Дәурен Қуат. «Жаужүрек мың бала»
Кино әлеміне сергек қарап отыратын көрермен қауымнан сүйінші сұрамақпыз. Тырнақ алды туындысын экшн жанрында бастаған режиссер Ақан Сатаев қай-қашанда «Қазақфильмнің» алтын қорынан табыла беретін «Жаужүрек мың бала» атты тамаша дүниесін таспалап бітіріп, Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында тұсаукесерін жасады. Аталған фильмнің жарнамасы баспасөз біткенді жауалап алғалы да біраз болған. Бұл - режиссер бастаған шығармашылық топ пен «Қазақфильм» әкімшілігінің кино нарығындағы жарнама атты «жарты паташалықтың» да тілін түсініп жұмыс істегенін білдірсе керек.
Фильм, атының өзі әйгілеп тұрғандай, жаужүрек мыңбаланың әлем тарихында ең ұзаққа созылған жойқын ұрыс - қазақ пен жоңғар соғысы кезіндегі ерлік тағдырын паш етеді. Оқырманға түсінікті болу үшін «Мың бала» оқиғасының желісімен ойымызды ортаға салайық.
Кино әлеміне сергек қарап отыратын көрермен қауымнан сүйінші сұрамақпыз. Тырнақ алды туындысын экшн жанрында бастаған режиссер Ақан Сатаев қай-қашанда «Қазақфильмнің» алтын қорынан табыла беретін «Жаужүрек мың бала» атты тамаша дүниесін таспалап бітіріп, Алматы қаласындағы «Арман» кинотеатрында тұсаукесерін жасады. Аталған фильмнің жарнамасы баспасөз біткенді жауалап алғалы да біраз болған. Бұл - режиссер бастаған шығармашылық топ пен «Қазақфильм» әкімшілігінің кино нарығындағы жарнама атты «жарты паташалықтың» да тілін түсініп жұмыс істегенін білдірсе керек.
Фильм, атының өзі әйгілеп тұрғандай, жаужүрек мыңбаланың әлем тарихында ең ұзаққа созылған жойқын ұрыс - қазақ пен жоңғар соғысы кезіндегі ерлік тағдырын паш етеді. Оқырманға түсінікті болу үшін «Мың бала» оқиғасының желісімен ойымызды ортаға салайық.
Жалпы тарихта «Жоңғар шапқыншылығы» аталатын қалмақ-ойраттар мен шығыстан төнген жоңғардың қалың қолы қазақ ауылдарына қалаған кезінде ойран салып, ала-бүлік тудырады. Сондай бір кезекті қан-қасаптың қара дауылында бас қаһарманның әкесі мен анасын қалмақтар өлтіріп, жүрегіне жуылмас кектің көз жасын құйып кете барады. Далада қой бағып жүрген бас қаһарман - Сартай әке-шешесінен де, қасындағы серігінен де айрылып, жан сауғалап құтылады. Сөйтіп, сырын ішіне бүккен елсіз таудың қыран көзі шала бермес шатқалын жайлаған Назардай қарттың етегін паналап, өзіндей өндір жастармен туыстасады. Әр күнін көрік басып, қылыш қайрап, найза ұштаумен өткеретін Назар қарт (Тілектес Мейрамов) қазақ қолы жоңғарға жауап қайтаратын сәтті сарыла тосып қана қоймай Сартай, Қорлан, Таймас деген балаларды ат құлағында ойнатып, садақ тарту, қылыштасу, құйғытып келе жатып ай балта лақтырып, шалма тастауды үйретіп, жас ұландарды жауынгерлік рухта тәрбиелеуге кіріседі. Бір күні Назардың үш жетімегі таудан етекке түсіп, даланы көреді. Даланың кең тынысын сезінген үш боздақ «дүние неткен кең еді» деп тамсанады. Таудың тар қолтығында тығылып өскен «Мың баладағы» шер көкірек көкөрім жастардың жазира дала мен жарық дүниенің кеңдігіне ұмтылысы осыдан кейін алаш жұртының азаттығы үшін болатын аласапыран күреске ұласады. Үшеуі жаудан кек алмаққа анттасады. Сол анттасудан кейін түлейді түнде тінткен жолбарыстай жортыуылдап бастаған бұл үшеу аң соғып, әредік қазақ ауылын тонап дәніккен жауды қапысын тауып жайратып кетуді машыққа айналдырады.
Аң соғып, қазақ ауылын тонау дегеннен шығады, қазақ-қалмақ жаулығының ұлы далаға тән табиғаты фильмде шынайы көрініс тапқанын айтып өтуге тиіспіз. Қазақ ордасы өз алдына ұлыс атанысымен қаны қатқан жоңғар-ойрат бірде екпіндеп, бірде десі қайтқанын мойындай кері серпіліп, бірақ тынбастан үш жыз жыл тынышымызды кетіріпті. Аспан астын ат тұяғының дүбіріне толтырған бұндай аламан соғысты әлем тарихынан табу мүмкін емес, бірақ, ақиқат - осы. Әрине, үш ғасырдың ұлы арнасында қазақ пен қалмақ бірыңғай қылштасып, қидаласа берген жоқ. Дәл солай еткенде жер бетінен екі жауынгер халықтың да тұқым тұяғы тұздай құритын еді. «Жаужүрек мың баладан» да біз қазақ-қалмақтың бірде тату, бірде қату қарым-қатынасын көреміз. Рақымжан байдың (Төлеубай Аралбаев) ауылына той тойлап барған Назардың үш жетімегі - Сартай, Қорлан, Таймас жоңғар жасақтарының ат басын ірікпей келіп Жонон батурдың осыноу бейбіт ауылда тығыз жұмысы бар екендігін тепсініп тұрып ескертіп қайтқандарын естиді. Сөйтсе, Жонон батур Рақымжан байдың толықсып бойжеткен қызы Зерені баласына алып бермек көрінеді. Ал, Зере алғаш көрген бетте-ақ ай жүзімен Сартайдың жанарын арбап, жүрегін жандырады. Әдетте біздің режиссерлер (Ақан Сатаевқа дейінгі тоқсаныншы жылдардың толқынында танылған киногерлерімізді айтамын) қазақ тарихына қатысты кино түсіре қалса, сұлы көз, бүйрек бет, қара қошқыл немесе маңдайын жел, алқымын күн қаппаған қаланың аршын төс аппақ қыздарын экранға әлеміштеп шығара қойып жыныңа тиетін еді ғой, «Мың баладағы» Зере сұлулығымен, сыпайы сынық мінезімен, асық жары үшін тағдырдың қатал сынына тәукел ете алатын қайсарлығымен жаныңды егілтеді. Себебі жас актриса - Әлия Әнуарбек Зередей жаужүрек қазақ қызының кейіпіне бар болмысымен еніп келбетімен сүйсіндіреді, кемелдігіне сендіреді.
Фильмде ерлік пен махаббат қана емес, қатігездік пен қызғаныш та қатар өріліп, қапталдаса жүріп жатады. Зередей сұлудың Сартайға тілегін қосуы, Сартайдың қолбассылықты иеленуі Таймас батырдың жанын жегідей жей бастайды. Оның үстіне, қатар қанат жазысқан Қорлан ару да Сартайдың бағын үстеп, Таймастың сағын сындыра түсетіндей. «Бұл өзі қалай болды, - дейді Таймас Сартайды Зеренің ауылына алдап алып шыққан жолда қатар келе жатып, - қолбасшымыз да сен болдың, Қорланның да сен дегенде шығарға жаны бөлек». Қызғаныш Таймастың қолына садақ ұстатып, қорамсақтан сұр жебені суыртады. Сұр жебені суырған Таймас Сартайдың ту сыртынан тартып кеп жібереді. Сартай қансырап далада қалады. Кинодағы оқиға дәл осы тұсқа жеткенде көрерменнің әйгілі «Қыз Жібек» фильміндегі Бекежанмен қайта жүздесетіні даусыз. Өйткені, актерлік шеберлік дейтін дәрістің әліпбиімен толайым танысып үлгермеген талантты жас Аян Өтепбергеннің (Таймас) тегеуріні Бекежанмен буыны бекіп, бұғанасы қатқан шағында «беттескен» Асанәлі Әшімовтан кем соқпайды. Құдай тіл көзден сақтасын, қазақ киносына тағы бір ғажайып талант келді. Ол - Аян Өтепберген! «Қазақфильм» бұл баладан көз жазбай, шығармашылық қабілетін шыңдай түссе, біз Аянның талантына әлі талай қол соғатын боламыз.
Ақан Сатаев Аян Өтепберген сияқты өжет ұлмен бірге бас кейіпкер Сартай рөліндегі Асылхан Төлеповті де қапысыз тапқан. Қорлан - Құралай Анарбекова да режиссердің мінсіз шешіміне есеп. Кинодағы Таймас - Аян Өтепберген жауға мейірмсіз, қатал, суық, шиыршық атқан істің, мінездің адамы. Қорлан - Құралай Анарбекова көрікті, тұңғиық, ақылды, әрі бұрымын төбесіне түйіп өскен жаугершілік замандағы қазақтың қаһарман қызы. Сартай - Асылхан Төлепов -- жайсаң жігіт. Оның жанарында маздап тұрған от, мейірім дала жұртының даралығын дәріптеп, ақсүйектігін айшықтайды. «Болатын баланың» бар белгісі Сартай - Асылханның бойыннан табылып тұрғандықтан да ол киноның бас кейіпкеріне әбден лайық. Біз бұл үштік одақты енді бұдан былай «талантты режиссер Ақан Сатаевтың алтын қырандары» дейтін шығармыз. Неге десеңіз, жас буынды кино әлемінің зау биігіне көтеру - Сатаев сияқты саңлақ режиссерлердің ғана сыбағасына бұйырады. «Қазақфильм» АҚ-ның төрағасы Ермек Аманшаев пен режиссер Ақан Сатаев қазақ киносына жаңа ұрпақтың көшін әкелді. «Қазақфильм» «Жаужүрек мың баламен» қалғып бара жатқан қазақтың рухын дүр сілкінтіп оятты. Біз осылай дейміз. Осыны байлам етеміз. Советтік цензура мен Мәскеудің «қайшысынан» өтсе де көркемдігін, астарлы ойын алдырмаған аяулы аға режиссерлердің туындыларына еш өкпеміз жоқ, алайда сол асыл ұрпаққа мұрын шүйірген «жаңа толқынның» қазақ жанын жүдетіп, қазақ киносын тоқырауға салғанын ойласақ, «Жаужүрек мың бала» көрермен байқұс жылап көріскендей фильм болып шығыпты. Өзін Сатаевтың ұстазы санайтын Сатыбалды Нарымбетовтей сақа режиссеріміздің кейіпкерлері тілін бұрап, қазақты кемсітіп, көрден шыққан бейбақтың көлеңкесіндей көшіп, албаты адасып жүрсе, «Жаужүрек мың баланың» ұландары рух шақырып атойлайды. Қимылдары төтенше ширақ. Шетінен шырқ үйріліп тұр. Ат құлағында ойнайды. Бұл да «мың баланың» (яғни, жас артистер шоғырының) ендігі кезекте киносыншылар тарапынан ескеріліп отыруға тиіс ерекшеліктерінің бірі.
«Жаужүрек мың бала» оқиғасын әрі қарай жалғайық.
Әрқандай қылмысынан жазып, жазаға кесілген қазақтарды Бұхара саудагерлері сатып алып құлданатын базараға тап болған жаужүрек балалар құл иеленген кереуен жолын тосып жатып қандастарын құтқарып жібереді. Керуенді Жонон батурдің ұлы Аюр батыр бастап келеді екен. Дала заңы бойынша Сартай мен Аюр жекпе-жекке шығып, жеңіс туы Сартайдың қолында желбірейді. Қапыда жалғыз ұлынан айрылған Жонон батур Рақымжан байды алдына келтіріп, «Сартайды тауып, байлап бер немесе басын кесіп әкел» дейді. Фильмнің көрерменді толқытар және бір тұсы осы эпизод. Бұрынғы дала адамдарының парқын ұқпайтын режиссер болса, бірін кіжінтіп, бірін оның аяғына бас ұрғызып, кісінетіп қоя берер еді, Сатаевтың жоңғары мен қазағы үнсіз тілдеседі. Үнсіз арбасады. Екеуі де тағдырлы адам. Бірі қайғының запыранын құсып, құсамен отыр. Екіншісі жан сауғалап қайткенде жақынын жауға алдырмаудың қамы үшін қалтырап жүрген мұңлық. Сонда Жонон (моңғол актері Бэх-Очир Жаргалсайхан) жанарына үйрілген жасын жасырып, жүзін қолымен көлегейлеп: «Бұл - соғыс, соғыста бәрі болады» дейді. Бірақ кектің ісі кескілеспей тынбайды. «Аңырақай шайқасында» Жонон мен Сартай кездеседі. Әйткенменде Жононды Сартайдың бағын қызғанып оққа байлап, артынан айыбын қанмен жууға бекіген мәрт батыр Таймас өлтіреді. Сартай жоңғарлардың шашақты туын құлатып, шейіт болады.
«Арман» кинотеатрынан сыртқа ақтарылған жастар «өмірде Сартай, Таймас батырлар болды ма екен,ә?» десіп бара жатты. «Мың бала» - ел аузында сақталған ерлік дастаны. Аңыз. «Аңырақай шайқасы» туралы еңбегінде Манаш аға Қозыбаев «Мың баланың» тарихта да болғанын жазады. Мың балаға ұқсас жаужүрек ұлдар ертеде «алғадайлар» деп аталған. Алғадайлар - жекпе-жекке шығып, бас батыр үшін өз бастарын өлімге тіккен көзсіз ерлердің қосыны. Демек, «мың бала» кешегі аңыз бен тарихтың бүгінгі өнердің шыңы - киноға көшкен көркем нұсқасы. Бұлай деуімізге себеп - актерлік ойындардың шеберлігіне құрылған фильмнен шеберлерді шетінен көріп көзайым боласыз. Қазақ киносының корифейлері - Тұңғышбай әл-Тарази, Досқан Жолжақсынов, Төлеубай Аралбаев, Дінмұхамет Акимов, Саят Мереке, Болат Әбділманов, Омар Қиқым, т.б. Ресейдің Алтай аймағы аталатын өлкеден келген актерлермен, моңғолиялық әріптестерімен бірге «мың баланың» «ойнынында» жүр. Еуорпа үшін даңқты Шыңғыс ханның ұрпағы саналатын жоңғар-ойраттардың ролін сол жоңғар-ойраттарға жақын елдің актерлары ойнап «Жаужүрек мың баланың» мазмұнын байыта түскен. Шынында Сухээ Ариунбямба кейіптеген Аюр батур, Бэх-Очир Жаргалсайхан кейіпіне енген Жонон батур, Гомбо Золбооттың Улегей нояны «мың балаға» адамның жанын түршіктіретіндей суық, жат көзбен жауығып қарайды. Ойнап емес, ойдағысын орындап жүргендей әсер қалдырады.
Қысқасы, біз «Жаужүрек мың бала» фильмінен не түйдік?
Біріншіден, қазір сәнге айналған авторлық фильмдерді сол авторлардың өзіне қалдырып жұрт жапырыла көретін көркем фильм түсіруге болатындығын ұқтық.
Екіншіден, Қазақстанда кассалық фильм түсіру мүмкін емес деген ойдың ойыншығына айнала бермей киноның классикалық нұсқасы басшылыққа алынса, «Жаужүрек мың бала» бастаған фильмдер отандық экранды толық жаулап алатындығына көз жеткіздік.
Үшіншіден, «Жаужүрек мың баладай» туындылармен «Қазақфильм» шетелдік кинолардың экспанциясына тосқауыл қойып, кино нарығына иелік ете алатындығына (бұл пайымымызды алдағы уақыт дәлелдей түседі деген үміттеміз) қол соқтық.
Төртіншіден, шетелден танымал актерлерді шақырып шашылмай-ақ «Қазақфильмнің» шедеврлер түсіруге қабілетті екенін білдік.
Бесіншіден, кинонның идеологиялық қызметіне де мән бере алсақ, жастардың бойындағы рухты оятып, отан, ел тарихын жадымызда жаңғыртуға болатындығын мойындадық .
Алтыншыдан, жетіншіден,.. жүзіншіден. Осының бәріне мысалды «Жаужүрек мың баладан» табатыныңызға бек сенімді болыңыз, Алаш жұрты.
«Абай-ақпарат»
Суреттерде:
1. Сартай - Асылхан Төлепов
2. Таймас - Аян Өтепберген
3. Қорлан - Құралай Анарбекова
4. Рақымжан - Төлеубек Аралбай
5. Төле би - Досхан Жолжақсынов
6. Сартай мен Зере - Асылхан Төлепов және Әлия Әнуарбек
7. Сартай, Таймас, Сәбит - Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Дәурен Серғазин
8, 9 "Жаужүрек Мыңбала" фильмінен көріністер