Сәрсенбі, 23 Маусым 2021
Әдебиет 3724 5 пікір 2 Маусым, 2021 сағат 11:44

Ақын – ақиқаттың айнасы

Ақылбек Шаяхмет белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.

Қаламгер осы маусым айында жетпіс деген мерейлі жасқа келіп отыр.

Ақын тойы қарсаңында бұдан бірнеше жыл бұрын жазушы Сәкен Жүнісов жазған мақаланы ұсынып отырмыз.


Ақылбек інім – тұлғасы ірі, мықты ақынның бірі. Ақын – елдің елшісі, ақиқаттың айнасы десек, осы күні Алматыда да, Астанада да ақын көп. Олардың ішінде жақсы ақындар аз емес. Ал Ақылбектің ерекшелігі ол тамырын жерге жіберген, өзі туып-өскен құнарлы топырақтан нәр алған, барлық Еуропа мен Азия ақындарын терең оқып, жасыл жапырақтары жан-жаққа таралған, Наушабайдың Нұржаны, Басықараның Қанапиясы, Орысбайдың Ақсұлуы секілді арқалы ақындардың жырын жаттап, өмірін зерттеп, туған жерінде табан тіреп тұрғаны.

Сондықтан да ол:

«Іздеймін деп тірліктің басқа амалын,

Баққан жоқпын ешкімнің  қас-қабағын.

Беттемедім   өріне Алатаудың,

Қызықпадым төріне Астананың», – деп ағынан ақтарылады.

Ақылбек заман ау-жайын тап басып, Құлагердей тұлпардан жұртта қалған ит озған, атасыз шаңырақ, батасыз дастархан, біліксіз басшы, құлықсыз   қосшы   көбейген қоғамды   қаламының қайратымен қорғағысы келеді. Бұған дейін ондаған жыр жинағын шығарған, соның ішінде үлкендерге   де, балаларға да арнап жыр  жазған  ақын «Көзімді ашып-көргенім» деп аталған жаңа жыр жинағында ел тағдыры туралы толғанады, көппен бірге қиналады. Ақылбек Шаяхметтің поэзиясында әдемі сурет те, кесек ойлар да, тегеуірінді түйіндер де бар. Ол сан қырлы, жазық даланың алуан түрлі шөп пен гүлге толы, шалғын иісі аңқыған, еккен егіні шалқыған образын көкірегіне кұйған, сол даладан нәр жиған бал арасына ұқсайды. Ақынның өзі жазғанындай, ол қарағайға қарсы біткен бұтақтың қылқаны, бірде қуанышты, бірде қасіретті мәңгі әуені үзілмейтін  өмірдің қатты тартылған ішегі тәрізді. Оның дауысы кейде қатты шықса, кейде өте нәзік. Осы өмір заңын өнерде де тең ұстайды.

Ақылбек әуел баста орысы көп, қазағы аз Қостанай өңірінде могиканның соңғы тұяғындай болғаны, арпа ішінде бір бидай болып, ұлы Абай айтқандай: «моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным»,–  деп күңіренгені де рас. Бірақ, ақын осындай күйде жүріп қоғам өміріне белсене араласқан, «Қазақ тілі» қоғамының шаңырағын көтеріп, ана тілінің мұңын мұңдаған, жоғын жырлаған. Оның тағы бір қасиеті өзі үлгі-өнеге тұтатын қазақ халқының біртуар перзенттері Ыбырай, Шоқан, Бейімбет секілді жан-жақтылығы, әмбебаптығы. Ақылбек ұзақ жылдар бойы газетте де, радио мен теледидарда да қызмет  атқарды,  мәдениет саласында жұмыс  істеді, сүйтіп жүріп Қазақстан жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі қызметін қоса аткарды, «Ана тілі» газетінің саңлағы атанды, «Азаттық» радиосы мен Қазақ ақпарат агенттігінің тілшісі болып, қазақша жөне орысша екі тілде әдемі мақалалар жазды. Мәскеудегі Әдебиет институтын бітіріп шыққан Ақылбектің ақындық диапазоны кең, ойы ұшқыр. Оның Қостанай өңірінен шыққан атақты билер мен шешендер, ақындар   мен қоғам  қайраткерлеріне арналған «Пирамида» жинағы бір төбе болса, Қазақ радиосының алтын қорына қабылданған «Ақсұлу» драмалық поэмасы атақты айтыс ақыны Ақсұлу Орысбайқызының бейнесін толымды суреттеген туынды. Ақылбек Алаштың ардақтысы атанған Елдес Омарұлы туралы «Елім деп өткен Елдес» деп аталған деректі хикая жазса, тағы бір драмалық шығармасын Ахмет Байтұрсынұлына арнап, оны «Алғыс пен қарғыс немесе жарық пен көлеңке» деп атаған. Автордың кезінде «Дала қоңырауы» деген атпен газет шығарғанының өзі оның ұлтжандылығын, туған ел мен өскен жерге деген шексіз махаббатын аңғартса керек. Бүгінде қайта оралған тарихи жер атаулары, жаңадан ашылған қазақ мектептері, ана тілінде өтіп жатқан шаралар, түрлі әдеби кештер – осының бәрінде Ақылбектің ізі сайрап жатыр.

Ақындық қуат туған топырақтан нәр алып, сол топырақтың шөбін оттап, суын ішіп жетіледі десек, Ақылбек те асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. Ол Орта жүзге аты жайылған атақты Қазыбай бидің шөпшегі. Арғы аталары әйгілі Наурызбай бидің туысы, әкесі Алаштың ардақтысы, көрнекті ғалым Елдес Омарұлының аталас інісі, Ақылбек атамекені Қарабалықты қандай жақсы көрсе, өзінің кір жуып, кіндік қаны тамған жері Жітіқара өңірін де келістіріп жырлайды. Осы өңірде туып өскен Ақсұлу Орысбайқызының  өмірін зерттеп, әдебиеттану саласында да өзіндік үлесін қосады. Ақындардың тақтағы атанған Наушабайұлы Нұржанның «Алаш» деп аталған өлеңдер жинағы да Ақылбектің құрастыруымен және алғысөзімен жарық көрді.

Осының бәрін атқару, әрі журналист, әрі көсемсөзші болу, сүйте жүріп ақындық өнерден қол үзбеу ілуде біреудің ғана қолынан келетін шаруа. Ақылбек Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік Университетінде әдебиет алыптары туралы арнаулы курс та оқып үлгіреді. Қостанай өңірінің барлың ұңғыл-шұңғылын қамтитын «Қостанай» энциклопедиясын дайындауға ат салысады. Жергілікті теледидардан «Қазыналы Қостанай» деген айдармен әйгілі қоғам қайраткерлері, ақындар мен батырлар,   билер мен шешендер туралы хабар жүргізеді. Ақылбектің тікелей араласуымен Қостанайда кейінгі бірнеше жылдың ішінде ғана ондаған жас талапкер ақын-жазушының тырнақалды туындылары ұжымдық жинақтарда басылды, жеке кітап болып жарық көрді. Күні кешегі Бейімбет Майлиннің жастарға қамқорлығын енді Ақылбек жалғастырып отырса, нұр үстіне нұр емес пе?! Бірақ, Ақылбек Қостанай, Торғай ғана емес, барлық қазақтың ақыны. Ақанды Көкшетауға, Сегіз серіні Қызылжарға ғана телуге болмайды ғой. Ақылбек те солай. Оның жырлары жаздың жасыл жапырағындай, санасында сәулесі бар оқырманға сая бола алады.

Ақынның шығармашылық кештерінің бірінде мен оған деген халық ықыласының куәсі болдым. Өлеңді жазуын жазғанымен, жатқа оқитын ақындар бірен саран. Оқырманға екі тілде бірдей жауап беріп, келелі ой толғау да кез келген қаламгердің пешенесіне жазылмаған. Осы тұрғыдан келгенде Ақылбек алыста жатса да, астаналық ақындардан бір мысқал да кем емес, қайта, көбісінен биікте тұрғанын мойындау  керек.

Ақылбектің қолдарындағы жаңа жинағы оның өсу жолын, кемеліне келгенін, өзі осы кітаптың бір бөлімінің атын тауып қойғанындай, ой маржанын тергенін көрсетеді.

Ақынның жас кезінде жазған қызулы өлеңдерінің кітап болып шығарда көлемі өскен жоқ, шыққаннан кейін де сыншылар көзіне түскен жоқ. Бірақ, ақын мақтау күткен жоқ, жырларын жазып, тереңде жатқан ойларын қазып жүре берді. Ақынның жыр жинақтары – жылдар жемісі, ойлар өрісі, керек десеңіз, ақынның үлкен жеңісі десек те жарасады.

Ақынды көп мақтаудың  қажеті жоқ. Одан да оның жырларын оқыңыз. Сырларын көңіліңізге тоқыңыз. Ақыл алымын, ақындық қарымын сонда байқайсыз. Байқайсыз да, ризалықпен басыңызды шайқайсыз. Ақылбектің ақындық әлемі әдемі де әсерлі.

Cәкен сері Жүнісов,

Қазақстанның халық жазушысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Abai.kz

5 пікір