Сенбі, 23 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 4032 6 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 13:44

Сайлау ма, әлде «әкім базар» ма?

Екібастұзда Президент тапсырмасы ырың-жырыңмен орындалмақ

Еліміз үшін биылғы жыл жаңалығы – өкілеттік мерзімі өткен кент және ауыл әкімдерін сайлау науқаны болмақ. Президенттің өткен жылғы Жолдауындағы «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек», - деген сөзі халықтың көңіліне сенім ұялатып, ел ішінен кәдімгідей серпіліс байқалды.

Өкінішке қарай, Екібастұз өңірінде Президенттің тамаша саяси бастамасы «әп-әдемі ән еді, пұшық айтып қор қылдының» кебін киіп жатыр. Қазірдің өзінде бұл өңірде небір «спектакльдер» басталып кетті.

Биыл Екібастұз өңірде бес әкімнің қызметтік өкілеттігі аяқталғалы отыр, олар – мемлекеттік қызметке 37 жылын арнаған Докторхан Амантай (Байет ауылдық округінің әкімі, жалпы еңбек өтілі – 38 жыл), мемлекеттік қызметте 32 жыл тер төккен Ерлан Қасеналин (Теміржол ауылдық округі, еңбек өтілі 40 жылдан астам), мемлекеттік қызметте 20 жыл жиған тәжірибесі бар Марат Сейсембаев (Сарықамыс ауылдық округі, жалпы еңбек өтілі – 43 жыл), 21 жыл мемлекеттік қызметке жігерін арнаған Гүлнәр Еңсебаева (Шиқылдақ ауылының әкімі, жалпы өтілі – 37 жыл) және мемлекеттік қызметте 15 жылдық тәжірибесі бар Бахтияр Ақтаев (Ақкөл ауылдық округі).

Аталған азаматтардың басым көпшілігі – зейнет жасына таяп қалғандар.

Өңірде соңғы уақытта болған оқиғалар бұл бес әкімді сайлауға үміткер болу құқығынан айырып отыр. Оның себебін оқырман қауымға түсіндіру үшін амалсыз «Мақта қыз бен мысық» ертегісін еске түсіруге тура келеді.

Басынан бастап айтар болсақ, Екібастұз қаласы әкімінің атына 2021 жылғы 30 сәуірде Екібастұз қалалық прокуратурасы атынан ұсыныс хат түседі. Онда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында заңдылықтардың сақталуына прокуратура жүргізген талдау нәтижелері айтылады.

«Талдау бағдарламаның әр бағыты бойынша адамдарды сұранысы жоқ мамандықтарға оқыту, мемлекеттік гранттардың негізсіз берілуі, қоғамдық жұмыстарды атқаруға субсидиялардың заңсыз таратылуы және жастар тәжірибесіндегі заңсыздықтар түрінде өрескел заң бұзушылықтарды анықтады»,- деп жазылған ұсыныс хатта.

Бәрінен қызығы - бұл бағдарламалардың әкімшісі Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі екендігінде. Бірақ ондағылардың мұртын балта шабатын түрі жоқ.

Прокуратура ең алдымен қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағытындағы жұмыстан қате тапқан. Тоқталып өтсек, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқыту үшін біліктілік пен мамандық жағы жұмыс берушілердің өтінімдері нәтижесінде анықталуы керек екен. Тексеріс анықтағандай, жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығындағы мұқтаждықтарды тек қағаз жүзінде «анықтайтын» көрінеді. Бұған сұраныссыз мамандықтар бойынша берілген жолдамалар айғақ. 2019 жылы Жұмыспен қамту орталығына өтінімдер мүлдем түспеген. Осы жылы өтінімдер түспегеніне қарамастан, қажет емес мамандықтарға 148 адам оқытылып, бұл мақсатқа 9 миллион теңге жұмсалыпты. Атап айтқанда, визажист мамандығына – 41 адам, косметологқа – 19 адам, шаштаразға – 49 адам, кондитерлікке 39 адам оқытылған.

Мұндай былықтар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау саласында да аз емес екен.

Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды ұсыну ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 қаулысымен бекітілген мемлекеттік гранттарды беру ережесімен анықталады. Осы ереженің 5-тармағына сәйкес, мемлекеттік грантқа үміткердің жеке кәсіпкер (заңды тұлға) ретінде мемлекеттік тіркеуге алыну мерзімі бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне жүгінген кезде бір жылдан аз болуы керек. Соған қарамастан, грант бөлуге жауапты комиссия жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне бір жылдан асып кеткен тұлағаларға грант таратқан. «Батпан құйрықтан» қарпып қалғандар арасында жеке кәсіпкер ретінде 2011 жылдың 17 тамызында тіркелген Лариса Мұсанап та бар екен. 2020 жылғы 20 мамырда бьюти-салон ашу үшін оған 555 600 теңге грант мақұлданған.

Жалпы, Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жіберген кемшілікте сан жоқ. Дегенмен заңсыздықтың бірнешеуіне тоқталып өтелік.

Мемлекеттік грант алуға үміткерлер, жоғарыдағы ережеге сүйенсек, халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан жұмыссыз тұлға, кәсіпкер немесе кәсіпкерлік негіздері курсын бітірген бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болуы керек. Осындай талапқа қарамастан, тұрақты жұмысы бар тұлғаларға гранттар асқан жомарттықпен таратылыпты.

Атап айтқанда, 2020 жылы 12 желтоқсанда тігіншілік мақсатқа деп 556 600 теңгені жайбарақат қалтасына басқан А.Иманғалиева дәл сол уақытта «Greenhouse- Qaztomat» ЖШС-інде жұмыс істеп жүріпті. Жалғыз ол емес, «ЕЭК» АҚ қызметкері Н.Мусралинов, «САС Казахстан» ЖШС жұмыскері А.Хамай, «Кузет Моторс» ЖШС-нен жалақы алып жүрген А.Шажирхан, «Алан Күзет» жұмыскері А.Камисхан сияқты тағы сегіз адамға гранттар заңсыз берілген. Яғни, жұмыс орындары бұрыннан бар адамдарды жарылқауға мемлекеттің 5 миллион теңге қаржысы негізсіз жұмсалған.

Мұндай жағдайларда жергілікті атқару органының лауазымды тұлғаларының әрекеті, ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабына сәйкес, шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету болып табылады.

Екібастұз қаласының прокуратурасы Екібастұз қаласының әкімдігіне және Мемлекеттік қызмет істері департаментіне лауазымды тұлғаларға осы заң аясында шара қолдануды ұсынып хат жазған.

Ал енді мақаламызға өзек болған ауыл әкімдерінің жазығы не десек, түгел дерлік ауыл әкімін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің саяси сауатсыз жылпостары комиссия мүшелігіне өткізіп қойыпты. Сөйте тұра, әкімдерге гранттарды бөлу заңнамалары және тетіктері туралы қандай да бір нұсқаулық, түсіндіру жұмыстары, семинарлар жүргізілмеген. Тіпті, әкімдер мен басқа да комиссия мүшелері «пандемия», тағы басқа желеумен үміткерлердің жобасын қорғау отырыстарына қатыстырылмаған. Бастапқыда бір рет басқосу өткен көрінеді. «Бірақ ол жерде негізінен қалада тұратын адамдар мал алмақшы болып, грантқа өтінім беріпті. Өздері қалалық. Қора-қопсысы жоқ. Сонда малды балконда ұстамақшы ма? Көпшілігіне қарсы шықтық. Содан бері басқосу өткен жоқ. Біздің бір қателігіміз – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшыларына сенгендігіміз. «Жылдам құжаттарды тапсыру керек, қол қоя қойыңызшы!» - деп артымыздан қалмай, жылпылдатып бәрімізге қол қойғызып алды. Біреуге кесіріміз тимесін деп, басшыларға сеніп, қол қойып отырдық. Көбінесе біз қол қойғанда сол қыздар жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетуші еді. Қуаныштарының не сыры барын өздеріңіз бағамдарсыздар», - дейді ауыл әкімдері мен басқа да «грант оқиғасынан» опық жеген азаматтар.

Негізі, прокуратураның хаты әкімдікке сәуір айының басында келіп түскен екен. Сәуірде келген хатты әкімдіктің декреттік демалыстан келген «қатты ұйқыдағы» мамандары назардан тыс қалдырған. Сөйтіп, мәселе облыстық Әдеп жөніндегі кеңес алдына топ ете түскен. Ал Әдеп жөніндегі кеңес КСРО дәуіріндегі НКВД-дан әрмен көрінеді. Кісілік көзқарастан жұрдай.

Біз Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан жіберілген жүзге тарта кемшілікті тізе алмадық, десе де тақырыпқа қайта айналып соғармыз. Ал қазіргі мәселе сойылдың ауыр жағының ауыл әкімдеріне дөп тигендігінде болып тұр. Әлеуметтік бағдарламаларда жіберілген қателерге жауапты комиссия мүшелерінің қатарында жергілікті әкімдік өкілдері де бар, бірақ олар жеңіл-желпі жазамен құтылмақ. Бәрінен сорақысы, комиссияның жұмысын қалай болса солай ұйымдастырып, барлық мәселеге үстірт қараған Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Баграмованың жазасыз қалып, оған тиесілі таяқтың әкімдерге бұйырғандығында.

Айтпақшы, биыл бес бірдей атпал азаматтың, бірнеше жылдан соң басқа да әкімдердің қайта сайлауға түсе алмайтыны олар мүшесі болып саналатын «Нұр Отан» партиясының жергілікті басшыларын тіпті, мазаламайтынға ұқсайды. «Әкімдер кетсе, орнына кісі табылады!» - депті мінберлерден қағаздағы мәтінді мыңқылдап оқитын «Нұр Отан» партиясы Екібастұз қалалық филиалы төрағасының орынбасары Нияз Макраев. Айтпақшы, Нияз мырза кей ауылдарда «жаңадан келетін» әкімге үй іздеп жүр дейді ауылдықтар. «Әкесін ұрғанды көріп едік, байлап қойып ұрғанды көрмеппіз» демекші, Нияз мырзаның «көзі тірі» Болат Құспековтің сыртынан өзін Екібастұз қалалық мәслихатының хатшысы етіп «сайлап» алғанына құлағымыз үйренгенімен, орынан кетіп үлгермеген әкімнің орнына адам «сайлап» алғаны бұл өңірде бұрын-соңды кездеспеген құбылыс болып тұр. Айтпақшы, зейнеттегі құқық қорғаушы Әсет Ақболин де ауылға, жасырмай айтсақ, Ақкөл ауылдық округіне сайлау туралы жарлық-бұйрықтар шықпай жатып-ақ, «сайланып» қойған азаматтың бірі. Ол – біз атаған Нияз Макраевтың жерлесі әрі руласы, Баянауыл ауданы Бірлік ауылының тумасы.

Ұзын сөздің қысқасы, Президентіміз Қ.Тоқаевтың тапсырмасында көзделген әділ сайлау Екібастұз өңіріндегі жауапсыздықтар салдарынан «әбігер сайлау» болып өткелі тұр. Бұлай болуына ауыл халқы да қатты наразы...

Айхан Әбсаттар,

Павлодар облысы

Ескерту: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға кез келген Қазақстан азаматы құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354