саукеңмен айтысқан інісі Сыбанбек:

«Түсінде үлкен атам алған өлең,

Өнерім одан бері сенен көрген», дейді.

Сондай-ақ, Сауытбекпен айтысқан ақын Майса қыздың: «Атаңыз - дін иесі, мықты дейді», дейтіні бар. Бұл мысалдар Сауытбектің текті атадан шыққанын көрсетсе керек.

Саукеңнің аталастары, яғни мәмбеттер аз, жиырмаға жетер-жетпес түтін болған. Мәмбет балалары шетінен өнерлі екен. Бұл жөнінде Саукеңнің:

«Бір атадан он жеті үй,

Естілсе егер жиын-той,

Домбыра ала шабамыз,

Өлең, сауық, тамаша

Ән менен күй, қызыққа,

Басынан құмар бабамыз», - дегені куә.

Сауытбектің ақындық жолының басталуы жөнінде әртүрлі пікір айтылады. Біреулер: «Сауытбектің ақындығы өзінің кенже інісі Сыбанбекпен айтысынан басталады» десе, Майса қызбен айтысын алға шығаратындар да бар. Шынына келсек, Саукеңнің бойындағы ақындық қабілет ерте танылған. Жас кезінің өзінде-ақ өткір өлеңдерімен ел аузына ілігеді.

Саукең Майсамен інісі Сыбанбекпен алғаш­қы айтысынан бес жыл бұрын, яғни 1890 жылы айтысады. Майса - Сауытбек шығармашылы­­ғына жетік деп саналатын Мұрат молда жазғандай: «Суан еліндегі Байта деген байдың қызы» емес, сәмбеттің қызы. Бұл жөнінде өзінің руы сәмбет Уәш ағамыздың айтқаны дұрыс.

Сауытбек пен Майсаның айтысы - халқы­мыздың қыз бен жігіт айтысының ең бір көркем үлгісіндей. Байдың шолжаң, сонымен бірге, ақылды, ақын қызы Сауытбектің кедейлігін, бір көзінің кемдігін бетіне басып, шайпау сөйлейді. Сонда Саукең қарсыласының бір сөзін де шашау шығармай, ұтқыр да тапқыр жауап қайтарып отырады.

Саукеңнің бір көзінің шетінде ағы бар екен. Майса соны кемдік көріп, өлеңге қосады:

«Көктемде сиыр қашар оқырадан,

Ауылым күнде базар топырлаған.

Мақтаншақ ақын деген әңгі келер,

Дәрі ме сұлу қызға соқыр адам».

Сондағы Саукеңнің жауабы адам таңданарлық:

«Тұрмысың бүгін көріп Сауытбекті,

Бір көзім бір көзіме ауып кетті.

Атақты Байта атаның сұлу қызы

Бетімнен қаншық иттей қауып кетті».

Саукеңнің: «Бір көзім бір көзіме ауып кетті», дегені тапқырлық қана емес, анатомиялық тұрғыдан да дәл.

Сауытбек - байлықтан да, бар­лықтан да өнерді, өлеңді жоғары қой­ған тұлға.

Саукеңнің Майса қызбен айтысы да, қолда бар Сыбанбекпен және Ақ­бөпемен айтыстары да оның алқынуды білмейтін айтыс ақыны екенін көр­сетеді. «Біздің қолда бар», деп қом­сы­нып отырғанымыз себепсіз емес. Сау­кең өз заманындағы өлең өнерінің көп өкілімен сөз қағыстырған, айтысқан. Мыр­забай, Балқыбек, Бармақ, Өзібек ақындар Саукеңмен талай рет айтыса жүріп, бір-бірлерін өте сыйлаған.

Саукең өз інісі Сыбанбекпен алғаш 1895 жылы, одан соң екінші рет 1897 жылы айтысқан. Бұл - қазақ әдебиеті тарихында бұрын кездеспеген айтыс. Олай дейтініміз, ағайынды адамдар ел алдына шығып, бір-бірінің намысына тиетін ауыр сөз айтып, айтысып көрмеген. Алғашқы айтысында інісін аяп, тізгінін тарта сөйлеген Сауытбек жеңіледі. 1897 жылы болған екінші айтыста Сауытбек:

Салмақты болар деуші ем қорғасындай,

Кісіге өнер бітпес жол ашылмай.

Көрерміз әніңменен бір қыз алсаң,

Есектің китіңдеген жорғасындай.

Басымда ән де, өлең де жеткілікті

Мың қойдың көлемі үлкен қорасындай, - деп інісін тұйыққа тіреп, жеңеді.

Саукеңнің Сабанбекпен 1895 жылғы алғаш­қы айтысын 1897 жылғы екінші айтысымен шатастыратындар да бар. Олар бірінші айтыс өткенде Саукең 27 жаста еді дегенді айтады. Бұл - жаңсақ пікір.

Саукеңнің ащы сөзі тұщы етіне тиген Сыбанбек сол жылы көкірек еліндегі Күртібай дегеннің қызын алып қашып әкеліп, Саукеңе былайша салмақ салады:

Санап бер, келін келді, береріңді,

Аяма қоқиланған беделіңді.

Әйел ал деп мазамды кетіріп ең,

Істедім үлкен ғой деп дегеніңді.

Жырлап берсең, көкірек риза болар,

Мың қойдың қорасындай өлеңіңді.

Мұны естіген бір ағамыз: «Өз сөзін өзіне табақ қып тартып, ағасын тағы да жеңіп кетеді», деген ой түйеді. Бұл - айтыста айтылған сөз емес, кәдімгі «аға - бордан, іні - зордан» дегенді білдіретін інінің ағаға салған салмағы. Саукең ағалығын адал атқарады. Бүкіл күнтуды жиып, келінінің қалың малын жинап, төлейді.

«Сауытбек пен Ақбөпенің айтысын» қазақ айтыс өнерінің маржаны десе болады. Кенесары Қасымовтың жасағында болған қыпшақтар отыз үй болып, Шу бойына тұрақтап қалған. Ақбөпе - солардың ішіндегі Өтелбай деген момын адамның қызы. Жастығына қарамай, өзімен айтысқан талай ақынды жеңген Ақбөпе бірден суырыла сөйлейді:

Бабамыз Арқада өскен тау басында,

Аз ғана қыпшақ кепті Шу қасына.

Отыз үй қыпшақ болып шамасында,

Отырмыз көп дулаттың ортасында.

Салмағым аз да болса, жеңіл емес,

Салса да таразының бір басына.

Сауытбек - ақын жігіт бар деуші еді,

Бұл сөзді терең ойлап болжасын да.

Бар болса бізге неге көріспейді,

Далада сырттап жүрмей кел қасыма.

Сауытбек сөзін қызды сыйлап, әдепті бастайды:

Ақбөпе, көңілің шат, денің сау ма?

Сайраған бұлбұл құссың сен бір бауда.

Өлеңмен Сауытбекті шақырған соң,

Жеткендей болды төбем асқар тауға.

Ақ тұйғын қанатымен қағып өтті,

Тор жайсам түсер ме екен жібек ауға?

Созғанмен қолым қысқа, жете алмайды-ау,

Шың тасқа ұясы бар биік - зауда.

Кезінде мен Сейсекүл Исматованың «Сауытбек ақын» монографиясына қуана пікір білдір­генмін, қазір осы шағын зерттеу мақаламен жұмыс үстінде оның ақын атамыз жөнінде баға жетпес еңбек жазғанына тәнті болып отырмын. Сейсекүл Сауытбек пен Ақбөпенің айтысы жөнінде өзінен бұрын айтқандардың сөзін сараптап, өзінен кейін айтатындарға айқын бағдаршам боларлық ой айтқан.

Басында бұл айтыс жөнінде өз ойымды кең толғап айтуды ұйғарып едім, Сейсекүлдің жазғандарына разы болып, райымнан қайтуға мәжбүр болдым. С.Исматова айтыстың барлық қырын өте әділ бағалаған.

«Ақбөпеге байланысты, - деп жазады Сейсекүл, - Сауытбектен үш туынды қалған: «Ақбөпе» дастаны, «Сауытбектің Ақбөпемен айтысы», «Ақбөпе» әні (сөзі де, әні де Сауытбектікі, ән сөзі - дастанның бір үзіндісі). «Сауытбек пен Ақбөпе айтысы» қыз-жігіт айтысына ұқсағанымен, одан біраз ерекшеліктері бар.

Сауытбек - талай топ жарған айтыс ақыны.

Мені таңдандырғаны Ақбөпе болды. Ақбөпе егесіп, есіп сөйлеген Сауытбектен бір мысқал да кем соқпайды, қайта асып түседі.

Айтыс финалында Ақбөпе:

«Тор жайсам деп едіңіз тоты құсқа,

Ойлама «жетпейді», деп қолым қысқа».

Ақ тұйғын шақырмай-ақ өзі барар,

Керетін торыңыздың жолын нұсқа.

Ойлаған мақсатыңыз орындалсын,

Қолыңды маған бергің, қолымды ұста», - дейді.

Әйелді күң санайтын заманда осылай сөйлеу неткен батылдық десеңізші!

Атақты «Біржан-Сара айтысында» Біржан теңі емес адамға кетіп бара жатқанын айтқанда Сара мүдіріп қалып, айтыс тоқтамайтын ба еді, ал Ақбөпе қаумалаған, ішінде өзін аңдып отырғандары да бар, топтан қаймықпай, Сауытбекке қолын ұсынады. Айтыс тоқтайды, екі ақынды да ғашық оты шарпиды.

Мен ойлаймын: «Сауытбек пен Ақбөпенің айтысы» - өз заманындағы ғажайып айтыс.

Халық өлеңінде «жігітке кедейшілік қой бақтырар» демейтін бе еді, ал Сауытбек ақынға кедейшілік ой бақтырған. Ол жарлы болғанымен, арлы болған. Өмірінде кездескен қиындықтың бәрінің төркіні - кедейшілік, соған ұрындырып отырған кер заман екенін Саукең жақсы білген. Біз орынсыз, коммунистік идеология екпінімен Сауытбек Ұсаұлын таптық санасы оянған күрескер еді дей алмаймыз, дегенде оның Ақкөз Қосанұлы көтерілісін құптағаны, тіптен, Ашаның адамдарын бастап келіп, белсене қатысқаны көп нәрсені аңғартса керек.

Жазушы Мақұлбек Рысдәулет; «... Ақкөзді ел басшысы етіп көтергенде, (ақ киізге отырғызып, хан көтергенін айтады - Ә.Қ.) Сауытбек ақын:

Хандығыңды құттықтап,

Қазақ елі келіп тұр.

Қазақ, қырғыз, төрелер,

Соңына сенің еріп тұр.

Меккеге барған қажы да,

Ақ батасын беріп тұр.

Абыройың асқақтап,

Балағыңнан өріп тұр.

Сөз қанжарын суырған,

Сауытбек бәрін көріп тұр, - деп толғап-толғап жіберіпті», деп жазды бір зерттеу мақа­ласында. Бұл Саукеңнің дауылпаз ақын екенін көрсетеді.

Сауытбек Ұсаұлы - өмірі екі бөлініп, бірінші жартысы ХІХ ғасырда, екінші жартысы ХХ ғасырда өткен ақын. Ол құбылмалы, қалтарыс-қағаберісі көп сол дәуірдің өкпек желінің өтінде соқтықпалы, соқпалы өмір жолынан өткен.

Ақбөпесіне жете алмай аһ ұрған ақын таби­­ғаттың заңынан аттай алған жоқ, екі рет үйленді. Алғашқы әйелі Күнбала өте ақылды, мейірімді жар болады. «Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, ол Саукеңді де, Күләй, Ләйлім деген қыздарын да, бір жасар ұлы Нәметқұлды да тастап, о дүниеге аттанып кете барады. Саукең:

Күнжаным ойға түссе, көп жылаймын,

Тарттырмас кісіге ақыл көп уайым.

Өкінгеннен өткен күн қайта келмес,

Нәметке өмір берсін бір Құдайым, - деп өзіне өзі тоқтау айтады.

Саукең одан кейін Бәтимаға үйленген. Ол әйелі де жақсы жар болған.

Сауытбектің жоғарыда айтылған екі қызы және де 11 ұлы болған. Ашаршылық, денсаулығын Ұлы Отан соғысына беріп келген үш ұлы: Нәметқұл, Телғара, Саттарқұл бірінен соң бірі өлген. Нәметқұлдан Тұран есімді бір қыз ғана қалған. Ол Ақыртөбе бекетінде, Телғараның әкесі өлгеннен кейін үйленген әйелі Шәмшия апа Таразда тұрады.

Ақын, сазгер, әнші Сауытбек Ұсаұлының мәлім де беймәлім өмірі мен толық емес шығармалары жөніндегі әңгімемізді осымен тәмамдап, Ақбөпе туралы айтарымызға көшейік.

Біздіңше, қазақ өнерінде Ақбөпеге жетерлік қыз кемде-кем. Он жеті жасар Ақбөпе Сауытбекпен айтысында сөз жарыстыру өнерінің өрен жүйрігі екенін көрсетеді. Образды орамдар, өзі көкейін тескен жігіттің аптығын басу, өз ата-бабасын мақтан тұтып дәріптеу, туған жерді қастерлеу сияқты айтыскерге аса қажетті қасиеттер мол дарыған, ел тарихына жетік ақын қыз өте әдемі жыр төгеді.

Мына жай анық: Сауытбек талантына табынушылар Ақбөпені тасада қалдырып қойған. Саукең сияқты алдырмас ақынмен айтыс тізгінін берік ұстаған Ақбөпе мұндай сөз бәйгесіне көп түскен сыңай танытады. Мұның үстіне ол - сол кездің ақындары іспетті өз сөзін өз сазымен сүйе­мел­де­ген сазгер. Ақбөпенің еріксіз ұзатылып бара жат­­қанда шырқырап, шырқаған «Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық?», Сауытбек қуып келгенде қоштасуға қия алмай, жылап тұрып айтқан «Да­­уы­сыңызды естіген соң шыдамадым», қоштасу мұ­ңын сыртқа шығарған «Жүрекке түскен жара­ның...» деген әндерін тауып, жаңғыртса, музыка мәде­ние­тімізге қосылған аз да болса саз үлес болар еді.

Сауытбек пен Ақбөпе өмірлерінде қосыла алмай, арманда кеткенімен, өнерде қатар аталатын ардақтылар. Әдебиет, мәдениет тарихынан Сауытбек Ұсаұлы алған орынды Ақбөпе Өтелбайқызы да иемденгені жөн. Ақбөпе - Сара, Ұлбикелермен деңгейлес ақын. Осыны біліп, бағалайтын кез келген сияқты.

Сөз соңында айтарымыз: шулықтар Сауытбек Ұсаұлының туғанына 140 жыл толуын осы биыл атап өтетін сыңайлы. Амандық болса, іс-шараны көрерміз. Билік басындағыларға айтарымыз жоқ: ақын есімі ауылға, мектепке, мәдениет үйіне берілгенін жоғарыда жаздық. Саукеңнің келіні, жасы тоқсаннан асқан Шәмшия апамыз: «Ағайындар атаның жерленген жеріне кесене, ескерткіш орнатса, жөн болар еді», дегенді айтады. Өте орынды пікір. Сауытбек Ұсаұлы - қазақтың атақты ақыны, бір рулы елдің ардағы. Оның есімін қазақ әдебиетінің білгірлері қастерлеп, энциклопедияларға жазып, мәңгілік етіп қойған. Ағайындары қасиеттеп, басын қарайтса, жақсы болар еді. Шүкір, Саукеңнің қолы ұзын аталастары аз емес...

Сауытбек Ұсаұлы - өте күрделі тұлға; ғашығын құшып, бір сәттік бақытқа бөленген жігіт; сүйгенінен айырылып, аңырап қалған шерменде; атақты Ақкөз Қосанұлы көтерілісіне Ашадан қырықшақты адамды бастап келіп қосылған азамат; замана зауалынан он бір ұлы мен екі қызынан айырылып, артында бір-ақ немере қызы қалған пақыр; отыз екінші жылғы ашаршылықтың құрбаны.

Шу елі, оның билік басындағылары Сауытбектің аруағын асыруды әсте естерінен шығарған емес. Сауытбек есімімен аталатын мектеп, ауыл, мәдениет үйі бары жақсы-ақ, енді өлген жері Тоқташта - мүрдесі осында шығар деген тұсқа қандай да бір белгі орнату керек.

Міне, енді шулықтар биыл Саукеңнің туға­ны­­­на 140, қайтыс болғанына 80 жыл толуын атап өтуді ұйғарып отыр. Осы екі атаулы күнді бі­­ріктіріп өткізу жөніндегі ұйғарым дұрыс болған.

Осы орайда Шу ауданының басшыларына мынандай бір ұсыныс айтқым келіп тұр, ол - Шу қаласында Сауытбек пен Ақ­бө­пеге еңселі ескерткіш орнатып, оның маңайын махаббат деген ұлы сезіммен аталатын шағын бақ етіп абаттандырса, құба-құп болар еді.

Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

ТАРАЗ.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019