Жексенбі, 24 Қазан 2021
1773 4 пікір 1 Қыркүйек, 2021 сағат 17:11

Сан саясатқа ұласпасын!

Бүгін ресми түрде халық санағы басталды. Араға екі жыл салып басталған санақтың жүру ережесі де ерекше. Бір жыл саяси науқаннан, бір жыл пандемиядан кейін басталған халық санағы елдің ертеңі үшін маңызды. 

Жалпы санақ онлайн және офлайн негізде екі сатылы деңгейде өтеді. Офлайн дәстүрлі формат болса, онлайн бүгіннен бастап 15 қазанға дейін «sanaq.gov.kz» сайтында өтеді. Санақтың таза әрі әділ өтуі аса маңызды. 2009 жылғы санақтың қандай деңгейде өткені есімізде.

Халық санағы үшін 1,144 млрд теңге бөлінді, оның 379 млн теңгесі (жалпы соманың 33%-ы) ғана тікелей мақсатты шығындар болды, қалған қаражатты агенттік қызметкерлері мен жеке кәсіпорындардың басшылары жымқырған еді. Қазақстан статистика агенттігінің басшысы Анар Мешімбаева халық санағы бюджетінен қаражатты жымқырды деп айыпталып, қызметінен босатылды. Кейін ол қылмысын жасыру үшін, Ресейге кетіп, ізін суытқан адамдар тізіміне енгізілді. Ресейден үкіметаралық келісім арқылы экстрадицияланып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда ол бар болғаны  4 жыл түрмеде отырып шықты. Оның орынбасарлары Нұрман Баянов пен Бірлік Мендыбаев, сондай-ақ, белгілі қазақстандық кәсіпкер Серік Тұржанов та тұтқындалып, ақшаны жымқырды деп айыпталды.

Санақтың алғашқы нәтижелерін 2009 жылдың сәуірінде Қазақстан үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов жариялады. Оның мәліметіне сәйкес халықтың саны 16 миллион 304 мың 840 болды, ал ел халқының құрамындағы қазақтардың үлесі 67%-ды құрады. 2009 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ел халқына жолдауында қазақтардың үлесінің жаңа мөлшерін атады, онда қазақтардың саны  65% деп айтылды.

Санақтың алдын-ала нәтижелері Нұрсұлтан Назарбаевтың талабынан кейін 2010 жылдың 4 ақпанында белгілі болды. Бұл нәтижелер бойынша республиканың жалпы халқы 16004,8 мың адамды құрады, яғни бұрын жарияланғаннан 300 мыңға аз еді. Ал қазақтардың жалпы халық санындағы үлесі 63,1% деп аталды. Әрине бұл көрсеткішке ел халқы титулды ұлт ретінде қарсылық білдіріп, «пайыздар қайда» деп шулады.

Демографтар да санақтың сәтсіз әрі бұрмалау фактілері ретінде өткенін жарыса жазып жатты. Демограф, Орталық Азия университетінің ректоры Мақаш Тәтімов  2009 жылғы санақтың сапасына сыни баға беріп, былай деді:

«Мен халық санағы БҰҰ нұсқауларын бұзумен жүргізілгенін білемін, соған байланысты ол ғылыми құндылығын және ғылыми талдауға жарамдылығын жоғалтты. Есептегіш сауалнамаға шынымен сұхбат алған адамның деректерін емес, ауадан енгізгенде ешқандай объективтілік туралы мәселе бола алмайтынын түсініңіз. Ал мұндай фактілер соңғы санақта болды. Демек, демография саласындағы мамандар үшін осылайша жүргізілген санақ науқаны бұрмалау көлемі жағынан қызықты болуы мүмкін. Маған,  бізге қазақстандық қоғамның нағыз көрінісі емес, бұрмаланған нәтиже келгенін дәлелдеу қиын емес», - деді. Санаққа қатысты бас демографтың ойы осындай болатын.

Ал биылғы санақтың нәтижесі қандай болмақ? Ел басшысы мемлекетімізде 19 млн адамның өмірге келгенін атап өтті. Ал қазақтың үлес салмағы ше? 70 жыл бодан болып, 30 жыл тәуелсіздік тізгінін ұстаған қазақтың саны 70%-дан аса ма? Сан саясатқа айналмай ма?

Abai.kz

4 пікір