Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
Мектепке келе аласапыран айғайдың үстінен түстік. Оқушылар астық клетінің алдын мектеп кеңсесімен қоса бір-ақ қоршап алыпты. Дәл ортада астық тиелген екі үлкен жүк машинасы тұр, Хуаңхы тасқын апаты себепті былтыр күзде келіп біздің астық нормамызға ортақтасқан оқушылардың бір тобы сол тиелген астықтың үстіне шығып алған екен, жергілікті ханзу, ұйғыр сабақтастар сирақтарынан тартып түсіріп жатыр. Қонақтар шяужаңның бұйрығымен қайта шығады да Сыфан оқушыларының сүйреуімен қайта түседі. Тәртіп меңгерушісі ұйғыр сабақтастарымызға келе тиісіп, алдарынан бөгеп еді, олар кеудесінен итеріп-итеріп тастады.
- Біз не жейміз, шяужаң жауап беріп кетсін, - деп шуласады. Қасқа бас шяужаң мен көзілдірікті екі-үш «маман мұғалім» машинаны айнала жаза таяқтарын үйіріп жүр.
Қамауға түскен көк жалдай әр жағына бір арс ете қайырылып жүрген шяужаңның желкесінен Әшім жяугуан келіп қыса қойды бір кезде. «Талай генерал, талай ғалым оқыттым» деп кеудесін есіктей керетін қасқа бас желкесінен мытылған мысықтай бүрісті.
- Кімнің бұйрығымен қашпақсың?!... Мына мың оқушының астығын кім бұла деді саған?!- деп қадалған шұңғыл көз жяугуан бірдеңе деп міңгірлеген шяужаңды дедектетіп кеңсеге ала жөнелді. - Түсіріңдер астықты, жолдарына азықтық үшін екі дағарын қалдырыңдар!- дей кетті. Оқушылар астықты кілетке қайта кіргізіп, құлыптап тарасты...
VI
Мектепке келе аласапыран айғайдың үстінен түстік. Оқушылар астық клетінің алдын мектеп кеңсесімен қоса бір-ақ қоршап алыпты. Дәл ортада астық тиелген екі үлкен жүк машинасы тұр, Хуаңхы тасқын апаты себепті былтыр күзде келіп біздің астық нормамызға ортақтасқан оқушылардың бір тобы сол тиелген астықтың үстіне шығып алған екен, жергілікті ханзу, ұйғыр сабақтастар сирақтарынан тартып түсіріп жатыр. Қонақтар шяужаңның бұйрығымен қайта шығады да Сыфан оқушыларының сүйреуімен қайта түседі. Тәртіп меңгерушісі ұйғыр сабақтастарымызға келе тиісіп, алдарынан бөгеп еді, олар кеудесінен итеріп-итеріп тастады.
- Біз не жейміз, шяужаң жауап беріп кетсін, - деп шуласады. Қасқа бас шяужаң мен көзілдірікті екі-үш «маман мұғалім» машинаны айнала жаза таяқтарын үйіріп жүр.
Қамауға түскен көк жалдай әр жағына бір арс ете қайырылып жүрген шяужаңның желкесінен Әшім жяугуан келіп қыса қойды бір кезде. «Талай генерал, талай ғалым оқыттым» деп кеудесін есіктей керетін қасқа бас желкесінен мытылған мысықтай бүрісті.
- Кімнің бұйрығымен қашпақсың?!... Мына мың оқушының астығын кім бұла деді саған?!- деп қадалған шұңғыл көз жяугуан бірдеңе деп міңгірлеген шяужаңды дедектетіп кеңсеге ала жөнелді. - Түсіріңдер астықты, жолдарына азықтық үшін екі дағарын қалдырыңдар!- дей кетті. Оқушылар астықты кілетке қайта кіргізіп, құлыптап тарасты...
Ертеңіне таңертең естісек, шяужаң сол елу-алпыс оқушысымен түнделете зытыпты.
Сабақтастар үрімжідегі жемеңгер жадыгөйлердің үрейі тіпті шашылып кеткенін айтты. Бұларды «шыңғырта шашып» жатқан құбыжық. - Шығыс Түркістан төңкеріс дүмпуі екені бәріне түсінікті сияқты.
Біз мектепке қайтқанда биылғы оқу бітірушілердің ақырғы сынауына төрт-бес-ақ күн қалыпты. Өзіміз жуықта өтілген сабақтарды қалған сабақтастардың көшірмелерінен күндіз-түні оқып, төрт тәулік дайындалдық. Бірде-біріміз Кәменнің табасына, меңгерушінің қапасына қалмау үшін қасарыса-егесе дайындалып едік. Ынтымақ пен егес қайраты біріміздің миымызға сіңгенді бәрімізге бірдей сіңіргендіктен, күн ара сынау беретін сабақтардан үздік шықтық та отырдық. Кластан қашқан жетеуіміз осы он бес күнде дұшпанымызды табалаудан еріксіз таңдануға түсірдік. Сынау нәтижесі жарияланған тізімнің ең алдына сол «жеті қарақшының» есімі іркес-тіркес жазылып шыға келді, ортақ нәтижелеріміздің алды тоқсан неше, арты алпамсадай сексен болыпты.
Оқу бітіргендерді жиып жіберіп сөйлеген тәртіп меңгерушісі мектептің бізге қолданған жазасын ірі тістерін ақсита тұрып жариялады. Мінездемемізді ең төменгі шекке түсіріп, одан жаза үшін жиырма номер тартыпты. Мұндай «қырық номерлі ғана мінезі бар» бітірушілер мектеп бойынша сегіз екенбіз. Бірі Юсуф Қасым көрінеді. Бізден бір күн кейін қашып, сол бойы құтылып кеткен ол өзіне нөл қойылса да мыңқ етпейді ғой. Біз де тым өкпелей қойғанымыз жоқ, ортақ нәтижеміз сонда да алпыс-алыпыс бес номер екен. Әйтеуір «жигырына»1 түгел жарап шығыппыз. «Диплом тисе қызмет алу шартымыздың толғаны. Бұл табысымыз батыс жаққа өтіп алуымызға да ыңғайлылық тудырады ғой» дестік. «Қарақшылықтан аман» қалған сабақтастарға үш күннен соң-ақ диплом мен қызмет жолдамасы шыға бастап, екіден-үштен кетіп жатты. Азайған сайын алаңдап, алаңдаған сайын азып-жүдеп барамыз. Қоштаса-қоштаса жиырма шақты күн ішінде қошқардай бөлініп жеті қарақшы ғана қалдық.
Мені қайту қамы емес, Нұрия қамы тынышсыздандыра түсті. Диплом шыға қалса Жемсарыдан іздеуге асығып жүрмін. Бірақ, Нұрия Жемсарыға әкетілген болса, оны білетін Кәмен алдымен асығуға, жаздық демалыс басталысымен кетуге тиісті еді. Нұрия жоғалғалы мектептен ешқайда шықпапты. Әлі де бұрынғысынша бізді бақылаумен ғана жүр. Басқа ешқандай алаңы да, арманы да жоқ сияқты. Неден екені белгісіз, есі ауысқан немесе мас болған адамша бұлғақтап, бізді баспалайды да жүреді. Бұрынғы асқақтық-аусарлығы да жоқ, еріксіздік пен көңілсіздік шыжғырғандай бұл күйкі күйіне қарап, біз тиіспей де тіл қатпай аңыстадық. Ынтықбай арқылы ғана сыр тартып, Нұрия мен түрмедегі әкесі туралы сұрастырып байқадым, білмейтінін айтып, ант су ішіпті. Жемсарыдағы нағашысының әдресін де сұрапты Ынтықбай, Кәмен кідіріссіз айтып, жазып та беріпті, «сенбесеңдер барып сұраңдар» дегені сияқты.
Мектепке қайтып келген күннің кешінен бастап Күләнмен кездесіп тұрдым. Біз тауға қашқан кезде Ақылбай қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының «үгіт қызмет» сылтауымен тауға және кетіпті де, төрт-бес күннен соң жасырын келіп қайтыпты. Іле жақтан Шиху, Сауан аудандарындағы партизан қозғалыстарын тәртіптестіру қызметіне тартылғанын, ең ұзағанда екі ай сол тауда болатындығын айтып, Күләннің разылығын алып қайтыпты.
- Ағаң Үрімжіде тұрса тұтқындаларына көзім әбден жетті. «Қатерсіз жағдай туылғанда бір-ақ қайт, алаңсыз күтемін» деп аттандырдым,- деп күрсінді Күлән.
Беретін сынауым біткенше Күлән маған Нұрияның табылатындығы жайында үмітті сөздер айтып, көңілдендіріп тұрды: «Жемсарыдан шешемнің бір бөлесі келіп қайтқан, соған тапсырдық. Егер Кәменнің нағашысы жақта болса, ол таппай қоймайды. Өз үйіне ұрлап келтіріп алып, хабарын жеткізбек болды. Тез арада хабарлайды» деді.
Онан кейін бір барып кездескенімде, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының клубы түрмеден шығатын «үш аймақ» адамдарын жатқызуға даярланғанын айтты. «Әр күні үштен-төрттен шығып келіп жатыпты. Келетіндердің тізімінде Нұрияның әкесі Үмбетбайдың аты да бар екен. Ол кісі шықса әрқандай жерден іздестіруге де мүмкіндік туылады ғой!»
Өшіп бара жатқан үмітімді осылай үрлей жылтылдатып жүрген Күлән, мектеп сынауы аяқтап, нәтижеміз жарияланып болған соң, мені көрсе-ақ жылайтын мінез тапты. Күлімдеп тұратын өткір қара көзі мөлтілдеп жасқа тола қалады да, сырт айналып, екі алақанымен бетін баса солқылдайды.
- Өлгенін естімесең неге жылай бересің Күләш, осыныңды ғана айтшы!- деп өтіндім бір ретте. Төр үйінде оңаша отырғанбыз. Үн қатпай тұқыра егілді. - Әлде ағайдан хауіптенемісің?!
- Жоқ, оны өзім аттандырдым ғой, Мұсатайдың керісі ғой... Жаудан кек алуды айтып жібердім, одан хаупім жоқ... мен... сендер үшін... сендердің жүректерің... сен бұлай жүдегенде... ол ерекше еді ғой!... Қандай халге түсті деймін!- деп Күлән қайта егілгенде мен кеңк ете түстім. Қасіреттің қатты қысталып тұрған көлінен саңлау таба қойған ірі тамшылар ыршып-ыршып кетіп еді, Күлән көзін сүрте салып жалт қарады.
- Кел, соның бір әнін айтайық!
- Қайсысын?- дегенді әрең айттым да, өзімді өз уысыма алғандай түйіліп, беки қойдым.
- «Япыр-айды»... өзіңе алғашында... сәлемдемеге жіберген әні еді ғой,- деп Күлән да бекемделгендей тамағын кенеп алып, ширақ әуенмен бастай жөнеліп еді, Нұрияның өзі таңдап қосқан өлеңінің бір шумағын аяқтата алмай, екеуміз де еңк-еңк етіп қалып тоқтастық. Үнсіз жылас, тілсіз дағдырыспен отырып қалыппыз. Жан қалталарымды сипалай бердім. Нұрияны аңсап, тауда жазған өлеңім түрме тінтуінде жоғалғандықтан есімде қалғаны бойынша қайта жазғанмын. Соны тауып ұсындым Күләнға:
- Өзім оқып бере алмаспын қазір, соған арнап жазғанмын, - деп ұсындым.
Көзін сүрте отырып, екі қайтара оқыған Күлән:
- Өлмепті!- деп қалды да бармағын тістей жылады.
- «Өлмепті» деген осы сөз «өлген» дегендей мағынасымен миыма шоқтай басылды:
- Өліп...пе? - деп ышқынып қалдым. Күләннің ширай қойғаны сезілді.
- Жо-жоқ, кім айтты?... Айтпашы мұндай сөзді!... Өлмес, әлі-ақ көрісерсіңдер.... мұндай өлең арналған адам мәңгі жасайды дегенім ғой...
Күлән оқыс сөзін осы сөздермен жуып сендірмек болса да, мұндайда аса бекем болуды, жас адамның мұндай күйіктен қатерге ұшырайтынын да ескертуі күдігімді қоздыра түсіп еді.
- Өлеңге ән жасап көрейін, өзі келгенде қосылып айтармыз,- деуі ғана үмітімді демегендей, мүлде өшірмей жылтыратып шығарды.
Ертеңінде таңертең сол көңілсіз қалпымызбен асханаға кірдік. «Жеті қарақшы ұрлаған үркер қызындай» тығылып Кәмен де қарап тұр бір жағынан. Жақыннан бері тіпті өлегзи күзететін болған. Диплом мен қызмет жолдамасын күттіріп сарылған сағыз күндерді аяқтастырардай айқайлай кірді тәртіп меңгерушісі:
- Жетеуің тамақты тез жеңдер де, тізіліңдер!- деді. Үмітіміз жанғандай жадырай шығып, тізіле қалдық.
Кәмен соңымызда, меңгеруші алдымызда, қақпадан шығып құлдай тарттық.
- Жолдамамызды оқу-ағарту меңгермесінен төте беріп, тағы да өсиетпен тартпақ шығар,- деп Шақан күбірледі.
- Жоқ, кісім, мынаның түсі тым суық, басқа шарасы бар ма екен әлде?- деп Ынтықбай күбірледі.
Соңғысы расқа шығатындай, меңгермеге бұрылмай өте шықтық. Нанляңның ұзын көшесі жайылған қалың жаймамен, дуылдаған қалың саудагермен және аларманмен азан-қазан болып жатыр.
Бұл базар ішкеріге қашатын жемеңгерлердің дүниеліктерін арзанға сататын базары екенін ұққанбыз. Көтерілген сәскенің тымырық ыстығынан терлеп келе жатқан біздің көңілімізге бұл сасқалақ базар самал соқтырғандай, жайлы леп береді. Жаза майданына апара жатпағандай сезілсе, жадырап, желпіне жүрер едік. «Заманның қай сыры, маманның қай қыры» тап боларын ойлап, жерге қарай береміз.
Алаңға жетпей бұрылып, «мәдениет клубының» қақпасынан кірдік. Ауланың түп жағындағы шағындау залға кіре бергенімізде жазаға емес, азаға әкелгенін түсіндік. Зал төрінде қызыл-жасыл болатпен безелген кішкене сахна құрыпты да, Ғұпыр таздың үлкейтілген суретін қара лентамен көмкеріп, дәл төрге іліпті. Үш жүз шақты адам соған қарсы қарай тізіліпті. Көбі біздің ұйымнан ұсталған адамдар екен. Тұс-тұста қарулы сары аяқтар тұр. Көпшілікті жара жүрген меңгеруші бізді ең алдына қатарлады.
Сахна маңдайшасы мен босағасы, зал қабырғалары түгел ұйғырша ұрандармен толыпты. «Батыр Абдығұпыр мәңгі жасайды!» «Мархұм Абдығұпыр мәңгі тірі!» деп айқайлағандай бадыраяды.
- «Батыр Репқат мәңгі жасайды!» десе сияр еді,- деп Серәлі күбірледі.
Қалпағын баса киген Таз суреті тірісіндегідей сес көрсетіп, түксие қарайды. «Сен де келдің бе, басыңды и, мойында» деп тікірейгендей.
Аза сахнасының алдына бірнеше жуанды «бастап» Бұрһан Шаһиди шықты. «Бастап» шыққандай көрінгенмен айдалып шыққаны айқын ұғылғандай. Артындағылар қошаметтегенсіп, итермелей берді. «Сіз сөйлеңіз, сіз сөйлеңіз!» деген ханзуша күңкілдер естілді.
Ұзақ түрмеден жаңылшақ болып шыққаны ма иә бұл араға сөйлермін деген даярлығы жоқ па, «нісі-нісі» деп бөгеліп, тым кібіртіктей сөйледі ғалым. Өзі сияқты сөзі де нарау, жүдеу басталды. Шың Шысайдың алғашқы қызғылт дәуірінде «Алтайдан әз келді, Үрімжіден Таз келді, көктен Бұрһан түсті, жерден Шұрқан шықты...» делінгеніндей, талай мығымдардың жиынына, сөздің қиынына қатынасып өскен шешен сөзден жақұты емес еді, мына Таз жаудың батырлығынан жағжұты болып қиналып тұрған сияқты. Берекесі шашылған сөзінен өзі де қысылғандай тершіп, қызыл сары жүзі нарт қызылға айнала қалды бір кезде, үкімет «батыр» деп жариялаған соң, аза жиынында батырлық құрап бермеуге еріксізденіп күшенгені екен.
- Мархұм Абдығұпыр Үрімжіні зор қырғыннан сақтап қалды, - деп жуан басын изей сөйледі енді, - Ғұпыр ахұн болмаса, неше мыңдаған азамат, оның ішінде мына тұрған сендер де қырылатын едіңдер... Сондықтан, оның рухы Үрімжі халқымен мәңгі бірге жасайды!..».
- Ғалым шырақтар да «сондықтанына» жауап табу үшін талай соқпаққа ұрына береді екен-ау?- деп күрсінді Қуат.
- Таз тажалдың орнына оны дер кезінде өлтірген Репқаттың атын қойса бұл сөз алтынмен жазылған арнаудай болар еді ғой?- деп Ынтықбай түксиді. Мен оларға кешірім ойлата күбірледім:
- Қатердегі басын осындай жел сөзбен құтқара тұрғаны да жөн шығар, аман болса талай септігін жасайды бұл кісі бізге!
Бір жуан сұр залдағыларды «үш минут азаға» шақырды, жуандардың бәрі суретке қарап тұра қалғанда, арт жақтан әскери бұйрық шақ ете түсті:
- Ли жың!1... Абдығұпырдың құрметіне үш минут тағызым!
- Бас имей, осы ли жыңына ғана тұралық, - деп жолдастарыма күбірледім, - сылтауға дін жауабы бар.
Өзім бұл үш минутты залға қиырлай қараумен өткіздім. Алдағы жуандардан басқа ешкім бас имей, бізше кекірейе қарап тұра берді. Басқарушылар осы райды байқап, көпшіліктің қосылмағанын өздеріне сәтсіздік келтіретінін білсе керек, ұран шақырмай-ақ тарауға бұйыра салды.
Меңгеруші бізді тізілген бойы ертіп оқу-ағарту меңгермесіне апарды. Жаза кесімін естіртуге осы аза күнін белгілеген екен. «Себепсіз салдар жоқ» екенін қаншалық қанқұйлы болғанымен Гоминдан да біледі ғой, осы қаралы жиын арқылы «қылмысымызды» аңғартса қыңқ етпей дабырасыз көнетіндігімізді ескеріпті:
Алдыңғы жылы тоқ соққан Тоқты Сәметтің өлім себебін жаба тоқып жасырып кеткен керди сұр бастық есіктен шығып, бізді шола қарады. Қолындағы қағазды жайып, жетеуіміздің атымызды шақырып, азуын баса сөйледі:
- Аза жиынына қатынастыңдар, кім өлгенін көрдіңдер, а... көрдіңдер. Сендердегі мәселе туралы... Біз білмейміз, саяси басқарманың тапсырмасы осы, сендерге үш шарт қойылған: бірінші, 1945 жылғы 5-ші айдың соңынан бастап екі жылға дейін Үрімжі қаласынан басқа жерге бару құқықтарың алынды; екінші, сол екі жыл ішінде қызмет сұрау құқықтарың алынды; үшінші, жастықтарың үшін, кенже қалған жарты миларыңды толықтыру үшін үкімет расхотымен оқытамыз, бұл - қамқорлық! Ұқтыңдар ма, жоқ па?... Бүгіннен бастап Шүнлянтуанға1 өттіңдер, мерзімі бір ай. Қалған орналастыруды сонан соң көреміз, ұқтыңдар ма, жоқ па?... Барыңдар, меңгеруші өзі апарып салады.
«Көшеге шығу құқығымыздан» да айырылып, түрмеге түсіп қалмау үшін сілтеген жағына үнсіз жүре бердік. Шүнлянтуан дегені қайталай тәрбиелеу ретіндегі үш айлық саяси курс еді. Шинжяңға Гоминдан үкіметі орнағалы аудан бастығы дәрежелі мәнсаптылар кезектесіп осында оқып жатқан. Бұл кезегінің айлық қана болып ашылғанына шүкіршілік айтқандаймыз. «Құтылу орайы соны бітірісімізбен-ақ табылар» дестік.
Сыфан мектебінің сырт жағындағы дөңге Бахулан сайын кесе өрлей салдық, «Шүнлянтуан» мектебі сонда еді. Тағы да меңгеруші жетектеп, Кәмен айдаған малша тізіліп жеттік те, жүгімізді мектеп арбасы әкеліп тастады. Мұндағы әскери-саяси шонжар меңгерушілердің алдында біздің меңгерушіміз каукелек қақты. Арс етіп ала түсе алмайтынын байқап, қайтуға беттегенінде соңындағы Кәменді ұстай алдым. Жол-жөнекей ақылдасуымыз бойынша Ынтықбай жетіп келді де:
- Кәмен, үш жыл дәмдес болдық, ақырғы ақылымыз болсын,- деп сүзе қарады, - Нұрияның жоғалуы сенен болғаны анық. Оның құтылу жолын енді өзің ашпасаң ажалың бізден болмақ!
- Біздің өлмейтінімізді қаншалық ақымақ болсаң да түйсінген шығарсың,- дедім мен, - Нұрия сынды жазықсыз жас жан іздеусіз, сұраусыз кетпек емес, әкесін өлтірсең де туысын, туысқанындай қиысқан дос-жарандарын өлтіріп бітіре алмайсың!... Кінәңді жуатын кезең де осы кез. Жақыннан бері тірі өлік болған сиқыңнан енді түсіне бастағаныңды байқаймыз. Біреу ерте, біреу кеш түсінеді. Бірақ, бұдан ары кетсең аспанға ұшсаң да құтыла алмайсың! Енді айт бізге, қазір қайда?... Жөнін айтсаң ол құтылады, ал сен ол құтылғанда ғана құтыласың... Қаныңа мұқтаж емеспіз, сондықтан ақырғы рет сұрап тұрмыз!
Кәменнің маңдайынан тер бұрқырап, өңі күреңіте түсті, қызарған сарғылт көзі жасаурай қалды.
- Менің де өздеріңдей сорлы екенімді кейінірек... түсінерсіңдер, Нұрияның жоғалуы оллаһи менен болған емес, білмеймін!
- Сен білетін боласың да, біз білдіреміз, онан да өзің құтқарып жібер,- деп қоя бере салдым.
Сол күні жатын орнымызды ыңғайлап алуға демалыс берілді. Дайын ағаш керуеттерге төсеніштерімізді жая салып, қақпа алдына шықтық. Өзіміз көрген жоғарғы Қызыл тау жағы тастақты белес, қалың зират еді. Сонда былтыр жерленген Момынбай мархұмның сайғақ ағаш мектеп қорғанының шығыс жақ іргесінен ғана көрінді. Соған барып құран оқып едік. Аржағындағы цементтеп қатырған сәулетті жаңа зират «мен мұндалап» көзімізге шалынды.
Таңертеңгі аза сахнасының маңдайшасына жазылған ұран осы зиратта тұр. Ғұпыр Таздың «өлмес» ескерткіші екен. Қаһарлы ашу қолымен қату тиген балға немесе керке, іргесінің әр жерін әлден-ақ қопара жарыпты, зират үсті дәретханаға айналдырылып, «даңқты ескерткіш» сары ала, қызғылт қоңыр, көк бөрте жапалармен әлем-жәлем «безеліп» қалыпты. «Мәңгі жасайтын қаһарман» әлден-ақ асарын асап болған екен.
- Қожасына ұстап бере алмаса да, дәлелдеп көрсете кеткен «еңбегі» үшін біз де дәм татыра кетейік, - деп Серәлі шаптырып болған соң, Шақан да жалпиып отыра кетті...
Аты дардай саяси мектеп аталғанымен, «Шүнлянтуан» да өз алдына бір күлкінің ұясы екенін байқадық. Оқытушылары майордан генаралға дейінгі сыпыра «данышпандар» болғандықтан, сақалды оқушыларын мұрнын сүртуден бастап қайта тәрбиелеуге кірісті.
Ақ сәлдебоздан бір-бір төсек жапқыш берді де, ағаш керуетке тегіс жайылған көрпелерімізді сонымен қымтатып, ағаш сылақпен ысқылатып, сылатып үйретті. Құйған кірпіштей қырланып, төрт бұрышталып шыққанға дейін ысқылаймыз. Бір айлық курстың бас сабағы осы екен. Таңертеңгі бір сағатта терлеп-тепшіп осыны «оқимыз» да, тізіле салып, алаңды айнала жүгіреміз. Бұл сарпылдақ дене тәрбие емес, қиын қыспақты екінші сабақтың қоңырауы іспетті еді. «Тәңір таразысы - қыл көпірден» өтердей жияугуандардың өздері де қысыла тершіп, қодырайысып алады. Жүгіртіп әкеліп бір-бірден қазықша қадап, төбемізден баса тоқтатады да: «Шапкыңды түзеп ки!» деп бірі, «аш қабағыңды, көтер иегіңді!» деп бірі сақылдайды... Кіші жяугуандар солай зықынасып болған соң «қалай, мынауымыз» дегендей өз бастықтарына жаутақтасады.
- Алып тастаңдар жанқалталарыңдағыны!- деп бізге енді бас жяугуан сұқтанады. - Сымдарыңның түймесіне сақ болыңдар, Санмужаң келгенде ашық тұрмасын!... Әйя, ол бір қарағанда-ақ ішегіңдегіні көріп қояды... Атылатын жолбарысша қарап, өз аттарыңды дауыстап атаңдар!...
Бас жяугуан дара-дара қалшиып, сирек тізілген үш жүз шақты курсантқа осы өсиеттерін айта жүріп, арт жағына жалтақтаумен болады. «Санмужаң» деп қана аталатын ақ қолғапты, сары саржы киімді курс меңгерушісі мамырлап келе жатқаны көрінгенде ғана жақтары тынған жяугуандар тінтуге бар мүлкін жайып салғандай, сытылып алыстап шыға береді.
Аса қымбатты бірдеңесін жоғалтқан кісіше тімтіне тікірейген бастық әрқайсынымызға «сенен басқа ешкім алған жоқ» дегендей шыраймен қадала қарап бір тоқтайды. Әр-қайсынымыз «ақпын да саумын» дегендей раймен атымызды ақыраңдай атап қаламыз. «Атылатын жолбарысша», қабаған итше немесе құтырған қасқырша көрінетін кескінімізге көбірек тігілетін бастық, егер өзі сау, ақылды адам болса, біздің бәрімізді де құтырғанынан сау емес деп иә атқысы келіп тұрған ыңғай жаудан басқа жай адам жоқ деп түсінер еді. Өзіне азуымызды қанша бассақ, сонша сүйінетіндей, көзімізді шадырайтқанша қарап тұрып алады, бойымыздағыны көзіміздің ағынан көретін «гипноз» сияқты тесірейеді. Осы бір ай ішінде, «мақтанның делқұлысы екенсің, түртіп қалып ағызар ма едім» деп көзіне әлде неше білегенімізді де түйсінбей өтті. Дегенмен үкіметтерге адырайып, бадырайып өскен қулармыз ғой, «көреген ұстаздың» отыз рет өтеген осы «сабағынан» да жақсы нәтиже алғандаймыз.
Гоминданның өз өлшемімен айтқанда үшінші сабағы ғана нағыз сабақ тәрізді өтті. Лектор - сол бастықтың өзі. «Жұңгоның тағдыры» арқау етілген тарихтық, саяси теориялық қойыртпақ тақырыпта жеті-сегіз рет лекция берді. Бір лекциясы екі-үш күн талқыланады. Әр лекцияның ақырғы талқысы күні мақтан делқұлысының өзі келіп қатынасады. Сол лекциядан түсінілмеген мәселелер жайлы сұрайды.
- Түсінбеген қандай мәселелерің болса да сұрап алыңдар, бізден осы жерде сұрап түсінулерің алалдық, түсінбей де сұрамай кетсеңдер арамдық болады,- деп тақауырлайды. Бір емес, бар лекциясында сөйленсе де «миымызға қондыра алмай» қойған бір «мәселесі» бар еді. Лектордың бұл сөзіндегідей демократияны Гоминдан шаңырағынан күтпейтіндігімізден сұрамай келгенбіз. «Хұңхуа халқы өзінің ұзақ тарихында екі рет құлдыққа-бағыныштылыққа түсті. Бірі - Моңғол билеген дәуір, бірі - Манжу билеген дәуір» деп, бұл дәуірлер «Жұңхуа халқының басынан өткен ең қаралы дәуір» екенін әр лекциясының бас жағында қынжыла, қайғыра сөйлейтін де, соңында керісіне шығып, бес саусағын тарбита жаятын: «Мынау білек - Жұңхуа ұлты, оның бес тармағы міне мыналар - ханзу, манзу, моңғол, мұсылман, тибет. Көрдіңдер ғой, бұл бесеуі - бір білектен тараған туысқан, бір ғана Жұңхуа ұлты. Бұлардың тез арада бір-біріне қайта кірігіп тоғысуы, бір ғана тұлғаға айналуы сөзсіз. Бөлінуі мүмкін емес» деп тепсіне көтерілетін.
Курстың соңғы кезеңіндегі бір күні лектор сұрау қоюды қузай түскенде біздің сабақтастар күбірлесе жөнелді, лекцияларының бір-біріне қарама-қарсы осы екі «логикасы» туралы күбірлесіп едік, естіп отырған бір ұйғыр сабақтас, орнына қол көтере түрегелді:
- Жұңхуа ұлты дегеніміз ханзу ұлты ма? - деп сұрады ол лектордан.
- Ханзу - Жұңхуа ұлттарының бірі, ең негізгісі, деп,- лектор бас бармағын шошайтқанда ұйғыр сабақтас одан басқа төрт саусағын жая қойды:
- Мына төртеуі өгей ме?
- Өгей емес, ... айттым ғой, олар да Жұңхуаның өз балалары, естімедің бе?
- Жұңхуа ұлтының тарихтағы ең қаралы екі дәуірі моңғол мен манжу билеген дәуірлер екенін бар лекцияңызда сөйледіңіз... әкесінің құрған мемлекетін үлкен ұлы билеседе, екінші яки үшінші, төртінші ұлы билесе де бола береді, әйтеуір бәрі Жұңхуаның өз балалары екен, мұрагерлік етіпті, өзге бір мемлекет басып алмаған көрінеді, ендеше ол дәуірлер тарихымыздың құлдық беттері болып есептелетіні несі? Мен осыны түсінбедім.
Тілмашынан тыңдап, сирек қырма сақалы тікірейе қалған Санмужаң лектор орнынан атып тұрды. Өзі жариялап отырған «демократиясына» өзі қайшы келмеуге тырысқандай күлімсіреген болса да, кексе саясатшының қара торы жүзі қызғылт тарта қалуынан сасқаны байқалды. Курсанттардың көбі осы сұрауды қуаттай дуылдағанда тіпті сасқандай, әр жаққа жалтақтай берді, енді өз шындығына басып қалмаса, өз артын ашып қалғандай ұятқа бататынын сезіп састы. Шинжяңдағы қазіргі ұлттық мәселенің ең шиеленіскен кезеңіне қарай киіп алған түлкі терісін ызамен тастай салып, аюлығын аша, шоңқия отырды да, ақыра сөйледі:
- Жұңхуа ұлттарының ұлы ханзудан басқасы алғашқы жабайылық дәуірден әлі алыстап шыға алғаны жоқ. Олар ханзуға тоғысқанда ғана толық адамға айналады. Жұңхуа мемлекеті үшін айтқанда, билік басында ханзу болмаған дәуірдің бәрі жоғалу дәуірі есептеледі. Қазір кімде кім бұдан басқа идеяда болса, алдымен сол жоғалады! Ұқтыңдар ма, жоқ?!...
Ұстаздың осы сөзі басымызға сойылдай шақ ете түсті де, мұнан басқа дұрысырақ сөздерін ести алмадық.
- Ұқтық, енді ұқтық, - деп ду ете түсті курсанттар, күлкі аралас сұрауды жаудыра ұзақ дуылдады.
- Жапон, әлде, Американ басып алса ғана жоғалмайтын шығармыз?! - деп бір тобы Гоминдан ісіне жарай дұрыс сықақпен күлсе, бір сыпырасы тізгінін алды-алдына қоя беріп егеспен лаға күлді.
- Бір ұлының ғана «ұлы», басқа ұлдарының сыпыра «жабайы» аталуы неліктен екен? - деген сайқы сұрауға тағы бір тобы «жауап» қайтара күлісті.
- Кейінгі ұлдарының шешелері маймылмен ашына болған-ау тегі?
- Шешей әкені менсінбей, маймыл ашынасына бір жола ауып кеткен ғой! Кейінгі төртеуінің түгел «жабайы» болуы соның дәлелі!
- Асқазаны шіріп, бактерияға толып алмаған болса, ауыздың сасығы мұншалық жиренішті болмас еді, - деп біз де күбірлестік. Әр курсант өз ойындағыны күлкімен ақтарып, ерегестің лақпа жауабымен осылай дуылдасып жатқанда, өз идеясына сөзбен нандырып кете алмайтынын түсінгендей лекторымыз сахнаның артқы есігінен шығып кете берді.
Лекторымыздың ең білгірлігі - курстың мұнан соңғы уақытын «түсінбеген мәселелеріңді сұрап ал» деген талабының пұшпағын да көрсетпей аяқтауы болды. Әрқайсынымызға Жяң Жиешының бір басы тартылғандай, соның бас мүсіні түсірілген бір-бір знак қадап қайтарды, алған дипломымыз да, қызметіміз де сол бас қана еді. Оқу-ағарту меңгермесінен келген кісі бізді Шинжяң институтының ханзу тілі факультетіне тапсырып берді.
Оқушылар жаздық демалысқа босатылған кез болғандықтан, Шың Шысай қызыл шырайлы кезінде салдырған қызыл үйдің бір бөлмесі мен асханасы «жеті қарақшыға» еркін тиіп еді. Бұл мектептегі бақылаушы да, бастық та тозып кеткендей. Жолдастар өзді-өз бетімен Үрімжіден кетіп алу қамына түсті. Қала іші де сондай, зорлықпен тұрған армиядан басқасы өз қамымен қайшалыс. Көше-көшесі мен түкпір-түкпірі түгел құжынаған жайма базар, алатынын алып, сататынын сатып шұбырып жүрген жұрт. Үкімет қанша кіріссе де мұндай арзаншылық болмас еді. Қашушылар қара басынан басқасын қалтаға сиғызбақ көрінеді. Мінгі жылқы ғана қымбат екен. Одан басқасының бізге керегі де жоқ қой. Алуға қолда ештеңе жоқ, біздің жолдастар алабұртып, айнала жортты. Нұрия мен әкесінен дерек іздеп мен жорттым. Түрме қинауынан өлісімен-ақ «кеңшілік» тізіміне аты ілінген Үмбетбайдың хабарын шыға сала Күләннан естідім де, «Шың Шысай түрмесінен» ұлттық ұйымдардың кепілдігіне енді шығып жатқандарды айнала кезіп, қазбалай сұрастырдым, өзім түрмедегі кезімде естіп, ойлаған тұспалым дұрысқа шықты. Үмбетбай сол бесінші ай ішінде жалалы қинаудан өліпті. Бірақ, «түрмедегі қазақ қызы» жайында қазағы да, қырғызы да, ұйғыр, өзбек, татар, моңғолдары да ештеңе естімепті. Ешқандай хабар шықпады.
Орындамай кетуге болмайтын екі міндетім барын ғана ескеріп сенделе бердім. Бірі - Үрімжі маңында болса Нұрияшты тауып, бірге әкету. Екіншісі, қызы мен әкесіне істеген қастығын толық анықтап алып, Кәменді өлтіру...
«Өлтірген қол сенікі болмаса да өлтірер жерге жіберген жала сенікі ғой, Кәмен»- деп зіркілдеп қалғанымды ғана білемін. Төрт көшеге келіп тұрыппын, Кәмен жоқ, өзім ғана екенмін. Нұрияшты кіргізіп әкеткен сақшы бөлімшесін шолуға, қисыны келгеннен жөнін сұрауға шыққандай едім. Төрт көшенің оңтүстік тарамын кесіп өте бергенімде сары аяқтардың екі-үші бір-ақ ақырды. Қайта шегініп шетке тұра қалдым. Алдыңғы айда түрме терезесінен Жамал көрсеткен сарылар мен көк көз күреңдердің бір тобын тағы да матап айдап шығыпты, сары аяқтар тұс-тұсынан қамап мылтық найзасымен түрткілеп келеді. Олар төрт көше түйілісіне жете бергенде, жиылып қалған халық арасынан бір екі шляпалының тамағын жырта айқайлаған ханзуша ұраны көтерілді:
- Жерімізге басып кірген Совет армиясын жоғалтайық!
- Қызыл шапқыншылар рахымсыз жазалансын!
Ұраншылардың сырт жағында сыбанып тұрған оншақты жігіт бері шыға келді де, айдаушы сары аяқтар шебінен ыршып өтіп, көк көз сарыларды тепкілеп, жұдырықтай жөнелді. Сары аяқтар енді арашалағанси қалды да, халық жазалаушысы болып көрінгендер өршелене түсті...
- Рапайыл!- деп айғай салдым мен. Қырқыншы жылы күзде Шәуешек гимназиясына менімен бірге барып, сынаудан өтпей қайтқан сабақтасым Рапайыл көзіме оттай басылды. Ышқына жылап жіберіп қайта айқайладым. - Рапайыл, бауырым!...
Ол жалт қарағанда сары аяқтардың бірі беттен тартып жіберді де, желкелеп айдай жөнелді. Әлгі ұрандаушы шляпалылар адырая бұрылып, сарылардың соңынан арсылдап тұрған жұдырықшы жендеттеріне жалтақ-жалтақ қарасып қойып, маған беттеді. Үш-төрт ұйғыр жігіт алдыларына тоса қалып сөйлесе кетті. Мен бар дауысыммен құтыра айғайлап, жиылғандарға ханзуша түсіндіруге тырыстым.
- Бұлар Советтік емес, өз адамдарымыз... Анау бірі менің Дөрбілжінде бірге оқыған сабақтасым. Аты - Рапайыл, әкесінің аты Ғарып, Шәуешекте туылған, Жұңголық!...
Қабырғамнан біреу түртіп қалғанда жалт қарадым. Шашын жыға тараған ұзын бойлы, қырма мұрт орта жасты ханзу екен.
- Біз біледі, халық біледі, бұлар сулян1 емес,- деп ұйғырша шала тілімен күбірледі, - сен тез кет, тез, тез, сақшы ұстайды!
- Жүрің, жүрің,- деп бейтаныс екі ұйғыр жігіт қолтықтай жөнелді мені, - мына жендеттер - халықша киінген сақшы, енді сені ұстағалы беттеді, қаш!... Әшкерелетпеу үшін аузыңды таңып әкетіп жоғалтады!...
Артыма қарасам, әлгі жендеттердің екеуі өндіршектеп, кимелеп келе жатыр екен. Иін тіресіп, жиын тұрған халық жол бере қоймай, қағыса кетіп бөгеп қалды. Зыта жөнелдім. Шляпалы ұраншыларды алғашқы бөгеген ұйғырлар да жіти басып өрлеп барады.
Бұрынғы бір қашып құтылған жағыма бұлтара жөнеліп, сазға жеттім де, ашумен шешіне салып, таяз суға етпеттей құладым. Ал солқылдамаймысың келіп...
Қой!... қой, мықты бол Биғабіл,- деп бетімді сумен жуып-жуып жібердім бір кезде, қызып кеткен басымды тоғытып-тоғытып алдым. - Жылау деген қиыншылыққа мойындау ғой. Қазір өлімге де мойындамау - азматтық шарт. Айдаһар заманда өскенге шыдадың, енді соның басын кескенінше шыда.... «Өмір үшін өлгенше күрес, күреспесең күйрегенің - күл болғаның, шыдамасаң, шымырлана түспесең күресе алмайсың. Бәріне де шыда!... Ал кегін, бәрінің де кегін ал! Сол үшін егесіп тірі қал!»
Осы сөздерді бір-бірден айта тұрып малта таспен судың ту талақайын шығарыппын...
Ертеңіне таңертең орнымнан ширай тұрдым да сәскеге дейін жуынып, қайта өсіп қалған шашымды қайыра тарадым. Нұрия жоғалғалы ұмытылған тарану еді бұл. Содан бері гримделмеген батинкамды да гримдеп, тамақтанған соң барыммен сәндене бастадым.
Қуат пен Ынтықбай көңілденді мұныма:
- Е, жиді бермей, осылай жүрсеңші шырақ!
- Жігітіңде жидіп, шал болмай шірімекпісің дегелі жүр едім,- деп Ынтықбай күрсінді. - Тау мінездес болмаған азамат мұндайда тез таусылатын көрінді. Тау басын қар мен мұз қауып жатқанда, төсінде жайлау жайнап, сай саласы сан түрлі гүлмен құлпырып тұрады ғой. Жігіт басына қар да жауады, оны ерітіп нұр да жауады, нұрыңды өшіріп қар жауса, ол қарды қайта ерітетін нұр қайда кетпек, «кезекті дүние, кезбелі несібе» ғой!
Менен көз алмай қарап, бажайлай сөйлеуіне күйігімді айтып шағынбасам да, күйімді әбден түсініп көмекке айтуға дайындап жүрген достық сөзі екенін сездім. «Нұрияштай нұр қайда!» дей жаздап барып тоқтата қойсам да толқыным тоқтамай, қызарып сала берген сияқтымын.
- Түсінемін, түсінемін,- деп Ынтықбай басын төмен сала сөйледі енді. - Осы бірге болған үш жыл ішінде бізге үлкен азаматтық көрсетіп келдің Биғаш. Әсіресе, мен үстіртте өскендігімнен үстірт мінезді көп көрсеттім; қатты хауіп те салғанмын. Қажымадың, қаруын жақсылықпен қайырып отырдың... Оқыс қақпаннан талай құтылдық қой. Өшіремін деген кешуден өсіп өтуден үлкен қажырлылық бар ма? Әлі де қатерлі кешулер бар шығар, өшкіндемей сол қайсарлығыңды сақтап, қурамай өсе беруіңді тілеймін!
- Тым жақсы талапты дер кезінде қойдың, Ынта, рахмет!... Бірақ, бар жақсы нәтижені маған үйе бермеші!... Әрқандай жақсылық көпке ортақ болмай, жақсылық қатарына жатпақ емес, ортақ сипатты болғандықтан кей кішкенесі де үлкен жақсылық болып көрінер. Шын үлкен жақсылық кейінгі сенен шықпады ма, «түйе» журынның жазасынан бүкіл класты құтқардың, Кәменнің қырсығынан сен болмасаң кім құтқара алар еді бізді? Қол-аяғын байлағандай, тиып бергеніңді қалай ұмытайық!... Ұстаз атындағы ең сойқанды тыңшыны ашықтан-ашық соққыға жығу қандай оқушының қолынан келетін ерлік?... Айырылысар шақ жетіп тұрса да, өз жанымдағы әурешіліктен айта алмай жүрген талай...
- Менің айтпағым, осы «жан әурең» жайында болатын Биғаш, іздегенің Алтай маңында болса, дәл өзіңдей іздеп тауып берейін, өз жаныңды аман құтқаршы әуелі!
- Алтайдан табылмайды, ол анық.
- Біздің ұйымдағыларды қалғанымен қоса қайта ұстау сөзі шығып жатыр, енді асқардай азамат жанды құтқарудан басқаны қоя тұр!... Ол аман болса Алтай жаққа өтпей қоймас!...
«Қайта тұтқындау» жайындағы сөзді тектеп, талқылай шықтық көшеге. Қуат екеумізден басқа «бес қарақшыға» жақын маңнан құдандалы-қиыстық паналар табылып қалған екен. Қуат түрмеден жақында шыққан ағасын тез әкету қамымен асығып жүр. Менің қамым ғой өз алдына.
Қайғы-қуанышымның тетігі Күләннің көмейінде тұрғандай сезіледі: Нұрияға арнаған өлеңімді оқып-оқып, «өлмепті» деп қалғаны бар ғой, жылай беретіні де қатерлі белгі сияқты, мені аяп, айта алмай жүргендей. Рухи жақтан күйреу жағдайына түскендігім себепті, зілдей ауыр хабарды зәредей ашты күйінде алқымына сақтап келе жатқан секілденеді. Соны батыл сұрап, айтқызып алуға дәтім де, күшім де бүгін ғана жеткендей.
Қуат ағасы жатқан ұйым клубына бұрылып қалғанда, мен құлдай түсіп Күләннің қақпасынан кірдім. Төр үйінде тағы да жалғыз, ойда отыр екен, қайратқа мініп келгенімді қабағымнан тани қойғандай:
- Ә, бәсе, ақылды Биғаш, осылай жүретін,- деп түрегеліп, қолымды алды да, қасындағы орындыққа отырғызды. - Әр күнді, әр сағатты батырлық қайратпен өткізетін кез осы, түсінесің ғой?
- Қазір тіпті толық түсіндім. Өлгеннің кегін тірісі қайтармаса, ол кек қалай қайтпақ?
Кірпігін қаға түсіп, жаутақтай қарады Күлән:
- Өлгеннің?... ол кім?... не естідің?!
- Өлген аз ба, кеше ғана өзіңнен де біреуін естідім ғой, бірін оның алдында күңгірттетіп, көлегейлеп қана қойғансың. Бұйырса енді соның анығын да еститін шығармын?... Не көрмей жүрміз, бәріне шыдаймыз да!
Біраз кідіріп тағы да байыптай қараған Күлән, түйіле түсіп жұтынды, улы хабарды тағы да жасыра түскісі келгендей.
- Сен оған басыңды ауыртпашы, бір хабары шығар!
Мен кеше сарылар жайындағы көргенімді айттым да, Іле жаққа тез өтіп алып, Гоминданның осы сұрқиялылығын әшкерелеуге асығатынымды білдірдім.
- Бірақ, алдымен Жемсарыны адақтап қайтуым шарт,- деген сөзді тығылған сырын тартып шығару үшін әдейі қоса қойдым.
- Айтпақтайын, саған бір қуанышты хабар жеткізейін, кеше кеште ғана естідім, - деп қунақылана қойды Күлән. - Сенің Дөрбілжінің және Шәуешек, Шағантоғай аудандары азат болыпты. Ұлттық армия мен партизан отряттары енді Шихуға төніп келеді дейді.
- Солай болатын қисыны әлдеқашан келген ғой,- дедім мен оған. - Менің кеудемде қазір Жяң Жиешінің басы бар, оның жолын сары аяқ кесе алмайды. Кәмен нағашысының адресін де таптым. Ертең солай шықпақпын, бұған қалай қарайсың?
- Бармай-ақ қой, бекер қиналасың, - деп күрсінді Күлән. - Ол жақта болса тауып келетін адам бар дедім ғой! Бейсауат жүрген адамның бәрін ұстай беретін болыпты. Сендерді қайта ұстау сөзі де шықты, оны естіген шығарсың? Түрмеден босаған адамдар әлі де қатты бақылауда екен. Жаны алқымына келгенде халықты алдай тұру үшін ғана шығарған болып отыр ғой. Таңжарық ағаны да қайта тексеріп жүріпті. Енді сенің аман қалатын екі-ақ жолың тұр, сен келерде мен осыны ойлап отырғанмын. Бірі, тау жолын білетін серік таба алсаң, көлікпен ұлттық армияға жетіп ал. Нұриядан алаң болма... Тірі болса... осы жерден күтіп аламыз. Болмаса... кетудің қисыны келмесе, Ұланбай жақтағы бір қазақтың үйіне паналай тұр. Бұл жағына өзім жәрдемдесейін.
- Күләш, қамқорым менің!... Нұрияның Үрімжіде жоқ екеніне алдымен өзің сендіргенсің, «Жемсарыдан іздеуші бар» деуің естірту уақытын кешеуілдету, мені күйіктің оқыс қатерінен сақтау үшін ғана айтқан сөзің ғой, бұған әлгі бір өлеңді оқып шығып «өлмепті» деп қалуың айғақ, - деп кідірдім. Күләннің сырт қарап алып, басын төмен сала егіліп отырғанын, жауырынының бүлкілінен біліп кідірдім. - Енді Жемсарыға барып әуре болмауымды айтуың ол жерден табылмайтынын білгендігіңнің белгісі ғой! Мені қатерден ғана емес, әуреден де сақтағың келеді. Мұндай жанашырлығыңды бұрыннан түсінемін. Өлі-тірісін білмей, қайтып жатармын бір түкпірде! Бұл хал бәрінен де қатты батады маған!... Қанша күннен бергі азапты ойды қайратпен жеңгелі келіп отырмын бүгін. Қанды кекті қайтару үшін ақыл мен қайрат керек қой, ендігі шыдамдылықты менен сұра, жылауды қой! Жылағанға қайтып келмейді, бәрін де біліп отырмын!
Күлән еңіреп жіберді:
- Кекті қолма-қол қайтарамын деп оқыс кетесің ғой!...
- Жоқ, кек үшін ақыл-айла керек екенін айттым ғой әлгінде, кек аламын деп өзім де кетсем бәрінен жаман өлім сол болмас па?!
Күлән атып тұрып асыла түсті мойныма. Үн сала жоқтап, зарлай жөнелді. Ыршып-парлап кеткен көз жасымды сүрте бердім.
- Тоқтата, қой енді,- дедім бір сәтте, - қызылдығы үшін қызын өлтіріп, қызын іздемесін деп әкесін өлтіріпті!... Әкелі-балалы екеуі де едел-жедел өлтіріліпті! Бұған көз жасы шақ келмек емес!... Қалай өліпті?!... Соны айтшы!
Менің буынымды қайта босатып алмау үшін Күлән да зарын тоқтата қойып, бекем үнмен қысқаша ғана әңгімеледі.
- Сол қамаған сақшы бөлімшесінің бір бастығы түнде кіріп, зорламақ болған екен. Нұрияш дайындап жатқан жарты тас кірпішін ала түрегеліп, шекесінен қойып қалыпты. Ол сенделектеп тұрғанда артынан екінші бір офицер кіріп, ананы сүйемелдеп шығарып жіберіпті де, өзі кіріп зорламақ болыпты. Нұрия екеуі жұлқыласып тұрғанда әлгі жараланғаны қайта кіріп, екіншісінің шығып кетуін бұйырыпты. «Сен шық, әйелің бар, мен мұны әйел етіп аламын!» деп екінші офицер таласқан екен. «Ендеше міне» деп Нұрияны атып кетіпті.
- Сонан соң?... Өзін кім қаматқан екен?
- Сақшы басқармасы... «Жемсары түрмесіне жіберілсін» деп бұйырған біреуі «жақсы төсеніші бар, таза үйге» қамауын да тапсырған екен. Сол түні іле-шала өзі келіп, өлімнің үстінен түсіпті де, сүйегін белгісіз бір жаққа жоғалтқызыпты.
- Мұны кім тексеріп анықтаған?
- Ақылбайдың бір дос сақшысы... Сол түні күзетте болған кезекшіден сұрап ұғыпты да, жараланған атушының таңулы шекесін көріп анықтапты... Ақылбайдан сұрарсың!... Саған да, маған да зор қаза болды Биғаш, қайтеміз, шыдаймыз да! - деп Күлән шыр ете түскенде, есік сыртынан тыңдап тұрған шешесі кіріп келіп, көңіл айтып, екеумізді де сабыр-қайратқа шақырды. Шәй құйып, ұзақ сөйледі.
- Кәменнің талабы бойынша ғана ұсталғаны, қожасының Нұрияны Жемсары түрмесіне жіберуді бұйыруынан да көрініп тұрмай ма? - дедім мен, - Жемсары сақшысынан нағашысы арқылы кепілдікке шығармақ... Түрмеден құтқардым деп көңілін алмақ екен ғой?... Иә, Кәменнің сол тілегін орындаушы қожасы да алал құлына «ақ көңілімен қамқорлық» етпек болыпты... Кәменнің қазіргі «мастығы» қожаларының сол «мейірінен» «тойғандығы» екен ғой!... Таласып өлтірген сақшыларды жазалатып па?!
- Иесінің үстінен шағым айтуға иті шыдай ма, әлгі анықтаған сақшы ғана тәртіп бойынша жасырын шағым көтеріп, әркімге айта берген соң, сол екеуін орындарынан ауыстырып қана қойыпты. Атқан офицер ауысып барған жерінен Кулиге қайтып та үлгіріпті.
Сертіме қанша бекінгеніммен күйзелістен тер бұршақтап кетті. Көзім қанталап қиықтана, аузы-мұрным қисая түсті. Есікке беттегенімде Күлән тоқтатып, жүзін жуды да бірге шықты.
- Көшеде сырт біреуге сездірмеу үшін, жайшылықтағы қалпыңа түсші,- деп күбірледі шыға бере.
- Біз институтқа келгелі Кәмен көрінбеді, қайда кеткенін білемісің?- деп күбірледім мен.
- Сақшы басқармасында. Астыртын курста оқып жатыр дейді... Азат болған аймақтардың біріне жіберуге тәрбиелеп жатқан болар. Одан кек алуға асығып, қатерге ұшырап қалма, иә!... Уақыты келгенде көрерсің... Әлгі шпионды атқан Репқатты кескілеп өлтіріпті ғой...
Артымыздан Қуат та шығып өрлеп келеді екен. Күлән соны тосып тұра қалды да менің аяңдай беруімді сұрады.
- Сәлеметсіз бе, Қуат аға?- деп амандасқанын ғана естідім. Қатарласа жүріп күбірлесіп келе жатты. Менің қатерге ұшырап қалмауымды тапсырған сияқты, екеуі қуып жетіп, екі жағымнан қатарласа жүргенде, Қуат маған жалтақтап қарай берді.
Жайма-шуақ қалыпқа түскенси қойдым да:
- Күләш, сен енді үйге қайта бер, рахмет!... айтқаныңның бәрін орындаймын, менен қамсыз бол,- дедім.
- Иә, қайта ғой шырағым,- деп Қуат та қостап, Күләнді қамсыздандыру сылтауымен мені қайрай жөнелді. - «Жолбарыс ізінен, ер жігіт сөзінен қайтпайды». Біз Биғабілді жолбарысымыз деп те, жолбасшы боларлық ақыл азаматы деп те сенеміз. Ақыл азаматының елі үшін ақтайтын борышы көп болады. Оны ұмытса ақымақтыққа ауғаны. Биғабіл оны кәміл түсінеді, шырақ!... Биғаш, таңертең Ынтықбайдың өзіңе айтқаны есіңде шығар. «Тау мінездес болмаған азамат мұндайда тез таусылады екен» деді ғой, неткен кемеңгер ақыл! «Тау мінезі» қалай: «басын қарлы боран бүріп тұрғанда, бауыры гүлдеп тұрады». Басыңа қандай қиыншылық түссе де өзіңді мықты ұстап, ішіңнен гүлдене бер деген сөздің шебер суреті ғой! ... Алдыңғы жылы өзіміз ақымақ санайтын Ынтықбай көре-көре ақыл данасы болып шықпады ма?... Ал, шырағым, сен қайта ғой!- деп Күләнға қарап тұра қалды Қуат, - Биғабілдің тіпті де аусай кетпейтініне сен! Біз де бар!
Күлән бізге кең тыныс ала қарады да, күлімсірей сөйледі:
- Араларыңызда қиыншылық кереметі ғана емес, ақылдың керемет сөздері де жүреді екен. Осы сөзіңізден мен де кең тыныс тапқандай болдым.
- Иә, ақыл анасы - қиыншылық екен, осы үш жыл ішінде соны ғана оқыдық... Біздің ақылдан тыныс аламын деп Гоминданнан тынышың кетіп жүрмесін, біздің ақылды қарақшының қанжары деп түсінеді олар, қайта ғой шырағым, рахмет!
- Әлгі өтінішімді Ынтықбайға да айтып қойыңызшы, Қуат аға! Ал Биғаш, неғұрлым тез болсын,- деп Күлән жүре сөйледі, - таңертең кездесейік!...
Мектепке кіріп келсек, ыңғай бала сары аяқтар сары масадай қаптап кетіпті, қызыл үйдің бөлмелері ғана емес, залы да быжынай қалыпты. Ішкеріден жаңа жеткен армияның бір баталионы осында түсіпті. Институттың өз адамдарына асхана қатарындағы кішкене залды ғана қалдырыпты.
Біз де соның бір кішкене бөлмесіне төсенішімізді тасып жүргенімізде терлеп-тепшіп түтіккен Ынтықбай жетті. Келе Қуат екеумізді шақырып, құшақтай алды:
- Сен екеуіңді Дөрбілжіннен келген туыстарың іздеп жүр!... Келді ме осында?... Ал іздеңдер, Санпакудың1 басында күркесі бар екен. «Біз таба алмасақ, өздері келсін, қайтседе келсін» деп көп тапсырды, әкетеді!
- Дөрбілжін мен Шәуешек азат болыпты ғой, бұлар қалай өтті екен?
- Одан бұрын бір бай ханзудың қойын айдап өткенбіз дейді....
Қуат ағасының қамын ойлағанда, мен Кәменнің қанын ойлап тұрып қалдым. Аспан мұнаралы, күн батып қалған шақ еді. Аз кідірістен соң Қуат Ынтықбайды оңаша шығарып, бірдеме айтты да ағасына жөнелді. Күләннің тапсырмасын айтқан екен. Ынтықбай мені қолтықтай тартып, керуетке отырғызды:
- Ал, айтшы, Нұрияға не бопты?!
- Өлтіріпті!
- Қалай?! ... Кім өлтіріпті? Неге өлтіріпті?
- Қазір сұрамашы!... Айта алмаймын!
Көзімнен жас ыршып кеткенде құшағына баса қойған Ынтықбайдың тамшысы менің желкеме тамды. Тез жиыла қойдым. Тұқыра отырып болған оқиғаны, оның ішінде Кәменнің ісін баса баяндап шықтым. Ынтықбай да тұқырып алған екен. Басқа жолдастар қасымызға келіп тыңдап тұрғанын да байқамаппыз. Біреуі менің самайымнан аққан терді қол орамалымен сүртіп қалғанда жалт қарадым. Шақан Салықтың кеше сатып әкелген қанжарын алып, жүзін көріп тұр екен, сымының белдігіне қынымен тыға қойғанда:
- Не қыласың оны?- деп қалды Серәлі. Танау бүйірлері тостағандай теңкиіп алған Шақан жұқа мешпетін түймелеп тұрып, қырылдай жауап қатты:
- Қасқыр аулаймын!
- Қоя тұр қазір, өзің өлесің,- деп Ынтықбай да қырылдады.
- Әкесі мен баласын бірдей өлтіріп отырса!...
Томпақ беті жыбырлап, қатты тістенуден шықшыты бүлкілдеп кеткен Шақан осы сөзімен жұтына жөнелді.
- Ей, тоқта!- деп ыршып барып ұстай алды Серәлі. - Ол қазір саған алғызбайтын жерде.
Серәліні сілке тастап, кішкене залды бойлай жөнелген Шақанды Ынтықбай екеуміз қуып барып ұстадық. Көзін сүрте артымыздан жеткен Салық та, шынтақпен қағылып қалған Серәлі де қайта жармасты.
- Тым болмаса бір шолып келсінші!- деп Әмірқан ғана қарап тұр.
- Үй, көшеге де шығармайсыңдар ма мені?- деп кеуделеді Шақан. Ынтықбай қаусыра құшақтап алып зекіді.
- Шықпайсың!... Таба алмайсың оны көшеден, сақшы басқармасының күзетті жатақханасында жатыр ол.
- «Нағашың келді» деп шақыртып шығарамын... Алдап бір бұрылысқа апарамын да ұра саламын... Ымырт қараңғысында жетемін, дәл уақыты!
- Жан мылтық беріліпті оған, сені көре сала дайындап алады ол!
Бесеуіміз бір Шақанмен жұлқыласып, жатақханаға кіргізе алмай тұрғанда Қуат келіп ту сыртынан жармасты.
Жетеуіміз еденге екі-үш ескі көрпені жая салып, құлақтаса жаттық. Кітаптар мен керекті киім-кешегімізді қаладағы тұрғын сабақтастардың үйлеріне жүйткітіп болғанбыз. Қуат ұйым жатақханасынан ағасын шығарып әкеле алмағанын айтып күрсінді. «Азат еттік» деп отырған үкімет мырза қамақтан босатыпты, «Бүлікті тыныштандырып болған соң, өз расхотымызбен, сыйлығымен апарып саламыз» деп «жарылқапты».
- Жақын емес пе, бәріңнен бұрын мен жетіп аламын ғой. Тіміскілеп шыға қалса мен «күтіп» аламын ғой? - деп шихулық Әмірқан тістенді. - Кәменнің атын атаудан жиіркеніп, бәрі де «ол» деп қана атай берді.
- Шпион қанына жерік қатындар көп шығар, оны кім соқбас дейсің, тұра тұрсын!- деді Серәлі.
- Жүрек ауруына оның еті дәрі болатын кез жетті ғой шіркін!... Менің қолыма түссе, тұмсығын тұтас кесіп, өзіңе жіберіп беремін, Биғаш!- деп Ынтықбай құшырлана қысты мені, - осыным серт болсын!... Тұмсығы оның негізгі белгісі ғой. Өлтірілгеніне сенесің де сергисің!
- Тәрбиелеп жатқан қожайыны біз жаққа бір жібермей қоймас,- деп Салық сипады басымды, сонда жол түйіні - Шихудан иә өз Дөрбілжініңнен ұсталмай кетпейді! Осыныма сен, әлі өз қолыңа түседі ол!
Қоштасарда айтайын деген бір сөзім ойыма түсе кетті.
- Жеткеніміз ұлттық армияның ең алдыңғы шебінде болайық жолдастар!- дедім өтінішті үнмен. - Сендерге өмір бойына қоятын достық қолқам осы ғана болсын!... Үрімжіге қайсынымыз тірі кірсек, кіші төрт көше маңындағы барлық сақшы бөлімшелерін тергеп, Нұрияның сүйегін тапқызайық! Зираты Момынбай, Ақай мархұмдардың қасына қалансын, атын берік тасқа ойып жазайық! Сеніңдер, достар, ол... ол... қыздар әлемінің ең пәк жүректі періштесі болатын, туған еліне тән ар-намыс жолында батырлықпен күресіп өлді ғой! Өл....ді!..- деп ышқынып қалдым да, - «тоқтат» - деп өзіме-өзім күбірлеп тістендім...
Қайта-қайта құшақтаса қоштасумен, бас, арқа, маңдай сипасумен таң атты. Қуат екеуміз күн шыға өзенге Санпаку тұсынан түстік. Жоғарғы жағымыздан, арнаның батыс жағасындағы кер жотадан екі пулимет кезек-кезек сақылдайды. Былтыр жазда Дөрбілжіннен көргеніміздей, қорыққан сары аяқтардың халыққа жан алғыш болып көріну үшін қоқиланып арсылдауы еді бұл. Ар жағындағы сай аузына тұмсықтан айналып өттік. Екі жерден тосқан күзетші әскерлер кеудеміздегі Жяң Жиешінің сопақ басына қарап, жүре қайтарған жауабымызға көне берді. «Әнеу тоғайдағы хұйзу сабақтасымыз қонаққа шақырған» деп шірене өттік. Кезеңге шыға қайрылып, иіліп тұра қалыппын. Үрімжінің Нұрияш жұтылған тұсы айқын көрінеді екен. Аяулымның ақырғы басқан ізіне, төгілген қып-қызыл қанына қарап иілгендеймін. Көзім қанға толып кеткендей, Үрімжі тұтасымен қанға батып, қып-қызыл көл болып көрінді.
- Қалдың ба Нұрым?... Жан жүрегім, бақыл бол! - деп күбірлегенімде жүрегіме қатал соққы енді тигендей, ұйып бара жатты. Жалт бұрылдым, - тоқтат!... то...қта...т!- деп зекіп-зекіп қалдым өзіме.
Қуат қолтығымнан сүйемелдеп ала жөнелді.
- Сен өзің мына қалпыңда сау қалмайсың, шырақ, жассың ғой, жүйкеңді сақта!... Өзіңді мықты ұста, мықты ұста!...
«Өзімді мықты ұстап», аузымды қатты бастым, көкірегімді кере, нық адымдай жөнелдім.
Әділетті тергеушім, менің осы халіме қарқылдап күлерсіз, «қанқұйлы қарақшыға қалыңдық тұрсын ба, осы қалыңдықтан да тас қауып қалғаны ғой» деп күлерсіз. Қылмыстының қиналуынан ләззәтті қызық бар деп түсінбейтін жаныңыз кенеліп-ақ қалар. Абдығұпыр «мархұм» тірі болса бірге күлісіп, тіпті рахаттанар едіңіздер ғой?... Амал қанша, оның басын қылмыскерлердің қиы басып қалды. Өз басыңызға саңғыттырмау үшін, тірі кезіңізде тып-типыл етіп кетпесеңіз, күлкіңіз соның астынан шығар ма екен!
Қылмысымның екінші томы осымен аяқтайды. Сізді әлі талай күлкіге кенелдіріп, әлі талай қылмысыммен бөлендірермін!
(Екінші кітаптың соңы)
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
1 Жигыр (ханзуша) - емтиханнан өтудің ең төменгі шегі.
1 Ли жың (ханзуша) - тіктел, түзел мағынасында.
1 Шүнлянтуан (ханзуша) - курс деген сөз.
1 Сулян (ханзуша) - Совет одағы
1 Санпаку (Шаңфаңгу) - Үрімжінің оңтүстігіндегі жер аты.