Дәурен Қуат. Жеңіс ортақ болғанымен «Ұлы Отан» ортақ емес
... Жылдағы әдетіміз - осы: екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған халықаралық мәміле, бітім күні - 9 мамырдың қарсаңында қазақ баспасөзінің бүгінгі өкілі болып жүрген журналистер мен авторлар байқап, байқамай баррикаданың екі жағына шығып алып отырамыз. Бірінші топтың сөзі бесенеден белгілі: олар үшін 9 мамыр - «Ұлы жеңіс күні», «Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған күні». Екінші топ 9 мамырды неміс фашизіміне қарсы бірігіп күрескен мемлекеттердің Батыс майданында жеңіске жетіп, екінші дүниежүзілік соғыс тыным тапқан күн деп таниды. Біз, әрине, екінші топты қолдаймыз.
... Жылдағы әдетіміз - осы: екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған халықаралық мәміле, бітім күні - 9 мамырдың қарсаңында қазақ баспасөзінің бүгінгі өкілі болып жүрген журналистер мен авторлар байқап, байқамай баррикаданың екі жағына шығып алып отырамыз. Бірінші топтың сөзі бесенеден белгілі: олар үшін 9 мамыр - «Ұлы жеңіс күні», «Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталған күні». Екінші топ 9 мамырды неміс фашизіміне қарсы бірігіп күрескен мемлекеттердің Батыс майданында жеңіске жетіп, екінші дүниежүзілік соғыс тыным тапқан күн деп таниды. Біз, әрине, екінші топты қолдаймыз.
Биылда «Ұлы отан соғысы» деген рухта ұрандап сөйлегендер жетіп-артылды (өткен аптадағы газет материалдары мен телекөрсетілімдерді есіңізге түсіріңіз). Ұлт зиялыларының үнпарағы аталып жүрген бір газетті ашып қалсам - мен жақсы көретін тарихшы бауырым тілшімен сұхбатын «ұлыотандатып» ұрып шығыпты. Тарихшымыздың «Ұлы Отаны» - кешегі КСРО, сол КСРО-ны «кісі құрлы» көрмеген Ресей екен. Әлгі газет жас тарихшыға сөз беріп қана қоймай «Ел үшін, жер үшінгі арпалысты өмір белестерін бүгінгі ұрпақ қалай сезінеді? Жалпы, Жеңістің шын бағасын бере алып жүрміз бе?» дейтін сауал тастап егіледі. Мәссаған, безгелдек! Рейхстагқа Советтер елінің қызыл туы тігілген күннен бастап жеңісті жырлап келе жатсақта оның «шын бағасын» осы 67 жылдың ауқымында дұрыстап бере алмаппыз ғой біз байқұс... Енді қайттік? КСРО ТМД-ға айналып «телпегін» теріс киген сәттен бері «Ұлы Отан» соғысын ұлықтаудан танбаған екі ел қалса, соның бірі Қазақстан еді ғой. Біреуі, сөз жоқ Ресей. Ресейдің 9 мамырды ерекше атап, екінші жиһан соғысының өздеріне қатысты тұсын «Ұлы Отан» деп әспеттеуге толық қақысы бар. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыс қазіргі Ресей территориясының батыс ауданында болды. Шығыс Еуропа елдерін аяусыз езгіге салған Гитлер окупацияланған мемлекеттердің әскери күшін коммунистер билігінің ұясы - Ресейге қарсы жұмылдырып, «7 қарашада қызыл алаңнан сап түзеп өтеміз!» деп дүниеге жар салды. Сондықтан анталаған жауды ауыздықтап, бетін қайтарған мемлекеттің бірі ретінде Ресейдікі дұрыс. Ресей сол соғыста жеңіліс тапқанда, империялық қуатынан тұтастай айрылатын еді. Бүгінгі бүтіндігіне бүлік тиіп Қапқазда, Қиыр Шығыста қиянға кетер еді. Демек, Ресей үшін мамырдың 9-ы күні ұлан-асыр той жасап, ұрпақ жадын жаңғыртып тұру - саяси да, тарихи да қажеттілік. «Ал, біз ше? Бізге де бұл жеңіс ортақ емес пе?» (дейтіні анық оппонентіміздің). Рас, жеңіс ортақ. Төгілген қан, шейіт кеткен ерлердің ерлігі, мәрттігі, жасампаздығы ортақ. Бірақ, «Ұлы Отан» ортақ емес. Егер бізге, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтарына, КСРО мен Мәскеу Отан болса, - онда нағыз оңбаған опасыз біздер екенбіз! Біз «Ұлы Отанымызға» опасыздық жасап тәуелсіздігімізді жария етіппіз. Шекарамызды бекітіп, Елордамызды Арқа төсіне көшіріппіз. Бұнымен шектелмей «өкіметіміз қазақ тілінде сөйлесін» деген талап қояды екенбіз. Масқара, мына тірлігімізді былайғы ел-жұрт естімесін! «Ұлы Отанымызды» ұятқа қалдырып әбден-ақ есіріппіз, енді сабамызға түсейік, борбайды босқа сабамай салқын ақылға жүгінейік. «Ұлыотаншылдарымызды» ұлардай шулатпай баяғы қотанымызға - отанымызыға қайтайық. Әлде, «Ұлы Отанымызды» ұмытып «Нұр Отанымызда» өмір сүрген бек дұрыс па? Осы сұрақ Отанның «ұлы» екендігіне де «нұр» екендігіне де қарамай қиялай шабатын ағайынды бір сәтке ойлантса игі еді, амал кем олай болмай тұр.
КПСС тарихында «Ұлы Отан» соғысына 1млн 360 мың қазақстандықтың қатысқаны туралы деректер кездесетін. Әлгі 1млн 360 мыңның қаншасы қазақ болды екен деп ойланушы едік бала кезімізде. Қазіргі тарих екінші дүниежүзілік соғысқа 600 мың қазақтың қару ұстап барғанын айтады. 600 мың қазақтың елге 100 мыңы ғана қайтып оралған. Ол 100 мыңның өзі жарақат алған, жан дүниесіне сұм соғыс жарықшақ түсірген жандар. Бірі кем дүние дейсің осындайда, соғыста көз жұмған 500 мың қазақ ата - бала - немере дәстүрімен ұрпақ жалғастырғанда, қазіргі санымыз беріден қайтқанның өзінде бір, бір жарым миллионға артық шығар еді. Ендеше бұл соғыс - қазақ халқының ортасын ойсыратып кеткен жиырмасыншы ғасырдың кезекті кесапаты екен. Солай болғандықтан да оны ешқашан, еш уақытта ұмытпауға тиіспіз. Және мынаны ескеруіміз керек: аталарымыз «Ұлы Отанды» жаудан қорғауға аттанып нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғысты аяқтап қайтты. Демек аталарымыздың ерен ерлігін «Ұлы Отанның» тар шеңберімен ғана өлшеу - өз ұрпағыңды өгейсіткенмен тең қиянат. Олар - екінші жиһан соғысының қаһармандары. Ал, екінші дүниежүзілік соғысқа 1,7 миллиард халқы бар 61 мемлекет қатысып, соғыс қимылдары 40 мемлекеттің жерінде жүріп өткен.
Соғыс дегеніміз - саясаттың құралы. Соғысты саясат жасайды. Саясат әуелі ой, сенім, мақсат тұрғысында санада ұялайды. Біз сол саясаттың әуресінен құтылудың орнына құрықталып, санамызға сілкініс жасай алмай келе жатқан елміз. Әйтпесе, тәуелсіз мемлекеттің азаматтары бола тұрып мән-мағнасы қалмаған «Ұлы Отанды» айтып ұлыр ма едік? Біздің «Ұлы Отанымызды» өзіміздей өзбек ұрмайды да. Қырғыз бен тәжіктің де қыстырып жатқаны шамалы. Тек атам заманда қураған «атанның басын» іздеп зарлайтын ел ТМД шеңберінде біз ғанамыз. Басқа-басқа, тым құрығанда баспасөзде «Ұлы Отан» деп емес, «екінші жиһан» немесе «екінші дүниежүзілік соғыс» деп жазссақ, айтсақ біреу аузымызды жауып, қолымызды қақпайтын шығар. Осы жайтты желпінткен жеңіс мерекелерінен кейін әріптестеріміз бен жалпы жазарман қауымға жұқалап ескерткенді жөн көрдік...
«Абай-ақпарат»