Сарапшы: Министр ауыстыру – мәселені шешпейді!
Белгілі саясаткер Талғат Қалиев өзінің «Kaliyev Channel» Телеграм арнасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған шетін оқиғаға һәм министр Нұрлан Ермекбаевтың өз еркімен доғарысқа кетуіне қатысты талдауын жариялаған екен. Біз аталған сарптаманы оқырмандар талқысына ұсынғанды жөн көрдік.
Жамбылдағы жарылыстан соң, бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз еркімен отставкаға кету туралы шешімге келгенін мәлімдеген. Арада аз уақыт өткенде президент Тоқаев министр Ермекбаевтың отставкасын қабылдап, қызметінен босатқан. Осыдан кейін, ел пікірі екіге жарылып, Ермекбаевтың отставкасын «жауапкершіліктен жалтару» деп бағалағандар болды.
«Қорғаныс министрі отставкаға кеткеннен және соған себеп болған қайғылы оқиғадан кейін бірнеше апта өткен соң осы жағдайды ешкімді жақтамай, қоғамның пікірін және саяси дәстүр тұрғысынан електен өткізіп бағалауға болады.
Әлеуметтік желілерде Қорғаныс министрінің отставкаға кетуін талап етіп жазылған кейбір пікірлерге қарамастан, оның отставкаға кеткені жауаптылықтан құтылу әрекеті ретінде бағаланып, «қызметтен кетіп, жауапкершіліктен құтылды» деген сияқты күтпеген ойлардың туындауына итермеледі. Алайда бұл болжам негізінен қисынсыз, өйткені осы оқиғаға қатысы болған әрбір адамның кінәсін анықтайтын тергеу саяси конфигурацияға (лауазымға) қарамайды. Одан басқа, көптеген елдерде мұндай жағдайларда тергеу барысына ықпал етуді болдырмау үшін әртүрлі деңгейдегі басшылар атқаратын лауазымынан уақытша шеттетіледі. Оқиғаға кінәсі жоқ екені анықталған жағдайда лауазымға қайта тағайындалады немесе керісінше кінәсі анықталса, жауаптылыққа тартылады. Сондықтан, Нұрлан Ермекбаев жауаптылықтан жалтару үшін отставкаға кетіп құтылды деп айту қисынсыз», - дейді сарапшы.
Оын әрі қарай, сарапшы Талғат Қалиев Жамбылдағы жарылысты көршілес Ресейдегі шетін оқиғалармен байланыстырыпты.
«Әскери қоймалардағы жарылыс тек Қазақстанға ғана тән емес. Мұндай жағдай көрші Ресейде де жыл сайын болып жатады, алайда онда министр Шойгу ешқашан отставканы сұрап өтініш жасаған жоқ, тіпті ол анағұрлым жетісті басқарушылардың бірі болып саналады. Алайда, жарылыс салдары бойынша әскери қызметшілермен қатар азаматтар арасында да қаза тапқандардың қайғылы статистикасы Қазақстанға қарағанда едәуір жоғары. Таразда бірде-бір азаматтық тұрғын қаза тапқан жоқ», - дейді Қалиев мырза.
Сарапшы пікірінше, министр немесе кіші министр лауазымындағы тұлғалар барлық әскери обьектілерді бақылап отыруы физикалық жағынан мүмкін емес. бұл іспен тиісті деңгейдегі командирлер айналысуы тиіс-мыс.
«Сергей Шойгу әрбір жарылыстан кейін отставкаға кетуге тиіс пе еді? Мерзімді қызметтен өткен кез келген адам қарулы күштерді басқару үш деңгейге – стратегиялық, жедел (оперативтік) және тактикалық болып бөлінетінін біледі. Бұл жерде Қорғаныс министрінің түгіл, оның барлық орынбасарларының, бас штаб бастығының да әрбір әскери объектідегі жағдайды қадағала алу мүмкін емес, бұл іспен тиісті деңгейдегі командирлер айналысуға тиіс. Соғыс уақытында басшы құрамға алдыңғы шепке баруға тыйым салынған, өйткені тактикалық мәселені бөлімше қолбасшылығы шешеді, ал генералдар өз өмірін қатерге тігіп, қарсыластың ауқымды бағытты қолбасшысыз қалдыруына мүмкіндік бермеуге тиіс. Бұл жағдайда қоймалардағы оқиға үшін жауаптылықтың басым бөлігі төменгі деңгейде. Басты жауаптылар – сақшыдан және қойма меңгерушісінен бастап бөлім командиріне дейін бөлінеді», - дейді Талғат Қалиев.
Талғат Қиев мырза, барлық жағдайға бірінші басшысы кінәлау – Кеңестен қалған әдет екенін, ал министр ауыстыру – мәселені шешпейтінін айтыпты.
«Дегенмен, болар іс болды, экс-министрдің отставка туралы өтініші қабылданды, лауазымға оның орынбасары тағайындалды. Мәселе персонада емес, билік нысанын тым дербестендіру (жеке тұлғамен ааа байланыстыру) болып табылады. Қорғаныс ведомствосында сияқты барлық – спорттан бастап денсаулық сақтау, білім беру немесе мұнай саласына дейін жауаптылықтың сатылары бар. Алайда бұрынғы кеңес үкіметіндегі қоғамдарда кез келген жағдайда тікелей сала басшылығын кінәлау әдет қалыптасқан. Мектептегі төтенше оқиға Білім министрінің атына наразылық білдіруге, Олимпиададағы нәтиже үшін Мәдениет және спорт министрінің отставкаға кетуін талап етуге әкеледі және тағы сол сияқты. Бірақ көптеген адамдар дәл осы эмоциялық тұрғыдан қойылған талаптар жауаптылықты басшылық мойнына артып, тікелей кінәлі адамдардың одан жалтарып кетуіне мүмкіндік беретініне, шынында кінәлі адамдардың болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық әрекеті туралы ойланбайды», - дейді сарапшы.
Оның сөзінше, қоймаларда болған жарылыс біреудің жымқырғанын, мүмкін төмен не орта буындағы, тіпті, нақты адамдардың жасаған ісін жасыру үшін жасалған дүние емес екеніне ешқандай кепіл жоқ. «Ешбір отставка – нәтиже бермеді», -дейді Ол.
«Жауаптылықтың анағұрлым жоғары саяси деңгейге ауысуымен туындаған резонанстың төмендеуі тергеуді көзбояушылықпен жүргізуге ықпал етуі әбден мүмкін. Елімізде отыз жыл ішінде министрліктер мен ведомстволар басшыларының отставкаға кеткені, оның ішінде резонансты жағдайға байланысты кеткені аз емес. Алайда отставкалардың бірде-біреуі оқиғаның себептерін жоюда нәтиже бермеді. Барлық деңгейдегі аймақтарда жолдар мінсіз емес, мектептер мен ауруханалар әлі күнге дейін жақсармаған. Аграрлық сектор ауа райы жағдайына тәуелді болып отыр, тіпті, барлық салаларда да осындай жағдай.
Шын мәнінде, қай саланы алсақ та, оның жағдайы жетекшісінің өзіне байланысты емес. Алайда, қоғам үшін кез келген апатты, проблеманы бірінші жетекшіге жапсырып қою әлдеқайда оңай. Ал, ондай жағдай қайталап келетін болса, қайтадан жаңа «кінәлі» жеке адамды «таңдап» аламыз да, соны төмпештейміз. Бұны толысқан қоғам деп айтуға болады ма? Ол екі талай…», - депті сарапшы Талғат Қалиев.
Abai.kz