Сейсенбі, 30 Қараша 2021
Саңлақ 8982 2 пікір 27 Маусым, 2021 сағат 10:47

Қос қазақ спортшысы Лас-Вегаста атой салды

28 жастағы қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы бұрынғы әлем чемпионы, 30 жастағы америкалық Роб Брантты жеңді.

Жекпе-жек Лас-Вегаста өткен. 72,6 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі бәсеке 10 раундқа жоспарланған. Алайда Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын алтыншы раундта нокдаунға түсірді. Ал сегізінші раундтан кейін Роб Бранттың бұрышы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан.

Бұл Жәнібек Әлімханұлының он жекпе-жектегі оныншы және мерзімінен бұрынғы алтыншы жеңісі. Айта кетейік, Әлімханұлы өнер көрсететін орта салмақта IBF және IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы - қазақстандық Геннадий Головкин.

Бүгін UFC ұйымында өнер көрсететін тағы бір қазақ спортшысы Шавкат Рахманов (13-0) «UFC Vegas 30» турнирінде өнер көрсетіп, бразилиялық Мишель Празересті (26-3) жеңді.

Бұл шайқас та Лас-Вегас қаласында өткен. Шавкат Рахманов бірінші раундта қарсыласын бақылап, бір тейкдаун жасап, раундты өз пайдасына аяқтаған.

Ал екінші раундта Шавкат өте белсенді бастап, қарсыласын қылғындыру әдісімен жеңген.  Осылайша ол UFC ұйымындағы екінші кездесуінде жеңіске жетті.

Abai.kz

2 пікір