Орталық Азиядағы күрделі мәселеге айналады
Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан арасындағы шешілмеген шекара мәселесі Орта Азиядағы өзекті тақырып. Қырғыз бен тәжік арасындағы шекараның 60% ғана шешілген. Өзбек пен қырғыз арасындағы 2021 жылдың мамыр айындағы келіссөз бойынша Кемпір-Абад су қоймасы Өзбекстанға өтіп, өзбектер қырғыз ағайынға шекара мәселесінде белгілі жеңілдіктер жасап, екі ел тіл табысқандай болған. Бірақ артынша қырғыз халқы көтеріліп су қоймасын бермейміз деген митинг өтті. Қырғыз басшылығы су қоймасы Қырғызстан тарапында қалады деп елді тыныштандырды.
Осы жылы Тәжікстан мен Қырғызстан арасында 2-3 күндік соғыс та орын алды. Мәселені 1990 жылдары шешіп тастағанда қазір оңай болушы еді. Үш мемлекет үшін де бұл даулы аймақтарды шешу процесі 20-30 жылға созылады деп ойлаймын. Үкіметі қол қойса халқы келіспей біраз дау-дамайға ұласатын түрі бар.
Мамандар алдағы 20-30 жылда Орта Азиядағы су мәселесі бірінші кезектегі сұраққа айналады деп болжауда. Климаттың өзгеруіне орай оңтүстік өңірлерде қар жаумайтын қалалар, аймақтар көбейеді. Қуаңшылық артады. Бұл су ресурстарына деген қажеттілікті арттырып, әр мемлекет өзіне тартатыны анық. Менің ойымша мәселені қазірден шешіп алмаса Орта Азия үшін бұл да келешекте күрделі сұраққа айналады.
Бауыржан Серікбаев
Abai.kz