Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5742 27 пікір 17 Қыркүйек, 2021 сағат 13:26

Ресей мен НАТО текетіресі: Қазақстан қай тарапта?

Ресей мен Батыс арасында әскери және саяси бәсекелестік артуда. Кей сарапшылар оны тіпті жаңа қырғи-қабақ соғыстың басталуы деп те сипаттауда. Ресейдің 2014 жылы барлық халықаралық келісімдерді ысырып тастап, Қырымды басып алуы, артынша Украинаның шығысында соғыс бастауы өркениетті әлемнің қызыл сызығынан өтуі болды. Жауап ретінде Батыс елдері Мәскеуді санкциямен төпелеп, шектеулер қойып жатыр. Ресей бірқатар әлемдік ұйымдар мен форумдардан шығарылды, ал Кремльден зардап шеккен Киев НАТО елдерінен қару-жарақ түрінде көмек ала бастады. 

Ресей өз кезегінде Батысқа қарсы жауап ретінде түрлі әскери жаттығулар санын арттырды. Оккупациядағы Қырым маңында теңіз әскери жаттығуларын ұдайы өткізу тәжірибесіне көшті. Батысқа қарсы жауап ретінде Ресей "Батыс" әскери жаттығуының көлемі мен маңызын арттыра түсті. Беларусь елімен бірлесе өткізетін аталмыш жаттығуға Ресей ҰҚШҰ ұйымындағы өзге де елдерді қатыстыруға тырысып жатыр. Алайда оған бақылаушы немесе кіші топ өкілдерін ғана жіберу арқылы басқа мемлекеттер аталмыш жаттығудан басын аулақ ұстауды, сол арқылы Батыспен қарым-қатынасын нашарлатып алмауды ойластыруда.

Кеше "Батыс-2021" әскери жаттығуы аяқталды. Ауқымды жаттығуға Ресей мен Беларусь әскерлері барынша көп техника мен сарбаз қатыстыруға тырысты. Жаттығулар тек қана екі ел арасындағы әскери байланыстың емес, саяси және экономикалық байланыстың да артқанын айқын көрсетті. Батыстық санкцияның астында қалған Лукашенко режимінде басқа жолдың болуы да екіталай.

Жаттығуға Ресей мен Беларусь жауынгерлерінен бөлек Армения, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия мен Шри-Ланка әскерилері де қатысты. Әскери жаттығу аяқталған соң, көзге түскен жауынгерлерді Ресей қорғаныс министрлігі марапаттады. 10-қыркүйектен бастап жаттығуға 780 әскери техника мен 80 ұшақ және тікұшақ қатысты. Жаттығу Балтық теңізінен бастап Беларусь жері, Ресей аумағын қамтыды. Ал қатысқан сарбаздардың саны тарихи рекордты орнатып, 200 мың сарбазды құрады. Жаттығу барысында шартты негіздегі жау нысанын басып алу, жау ұшақтарын жою, арнайы бөлімшелерді жау аумағына жеткізу, теңіздегі шайқас және басқа маневрлар орындалды. "Батыс-2021" жаттығуын НАТО елдері "нағыз жаудың пиғылы мен көрінісі, қарапайым жаттығуға 200 мың адамның қатысуынан-ақ оны аңғара аламыз" деп баға берді.

"Батыс-2021" жаттығулары аз ғана уақыттың ішінде біздің жылдам әрекет топтарын құрып, барлық бағыт бойынша соққы жасау операцияларын жоспарлап, кез келген агрессияға қарсы тұра алатынымызды, жауға жойқын соққы беретінімізді дәлелдеді", — деді Ресейдің қорғаныс министрлігі өкілдері.

Батыс әскери жаттығулары төрт жылда бір рет өткізілетін Ресейдің әскери маневрі. "Батыс жаттығуларының алданда "Кавказ-2020", "Орталық-2019" және "Шығыс-2018" жаттығулары өткен еді. Ресейлік БАҚ бұл әскери жаттығуларға 200000 әскери маман, 80 ұшақ пен тікұшақ, 800-ге жуық жауынгерлік техника, оның ішінде 290 танк, 240 артиллерия мен флоттың 15 кемесі қатысқанын хабарлауда. Бұл саны жағынан ауқымды көрсеткіштер екені анық. Бұған дейінгі "Батыс-2017" жаттығуына 13 адам қатысқан еді. Осыған қарап-ақ жаттығудың маңызы Ресей үшін еселеп артқанын көре аламыз.

Жаттығу 10-16 қыркүйек арасында өтіп, оған Ресей президенті Путиннің өзі қатысты. Путин 13-қыркүйекте жаттығу алаңына барып, әскери қимылдарды өз көзімен көрді. Артынша жаттығудың бір елге қарсы бағытталмағанын, алайда басқаларға айқын сигнал екенін баса айтты.

Жаттығу барысында 60-тан астам ұшақтар бір мезетте соққы жасауды іске асырды. Оған 12 Су-25, 16 Су-30, алты Су-24, алты Ту-22М3 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары қатысты. Сонымен қатар жаңа "Ласточка" атты дрондарды жаттығу барысында сыналды.

Мұндай масштабты жаттығуларға Батыс елдері мұқият қарап, оған қатысушы елдерді Батысқа тиімді серіктес бола алатындығына күмән келтіруде. Жаттығуға Қазақстанның да қатысқанын естен шығармауға тиіспіз.

Қазақстан ҰҚШҰ құрамында болғандықтан, Ресей қатысатын кез келген әскери қимылдарға жанама немесе тікелей қатысу қаупі арта түседі. Ұйымның мақсаты ұзымдық қорғаныс болса да, Мәскеу өзіне тиімді сәтте "агрессияға ұшыраған" позицияны ұстанып, ҰҚШҰ-ға мүше өзге елдерді де өз авантюрасына тартуға тырысуы бек мүмкін. Бұл ретте еріксіз сұрақ туындайды: НАТО мен Ресей тікелей әскери қақтығысқа түссе, "көпвекторлы" саясат ұстанатын Қазақстан қай тарапты қолдайды деген. Бір экономикалық одақтағы, бір әскери ұйымдағы, АЭС салу мен Сбер келісімі арқылы энергетикалық және цифрлық деңгейдегі байланыстарда арттырып жатқан Қазақстан-Ресей қатынасына қарап, сұрақтың жауабы да белгілі сияқты.

Ка Мырза 

Abai.kz

 

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408