Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 4549 1 пікір 3 Маусым, 2021 сағат 13:34

Сайланған ауыл әкімдері әскери жиындарға шақырудан босатылады

Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында берілген тапсырмасын іске асыру үшін аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобалары әзірленді.

24 мамырда Мемлекет басшысы заң жобаларына қол қойды.

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу шеңберінде заңнамаға сайлауды белгілеу, кандидаттар ұсыну, оларға қолдау көрсету үшін қол жинау, кандидаттарды тіркеу, сайлауды өткізу, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару тәртібін белгілеуге қатысты өзгерістер енгізілді.

Айта кетейік, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін алғашқы тікелей сайлау ағымдағы жылғы тамызда өткізіледі. Сайлау өкілеттігі 2021 жылы аяқталатын 836 әкімге (2022 жылы - 351 бірлік, 2023 жылы - 499 бірлік, 2024 жылы - 585 бірлік, 2025 жылы - 74 бірлік, барлығы 2 345 бірлік) қатысты.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көрсетілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін 25 жастан кіші емес ҚР азаматы ауыл әкімі болып сайлана алады.

Сайлауға мынадай кандидаттар қатыса алады:
- саяси партиялар өз мүшелері арасынан ұсынған;
- дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-іне қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынушылар.

Айта кеткен жөн, бір адам бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі  артық сайлана алмайды.

Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталуға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады.

Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркеп, содан кейін ол өз өкілеттігіне кіріседі.

Заңнама әкімнің өкілеттігін тоқтатудың мынадай жағдайларын қарастырады: 

1. Сот шешімі бойынша әкімді әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі, хабар-ошарсыз кетті деп тану не оны қайтыс болды деп жариялау;
2. Партия мүшелігінен айрылу (партия ұсынған жағдайда, ол ұсынылған саяси партияны қайта ұйымдастыруды және таратуды қоспағанда);
3. Жоғары тұрған әкімнің аудан мәслихаты депутаттарының әкімге қатысты, оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының бастамасы бойынша сенімсіздік вотумын қабылдауы;
4. Аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайланған әкімді тіркеуі;
5. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес (сот шешімі бойынша, өз еркімен, қайтыс болған жағдайда, азаматтығынан айырылған жағдайда және т.б.).

Бұл ретте аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдеріне ротация және аттестаттау жүргізу, тәртіптік теріс қылықтар мен жазалар үшін лауазымын төмендету (бұл мәселелер «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңмен реттелген) қолданылмайды, сондай-ақ сайланған ауыл әкімдері әскери жиындарға шақырудан босатылады.

Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жергілікті бюджет есебінен өткізілетін болады.
Бұл ретте 2021-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде сайлауды қаржыландыру Орталық сайлау комиссиясы арқылы республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттермен жүзеге асырылатын болады.

Кейіннен 2023 жылдан бастап бұл шығыстар жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына енгізілетін және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілетін болады.

Ағымдағы жылғы II жартыжылдықта тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд теңге қажет (жалпы 2021-2025 жылдарға - 17,6 млрд теңге).

Сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7%-тен 5%-ке төмендетіліп, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» деген баған қосылды.

Қабылданған жаңалықтар азаматтардың белсенділігін және олардың билікке деген сенімін; әкімнің халық алдындағы есептілігін және ауыл әкімінің халық проблемаларына жедел ден қоюын; сондай-ақ елдегі саяси бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3604