Жұма, 29 Наурыз 2024
Алыстағы бауырым 5768 2 пікір 27 Мамыр, 2021 сағат 11:05

Украинадағы қазақтар Қазақстан халқына үндеу жасады

2021 жылғы 26 мамырда, Украинаның астанасы Киев қаласында, Украинадағы қазақ диаспорасының құрылтайы өтті. Құрылтайға осы елде тұратын қандастар мен Қазақстаннан делегаттар қатысты. Құрылтайға қатысушылар Қазақстандағы жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, мәдени реформаларға қолдау білдіріп, дүние жүзіндегі қандастарымызға арнайы үндеу жолдады.


УКРАИНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ
ОТАНДАСТАРҒА ҮНДЕУІ

 

Қымбатты отандастар!

2021 жыл – біздің Атамекеніміз Қазақстанның тарихы мен тағдырындағы ең елеулі, аса маңызды жыл. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр.

Адамзат тарихы үшін, отыз жыл аз уақыт көрінгенімен, біздің халқымыз үшін осы бір тағдырлы уақыт межесі отыз ғасырға татиды. Біз сан жылдар бойы ата-бабаларымыз аңсаған, сол жолда қанын төгіп, жанын құрбан еткен бостандыққа қол жеткіздік.

Ұлы Дала төсінде көк байрағы желбіреген, төрткүл дүние түгел мойындаған, Біріккен Ұлттар ұйымындағы барлық мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең Қазақ мемлекеті салтанат құрды. Бұл барша қазақстандықтар үшін, әсіресе, туған елден жырақта жүрген біздер үшін көңіл толқытар, жүрекжарды ұлы оқиға әрі баға жетпес құндылыққа айналды.

1992 жылдың қыркүйек айында, І Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында, алты құрлыққа тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың басы қосылып, бауыры бүтінделді. Сол алғашқы Құрылтайда Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бауырларға құшағымыз айқара ашық» деген атақты баяндамасын жасап, шетте жүрген қандастарымызды тарихи Отанына оралуға шақырған еді. Бүгінде миллионнан астам қандас бауырларымыз Атамекеніне оралып, туған елі мен жерінің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатыр.

Украинадағы қазақ диаспорасы да өз Атамекенінен ешқашан қол үзген емес. Біз қазіргі кезде Қазақстанның Украинадағы елшілігі арқылы да  тарихи Отанымызбен, әлемнің басқа елдеріндегі қазақтың қоғамдық ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып отырмыз.

Сонау 1994 жылдың өзінде Киев қаласында «Достық» қазақ мәдени орталығын ашуға қол жеткіздік. Сонымен қатар, Харьков қаласында қазақстандықтардың «Бірлік» қоғамдық ұйымы тұрақты жұмыс істеп келеді. Киевтегі ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаев атындағы қоғамдық кітапхана да Украинадағы қазақтардың рухани орталығына айналған. Өткен жылы «Отандастар» қорының қолдауымен «Абай» мәдени-іскерлік үйі ашылды.

Біз өз балаларымызға, немерелерімізге ұлтымыздың салт-дәстүрін, тілі мен ділін үйретіп, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін насихаттауды перзенттік борышымыз деп санаймыз.

Украинадағы қазақ диаспорасының құрылтайы осындай ауқымды да маңызды мақсат-мұраттарды көздейді. Біз Қазақстан мен Украина арасындағы саяси, экономикалық, гуманитарлық өзара байланыстың бұдан әрі де қарқынды дамығанын қалаймыз және осы жолда қазақ-украин халықтары достығының «алтын көпірі» болғымыз келеді!

Қадірлі қандастар!

Соңғы екі жыл барша әлем халқы үшін ауыр сынақ пен болжаусыз тәуекелдер уақыты болды. Төтеннен келген короновирус дерті біздің аяулы Атамекенімізді де айналып өткен жоқ. Осы орайда, біз – жырақта жүрген қандастар Қазақстаннан жететін әрбір ақпаратқа, әрбір жаңалыққа құлақ түріп, елеңдеп отырмыз.

Туған Отанымыз бұл сынақтан да абыроймен шығатынына, оның болашағы жарқын да жасампаз болатынына кәміл сенеміз.

Тәуелсіз Қазақстанның әр жетістігіне, әр жақсылығына жүрегі жарыла қуанатын алдымен біздер, өздеріңіздің бауырларыңыз екенін де риясыз көңілмен жеткізгіміз келеді.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Атамекен – Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мәңгілік болсын!

Халқымыз аман-есен, көк аспанымыз ашық, тірлігіміз бейбіт те берекелі болсын!

Біз Сіздермен әрдайым біргеміз!

Украинадағы қазақ диаспорасының
Құрылтайына қатысушылар

Ескерту: Материалды Abai.kz ақпараттық порталы редакциясының рұқсатынсыз, көшіріп жариялауға тыйым салынады.

Abai.kz 

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544