Қазақстанның геосаяси орналасуы өте қиын
Қазақстанның геосаяси орналасуы өте қиын. Солтүстігінде 7 мың км Ресей жатыр. Қаласаң да, қаламасаң да экономикалық байланысқа, тату-тәтті әріптестікке мұқтажсың. XXI ғасырда шекараны тарс жауып отыра алмайсың. Бұл анық дүние.
Шығысымызда Қытай. Әлемнің бірінші экономикасына айналатын ел. Халқының саны әлемде бірінші орында. Әлемдік экономикаға ықпалы көп ел. Қытай нарығын дұрыстап пайдалана білу қажет. Әріптестік орнатуға мүдделіміз.
Оңтүстікте Ауғанстан күн тәртібіне шықты. Діни топ билікке келді. Әзірге Ауғанстан территориясында. Бірақ уақыт өтеді. Заман өзгереді. Ықпалы, әсері қай жерге дейін баратынын бақылап, қауіпсіздігімізді күшейту өзекті тақырыпқа айналды. Әлемдік державалар Ауғанстанды өз мүдесіне пайдаланары сөзсіз. Тәжікстанда Ресей базасы тұр. Орта Азияның тәуелділігі бұрынғыдан да артты. Сәл шеңберден шыға бастасаң Ауғанстанды қаржыландыра салса мәселенің астары түсінікті болады. Тауда соғысып үйренген халық Тәжікстаннан асып, Қырғызстаннан өтіп бізге жетуі ғажап емес. Жетпесе де көршіңде соғыс болып жатқаны да әсерін аз тигізбейді. Ішкі ахуалымыз да күрделі. Солтүстік қалаларында, аудандарында қазақтың саны аз. Шекараның арғы бетінде де қажет болса барын салатын үлкен ел жатыр. Донбас, Осетия, Қарабақта бұл анық көрінді.
Осы геосаяси жағдайды біз өзіміз таңдап алмадық. Бәрі тарихи жағдаймен көрші болған елдер. 19 миллион халық, оның ішінде мемлекет құрушы 13-14 миллион қазақ әлемнің тоғызыншы территориясында тарыдай шашылып жатырмыз. Санымыз Жапон астанасы Токионың ар жақ, бер жағындағы ғана халықпыз. Бар халқымызды жинасақ бір Токионың санына жетеміз бе, жетпейміз бе үлкен сұрақ.
Әзербайжанға барғанда соғыс болған, зымырандар қаланың ортасына келіп жарылған, Бакуде әскери жағдай енгізілген картинаны көзбен көрдік. Бейбіт елден барған бізге соғыс жағдайын көру оғаш көрінді. Тыныштыққа етіміз үйренген ғой. Соғыс болып жатқанда талай белсенді шетел асып кеткенін де естіп қалдық. 30 жыл бойы ұлтында «Қарабақты қайтарсақ» деген бір ғана арман болғанын да халықтың өзінен естідік.
Жалпы біздің шарттарда отырған елдің қоғамына бірлік керек. Уақыттан ұту қажет. Қазір бірімізді-біріміз аяп жатқан жоқпыз. Жеме-жемге келгенде елде бір күрделі ахуал бола қалса кімнің осы елді қорғап, кімнің қайда қашып кетері үлкен сұрақ. Біз қоғам ретінде мұндай сыннан өткен жоқпыз. Өтпей-ақ та қояйық. Мұндай сынды көтере алатын шарттарда емеспіз. Қазіргі кейбір біздің әрекеттеріміз 30 жыл тыныштықта ішіміз пысып, не істерімізді білмей жүрген жағдайға да көбірек ұқсайды.
Ең бастысы мемлекеттік мүддені прагматикалық саясат, стратегиялық жолмен, қоғамның ішкі бірлігімен қорғауымыз қажет. Елдің тыныштығы ең бірінші кезекте қазаққа керек. Қай жерде тоқтап, қай жерде жүру керектігін білетін сана мен деңгей берсін. Бәрін дұрыс істесек, жаңылмасақ XXI ғасыр қазақтың ғасыры болады.
Бауыржан Серікбаев
Abai.kz