Қазақстан – Халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы
Бүгінгі таңда Қазақстан ядролық қарудан батыл түрде бас тартқан ел ретінде, өзінің дәйекті антиядролық бастамаларымен бүкіл әлемге танымал.
Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды тарихи құжатқа – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы № 409 «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығына қол қойғанына 30 жыл толды.
Осы бастамалар негізінде 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құрудың Жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-шаралар күні деп жариялады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды», - деген болатын.
Осыны негізге ала отырып, бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві» РММ (бұдан әрі - ОМҒТҚА) «Қазақстан – Халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелді аталған архивтің директоры Баян Амантайқызы Жұматаева жүргізіп отырды.
- «Бұл күн тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар біздің планетамыздың барлық тұрғындары үшін де маңызды және айтулы күнге айналды. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстандағы Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемдегі төрт ірі: Новая Земля (Ресей), Невада (АҚШ), Мораруа (Франция), Лобнор (Қытай) полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланған болатын. Бұл мәселеде көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов үнемі жетекшілік ететін «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы ерекше рөл атқарғанын айта кетуіміз керек. Сол кісінің беделінің арқасында қозғалыс Қазақстанда ғана емес, елімізден тысқары жерлерде де қолдау тапты. ЮНЕСКО шешімі бойынша қозғалыс «Әлем туралы естелік» Дүниежүзілік тізіліміне енгізілді», - архив директоры Баян Жұматаева сөйлеген сөзінде.
Дөңгелек үстел аясында архив құжаттарында Қазақстандағы антиядролық қозғалыстың құрылуы мен жеткен жетістіктерінің тарихы, қазіргі уақытта антиядролық қозғалыстың өзектілігі, антиядролық қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы баяндамалар жасалды. Жиынға қатысушылардың назарына архив қорынан алынған архив құжаттарының негізінде дайындалған көрмесі, сондай-ақ, тақырып бойынша кітаптар, журналдар мен газеттердің басылымдары ұсынылды.
Сондай-ақ іс-шара аясында Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві жарыққа шығарған «Из истории проектирования спортивных сооружений г. Алма-Аты (1950–1980-е гг.)» құжаттар мен материалдардың жаңа жинағының тұсаукесері жасалды.
Ұлттық кітапханада өткен алқалы жиынға әрі жинақтың тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлибаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева, ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова, «Полигон – 29 тамыз» қоры кеңесінің төрағасы, Семей өңірі бойынша ҚР Ведомствоаралық үкіметтік комиссиясының мүшесі Нұрлан Бозтаев, режиссер, өнер тарихы ғылым магистрі Жанана Курмашева, Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архиві КММ басшысы Темірғали Аршабеков қатысты.
Архив құжаттары негізінде дайындалған жинаққа «Медеу» биік таулы спорт кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, Алматы қаласының Орталық стадионы, Динамо стадионы, Орталық бассейн, Шымбұлақ тау шаңғысы кешені, Алматау туристік базасы, сондай-ақ республиканың білім беру мекемелерінің бірқатар спорттық нысандары бойынша жобалау құжаттары енгізілген. Жинақта барлығы 107 құжат жарық көрген, оның 27-сі графикалық. Барлық құжаттар бірінші рет жарияланып отыр.
Abai.kz