Халық сенетін Үкімет құрыңыз, Президент мырза!
Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан президент Қасым-Жомарт Тоқавқа талап қойып, Үкіметті қайта жасақтауды ұсынды.
Ұсыныс:
Қасым-Жомарт Кемелұлы, халық сенетін Үкімет құрыңыз!
Ауыл шаруашылығына арналған аумағы өте үлкен ел Қазақстанда сәбіздің құны 735 теңгеге жетіп, 1,5 долларды құрап отыр. Және бұл - мемлекеттік субсидия жылдар бойы құйылып жатқан саладағы жағдай. Жайылым жоқтығынан мал аштан өліп, көтерем болып, қоқыс, картон жеп жатыр! Мұның бәрі жүздеген жылдар бойы мал баққан көне көшпенділер елінде орын алып отыр!
Бұл – соңғы жылдардағы экономикалық саясаттың қаншалықты сорақы екенінен шынайы да тура хабар беретін көрсеткіш. Бабаларымыздан мұра болып қалған, келешек ұрпаққа тиесілі ұлттық қорымыз сарқылуға жақын тұр. Өткен жылы сол жылы түскен қаржының 96 пайызы жұмсалып кетті.
Енді Ү кімет азық-түлік бағасын әкімшілік жолмен реттегісі келеді. Ондай болса мемлекеттік жоспар жүйесін енгізіп, экономиканы мемлекет меншігіне өткізіңіздер! Бұл – адамның күлкісін келтіретін: «пойыз, тоқта, бір-екі!» деген анекдот қой... Нарықтық экономикада бағаны – бұйрық, жарлықтармен емес, ұсынысты көбейту арқылы түсіретінін естімеп пе едіңіз?
Экономикамыздың барша саласын тұралатып, жоғарыда баяндалған күйсіз нәтижеге жеткізген кландар мен олигархтық топтармен байланыс-шатысы жоқ адамдар Үкіметке кіруі тиіс екеніне бек сенемін!
Өз басым халық алдында жауапкершілік арқалап, елімізді экономикалық дағдарыстан шығаруға әзірмін!
Мұхтар Тайжан
Мамин «кризис менеджер» бола алмады
Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Маминнің қызметіне айтылатын сын мен мін көп. Соңғы екі жылдықтағы пандемия ел Үкіметінің дағдарыс уақытында тиімді шешім қабылдау қабілетінің жоқтығын көрсетті.
Премьер-министр ол – «кризис менеджер» болуы тиіс. Асқар Мамин өзін ол тараптан көрсете алмады. Жұмыссыздық саны артты, денсаулық саласы күтпеген қиындықты көтере алмады, экономика тұралап қалды. Енді оған аспандап тұрған азық-түлік бағасын тағы қосыңыз. Демек, логикаға сай премьер-министрді ауыстырып, Үкіметті қайта жасақтау керек. Сіз қалай ойлайсыз?..
Abai.kz