Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2503 0 пікір 12 Шілде, 2009 сағат 18:54

Мағрупа ҚАЗИХАН. АУЫЛДА АГРОНОМ ЖОҚ

Елбасының негізгі саясатының бірі – ауыл-селоларда мал шаруашылығын дамытумен қатар егіншілікпен айналысуға да ден қойып, жергілікті тұрғындарды экологиялық тұрғыдан алғанда таза, сапалы әрі арзан өнімдермен қамту екендігін ел адамдары жақсы түсінеді. Екінші жағынан төрт түлік өсіруге шұрайлы алқаптармен әйгіленген аудан үшін мал азығына құрама жем дайындайтын егістіктер ауадай қажет. Сондықтан, ауа райының қолайсыздығына, жердің қуаңдығына әрі жаз айларындағы аптап ыстығы мен аңызақ желіне екінің бірі шыдай алмайтын аймақта Қызылқоға халқы осынау қиыншылықтарға қарамастан жыл сайын маңдай терлерін төге егіншілікпен айналысуда. Үстіміздегі жылы аудан бойынша барлығы 2332,5 гектар егістік өңірлерге бау-бақша, көкөніс, картоп, дәнді дақылдар себілді.

Елбасының негізгі саясатының бірі – ауыл-селоларда мал шаруашылығын дамытумен қатар егіншілікпен айналысуға да ден қойып, жергілікті тұрғындарды экологиялық тұрғыдан алғанда таза, сапалы әрі арзан өнімдермен қамту екендігін ел адамдары жақсы түсінеді. Екінші жағынан төрт түлік өсіруге шұрайлы алқаптармен әйгіленген аудан үшін мал азығына құрама жем дайындайтын егістіктер ауадай қажет. Сондықтан, ауа райының қолайсыздығына, жердің қуаңдығына әрі жаз айларындағы аптап ыстығы мен аңызақ желіне екінің бірі шыдай алмайтын аймақта Қызылқоға халқы осынау қиыншылықтарға қарамастан жыл сайын маңдай терлерін төге егіншілікпен айналысуда. Үстіміздегі жылы аудан бойынша барлығы 2332,5 гектар егістік өңірлерге бау-бақша, көкөніс, картоп, дәнді дақылдар себілді.
Алайда, егіс көлемі өткен жылға қарағанда біраз төмендеді. 7,1 гектарға картоп, 2,6 гектарға көкөніс, 2,8 гектарға бау-бақша егіліп, 1800 гектарға мақсары, 500 гектарға арпа, 20 гектарға тары дақылдары себілді. «Сағыз» ЖШС-і жыл сайын тұрақты өнім алып, аудан тұрғындары үшін мал азықтық құрама жем дайындап сатады. Ал, биылғы жылы сағыздықтар егіс алқабындағы жұмыстарды ерекше қиындықтармен, көптеген кедергілермен, адамдардың қажырлы еңбектері арқасында ғана жүргізуде. Елбасымыздың биылғы Жолдауында шалғайдағы ауылдарда шаруагерлерді қолдау, олардың жұмыстарын ілгері дамытуына қаржылай көмек беру, ол үшін несиелендіру жүйесін жетілдіре түсу қажеттігі атап көрсетілді. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Үкіметі егіс салатындарға бір жылға несие беруді «Агроөнеркәсіп корпорациясы»» АҚ-ы арқылы жүзеге асыра бастады. 1 гектарға себілетін арпаға 11 мың 420 теңгеден беріледі.
«Сағыз» ЖШС-і 570 гектарға арпа дәнін себуге 6,5 млн. теңге несие алғанды жөн көргенмен, аталмыш қаржыға қолдарын жеткізе алмаған. Себебі, барлық құжаттар сақадай сай болып, Астанадан қолдау көргенмен «Халық банкі» 12 пайыздық үстемемен екі есе көп, 12 млн. теңгенің кепілдігін сұраған. Шаруашылықта кепілге қойылатын, яғни банкінің талабын қанағаттандыратын дүние-мүлік жоқ. Сондықтан азайта келе сұраған 2 млн. 160 мың теңге несиеге де мүмкіндік келмеген.
- Егер несие қаржысы берілетін болса сапалы тұқым сатып алуға мүмкіндік болар еді. Ақтөбеден 20 тонна ғана тұқым сатып алуға қол жеткіздік. Қалған дәнді өзіміздің қамбаға сақтаған өнімімізден пайдаланудамыз. Мұның өзі сапалы, таза, талапқа сай дән алуға мүмкіндік бермейді. Селекциялық жұмыстар үнемі жүргізіліп отырылуы тиіс,- дейді «Сағыз» ЖШС-нің басшысы Қ.Қоданов.
Жангелдин ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер, байырғы агроном Шамиль Башиев ағамыз былай дейді: - Мен еңбекке 1958-59 жылдары араластым. Сол уақытта колхозда агроном қызметін атқардым. Қызылқоға ауданы қырлық егіспен үзбестен айналысып келді. Бұрынғы жылдарда қырлықта тары, күздік қара бидай егіліп келді. Ауа райының қолайлы жылдары тұрақты өнім алынып тұрды.
Біздің ауданның табиғатына, ауа райының жағдайына келетін болсақ, жартылай шөл және шөлейтке жатады. Жылдық түсетін ылғалдық деңгейі 100-150 мм деңгейінде деп есептеледі. Сондықтан, қырлық егістік тәуекелге бел байлап қана қолға алынатын шаруа. Өйткені, бүкіл Қазақстан жағдайында тікелей табиғатқа, ауа райына байланысты екені белгілі.
Қазақстанда біздің ауданның табиғаты жағдайында ауа райының қолайсыздығына қарамастан мол табысқа, шаш етектен пайдаға кенелуге болатынын дәлелдеп шықты. Егін егетіндерді қолдау болған жағдайда барлық агротехникалық ережелерді сақтай білгенде ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндіктің туатынын кеңестік кездегі кеңшарлардың бас агрономдары қызметін атқарған С.Нұрқашев, С.Едішев (марқұмдар), қазірде өмірде бар Қ.Өтемағанбетов, Ш.Башиев ағаларымыз аса бір еңбекқорлықпен, өз шеберліктерімен өзгелерге үлгі көрсетті. Ал, қазіргі таңда бұл әңгімені естігендер сенбейді. Кезінде «Комсомол» кеңшарында бас агроном болған, қазірде Көздіғара ауылдық округінің бас маманы Е.Оңғарбаевтың әңгімесіне құлақ түрсек, таңғаласың.
- Ойыл өзенінің бір сағасы «Дауылбай» алқабына 15 гектар жерге қыша, 50 гектарға жоңышқа, 10 гектарға шемішке салдық және 5 гектарға бау-бақша, көкөніс дақылдарын отырғыздық. Қыша 40 күнде шығады екен. Комбайнмен орып, Орал қаласындағы зауыттарға өткіздік. Жоңышқаны бір жазда екі рет сеуіп, екі рет орамыз. Өнім көл-көсір. Кеңшарларда табыс молайып, ел адамдарының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары жақсара түсті. Егіспен 1996 жылға дейін айналыстық. Егіндерді жаңбырлатып суаратынбыз, су айдайтын моторлар болды.
- Биыл көздіғаралық ауыл тұрғындары 10 гектарға бау-бақша, көкөніс дақылдарын себуге талпынғанмен су айдайтын мотор табылмады. Жалғыз ғана бір ауылда бір адам ғана бір гектар жерге егіс салған. Ал, Ойыл ауылдық округінен 8 тұрғын 3 гектарға, Миялы селолық округінен 54 отбасы 5 гектарға көкөніс, бау-бақша дақылдарын сепкен. Жасқайрат, Миялы селоларында салынған егістік алқаптар мотормен суарылады. Миялыдағы егіс басында әдейі үй тұрғызылған, 4 қарауылшық, бақшаны суарып отыратын мотор жүргізуші маман да бар. Ал Жангелдин ауылдық округі 3,5 гектар өңірге бау-бақша, көкөніс салып, күтімге алған. Егістік салынған «Құмсай» учаскесі ауылдан 11 шақырым қашықтықта. Сондықтан егінді суарғанда, баптағанда округтен арнайы автокөлік шығарылады. Бүгінгі таңда 40 отбасы егістікпен айналысып отыр. Егіс басында арнайы мотормен су айдайтын жұмысшы, бір қарауылшық бар. Оларға егістік алқаптар тегін берілген. – Ең басты шындық – картоп тұқымдары сапасыз. Әдейі тұқым алынатын орындар болмағандықтан картоптан мол өнім алуға қол жеткізе алмай отырмыз. Ауылда агроном-мамандар жоқ. Қарт агроном Шамиль Башиев ағамыздың ақыл-кеңесіне ден қоямыз. Әрі биыл түрлі қоңыздар көбейіп кетті. Қияр өскіндерін бір күнде отап өтті. Қайтадан салуға тура келді,- дейді Жангелдин ауылдық округінің бас маманы Найзабек Дүйсенғалиев бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда ауданда болып отырған басты қиындық – соңғы 15 жылда бірде-бір жергілікті маман агрономдар дайындалмаған. Ауданда санаулы ғана агроном қалған. Олардың жас мөлшерлері де 40-тан асып, 50-ді еңсергендер. Қайда барсаң да егістік басындағылардың агротехникалық жұмыстарға шорқақтығын, егістік алқаптарында баптау-күту жұмыстарын анағұрлым білмеуі, олардың мол өнім алуларына кедергі келтіріп отырғанын бұл күнде көзі ашық, көкірегі ояу жандардың бәрі біліп отыр. Екіншіден, тамшылатып суару сияқты тың бастамаларды енгізу үшін несиеге қол жеткізе алмау, ауылдық жерлерде кепілге салынатын мүліктердің банкінің талаптарын қанағаттандырмауы да үлкен кедергілер келтіруде. Үшіншіден, соңғы заманғы техникалық құрал-жабдықтарға екінің бірі қол жеткізе алмайды. Бәрі де айналып келгенде қаржыға тіреледі. Төртіншіден, аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде кезінде жұмыс істеген агроном-мамандарды қайта даярлап жұмысқа қабылдаса (қазір бұл бөлімде бір жұмыс орны бос тұр) мұның елге тигізер пайдасы зор болар еді. Ал, Қызылқоға өңіріне сонау Махамбет ауданынан келіп бау-бақша, көкөніс салған кәріс туыстарымыз мол өнім де алады, пайдаға да шаш етектен батады.
Себебі неде? Олар егін шаруашылығына әбден маманданып, қыр-сырын, құпиясын жете білуінде жатыр емес пе?! Әлі де біздің бойымызда енжарлық басым ба? Биыл Ойыл өзені де тасыған жоқ. Жаздың ортасына таман өзеннің өзектері де тартыла бастайды. Ал, бұл кезеңде бау-бақша, көкөніс салған Ойыл бойындағы ауылдық-селолық округтердің тұрғындары не істемек? Сауал көп. Әзірге бұл сұрақтарға толыққанды жауап алуға мүмкіндік аз.

 


Мағрупа ҚАЗИХАН, Миялы селосы.
“Атырау” облыстық газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435