Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6280 4 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 14:28

Райымқұлованың "жаңылтпашы" әруақтарды қорлап отыр

"Мемлекет жазушылардың аузынан ақ май ағызатын болыпты" дегенді естіп қуанып қалып едік, өткен жылдары. "Авторлық құқықты 70 жылға алып қояды екен" деген сыбыс шықты, артынша! Бала-шағамызды түрлі кәсіппен асырап, одан босай қалғанда әдебиетке деген адалдықпен көз майымызды тауысып жазған шығармаларымызды (былайша айтқанда мүлкімізді) 2-3 миллион теңгеге бола 70 жылға сыйға беру қаншалықты әділетті дегенді ойладық та, мемлекеттің "қамқорлығына" "мың алғыс" айттық! Бір жыл қарныңды тойдырғаның үшін 70 жыл аш жүре аласың ба (Құдай өмір берсе, деңіз)? Қош! Барыңнан 70 жылға айрылу деген жазушыны тірідей қорлау ғой. Қорланғымыз келмеді. Сосын жазғанымызды бауырымызға басып, әліптің артын бағып, тыныш жаттық.

Биыл "Авторлық құқықты пайдалану мерзімі 70 жылдан 5 жылға қысқарыпты" дегенді естідік. Бұл үшін министр Ақтоты Райымқұловаға іштей риза болып, еңбегіне береке тіледік те. Артынша, мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын кітаптар "Кітап палатасы" арқылы өтетін болды, халық дауыс беріп, кітаптарды іріктеуде бұқараның үні ескеріледі" деген дақпырт (ресми ақпарат) тарады. Бұл да біз күтпеген қуанышты жаңалық еді. Министрдің шешімін естіп, шаттықтан көзге жас та алдық (шамамен солай)).. Пысықтар мен пысықайлардың жолы кесіліп, әдебиетте аты бар адамдардың айы оңынан туар дедік. Олай болмаған күнде де елді дүрліктіріп, өздеріне дауыс беруді сұрап, алашапқын болған ағайынды сыртынан қадағалап, күлкіге қарқ болып отырудың өзі керемет емес пе? Тегін концерт көресің, ол аз болса, сол көп дауыс жинағандарды комиссия құлатып тастағанын тамашалағанның өзі неге тұрады?

"Бұл не қылған ашықтық? Бұл не қылған демократия? Құдай қалай ғана сұрағанымызды аспаннан салбыратып түсіре қойды?" деп басымыз біраз айналып жүрді. Сөйтсек, министрлік бұрын-соңды болмаған керемет "жаңылтпаш" ойлап тауыпты. Ол "жаңылтпаш" ақын-жазушылардың құқығын толықтай шектеп, бірін екіншісінен алалайды екен.

Ол жаңылтпаштың шешуі мынау! Министрлік баяғы ескі сүрлеуге түсіп, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» атты мемлекеттік бағдарламаға ың-шыңсыз мамырдың отызына дейін сатып алынатын кітаптарды қабылдаған. Біз секілді министрлікте танысы һәм қатысы жоқ қаламгерлерді құлақтандырмаған. Ақпарат құралдары арқылы жария жарнама жасамаған. Мәселенің мән-жайын білмек болған жазушыларды "Кітап палатасы" жақта қойылып жатқан театрлық қойылымға қарай жіберіп отырған. Сөйткен де, қазір "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу" бағдарламасымен "жабық есік" жағдайында кітаптың әр баспа табағына 250 мың теңгеден ақша үлестіріп жатса керек... Ал, "Кітап палатасында" ашықтықты желеу етіп, жүріп жатқан мүлдем басқа бағдарлама...

Яғни, министрлік таратқан ақпаратқа иланған, "жаңылтпаштан" жаңылған жүздеген қаламгер "Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату" мемлекеттік бағдарламасы деген мүлдем басқа жобаға алданып, тендер ойнайтын баспаларға клоун болып, әр қағазға бір қол қойып, дауыс санын санап, Абай, Шәкәрім, Бауыржандармен таласып, Қадір, Әбіш секілді абыздармен иық тірестіріп, "демократия жасасын, ашықтық жасасын" деп әндетіп жатыр. О байғұстар (ішінде мен де бармын) өздерінің өлілердің сапына қосылып кеткенін, 1 маусымнан бастап, тірі әруақ екенін білмейді де... Сол әруақтармен күресте Құдай-ау, мені Әбіштің алдына түсіп кетуден сақта!" деп біз отырмыз... Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің әкесі Кемел ағамызбен бақ таласу үшін де, жүрек керек емес пе, Берік Уәли мырза!

Министр Ақтоты Райымқұлова ашықтықты қалайды екен! Ендеше неге «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» атты мемлекеттік бағдарлама жасырын жүргізіліп жатыр? Неге оларды да "Кітап палатасына" бермейді? Неге мемлекет қаржысына сатылып алынатын әдебиеттерге халық дауыс бермейді? Неге министрліктегілер жазушыларды "Кітап палатасындағы" қойылыммен алдап, алыптардың әруақтарын қорлап жатыр? Бұл - бір...

Екіншіден, "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу" бағдарламасы не себепті "Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару" бағдарламасы секілді насихатталмайды? Алғашқы бағдарламаға таныс арқылы (яки, көрегендікпен) кітап өткізген жазушының еңбегі адал да, министрліктің "жаңылтпашын" шеше алмаған қаламгердің күші арам ба? Тығылып жол тапқанның наны адал да, әруақтармен ашық айқасқа кірген "алкеуделердің" нәмі арам ба?

Үшіншіден, елдің-жұрттың, халықтың қаржысына мемлекет сатып алатын кітап неге жасырын жолмен таңдалып, қаламақысы мардымсыз, оның сыртында баспаларға жазушыны жем ететін бағдарлама ашықтық принципіне сүйенеді? Демократия алдымен өлілерге емес, тірілерге керек емес пе? Абай мен Жамбылды (Шәкәрім, Мұқтарлар біз секілді жастар ғой) дауысқа телміртіп, әлдебір "Ағай" мен "Жабайды" жасырын жарылқау министрдің, яки министрліктің бетіне мәңгілікке дақ болып қаларын неге ойламайды?

Жамбыл жәкем мерейтойында менімен бәйгеге түсіп жатыр? Масқара болғанда, о кісі (әруағы кешірсін) менің артымда келе жатса керек... Тәңірім-ау, саған "абыройлы ете гөр" деп жалбарынсам да, "Жамбылдан озайыншы" демеп едім ғой...

Мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Әбілқайыр министрден әділдік үшін мынау "жаңылтпаш" мазақы қойылымды тоқтатуды, бұл мәселе жөнінде министрлік дереу арада мәселенің ақ-қарасын ажыратып, қаламгерлерге жайдың жай-жапсарын түсіндіріп беруді, егер мен көтерген мәселе рас болса, қаламақы көлемі екі бағдарлама аясында да (әрине, тірілер үшін) теңдей етуді, жазушыларды һәм олардың еңбегін айламен алаламауды талап етемін!

Өз кезегінде жазушылардың "жаңылтпаш" ақпаратқа алданып, құқығы тапталып отырғаны үшін Одақ басшысы Ұлықбек Есдәулеттен де үнсіз қалмауды сұраймын!

Жеке басым үшін кітабымды мемлекеттің сатып алуы, одан пайда көруім маңызды емес. Мен үшін көпшілік әлі біле қоймаған, білсе де жеке басын ойлап, бұғып отырған мәселені қоғам талқысына салу, соны мәймөңкелемей ашық айта алу, әділетсіздікке қарсы тұру - маңызды...

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2277
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594