Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 5382 0 пікір 31 Тамыз, 2021 сағат 18:59

Президент Жолдауы: Баспана мәселесі қалай шешілді?

Әр азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты баспанамен байланысты екені белгілі. Ал адамдардың бәрінің бірдей баспананы қолма-қол сатып алуға жағдайы жете бермейді. Екі қолға бір күрек іздеп қала жағалаған, азды-көпті тапқан жалақысының бір бөлігін уақытша баспана жалдауға жұмсап жүрген адамның үй сатып алуға қомақты қаражатты бірер жылдың ішінде жинай қоюы да мүмкін емес.

Иә, елімізде көпбалалы отбасыларға жетім қалған балаларға, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға мемлекет тарапынан баспана беріледі. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың тізіміне 500 мың адам баспанаға мұқтаж ретінде есепке алынған. Бұл кезектің өзіне жылда қосылатын әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын адамдар бар. Демек, бұл да баспана арманының тез арада орындалуына септігін тигізе алмайды. Иә, жер-жерде әкімдіктер әлеуметтік тұрғын үйлер салып та жатыр. Мәселен, бір елорданың өзінде 50 мыңға жуық адам кезеке ілінген. Оларға шетінен баспана берілуде де. Нақты деректерге жүгінер болсақ, 2018 жылы 1 100, ал 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 000 қолжетімді баспана берілді. Биыл мұндай әлеуметтік баспана саны 10 мыңға жетпек. Бірақ, бұл да проблеманы толық шеше алмайтыны анық.

Проблеманы шешу жолдары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы 2021 жылы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалана алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Осыдан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел азаматтарының зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін «жеткіліктілік шегін» жариялады. Жеткіліктілік шегі мөлшерін алдын ала есептеу әртүрлі жастағы адамдар үшін мынадай болды: 20 жас 1 млн 720 мың, 21 жас 1 млн 795 мың, 22 жас 1 млн 871 мың, 23 жас 1 млн 948 мың, 24 жас 2 млн 026 мың, 25 жас 2 млн 105 мың, 26 жас 2 млн 185 мың, 27 жас 2 млн 267 мың, 28 жас 2 млн 349 мың, 29 жас 2 млн 433 мың, 30 жас 2 млн 518 мың, 31 жас 2 млн 604 мың, 32 жас 2 млн 691 мың, 33 жас 2 млн 780 мың, 34 жас 2 млн 810 мың, 35 жас 2 млн 961 мың, 36 жас 3 млн 053 мың, 37 жас 3 млн 147 мың, 38 жас 3 млн 242 мың, 39 жас 3 млн 339 мың, 40 жас 3 млн 437 мың, 41 жас 3 млн 536 мың, 42 жас 3 млн 636 мың, 43 жас 3 млн 739 мың, 44 жас 3 млн 842 мың, 45 жас 3 млн 947 мың, 46 жас 4 млн 054 мың, 47 жас 4 млн 162 мың, 48 жас 4 млн 271 мың, 49 жас 4 млн 383 мың, 50 жас 4 млн 495 мың, 51 жас 4 млн 610 мың, 52 жас 4 млн 726 мың, 53 жас 4 млн 843 мың, 54 жас 4 млн 963 мың, 55 жас 5 млн 084 мың, 56 жас 5 млн 207 мың, 57 жас 5 млн 331 мың, 5 8 жас 5 млн 457 мың, 59 жас (және одан жоғары) 5 млн 586 мың теңге.

«Жеткіліктілік шегі» дегеніміз белгілі бір жастағы салымшы үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы. Ол кірістен БЖЗҚ-ға (ЕТЖ-дан төмен емес) болашақтағы тұрақты 10 пайыз зейнатақы жарналарын ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінде 82 жасқа дейінгі зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленді және әрбір жас үшін есептелді.

2021 жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған Заңға сәйкес, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар; сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар ала алды. Ал зейнеткерлікке шыққан азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50 пайызынан аспайтын шекте қаржысын алу мүмкіндігіне ие болды.

Нәтижесінде 761 мыңнан астам салымшы өз жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік алды. БЖЗҚ салымшылардың арнайы шоттарына 1,7 трлн теңгеден астам қаражат аударды. Бұл қаражаттарды азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсады. Бұл ретте тұрғын үй жағдайын жақсартуға берілген орташа төлем 4,4 млн, ал емделуге берілген орташа төлем 900 мың теңгені құрағанын атап өткен жөн. Ал зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы 1230 өтініш мақұлданып, шамамен 2,8 млрд теңге компанияларға берілді.

«Бүгінгі күні 147 мың қазақстандық үй иесі атанды, тағы 72 мыңнан астамы ипотекалық қарызын өтеді және 18 мыңға жуық адам зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін емделуге жұмсады. Олардың үштен бірі – әйелдер (75 493) және үштен екісі – ер азаматтар (161 879). Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша бірінші орында Маңғыстау облысының тұрғындары тұр (36 853 адам), олар жалпы сомасы 326 млрд теңге пайдаланған. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы (36 339 адам), елорда тұрғындары 217 млрд-қа жуық теңге қолданған. Алматы қаласы – үшінші орында (31 438 адам), алматылықтар жалпы сомасы 241 млрд-қа жуық теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеуге жұмсаған. Яғни, біржолғы зейнетақы төлемін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емдеу үшін жұмсауға болады», - деген еді «Отбасы банк» АҚ-ның баспасөз хатшысы Жанар Жолтаева.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036