Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 7256 24 пікір 12 Шілде, 2021 сағат 13:00

КСРО гербі қазақ әскерінің қасиетті «символы» ма?

10 шілдеде Қазақстанда ресми тіркелмеген «El Tiregi» саяси партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан жауынгерлер одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджановты Ақтөбе полициясы тұтқындады деген ақпарат тарады.

«El Tiregi-нің» лидері Нұржан Әлтаев өзінің Facebook-тегі парақшасында:

«Мұрат Мұхамеджанов - ресми тіркелмеген «El Tiregi» саяси партиясының ұйымдастыру комитетінің орынбасары, Тәжік-ауған шекарасындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер одағының төрағасы. Оны Ақтөбе полициясы бүгін ұстады. Оны ұстау үшін арнайы жасақ арнайы операция жүргізген. Бұл саяси репрессия! Ертең бірінші рейспен Ақтөбеге ұшамын. Егер ертең оны босатпайтын болса, халықты жинаймыз. Билікке айтарым, «El Tiregi» партиясының өкілдері мен қоғам белсенділеріне қысым жасамаңдар! Үнсіз қалмаймыз», - деп жазған, 10 шілдеде.

Ал 11 шілдеде: «Достар, Мұхамеджановқа әкімшілік айып тағылып, 5 тәулікке қамады. Ол өз кінәсін мойындаған жоқ. 5 тәулік өткен соң ол бостандықа шығады», - деп жазды.

Облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, Мұрат Мұхамеджанов қаладағы (Ақтөбедегі) Шекарашылар саябағында орналасқан монументтің маңдайшасындағы КСРО туын жұлып алған және оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан.

Желідегі видеода Мұрат Мұхамеджанов:

«Бұл ҚазССР гербі. Бұл герб біздің идеологияға қайшы. Қала әкімі мен облыс әкіміне айтарым, тез арада мынау бағананы алып тастаңыздар немесе оны Қазақстанның шекарасына тән түске қайта бояп, Қазақстанның туы түстес монумент орнатуды талап етемін. Қазақстанның барлық өңірлері мұндай Қызыл империя қалдықтарынан арылуы керек.

Қазақстан Президентіне айтарым, Елтаңба төбесіндегі қызыл жұлдызды алып тастаңыз. Өздеріңіз, Совет одағы мен Патша өкіметінің боданы болғанымызды айтасыздар, сөйте тұра, мынау қызыл жұлдыз таңба боп тұр. Бізге советтің жұлдызы, советтің өткен шағы керек емес!», - деп сөйлеген.

Аталған оқиғаға байланысты Ақтөбе облыстық полиция департаменті түсініктеме беріпті. Олардың айтуынша, Мұрат Мұхамеджанов осы әрекеті арқылы әскери қызметшілердің ар-намысын қорлаған-мыс.

«27 мамырда азамат Мұрат Мұхамеджанов Ақтөбе қаласы Ахтанов көшесіндегі Шекарашылар саябағында, Отан шекарасын қорғау жолында қаза тапқан әскерилердің рухына құрметсіздік көрсетіп, монуметтегі гербті жария түрде жұлып тастаған. Бұны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратқан.

Аталған монумент Отанды қорғаған барлық шекарашы сарбаздардың ерлігін мыңгі ұлықтайтын ескерткіш және мемлекеттік шекараның қасиеттілігі мен қол сұғылмаушылығының символы болып табылады», - депті облыстық полиция департаменті.

Сонымен қатар, облыстық полиция департаменті Мұрат Мұхамеджановтың тұтқындалуының ешқандай саяси астары жоқтығын және оны тұтқындауға ешқандай арнайы жасақ жұмылдырылмағанын жазыпты.

Мұхамеджановты 10 шілдеде учаскелік полиция биылғы жылдың 27 мамырында құқық бұзушылық жасағаны үшін қалалық полиция бөлімшесіне жеткізген. Онда ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

«Ешқандай арнайы жасақ жұмылдырылған жоқ. Мұхамеджанов полицияға қарсылық білдірген жоқ. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Мұрат Мұхамеджанов ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған.

Мұхамеджановты әкімшілік жауапкершілікке тартудың оның қоғамдық-саяси қызметімен байланысы жоқ», - делінген хабарламада.

Бірқатар БАҚ аталған оқиғаны (Мұхамеджановтың тұтқындалуын) оынң саяси ұстанымымен өткен айдағы «El Tiregi-нің» рұқсат етілмеген митингке шығуымен байланыстыра жазыпты. Біздің назарымызды бұрғаны, Ақтөбе полициясының Instagram желісіндегі мына бір түсіндірмесі болып отыр.

Қазақша түсіндірмеде: «27 мамырда азамат Мұрат Мұхамеджанов Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов көшесіндегі шекарашылар саябағында қаза тапқан әскери қызметшілердің ескерткіштерін қорлай отырып, монументтен Елтаңба белгісін жұлып алды. Ол осы іс-әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялаған», - деп жазылған.

Ал орысшы ақпаратта: «27 мая гражданин Мурат Мухамеджанов в парке пограничников по улице Ахтанова в городе Актобе, проявив неуважение, оскорбляя память военнослужащих погибших защищая рубежи Родины, демонстративно сорвал с монумента герб. Все это он снимал на видео и выложил в социальные сети», - деп жазылған.

Яғни, «Отан шекарасын қорғау жолында қаза тапқан әскерилердің рухына құрметсіздік көрсетіп, монуметтегі гербті жария түрде жұлып тастаған», - деп жазылған.

Түйін. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толады. Бірақ сонда да Қазақстанда КСРО-ға деген «сағыныш» азаймай келеді. Оның жарқын мысалы – КСРО-ның әртүрлі мемлекеттік символикаларының Тәуелсіз Қазақстанның төрінде әйдік әспеттеліп, Кеңестің қан жұққан қызыл жалауының жыл сайын қазақ аспанында желбіреуі. Оның жарқын мысалы – кешегі Ақтөбе полициясының Кеңестік таңбаға деген ерекше «құрметі».

Біздегі сұрақ – бүгінде әлем картасында жоқ мемлекет – КСРО-ның Елтаңбасын жұлып тастау – Тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғау жолында қаза тапқан шекарашы сарбаздарының рухына құрметсіздік көрсету ме?

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449