Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2233 0 пікір 14 Мамыр, 2012 сағат 06:12

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: ЕШМАНОВТЫҢ «КУӘСІ», СОТТАЛУШЫЛАРҒА ЖҮЗДЕГЕН МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫПТАР...

Ақтауда жүріп жатқан сот процесінің 11-мамыр күні өткен 30-шы отырысы туралы 12-мамыр күні жарияланған соңғы репортажға қосымша Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелері хабарлаған мәлеметтерді назарларыңызға ұсынамын.

 

Отырыс «Күнтуаров Бердіаман» лақап атты куәны сұраудан басталған.

Прокурор: куә «Күнтуаров», өзіңізге белгілі жағдайлар туралы сотқа айтып беріңіз.

«Күнтуаров»: Мен алаңда 16-желтоқсанда болдым, онда концерт беріп жатты, сонан соң ереуілдеуші мұнайшылар сахнаны шабуылдай бастады, дыбыс күшейткіш құралдарды сындырды. Одан соң полицейлерге шабуыл жасап, оларға тас лақтырды. Одан әрі бұзақылар ӨМГ-ге бензин құйған шөлмектер лақтырды. Бұдан кейін банкоматты сүйреп шығарып, бастапқыда қолмен, сонсын УАЗ автомашинасына тіркеп сүйреді. Сонда мен Сарыбаев Мэлсті көрдім, ол: «Ешмановтың үйін өртейік!» - деп айқайлады. Мен Ешмановты ескертуді ұйғарып, оның үйіне кеттім. Ауласына сырт жағынан барып, қақтым, бірақ ешкім ашпады. Есімде, аулада қара ит болды. Одан соң беттерін байлап алған жас жігіттер тобын байқадым. Олар үйге кірді, телевизор, тағы бірдеңелер алып шықты. Сонсын төбе жанды. Мишаның: «Өртеңдер!» - деп айқайлағанын естідім, әлгі адамдар арасынан Бөпілов, Қойшыбаевтарды көрдім (үш-төрт сөйлемнен кейін-ақ оның дайын мәтінді оқып отырғаны түсінікті болған).

Ақтауда жүріп жатқан сот процесінің 11-мамыр күні өткен 30-шы отырысы туралы 12-мамыр күні жарияланған соңғы репортажға қосымша Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің мүшелері хабарлаған мәлеметтерді назарларыңызға ұсынамын.

 

Отырыс «Күнтуаров Бердіаман» лақап атты куәны сұраудан басталған.

Прокурор: куә «Күнтуаров», өзіңізге белгілі жағдайлар туралы сотқа айтып беріңіз.

«Күнтуаров»: Мен алаңда 16-желтоқсанда болдым, онда концерт беріп жатты, сонан соң ереуілдеуші мұнайшылар сахнаны шабуылдай бастады, дыбыс күшейткіш құралдарды сындырды. Одан соң полицейлерге шабуыл жасап, оларға тас лақтырды. Одан әрі бұзақылар ӨМГ-ге бензин құйған шөлмектер лақтырды. Бұдан кейін банкоматты сүйреп шығарып, бастапқыда қолмен, сонсын УАЗ автомашинасына тіркеп сүйреді. Сонда мен Сарыбаев Мэлсті көрдім, ол: «Ешмановтың үйін өртейік!» - деп айқайлады. Мен Ешмановты ескертуді ұйғарып, оның үйіне кеттім. Ауласына сырт жағынан барып, қақтым, бірақ ешкім ашпады. Есімде, аулада қара ит болды. Одан соң беттерін байлап алған жас жігіттер тобын байқадым. Олар үйге кірді, телевизор, тағы бірдеңелер алып шықты. Сонсын төбе жанды. Мишаның: «Өртеңдер!» - деп айқайлағанын естідім, әлгі адамдар арасынан Бөпілов, Қойшыбаевтарды көрдім (үш-төрт сөйлемнен кейін-ақ оның дайын мәтінді оқып отырғаны түсінікті болған).

 

- Алаңға қандай мақсатпен бардыңыз?

- Жұмыс ретімен. Мен киіз үйлерді тігуге жәрдемдестім.

- Мэлс Сарыбаевтың әрекеттерін суреттеңіз.

- Ол банкоматты сүйреді, одан соң оны УАЗ-ға тіркеуге көмектесті. Қасында адамдар болды.

- Сіз Ешмановты қайдан білесіз?

- 2011 жылы ол мені жұмысқа орналастырды.

- Ешмановтың үйінің жанында не істегеніңізді толығырақ айтыңыз.

- Мен дүкеннің үстіне шығып, сонда тұрып бақыладым.

- Қандай дүкен?

- Ешмановтың үйіне көршілес дүкен.

- Сонда кімді көрдіңіз?

- Миша Қойшыбаевты, Самат Бөпіловты (залда және сотталушылар арасында - күлкі).

«Кунтуаров» (сәл үнсіздіктен кейін): Самат Қойшыбаевты, Жеңіс Бөпіловты.

- Мишаны қайдан білесіз?

- Қала кішкентай, бәрі бірін бірі біледі.

- Олар не істеді?

- Қиратты, айқайлады, өртеді.

- Тағы қандай әрекеттер болды?

- «Ешмановтың аяғын сындырамыз», - деп айқайлады.

- Самат Қойшыбаевты қайдан білесіз?

- Қала кішкентай, көптен білем.

- Ол қайда тұрады?

- 1-ші ықшамауданда.

- Қойшыбаев алаңда болды ма?

- Жоқ.

- Бөпілов алаңда болды ма?

- Ия, ол болды.

- Сіз олардың жүздерін көрдіңіз бе?

- Олар беттерін біресе ашып, біресе жапты.

Адвокат Досболов: Мэлс Сарыбаевпен қашаннан таныссыз?

«Кунтуаров»: Көптен.

- Сарыбаевты алаңда көрдіңіз бе?

- Жоқ, оны тек «Аруана» қонақ үйінің алдынан ғана көрдім.

- Ол Ешмановтың үйі алдында болды ма?

- Жоқ.

- Көрсетулерді неге лақап атпен беруді ұйғардыңыз?

- Қорқам.

- Ал Мэлс те алаңда киіз үйлерді тігуге жәрдемдесті ғой.

- Мен мұны білмеймін.

- Мэлсті нешеде көргеніңізді нақтылаңыз.

- Түске таман.

- Дәлірек?

Үндемеген.

- Сол күні Мэлс қандай бас киіммен болды?

- Есімде жоқ.

- Көзілдірігі болды ма?

- Білмеймін.

- Ол қырынған ба еді әлде бетінің түгі болды ма?

- Білмеймін.

- Қандай аяқ киіммен болды?

- Білмеймін.

- ӨМГ-ден банкоматты сүйрегенде көп адам болған, ал сіз неге тек Мэлсті ғана есіңізде сақтадыңыз?

Үндемеген.

- Сізге жауап беруге біреу көмектесіп отыр ма?

- Жоқ.

- Сіз алаңда киіз үйлерді тігуге жәрдемдестім дедіңіз, ӨМГ-ның жанына қайдан тап болдыңыз?

- Алдымен алаңда болдым, сонсын «Аруана» қонақ үйіне қарай бардым.

- ӨМГ-ге қарай бардым деп едіңіз ғой?

Үндемеген.

Адвокат Жуаспаева: Самат Бөпіловты қашаннан білесіз?

«Күнтуаров»: Мен Самат Қойшыбаев туралы айттым.

Жуаспаева: Жоқ, сіз Самат Бөпілов туралы айттыңыз.

Адвокат Сәрсембина: Қайда, қашан және кім сізді куә ретінде сұрады?

«Күнтуаров»: Мен бұл сұраққа жауап бермеймін.

Жуаспаева: Бұрын осы процеске қатысып па едіңіз?

«Күнтуаров»: Жоқ.

Досболов: Сізді 16-желтоқсаннан кейін ұстап па еді? 2-3 күнге болса да?

«Кунтуаров»: Жоқ.

Адвокат Әлібиев: Сұраулар неше рет жүргізілді?

«Күнтуаров»: Айтпаймын.

- Неге?

- Қаламаймын.

- Неге қаламайсыз?

- Қорқам.

- Кімнен?

- Көп адамнан.

- Нақты кімнен?

-  Сіз мені қорғай алмайсыз, сотталушалардың туыстары бар.

- Ендеше неге үйіңізде қалмадыңыз, неге куәгерлікке сұрандыңыз?

Судья: Сұрақты алып тастаймын.

Әлібиев: Ешманов сізді жұмысқа қабылдады дедіңіз, ол сізді қайда қабылдады - үйінде ме, кеңседе ме?

«Күнтуаров»: Арызымды оның кеңсесіне апарып бердім.

- 16-желтоқсанға дейін Ешмановтың үйінде болдыңыз ба?

- Оған дейін оның үйін тек сыртынан көрдім, кірген жоқпын.

- Оның үйі қай жерде?

- Базарға қарсы.

- Үй неше қабатты?

- Есімде жоқ.

-  Ол үйге қай жағынан барғаныңызды қайталаңызшы?

- Сырт жағынан, қақпа алдында «Семсер» күзет компаниясының УАЗ-ы тұрды.

- Күзетшілерге неге айтпадыңыз, неге ескертпедіңіз?

- Ешмановқа айтқым келді.

- Мишаны қайдан білесіз?

- Қала кішкентай, бәрі бірін бірі біледі.

- Дегенмен, Мишаны қайдан білетініңізді толығырақ айтып беріңіз.

- Айтпаймын.

- Олай болса оның түрін сипаттаңыз.

- Ол ұзын бойлы.

- Көзілдірік кие ме?

- Байқамадым.

Адвокат Тасқынбаев: Бөпіловты қайдан білесіз?

«Күнтуаров»: Қала кішкентай, көптен білем.

- Сол күні ол қандай киіммен болды?

- Есімде жоқ.

- Бөпілов қайда тұрады?

- 5-ші ықшамауданда.

- Оның мәшинасы бар ма?

- Білмеймін.

- Сіз өзіңіз қайда тұрасыз?

- Айтпаймын.

- Ешмановтың үйін кім өртегенін сіз оған айта алдыңыз ба?

- Ия, Жаңа жылдан кейін.

- Сіз қазақсыз ба?

- Айтпаймын.

Адвокат Төлеуқұлов: Сіз дайындалып жатқан өртеу туралы Ешмановқа ол сізді жұмысқа алғандықтан айтқыңыз келді ме?

«Күнтуаров»: Мен азаматпын, сондықтан хабарлауды ұйғардым.

- Сіз төбесіне шыққан қандай дүкен?

- «Айсұлу» ма, «Айкөркем» бе, дәл есімде жоқ.

- Болып жатқан жағдайды ұялы телефонның камерасына түсірдіңіз бе?

- Жоқ.

- Ешмановтың үйі алдында қандай мүсіндер тұр? Олар қанша? Түсі қандай?

- Білмеймін, мен сыртынан бардым.

- Сіз өз қауіпсіздігіңіз үшін қорқамын дейсіз, неге сол күні үйіңізде қалмадыңыз?

- Ешмановты сыйлағандықтан бардым.

- Неге 6 ай бойы полицияға хабарламадыңыз?

- Қорқтым, тек Ешмановқа айтқым келді.

Адвокат Батиева: Сіз алаңның қай жағында тұрдыңыз?

«Күнтуаров»: Әр жағында жүрдім.

- Полицейлерге қай кезде тас лақтыра бастады?

- 11:30-дар шамасында.

- Одан соң сіз не істедіңіз?

- Жүгірдім.

- Қайда?

- «Аруана» қонақ үйіне қарай.

- Неге үйге кетпедіңіз?

- Барлығы солай қарай жүгірді, менің таныстарым да солай қарай жүгірді.

- Демек, сіз де жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушы болдыңыз ғой?

Үндемеген.

-  Банкоматты сүйреген УАЗ-дың нөмірі?

- Ол мәшинадан нөмірді алып тастаған.

- Банкоматтың дәл қай жерде тұрғанын айта алсыз ба?

- Авиаагенттік жанында.

- Банкомат қай банктікі?

- Халық банкісінікі.

Адвокат Жәменов: Сіздің сөздеріңізді кім растай алады?

«Күнтуаров»: Айта алмаймын.

Адвокат Көшкенов: Ешманов сізге сотта лақап атпен сөйлеу жөнінде қашан айтты?

«Күнтуаров»: Жуықта.

- Нақты қашан?

- 5-6-мамырда.

- Мұны ол қайда айтты? Үйде, көшеде, қайда?

- Айта алмаймын.

- Неге мынадай лақап ат алдыңыз?

- Бұл менің бабаларымның біреуінің аты.

Сотталушы Аманжолов: Кімнің бойы биік - Бөпіловтың ба, Қойшыбаев Саматтың ба?

«Күнтуаров»: Мен оларды өлшеген жоқпын.

Көшкенов: Ешманов 6-мамыр күні Жаңаөзенде болған жоқ, сіздің оған қалайша айтуыңыз мүмкін?

«Күнтуаров»: Онда, мүмкін, 5-мамырда айтқан шығармын.

- Ол 5-мамырда да онда болған жоқ.

- Оған сол күндері айттым, басқа қосарым жоқ.

Әлібиев: Сұрақтардың 90%-ына дерлік сіз жауап берген жоқсыз немесе «білмеймін» дедіңіз, сонда сіз, немене, тек сотталушы адамдардың аттарын атау үшін ғана келдіңіз бе?

Судья: Сұрақты хаттамаға кіргізіңіз, бірақ сұрақ алынып тасталады.

Осымен «Кунтуаровты» сұрау аяқталған.

Прокурор: Құрметті сот, сотталушылардың азаптаулар туралы арыздары бойынша  тексеру жөніндегі сіздің қаулыңызға прокуратураның ресми жауабын сізге тапсырғымыз келеді.

Сот хатшысы құжатты қабылдап алған.

Прокурор: Құрметті судья, біздің куәлар Бекенов (ұзақ іссапарда, оның басшылығынан анықтама бар) пен «Мейрамов Талғаттың» келуін ақыры қамтамасыз ете алмауымызға байланысты,  бірақ олардың көрсетулері өте маңызды болғандықтан, оқып беруге рұқсат етіңіз?

Судья: Процестің басқа тараптарының пікірлері?

Адвокат Көшкенов: Мен олардың көрсетулерін оқып беруге қарсымын. «Мейрамов Талғат» лақап атты куәны да осында сөйлеген куә Боженко-«Алпысбаев» тәрізді ар-ұяты қинауы әбден мүмкін.

Адвокат Батиева: ҚР ҚПК-ның 357-бабына сәйкес, біз тіпті «Мейрамов Талғаттың» не себептен келе алмағанын да білмейміз.

Судья: ҚР ҚПК-ның 357-бабына сәйкес, «Мейрамов Талғаттың» көрсетулерін оқуға болмайды, Бекеновтың көрсетулерін жариялауға рұқсат беремін.

Адвокат Әлібиев: Құрметті сот, мен де Бекеновтың көрсетулерін оқуға қарсымын, өйткені оның тек басшылығынан ғана анықтама бар.

Адвокат Жәменов: ҚР ҚПК-ның 116-бабына сәйкес, оның көрсетулері кейін бәрібір дәлелдер ретінде пайдалануға келмейді.

Судья: Шешім қабылданды. Бекеновтың көрсетулерін жариялаңыз.

Прокурор көрсетулерді іс материалдарынан оқыған: «Куә Бекенов Ж. өз жауабында Жаңаөзен қаласының ІІД-де жұмыс істейтіндігін көрсеткен. 2011 жылдың 16-желтоқсанында Жаңаөзен қаласының орталық алаңында жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтауға қатысқан. Ол тануға ұсынылған фотосуреттерден Мұхаммедов Расул Искендербекұлын таныған. Ол жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен, оларға тас және басқа заттар лақтырған. Сол күні оның үстінде жасыл түсті шалбар мен қызыл күртеше болған. Куә Бекенов Ж. Мұхаммедов Р.-мен беттесу үстінде өз жауаптарын қолдаған және оның қылмысты әрекеттері жөнінде айтып берген».

Адвокат Әлібиев: «Күнтуаров» лақап атты куәнің көрсетулерін заңсыз деп тану жөнінде талап-тілек жасаймын, өйткені ол өз көрсетулерінде шатасумен болды, оны айыптау тарабы дайындаған деп есептеймін.

Адвокат Сәрсембина: Мен де «Күнтуаровтың» көрсетулерін заңсыз деп тану жөнінде талап-тілек жасаймын, өйткені ол өз ой-пікірлерінде тәуелсіз бола алмайды. Себеп - ол өзін Ешмановтың жұмысқа орналастырғандығын мойындады.

Судья: Басқа тараптар пікірі?

Сотталушылар мен адвокаттар бұл талап-тілектерді қолдаған.

Прокурор Ақбаев: Әрине, біз адвокаттар жасаған талап-тілектерге қарсымыз. Бірақ біз де куә «Күнтуаровпен» таныс емеспіз, сондықтан адвокат Әлібиевтің сөздеріне наразылық білдіреміз және мұны хаттамаға кіргізуді өтінеміз.

Судья: Талап-тілектерді ашық қалдырамын. Біз сот зерттеулерінің аяғына жақындап келеміз, тағы сұрақтар бар ма?

- Жоқ.

- Онда жарыссөзге көшеміз.

Түскі үзілістен кейін жарыссөз басталған.

Прокурор Әбіләкім (Ақтөбе облысы, Темір ауданы) өз сөзін «аса сирек (уникалды) мейрамның» жаппай тәртіпсіздіктермен бұзылғандығын қынжыла айтудан бастап, 16-желтоқсан оқиғаларын еске салған және: «Осының барлығынан кейін біз не істеуге тиіспіз?» - деген риторикалық сұрақпен аяқтаған. Ал мұның жауабы оның өзі үшін айқын болса керек, ол, тіпті, «қазақтың ескі заңдарында да («Жеті Жарғы» және т.б.) аталмыш жағдайлар (?! - Ж.Қ.) үшін жазалар қарастырылғандығын» еске салған. Одан соң сотталушылардың мынадай төрт категорияға бөлінгендігін мәлімдеген:

- жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар;

- жаппай тәртіпсіздіктерге белсенді қатысушылар;

- жаппай тәртіпсіздіктерге қарапайым қатысушылар;

- тонаушылар (жаппай тәртіпсіздіктерді пайдаланған).

 

Одан әрі прокурор айыптау қорытындысының Қалиев, Досмағамбетов, Өткелов, Жүсіпбаев, Сақтағанов, Ермұқанов, Төлетаева, Жарылғасыновтарға қатысты бөлігін қайталап шыққан. «Сот зерттеулерінен кейін бұл адамдардың кінәлары бұрынғыдан да айқындала түскендігін» хабарлап, дәлелдер ретінде лақап атты куәлардың көрсетулерін келтірген.

Одан кейін сөйлеген прокурор Әлиев те (Қызылорда) айыптау қорытындысының

Жұмағалиев, Қосбармақов, Непес, Мұрынбаев, Дүйсенбаев, Ерғазев, Исақов, Әспентаев, Әділов, Мұқашевтерге қатысты бөлігін қайталап шыққан.

Келесі сөйлеген прокурор Сыдықов (Алматы облысы) дәл сол «мәнерде» Асқарұлы, Сарыбаев, Қ.Қойшыбаев, Дүйсенбаева, Әминов, Шамов, Мұңайтпашев, Аманжолов, Бекжановтар туралы, ал прокурор Дүзелбаев (Оңтүстік Қазақстан облысы) Ақжігітов, С. Қойшыбаев, Бөпілов, Мұхаммедов, Шәмілов, Телегенов, Тәженов, Өтебеков, Бесмағамбетовтар жөнінде әңгімелеп берген.

 

Осының алдындағы репортажда жазылғандай, ең соңынан сөйлеген прокурор Ақбаев прокурорлардың соттан 37 сотталушыға сұрайтын нақты жазаларды тәптіштеп шыққаны белгілі. Ал төменде оның сөзінің қалған бөлігін келтіреміз:

« ...Іс бойынша жәбірленушілердің көп екендігін білеміз, соған байланысты азаматтық талап-арыздар бар. Сол талап-арыздар бойынша:

сотталушылар Қосбармақов, Дүйсенбаев, Ерғазев, Исақов, Әспентаев, Қ.Қойшыбаев, Дүйсенбаева, Мұхаммедов, Шәмілов, Телегенов, Тәженов, Өтебековтерден - Жаңаөзеннің орталық алаңындағы кеспе тастарды бүлдіргені және қиратқаны үшін мемлекет пайдасына 27 миллион теңге өндіріп алу;

сотталушылар Непес пен Мұқашевтен - сахнадағы мүлікті бүлдіргені үшін мемлекет пайдасына 4 миллион 420 мың теңге өндіріп алу;

сотталушы Бесмағамбетовтан - сахнадағы мүлікті және жаңажылдық шыршаны бүлдіргені үшін мемлекет пайдасына 6 миллион 720 мың теңге өндіріп алу;

сотталушылар Әділов, Асқарұлы, Әминовтардан - әкімдікті өртеп, бүлдіргені үшін әкімдік пайдасына 250 миллион теңге өндіріп алу;

сотталушы Әминовтан - жәбірленуші Қаулыбаевтың пайдасына 4 мың теңге өндіріп алу;

сотталушы Сарыбаевтан - Халық Банкі АҚ пайдасына 5 миллион 507 мың 847 теңге өндіріп алу;

сотталушылар Шамов пен Әбдірахмановтан - «Атлант» сауда орталығынан ұрланған тауарлар үшін «Гефест» ЖШС-ның пайдасына 185 мың 700 теңге өндіріп алу;

сотталушы Бекжановтан - Әбдіғалиеваның пайдасына 8 мың теңге өндіріп алу;

сотталушылар Ермұқанов пен Бөпіловтан - үйді бүлдіру фактісі бойынша Ешмановтың пайдасына 10 миллион теңге өндіріп алу;

сотталушы Қойшыбаев Саматтан - үйді бүлдіру фактісі бойынша Ешмановтың пайдасына 10 миллион теңге, Жаңаөзен әкімдігінің пайдасына - 250 миллион теңге өндіріп алу;

сотталушылар Сақтағанов, Төлетаева, Досмағамбетов, Өткелов, Қалиев, Жарылағасынов, Жүсіпбаевтардан - жаппай тәртіпсіздіктер кезінде келтірген зардаптар үшін 589 миллион 912 мың 564 теңге өндіріп алу.

 

Сонымен қатар, 188 жәбірленушінің 93-і талап-арыздарынан бас тартты. Бұл жерде олардың бәрінің фамилиясын атап жатудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бас тартуларына байланысты олардың талаптары қараусыз қалады.

Төрт жәбірленуші - Әбдіғалиева, Қасименова, Рахымбердина, Сәулебаев - талап-арызды азаматтық тәртіппен береміз деп мәлімдеді.

Бұл іс бойынша берілген талап-арыздарға байланысты негізінен барлығы осы, енді қорытынды бөлігінде заттай дәлелдер бойынша уақыт алып, олардың бәрін санамалап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тізімді біз жазбаша түрде берген болатынбыз. Көбісіне олар - DVD дискілер, бейнежазбалар, істің басқа материалдары. Олардың қайсысы іске қосуға, қайсысы жойылуға жататындығын (?, бөлектеген біз. - Ж.Қ.) біз көрсеттік».

 

Осымен жарыссөздегі айыптау тарабының сөзі аяқталған.

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 13-мамыры.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475